Әлібек ТАТАНОВ, «Қазақстан» РТРК Қостанай облыстық филиалының директоры, Қазақстанның Құрметті журналисі
– Әлеке, сіздің өмірбаяныңызға көз жүгіртіп отырсам, нағыз қарапайым шаңырақта өсіпсіз. Алматыда ҚазМУ-ға түспес бұрын «Талдық» кеңшарында механизатор болып жұмыс істепсіз. Тіпті комсомол ұйымының хатшысы да болыпсыз.
– Иә, күллі жастық шағым адал еңбек етумен өтті. Ардақты әжем Ажардың қолында тәрбиелендім. Сондықтан ол кісіге ғұмыр бойы қарыздармын деп есептеймін. Осынау аяулы жанға бауыр басып кеткендігім соншалықты, туған шешем Ақтеңгені апа деп атайтынмын.
Мен үшін тіршіліктегі ең аяулы Ажар әжем өткен жылы 90 жасында қайтыс болды. Егер мен мынау ғұмырымда қолым бірдеңеге жетсе, ол кісінің сіңірген еңбегі ерекше дер едім. Қазір сол жылдарды сағынышпен еске аламын.
Механизатор – ауылдық жерде таптырмайтын мамандық. Сондықтан жылдың төрт мезгілінде де шаруашылықтағы барлық жұмыстардың бел ортасында жүруге тура келді. Трактордың неше түрін жүргіздім. Көктемде егістікке бидай сепсек, жазда шабындықтан шөп шаптық. Содан соң оны маяға тасыдық. Қоңыр күзде комбайн руліне отырып, астық ордық.
Әлгі комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген кезде де соңымнан ерген жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін кеңшардағы кезек күттірмес барлық науқанның алдыңғы шебінде болдым. Жетекші екенмін демедім. Қыста боранға қарамастан, жылқыға да қарадық. Мұның бәрі қазіргі іні-қарындастарымызға ертегідей болып көрінуі әбден мүмкін.
Қысқасы, ауылда сегізжылдық мектептен соң туған жерімде қалдым. Орта білімді кешкі мектепте алдым. Осылайша жастайымнан адам баласы бақытқа тек адал еңбек, маңдай тер арқылы ғана жетуге болатындығын өз басымнан өткердім.
Оның үстіне, сол жылдары талапкерлерді еліміздегі журналистер әзірлейтін жалғыз факультетке екі жылдық еңбек өтілінсіз қабылдамайтын. Екіншіден, қарт әжемді жалғыз қалдырып қайда барамын. Міне, осы мәселелер мені терең ойға қалдырды.
– Сіз туралы естігенім, өзіңіз сонау Қайрақты ауылындағы 8- сыныпта жүргеніңізде, яғни 1978 жылы республикалық ақындар айтысында бірінші орынды жеңіп алыпсыз…
– Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Шынында да, кішкентайымнан сөз өнеріне бейім болып өстім. Жалпы, әдебиетке жақын болуыма өзімді тәрбиелеген ардақты әжем Ажар еді. Ол кісі менің санама «кітапты көп оқыған адамның ой-өрісі кең болады, тіл байлығы артады» деп үнемі қадағалап отыратын.
Ата-бабамыздан келе жатқан киелі өнер – айтыстың арқасында 1978 жылы республикалық ақындар айтысында жүлделі бірінші орынды иеленгенім әлі есімде. Ондай қуанышты сәттер ешқашан да ұмытылмайды екен.
Осы ақындық өнерімді және жалпы суырыпсалмалық қарым-қабілетімді жоғары бағалаған болар, 1980 жылы поэзия бойынша Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанғаным да жадымда мәңгілік сақталып қалды.
Өз басым, бұл жетістіктерімді көп кісіге тіс жарып айта бермеуші едім. Сіз сұраған соң өткен жылдарды еске түсіріп отырмын. Бірақ сол кезеңдер менің ғұмырымда ерекше орын алды. Нағыз шығармашылық ізденіске толы кезең деп есептеймін.
– Университетті аяқтаған соң еңбек жолыңызды қай өңірде бастадыңыз?
