АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БОРДАЙ ТОЗҒАН БОРБАЙ

памперсАлпамыс батырдың немесе Қобы­лан­дының памперс киіп, арсалаңап жүргенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? 

Қаракерей Қабанбайдың, Қанжыға­лы Бөгенбайдың, Шапырашты Наурызбай­дың памперс кигенін ше?
Абылай ханның ту ұстаушысы Тарақ­ты Байғозы батырдың заманында осы бір борбайқаптың болмағаны қандай жақ­сы болған!
Бүгінде бар қазақтың баласының бұтында – бір-бір памперс…
«Бұл да бүгінгі заманның бір жетістігі ғой, онда тұрған не бар?» деп талай қа­зақ­тың бұрқ ете қалары сөзсіз. Бұл заман­ның жетістігіне біздің де дауымыз жоқ, бірақ осы бір борбайқаптың пайдасынан зияны көп екені туралы ойландық па?
Баланың тыныш жатқаны барлық ата-анаға керек. Баланың дені сау болғаны бәрімізге керек. Алайда қазақтың бар ба­ласының бұтында жүрген памперстің қан­шалықты зиянды екенін ескеріп жат­қан жоқпыз. Бір мезгіл: жолға шық­қанда, қалада не далада серуендегенде кисе ма­құл. Бұл памперсіңіз бүгінде кей бала­ның бұтында жиырма төрт сағат байлау­лы тұр ғой! Зәрі мен нәжісін памперс өзіне тартып, сіңіріп алады деген күннің өзінде, ата-анаға аса қолайлы деген күнде де, сәбидің бұтын бұлтитып, екі аяғын талтайтып, күндіз-түні борбайын сорып, болашақ ұрпақты бордай тоздыруға өз еркімізбен мойынсынып отырғанымыз­-ды бір сәт ойландық па? Баланың бұты – елдің құты. Баланың борбайы – бүгіннің ойбайы…
Елдің алдына түскен Еуропа жұрты осы күні ұрпақ шашу мәселесіне келгенде тығырыққа тірелді. Өмір сүру жағдайы да, тұрмыстық ахуалы да қанша артық де­генмен, Еуропаның көптеген елінде бел­сіздік мәселесі негізгі бас ауруға айналып келе жатыр. Бәле қайдан? Осы бір бор­байқаптан емес деп кім айта алады?
Белсіздік түбі – елсіздік!
Қазақтың данышпан тірлігі осы күні аяқасты қалды. Алдыңғы отыз елдің шаңына ілесеміз деп есігімізді де, бесі­гі­мізді де тәрк етуге қарадық. Өзімізде бар құн­дылықтарды «ескінің қалдығы, өт­кеннің сарқыншағы» деп өзегімізден те­ріс айналдық. «Болған, жеткен осы екен» деп басқаның қаңсығын таңсық көріп, өз еліміздің сан ғасырлық мәдениеті мен ата-бабадан келе жатқан мұраның бәрінен бас тартуға бет бұрдық. Қазақ болудан басқа­ның бәріне бармыз, қазақ болуға – жоқ­пыз, ішкенге, жегенге – тоқпыз. «Елдің ертеңі не болады, ұрпақтың жағдайы қандай болмақ, қайда барамыз, қандай боламыз?» дегенге бас қатырмайтын, не болса ол болсын дейтін бордақы бей­қамдық қоғамды жайлады.
Ен байлықты соруға келгендерге есі­гімізді айқара аштық. Қазақтың қазына­сын тонаушыларды төбемізге көтеріп, есімізден айырыла құрмет көрсетіп жа­тырмыз. Жемқорды – жолы болғыш, парақорды – пайда тапқыш, алаяқты – іскер, арамзаны ақылман тұттық. Осы­­дан не ұттық?!
