Биыл бақша дақылдарынан облыста бұрын-соңды болып көрмеген көлемде рекордтық өнім жиналмақшы. Бұл жерде ешкім көріп-келдік жасап отырған жоқ. Бүгінгі күнге дейін жиналған өнім былтырғыдан анағұрлым көп болып отыр. «Оңтүстік Қазақстанда рекордтың құлағы қылтия бастады» деп диқандардың, облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағы мамандардың өздері айтып отыр.
Маусым басталғаннан кешегі күнге дейін облыс диқандары шамамен 400 мың тоннаға жуық қауын мен қарбыз жинапты. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 150 мың тоннадай артық.
Еккен қауындары мен қарбыздарын Түркістан ауданындағы Сауран стансасының маңында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойына шығарып сатып тұрған келіншек:
-Бұл біздің екінші өніміміз. Бірінші жиын-терімді КамАЗ-ға артып жібердік. Олар қарбыздарымыз бен қауындарымызды Қазақстанның солтүстіктегі облыстарына, ТМД елдеріне алып кетті,-деді.
-Биыл қауын да, қарбыз да мол.Жақсы түйнектеді.Пәлегі жақсы болды. Үлкен қауын-қарбыздардың өзін жапырақтар жауып тұрды. Пәлек дегеніміз осы. Зиянкестерге қарсы күрес жүргізілді. Соның нәтижесінде мол өнім жинап отырмыз,-леп жалғастырды сөзін.
— Қарбызыңыз, қауыныңыз қаншадан?
-Қарбыздың бір данасын 50, қауынды 100 теңгеден ала қойыңыздар.
Шымкенттегі базардағы бағамен іштей салыстырып тұрмыз. Қарбызының кіләсі шамамен 10 теңгеден, ал қауынының кіләсі 20 теңгеден түсіп тұр.
Әлігі келіншектен Түркістан қаласына қарай 8-9 шақырым ұзағанда тағы да алдымыздан үйіліп жатқан қауындар мен қарбыздар көрінді. Тоқтай қалдық.Мұндағы баға әлігіден де арзандау болып шықты.
-Қарбыздың данасын 40 теңгеден, ал қауынды 80 теңгеден, әңгелектердің 3 данасын 100 теңгеден ала қойыңыздар,-дейді жап-жас қыз.
-Қызым, мектепті бітірдің ба? Кімнің қауын-қарбызын сатып тұрсың?
-Мектепті құдай қаласа биыл бітіремін. Біз отбасымызбен диқанбыз. Әкем, шешем, ағам ана-а-у егістіктің ішінде жүр, -деп иегімен нұсқады. Егістіктері үлкен жодың жағасында екен.
Қарбыздары да, қауындары да 4-5 кіләдан таразы тартатындай, біркелкі.
-Өнімді енді жинай бастадыңыздар ма?
-Жоқ, алғашқы өнімді осыдан 15-20 күн бұрын КамАЗ-ға артып жібергенбіз. Бұл екінші рет жинауымыз.
-Сіздердің бағаларыңыз қолжетімді екен. Ал қаладағы базарларда қымбаттау…
-Ол жағын білмедік ағай. Бізден осы айтып отырған бағамен сатып алып, машиналарына тиеп алып кетеді. Өзіміз егісті аралап жүріп жинап береміз. Пәлектерді аяқтарымен жаншып, қор қылмасын дейміз. Қауын-қарбыз қара күзге дейін жинала береді.
Бағаны шамалы да болса қымбаттатын алыпсатарлар, жол шығыны екен ғой, дедік іштей.
Шымкенттегі базарлар мен дүкендерде де қауын-қарбыз жыртылып-айрылып жатыр. Бағасы шамамен Түркістан жақта көргенімізден 2-3 еседей қымбат. Мысалы, қарбыздың кіләсі 25-35 теңгеден. Қауынның кіләсі 50 теңгеге дейін барады.
-Біз бұл қауын-қарбызды 250-300 шақырым жерден алып келдік. Көлік шығыны, жанар майымыз бар, бізге де көп болмағанымен, шамалы шәй пұл қалуы керек…,-деді кәсіпкерлердің бірі.
Айтқаны құлаққа қонымды. Бәрібір Шымкенттегі баға арзан. Ал егістің басынан, тікелей диқандардың өз қолынан сатып алсаңыз қауын-қарбыз «су тегін» дейтіндей.
Қазір республиканың кез-келген қаласында «Шымкенттің қауындары мен қарбыздары» сатылып жатыр. Осылай дейді. Іс жүзінде Шымкент миллион тұрғыны бар үлкен қала. Қаладағы асфалт көшелерде қауын-қарбыз өспейді. Қайда барсаңыз да алдыңыздан «мен мұндалап» шыға келетін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардараның, Отырардың, Түркістанның, Жетісайдың, тағы басқалардың қауын-қарбыздары.
Биыл облыста бүкіл республика тұрғындарын толық қамтамасыз ететіндей қауын-қарбыз өсірілді. Былтыр да солай болған. Облыс тұңғыш рет 1 миллион тоннадан астам бақша өнімдерін жинап, айды аспанға шығарып еді. Ал биыл миллионың бергі жақта қалайын деп отыр.
Биыл облыста 53 мың гектар алқапқа бақша дақылдары отырғызылды. Жылдағыдан егістіктің көлемі айтарлықтай көбейе қойған жоқ. Гектар өнімділігі артты. Диқандарға субсидия беру дұрысталды. Егістікті күтіп-баптаудың технологиялары жақсырды. Егістік алқаптың біраз бөлігі тамшылатып суарыла бастады. Диқандардың қолындағы техникалар жаңарып жатыр. Тыңайтқыштар сатып алына бастады.
Енді диқандар қауын-қарбызды жыл бойы сақтап, сата алады. Облыста өнімді сақтауға арналған қоймалар жеткілікті дәрежеде салынды.
Ең бастысы, жердің жағдайы жақсарды. Мақталық алқапты қысқартудың есебінен ауыспалы егіс технологиясы пайдаланыла бастады.
Мұның барлығы бірден бола қоятын жетістіктер емес. Соңғы 4-5 жылда жергілікті атқарушы билік аталған бағыттар бойынша нақты жоспарлар жасап, соған жету үшін табандылық танытты. Шаруаларымыз да еңбекқор. Ауылшаруашылығында рекордты көрсеткішке жету оңай емес. Оның негізіне барлық уақытты шаруалардың адал еңбегі арқау болады.
«Балапанды күзде санайды». Ендеше бақша өнімдерін жинаудағы облыстың рекордтық көрсеткішінің жай-жапсарын кейінірек айтамыз. Қазір рекордың тек қана құлағы қылтиып көріне бастады.