АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

a18d748776abf66c7e5b5f3461d4e172Сіздің құныңыз қанша? Адам ретінде бағаңыз немен өлшенеді? Адам үшін ең қымбатты не нәрсе? 

Кез келген адам үшін ең бірінші – оның аты қымбат. Әкесінің аты қымбат. Ата­сының аты қымбат. Тегі қымбат, тұ­қымы қымбат.
Аты-жөніңізде қате жоқ болса, сіз өз құныңызды, өз бағаңызды білесіз.
Аты-жөніңізде қаптаған қате болса ше? Онда өз құныңызды өзіңіз шыға­рар­сыз.
Қазақтың құны қанша деуімізде мән бар. Жақында «Егемен» мен «Казправ­даға» биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеу­дiң қоры­тындысы шығады. Мектеп біті­ріп, жоғары оқу орнына түсуші түлектер­дің аты-жө­нін­дегі қатеден аяқ алып жүре ал­майсыз. Қазақта қанша құнсыз қазақ­тың бар еке­нін сол тізімге қарап-ақ жо­балай беруге болады.
Аты-жөнді қате жазу жағынан ал­дымызға қара салмай келеміз. Бір қызы­ғы, соған еш қорланбаймыз да, намыс­тан­баймыз да! Қатені түзеткісі келген адам мың есікті ашуына тура келеді. Та­банынан тозады. Шаршайды. Шалдыға­ды. Ақыр соңында бәріне қолын бір сіл­теп, қоя салады.
Осы күні атына «мягкий знак» қо­сылып жазылмаған қазақтың қызы аз. Гульмира, Гульжан, Гульнар, Гульжанар, Гульжамал, Гульсим деп аты гүлге біткен қыздың бәрі дерлік қате атты көтеріп жүр. Анар – Анара, Манар – Манара, Жанар – Жанара деген орыс тілінің ыңғайымен жа­тып тұратын аттарды есепке алсаңыз, еріксіз тіліңізді тістейсіз.
Мұндай өрескелдік қайдан кетіп отыр?
Бірінші кезекте, адамның жеке бас куәлігі мен шетелдік паспорты екі тілде, оның ішінде басым жағдайда орыс тілін­де толтырылғаннан кейін туындап отыр. Қазақтағы құлдық психология қанша жерден Тәуелсіздік алса да кетпей тұр. Соның салдарынан аты-жөніндегі қатеге көптеген қазақ бүгінде соншалықты проблема деп те қарамайды. Әбден еті өлген. Намысы боқтыққа көмілген.
«Официальный» тіл озбырлығын жасап тұр.
Бұрын не жамандық болса да, сәбет өкіметінен көре салатын едік. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдың жүзінен асты. Әлі баяғы қате балалап жатыр. Енді мұны кімнен көреміз?
Өз аты-жөнін қате жазғызған бір ағылшынды, не бір французды, не бір немісті, жоқ болмаса бір жапонды немесе бір кәрісті көрдіңіз бе? Тіпті орыс екеш орыстың өзі Иван дегенін Диван деп жазбайды ғой.
Орыс тіліне орыстан бетер жүйрік, орыстың өзін жолда қалдырып, сайрап тұрған біз, қара орыстар, неге өз аты-жөнімізді толтыруға келгенде сондай салақпыз және сауатсызбыз? Қазір біреу­ге «сен сауатсызсың» деп көріңізші, мұр­ныңыздың қай жерінен мұржа шығар­ғанын білмей қаласыз. Ал қалың қазаққа, тұтас бір ұлтқа соншалықты сауатсыз болудың соры қайдан жұқты?
Жамбылды – Джамбул, Жолдасбекті – Джолдасбек еткен кеңестік жүйе кел­меске кетті деп жүргеніміз бекер ме дей­мін кейде. Біз сол сәбеттер елінің ең соңын­да қалған, басқалардың бәрі тарқап кеткенде, егемендігін амалсыз алған, сайып келгенде, қара шаңырақ – КСРО болса, соның ең соңында қатардан қал­майық деп, көк туын амалсыз көтеріп отырған, шын мәнінде, қара шалдың кен­же баласындай, шаңыраққа мұрагерлік жағынан таза сәбеттің өзіміз бе деген ой келеді. Өйткені бізден басқаның бәрі өз алдына ел болудың қамында жүр де, біз ғана салпақтап, алақтап, жалақтап, қорқасоқтап, қазақ дей алмай, қазақ қамын жей алмай, басқа ұлт пен ұлыстың тыныштығын тілеп, өзімізді ішімізден іреп, жаппай рухани жадап-жүдеп, болмастың жолымен, берместің қолымен нұрлы болашаққа қадам басып келе жатырмыз. Құдай қайырын берсін!..
Сонымен, қазақтың құнын анықтау­дан шықты ғой әңгіме. Осы жағдай осы­лай кете бере ме? Мұны түзетудің жолы бар ма, жоқ па?
Біздің ойымыз айтады: мұны түзету­дің, аты-жөнді сауатты толтырудың жолы бар деп. Ол үшін Қазақстан Республи­касының Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөз­дігін жасауды қолға алуы тиіс. Мигра­циялық полиция деректерін ала отырып, Қазақстанда тұратын, ресми тіркелген 17 миллион адамның аты-жөнін тегіс сүзіп өтіп, әр адамның аты-жөнін сауатты толтырудың үлгісін жасау керек. Бұл сөз­дік толық нұсқасында Үкіметтің қаулы­сымен немесе басқа да заңдық актілерімен тастай бекітіліп, электронды нұсқасы кез келген азаматтың қолдануы­на оңай қалып­қа түсірілуі қажет. Кез келген АХАЖ ұйымдары мен бөлімдері бірінші кезекте осы Қазақстан азамат­та­рының аты-жөн сөздігіне сай жаңадан туған баланың Туу туралы куәлігін рәсім­дегені абзал. Сонда ғана біз қаптаған қа­те­ден құтылуға нақты қадам жасаймыз.
Ал осыған дейін қате ататекті арқалап келе жатқан азаматтар не істейді? Оларға да осы Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігі көмекке келуі тиіс. Егер кімде-кімнің аты-жөнінде қате кеткен болса, ол азамат Үкімет бекіткен ресми сөздікке өз аты-жөнін сәйкестендіре ала­тындай жағ­дайда болуы керек. Мәселен, Чинарбаев Джексенбай Интимакович деген азамат – Шынарбай Жексенбай Ынты­мақұлы деген сауатты үлгіде өз төл­құжаттарын жөндетіп алуына еш кедергі болмауы тиіс.
Бізде тағы бір «ішінде ит өліп жатқан» жер бар. Ол – мынау СИК, РНН, қазіргі ИИН дегендер. Осының бәрінде қазақ тілінің сфецификалық тоғыз әрпінің компьютерлік бағдарламаға енгізілмеуіне

