Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлерге жаңажылдық және басқа да мемлекеттік мерекелерді шетелде қарсы алуға тыйым салған еді.
Елбасымыздың ескертуі қазақстандық саяси элитаның шымбайына қатты батып кеткен тәрізді. Шілде айының алғашқы онкүндігінде БАҚ беттерінде «Елбасымыз қысқа мерзімді еңбек демалысына шықты» деген ақпарат жарияланған күннен бастап демалыс алып, шетел асып кететін қазақстандық саяси элита биыл еңбек демалысына шығуға асығар емес. Үкіметтің баспасөз бөлімі министрлердің басым көпшілігі қазір жұмыс орнында екенін айтады.
Өткен аптаның аяғында Премьер министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Қарағанды облысында жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарымен танысты. Айтпақшы, осы аймақта Елбасымыздың кеңесшісі Гүлшара Әбдіхалықова Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да Қарағанды облысының шеткері аймақтарында іссапарда жүр деген ақпарат алдық. Тіпті маусымның аяғында еңбек жазғы демалысқа шыққан сенаторлар мен мәжілісмендердің аймақтардағы кездесулері жайлы ақпараттар басылым беттерінде жиі жарияланып жүр. Мысалы, Сенатор Ерлан Нығматуллин өткен аптада твитердегі жеке парақшасында «Әзірге демалыстың ауылы алыс болып тұр. Отбасымды шетелге жібердім. Өзім, қолым қалт етсе, Алакөлге барып қайтатын шығармын» деп жазды. Мәжілісмендер Розақұл Халмұрадов пен Қамал Бұрханов елдің ортасы ешбір демалыс орнын алмастыра алмайтынын айтты. Мәжілісмен Розақұл Халмұрадов алдағы он күнде республикаға белгілі «Сарыағаш» шипайжайына барып қалуы әбден мүмкін. «Сарыағашта» демаламын» деп жүрген халық қалаулыларының қатарында сенатор Қуаныш Айтаханов пен мәжілісмен Майра Айсина да бар.
Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Мұрат Әбеновтің еңбек демасының тең жартысы Ресейде, Казан қаласында XXVII Бүкіләлемдік жазғы Универсиадада өтті. Ғаламтордағы әлеуметтік желісі арқылы біз министрдің орынбасарының демалысының қалған бөлігі елде, ағайын-туғандарының ортасында өтіп жатқанын білдік. Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев журналистермен кездескен «Еңбек демалысы жайлы ойлап жүргенім жоқ. Мүмкін, демалысымды күзге қалдыратын шығармын» дегенді айтқан. Заңды еңбек дамалысы туралы ойланып үлгермеген шенеуніктердің қатары тек аймақтық даму министрімен ғана шектелмейді екен Өткен аптаның соңында вице-премьер Әсет Исекешев твиттеріндегі жеке блогында «Демалысымды күзге қалдырамын деп шештім. Отбасым Бурабайда демалады. Алдағы он шақты күннің ішінде елге, туған-тусықандарға барып қайтатын шығармын» деп жазыпты. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те демалысын қара күзге қалдырған шенеуніктердің қатарынан табылды. Ол журналистерге берген сұхбатында «телефоны да, интернеті де жоқ «жердің бір жеріне» барып демалғысы келетінін жасырмапты. Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев басқаратын министрліктің жақсы жұмыс істеуінің нәтижесінде Алтай мен Атыраудың арасында жатқан қазақ даласында интернетпен, ұялы телефонмен қамтамасыз етілмеген елді мекен кемде-кем. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров жазғы демалысында Сарыағаш, Түлкібас, Ақсу — Жабағылы қорығында ат шалдырып, Бурабай жаққа барып аунап-қунап қайтпақ. Министр жақында жеке блогында «Мен бірқатар Еуропа елдерінде болдым. Араб елдеріне де барып қайттым. Бірақ қазақ еліндей табиғаты әсем ел кездестірмедім» деп жазыпты.
Дегенмен Үкімет құрамының толық құрамда емес екендігі күнделікті пленарлық мәжілістерден байқалып қалады. Үкіметтің баспасөз бөлімі Премьер -министрдің бірінші орынбасары Қайрат Келімбетов, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Қаржы министрі Болат Жәмішовтердің қысқа мерзімді еңбек демалысында жүргендерін айтады. Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов Ерлан Әбілфайызұлының 29 шілде, дүйсенбі күні жұмысқа шығатынын хабарлады. Ал Қайрат Нематұлы мен Болат Бидахметұлы тамыз айының 4 күні жұмыс орнында болады.
Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы мәжілісі 15 қыркүйекте өтеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен, қазақстандық саяси элита Бурабайда демалып қалуы әбден мүмкін. Себебі министрлеріміздің біразы Көкшетау-Бурабайдағы демалыс орындарына деген ықыласы ала-бөтен. Біздің Үкімет үшін Бурабай мен Оқжетпес жаз болса – жайлауы, қыс болса – қыстауы. Бұл – бір. Екіншіден, саяси элитаның алдымен Көкшетауға ат басын бұруына салмақты себеп бар. Былтыр ғана Елбасымыздың өзі ашып берген Бурабай — РИКСОС бес жұлдызды қонақүйі ондағы туризмнің шырайын келтіріп, салмағын арттырды. Одан бөлек Елбасымыз ғана емес, Ресейдің президенті мен премьері В. Путин мен Д. Медведев Бурабайға барған сайын қона-жастана кететін Бурабай – РИКСОС-та жазғы демалысы тұрмақ, бір күн түнеп шығу екі қазақтың біріне бұйыра бермейді.
Қазақстандық туристер қауымдастығы Көкшетау мен Үкімет арасындағы әдемі әріптестік байланыс елдегі өзге де демалыс аймақтарының бағын байлап, жолын тұсап тұр дейді. Шетелдiкiнен кем түспейтiн қызметi бар демалыс аймақтары бiзде өте көп. Мысалы, «Изумрудный, «Аюдақ» демалыс орындарында болып қайтқандар демалумен қатар, ем алудың тиiмдiлiгiн алға тартады. «Зимовская зимка» мен «Алтай Альпiлерi» демалыс орны отбасылық саяхатқа қолайлы жағдай жасап отыр. «Алакөл» мен «Нұрсұлтан» демалыс базасының да еш жерден қалыспайтын арнайы бағдарламасы бар. «Шүлбi» су қоймасының кереметтерiне куә болу мен қылқан жапырақты ормандағы серуен демалыстың көкесi дейдi барып келгендер. Өкiнiштiсi сол, iшкi туризммен айналысушы компаниялар отандық демалыстың ақысын жариялы түрде айтуға асығатын емес. Демалуға келiскен әр тұтынушымен жеке дара келiсiм жасалатынын, соған сәйкес қызметақысы саудаға салынатынын айтады. Қазақтың жері – Алланың ықыласы түскен жер екенін оның көркем табиғаты да айтып тұр. Туризм саласының мамандары Алтай мен Атырауда, Тарбағатай сілемдерінде адам аяғы баспаған жерлер бар екенін айтып, таңдай қағып жатыр. Осыған орай, қазақстандық туристер қауымдастығынің өкілдері еліміздегі әрбір демалыс аймағын министрліктер, ұлттық компаниялар өз балансына алса, Үкіметтің Бурабай мен Оқжетпеске деген ықыласы бүкіл елдегі демалыс аймақтарына жетер еді деген ой айтады.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