Асан қайғының арман даласын бір жебірейдің, бір-екі-үш сарттың, бірнеше итжегеннің сарман даласына айналдыр­дық. Қисапсыз байлықты құныға сорған­дарды ұлттың ұстыны ретінде көретін бол­дық. Екі жеп, биге шыққандардың есе­бі түгел: бар жиған-тергенін шетелдік оффшор асырып, айламен тапқанын жасырып, басына күн туғанша абырой, атаққа малынып, төрдегі төреге жалынып, жалпақшешей жалбақайлар жайылып жастық, иіліп төсек болып, арысы Ан­глиядан, берісі Бельгиядан ең қымбат имениелерді иемденіп, қиқу шықса қаша жөнелетін, бар байлығын баса жөнелетін жағдайға жеттік. Түйені түгімен, биені жү­гімен жұтатындардың заманы әдіра қалды. Қазақстанды қазына-байлығымен бір-ақ қылғытатын қомағай құлқынның құрдымына түстік. Арсыздық ұлттың эталонына айналды.
Қазақ айтушы еді: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп. Сондағысы, бір жеген таяғы еттен өтетін, бір жері ісетін, бір жері көгеретін. Сөз сүйектен өтеді де­генде – әкесі жемқор, атасы парақор болса, баласының баласына дейін «атасы сондай еді» деген сөз жететін. Қанша зұлым болса да, қанша оңбаған болса да кешегі қазақ азаматтары сондай сөзден қашатын еді. Өзіне сөз келсе де ұрпағыма сөз келмесін деп артын, ертеңін ойлайтын еді. Сол әрекеті арқылы өзін де, ұрпағын да сақтайтын, сақтандыратын еді. Бүгінде сүйектен өтер сөз де қалмады. Өйткені бү­гінгі қазақ қоғамы – қойыртпақ қоғам. Оның ортасы қайсы, тортасы қайсы, жақсысы қайсы, жаманы қайсы – адам ажыратып болмайтын жағдай қалыптасты. Залымды – ғалым, жәлепті – ханым, ұры­ны – ұлық, қарыны – қылық көретін елге айналып кеттік…
Кешегі Алпамыс пен Қобыландының заманында мұндай мүмкін бе еді?!
Қабанбай мен Бөгенбайдың, Нау­рыз­бай мен Байғозының уақытында мұның бірі болмап еді ғой.
Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектің, Әйтекенің мұндай заманды көрмей өтіп кеткені бір есептен дұрыс та болған сияқты…
Иманды болғыр, сол бабаларымыз­дың бәрі де бесікке бөленген еді. Ананың әлдиімен өскен еді. Еліне де, жеріне де қорған болған еді…
Солардың бірінің бұтында да пам­перс болған жоқ.
Борбайын сорқап сорған жоқ. Соның арқасында қазақ арасында Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүз­байлар пайда болып еді…
Сәбет өкіметі салттан да, дәстүрден де безіндірді. «Аяғы маймақ болады» деп баланы бесікке бөлетпеді.
Қазақтың бар асылы – бесікте бола­тын. Бесіктен «Бесік жыры» естілетін. Титте­йінен бесікте жатып, баланың жаны ты­ныштық табатын. Асты – таза, үсті – үйлесім: ана әлдиіне бөленіп, ақ бесікте тербетіліп, ана тілін бойына сіңдіріп, тө­редей болып жататын, рақатқа бата­тын. Қаз-қаз басқан сәттен Батырлар жы­рын тыңдайтын, елі үшін ержетіп, қиындық­қа қыңбайтын. Бесіктен белі шығып, аяғы есікке жеткесін «Он үште отау иесі» деп ерте ойланатын. Әулеті мен дәулеті үшін жеке-жеке жауапты болатын, жерінің шетіне жау тигізбейтін, елінің етіне таяқ тигізбейтін, басынан сөзді асырмайтын, кі­нәсі болса жасырмайтын, намысқа суа­ры­лып, жігерге қақталатын, ержеткен бет­те жұрт үшін жуан тірлік атқаратын ер­ке­бұлан елдің перзенттері едік біз де­ген… Бар ма пенде, сол дәуренді іздеген?!
Адалдық қайда? Ар қайда? Ел үшін туған нар қайда?!
Бүгінде басқа түгілі, борбайды қорғай алмай, бейшара болып отырмыз.
Борбайқап баланың зәрін ғана сорып жатқан жоқ, бойдағы нәрін сорып жатыр ғой!
Бәрін сорып біткенше отыра береміз бе?!

Нұртөре ЖҮСІП

http://aikyn.kz/