байланысты, көптеген Қазақстан азама­тының аты-жөні негізінен, орыс тіліндегі үлгіде толтырылады. Сондай-ақ 1С бух­гал­терия, зейнетақы қорларының есептеу бағдарламаларында қазақ әріптерінің болмауы, болса да орыс тіліне басымдық берілуі ең үлкен мәселені алдан шығарады. Мәселен, мен – ЖҮСІП Нұртөре Бай­тілесұлымын. Орысша негіздегі бағ­дар­ламаға мені ЖУСИП, кейде ЖУСУП түрінде, атымды бірде Нурторе, бірде Нуртуре деп енгізеді. «Бір әріпте тұрған не бар?» деуі мүмкін кейбіреулердің.
Бір әріпте үлкен мәселе бар. Жүсіпті – Жусуп, Жусип, Тусуп, Иосиф, Осип деп кете беруге болады. Бәрі түп негізінде Жүсіп пайғамбардың есімі ғой, бірақ әр халықта әртүрлі транскрипцияда.
Айтайын дегеніміз, күні ертең зей­нетақы алғанда немесе басқа да мүліктік операцияларды жасағанда сіздің – сіз болмай шығуыңыз мүмкін… Дәлелдеп көріңіз сосын…
Ең басты мәселе – біздің бүгінгі қазақтың құны: аты-жөнін ардақтап, құ­жаттарын мемлекеттік тілде рәсімдегендер үшін мұндай азаматтардың атасына рақмет! Өз дәргейінде бағасын жоғары­латады. Ал аты-жөні қате-қате қазақ­тар­дың құны көк тиын, қанша асыл туса да!

 

http://www.aikyn.kz