– Мен өзімді бақыттымын деп айта аламын. Себебі ауылда түрлі жұмыстарды атқарсам да, өмірде арманыма қол жеткіздім. 1981 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті атандым. Екінші курстан кейін әскер қатарына шақырылып, Кеңес Одағына белгілі «Красная звезда», «Советский солдат» деп аталатын беделді басылымдардың Чехословакиядағы меншікті тілшісі болдым.
Содан кейін туған өңірім Ақтөбе облыстық телерадиокомитетінде редактор болып еңбек жолымды бастадым. Бұл жылдардың да мен үшін бергені мол. Алдымдағы тұрған әріптес ағаларымнан көп нәрсе үйрендім.
– Кімге болсын университетте қатар оқып, қара нанды бірге бөліп жескен курстастар ерекше ыстық. Сіз журналистерді даярлайтын қара шаңырақта жастық шағыңыздағы қызықты күндерді бөліскен қимас достарыңыздан кімдердің есімін мысалға алар едіңіз?
– Шынында да, студенттік жылдар кімнің болсын ең бір бақытты шағы десек, қателеспейміз. Өйткені жан-жақтан аққу арман қуып келген жігіттер мен қыздар таныса келе сырлас әрі қимас достарға айналады. Менің де осындай нағыз курстастарымның қатарына филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті қаламгер Бауыржан Омаровты, талантты журналист, «Астана ақшамы» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Талғат Батырханды, қазақтың дарынды ақындары Гүлнәр Салықбаеваны, Светқали Нұржановты және басқа да көптеген әріптестерімді қосар едім. Олардың арасында мемлекеттік қызметте жүргендері қаншама. Бұлардың бәрі еліміздің өркендеуіне өздерінің лайықты үлесін қосып келеді.
– Сіз Қостанайға жауапты қызметке кіріскелі көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда тәжірибелі журналист ретінде мұндағы әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма? Кадрлық өзгерістер жасадыңыз ба?
– Мен бұл ұжыммен бұрыннан таныспын. Өйткені бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жатқан жоқпыз ба? Мысалы, мұндағы белгілі қаламгер Жанұзақ Аязбековті, дарынды журналист Күлтәй Әбдірахманованың шығармашылықтарына әбден қанықпын. Олар – кейінгі жастарды журналистикаға баулып келе жатқан тәлімгерлер. Ұжым әбден қалыптасқан. Жастар да жеткілікті.
Өз басым, қай жерде болсын білікті кадрларды бағалаймын. Өз жұмысына жетік әріптестерімді үнемі қолдаймын. Қолынан іс келмейтіндер жайлы әңгіме бөлек. Дарынсыздарға, қабілетсіздерге қай шығармашылық мекемелерінде болсын орын жоқ екендігі айтпаса да түсінікті.
– Көрермендер өте талғампаз келеді емес пе. Олар да өзіңіз лауазымды қызметке кіріскелі телеарнадағы тың жаңалықтарға көңілдері толатындықтарын білдіріп жатыр. Жалпы, қазіргі таңдағы және келешектегі жаңа бағдарламалар мен хабарларға қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Өздеріңіз күнделікті «Тобыл таңы», «Бірінші студия» деп аталатын танымдық-тағылымдық бағдарламалардың қос тілде жүргізіліп жатқандығын байқаған да боларсыздар. Сонымен қатар «36,60», «Ажар», «Домофон», «Тартылыс күші», «Қазына», «Жұлдыз-ай» секілді денсаулық саласына, әйелдерге арналған, ғалымдардың жетістіктері мен өміріне бағышталған, қостанайлық ақын-жазушылар, суретшілер жөнінде сыр шертетін және балаларға берері мол хабарларды жұртшылық назарына ұсынамыз. Бұлардың әрқайсысының да көрермендерге қай жағынан болсын өзіндік айтары бар.
Жалпы, біздің жұмысымыздың жандануына Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы және облыстық әкімдік қолдау көрсетіп жатқанын айтқым келеді.
– Сіздің ойыңызша, газеттегі әріптестеріңізге қарағанда, телеарна журналистерінің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?
