Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінің жаңа серпін алып, қайта жаңарып, қолға алынып күн сайын дамып келе жатқаны байқалады. Күні кеше ғана елордамыз астанада өткен Қазақстан барысы соның бірден-бір дәлелі болса керек. Алла сәтін салып жатса ұлттық спорт түрлерімізбен әлемдік дейгейге көтерілетін күн де алыс емес секілді.
Қазір елімізде ұлттық спорттың жиырмадан астам түрі бар. Олардың алды әлемдік деңгейге көтеріліп, Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлерінің қатарынан орын алуға тақап қалды. Мысалы, қазақ күресі келесі Азия және Олимпиада ойындарына кіруге дайын-ақ тұр. Тек кірер тетігін тапсақ болғаны. Алғы қадамдары да жасалуда. Мәселен, қазақ күресінен елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» додасы жыл өткен сайын қарқын алып, дамып жатқаны соның айғағы болса керек. Егер осы қарқыннан танбасақ, қазақ күресі де Олимпиададан ойып тұрып өз орнын алары сөзсіз. Ол үшін ең алдымен өз Отанымызда оның абыройын өсіруіміз керек.
Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық спорты қатарында асық ойынының да алатын орны ерекше. Асық ойындары ерте кезден бері кішкентай бүлдіршіндердің сүйіп ойнайтын ойындар қатарына жатады. Жақында ғана Асық ату федерациясы құрылғаны белгілі. Ұлттық спорт түрін дамытуға атсалысып жүрген Білім және ғылым вице-министрінің жаңа қызметіне де қан жүре бастаған сияқты. Жалпы, ұлттық ойындарымызды өскелең ұрпақтың ұмытпауы, ары қарай жалғастыруы құптарлық жайт.
Асық ату ойынының тамырына қан жүгіре бастады. Қазақ балалары сақасын сайлап, асығын тізетін күн де алыс емес деген үміттеміз. Олай дейтініміз, бүгінде жер-жерлерде ұлттық спорттың бұл түрінен әртүрлі турнирлер ұйымдастырыла бастады. Мәселен, жақында елордамыз Астанада» қалалық ашық біріншілік өтіп, оған Астана бар, көрші қалалар бар жүзден астам ойыншы қатысқан болатын. Жүлде қоры да қомақты болды. Бірінші орын иегері 100 мың теңгеге ие болса, екінші орынға 80 мың теңге беріліп, үшінші орынға 50 теңге тігілді.
Жалпы, асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл және тағы басқа.
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық-бауыр жеген озар» деген мақалды кім шығарғанын ешкім де дөп басып айта алмас. Дегенмен, неде болса, бұл мақалдың мақсатсыз шыққаны анық. Әйтпесе доп ойнап тозған ешкімді көргеміз жоқ. Еуропа футболын айтпағанда, біздің ойыншылардың өздері айына кем дегенде бес мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алады деп естіп жүрміз. Ендеше неге асық ойынын да футбол демей-ақ қоялық, төрімізден орын алған басқа спорт түрлерінің деңгейіне жеткізбеске. Ал асық ойнаудың басқасын айтпағанда денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан екенін мамандар дәлелдеп жүр. Мәселен, қазір балалардың үйде интернетке қарап отырғанынан асық ойнағаны өздерінің денсаулығына және рухани дамуына мол пайдасын тигізеді. Оны өзіміз де түсіне бастағандаймыз. Асық ату – мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілуі мүмкін деген сыбыстарың да соның дәлелі болса керек. Яғни, жер-жерлерде ұлттық ойынға деген қызығушылық қайта ояна бастады.
Асық ату – ұлттық ойынның атасы ғана емес, халықтың өткені мен бүгінгісінің көрінісі. Өйткені ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асық ұстаған. Ырымдап «Асығың алшысынан түссін» деген. Бұл – ұлттық тәлім-тәрбиенің, ізеттіліктің белгісі. Асық малдың жіліктерін жалғастырып тұратын шағын сүйек қана емес, ұрпақ тәрбиесіне аса қажетті құрал. «Асық ойынын қазақтың мергендік мектебі деуге толық негіз бар» дейді мамандар. Мергендікпен қатар, баланың ептілігін, шапшаңдығын, табандылығын және қырағылығын жетілдіреді. Мамандардың дәлелдеуінше, асық баланың жүйке-жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан асық ойынын, ұлттық бренд деңгейіне көтеріп, спорт түрі ретінде дамытудың кезi келген сияқты.
Мұрат ӘБЕНОВ, Асық ойыны Ұлттық спорт Федерациясының Президенті:
– Мен бала кезімнен асыққа өте жақын болдым. Сондықтан да білемін, ұлттық ойындарымыз жастар тәрбиесінде өзекті орын алады. Асық секілді құндылықтарымыздың астарында біздің тарихымыз жатыр. Асық ойыны жас балаларды мықтылыққа, мергендікке үйретеді. Денесі шынығады. Жас талғамайтын бұл ойын түрін кез келген жерге ойнай беруге болады. Менің ойымша, осындай дүниелерімізді жүйелі түрде насихаттай беру керек.
Хайдар ӘЛЬФИ, философия ғылымының кандидаты:
– Қазақ халқы асықты өте қатты қадірлеген. Оны ою-өрнектерден көруге болады. Мысалы, оларда асықтың алшы түсуі әдемі бейнеленген. Сақалар көбінесе қорғасын құйылып, белінен байланып жасалған.
Видади САЛАХОВ, Қазақстандағы Әзірбайжан мәдени орталығының президенті:
– Асық ату түркі халықтарына тән ойын. Оның аталуы түрлі болғанымен ережесі мен әдіс-тәсілдері ұқсас Қазақтар «асық» десе, әзірбайжандар «ашық» дейді. Ойынның заңы – бір. Қазақтың асық атуымен бірдей. Бес тас деген ойынды да көрдім дәл сондай.
Автор: Абылайхан ҚЫЛЫШБАЕВ