– Өзіңіз де жақсы білесіз, газеттегі әріптестеріміз тек көзбен көріп, көңілге түйгендерін шұрайлы тілмен жазады. Ал радиодағылар жазады әрі сөйлейді. Біздің телеарнадағы журналистерге келетін болсақ, олар жаза да, көре де, сөйлей де білуі керек. Түр-сымбаттары келісті болып жатса, нұр үстіне нұр. Сондықтан бұл саладағы мамандарға жүктелер жауапкершілік жүгі де ауыр.
Сонымен қатар әріптестеріміздің айтар өзіндік идеясы, көзқарасы болуы да қажет. Қазір «Жаман тележорналшы өзін аяйды, жақсы тележорналшы көрерменді аяйды» деген қағида да әбден қалыптасты. Бұл да өмірден алынған мысал екені даусыз.
– Сіз көпті көрген журналист ретінде қазіргі жас журналистерге әлі де болса қандай қасиет жетіспейді деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, біздің ізімізді басып келе жатқан және болашақта журналист болуға талпынып жүрген іні-қарындастарыма айтарым, журналист кәсіп емес, ол – барлық мамандықтардың жиынтығы. Осы түйінді сөздің астарында түсінген адамға үлкен мән-мағына жатқан жоқ па?
Меніңше, қазіргі журналистер кемінде бес мың кітап оқуға тиіс. Олар философ болса, тіпті жақсы. Сонымен қатар олар көздеген мақсаттарына жетемін десе, аз дегенде жүз қара сөздің омоним, синоним, антонимдерін білсе, қандай ғанибет!
Сондай-ақ отыз жасқа дейін күнделікті бір өлеңді жаттап, аптасына бір сөзжұмбақты құрастырса, олардың ойлау қабілеттері де ұштала түсер еді. Осы аталғандармен қатар орфографиялық, түсіндірме, ғылыми-техникалық сөздікті жадыларында сақтаса, кәнеки?
Қазіргі журналистерге талап та жоғары. Соны сезінетін кез әбден жетті. Сол себептен жастар сәулет өнерінің заңдылықтарын, қаржы жүйесінің және өндірістік-әкімшілік басқарудың алғышарттарын жетік меңгергендері де абзал дер едім.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсем, жақсы журналист – әрі ғалым, әрі философ, әрі логикалық ойлау жүйесі кең мамандық иесі болуы керек. Тіпті ол музыкадан хабардар болып, 7 тілге дейін біліп жатса, тіпті орынды емес пе?
– Сізді бірқатар кітаптардың авторы деседі. Сондай-ақ журналистің арқасүйері – әрқашан айрандай ұйыған отбасы. Сол себептен жұрттың отбасыңыз жөнінде білгені де жөн болар.
– Қазақтың көрнекті қаламгері әрі журналист Әзілхан Нұршайықов кезінде жақсы журналистен түбі жазушы шығатындығын айтқан болатын. Мен де бұл пікірге толығымен қосыламын. Өйткені уақыт өте келе өмірді көріп, өзіндік ой түйген әріптестеріміз кітап жазатындығы даусыз. Өзім де төрт-бес кітаптың авторымын.
Еліміздің бірқатар облыстарында жауапты қызметте болған кездерімде ел танып, жер көріп қана қойған жоқпын, қаншама ұлтын сүйген азаматтармен жүздесіп, дидарластым. Олардың мағыналы ғұмырын терең зерттедім. Осы өңірлерде жарық көрген энциклопедияларды шығаруға атсалысып, облыстардың шежіресін жаздым.
Сол жерлердегі ірі тұлғалармен араласа келе өзім де кәсіби жағынан әбден шыңдалдым. Олардың биік талғамынан көріну үшін үнемі өзімді-өзім қай жағынан болсын қамшылап, тынымсыз ізденіс үстінде болдым.
Отбасыма келсем, ғұмырлық серігім Лариса Төленқызы жоғары оқу орнында орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс береді. Ұлағатты ұстаз ретінде талай шәкірттердің тәлімгері атанды. Шаңырағымызда Мирас есімді ұлымызға тәрбие бердік. Ол біздің үмітімізді ақтады. Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің экономика факультетін бітірді.
Оразалы ЖАҚСАНОВ