Латвияның білім және ғылым министрлігін тұңғыш рет ана тілі орыс тілі боп табылатын саясаткер Вячеслав Домбровский басқаруда. Егер кейбір аз ғана уақыт болған жағдайларды есепке алмасақ, оны тәуелсіз Латвия үкіметіндегі алғашқы орыс министр деуге болады. Оның үстіне жаңа министр BBC (Би-Би-Си) орыс қызметінің тілшісі Оксана Антоненкоға берген сұхбатында Латвиядағы интеграцияның тек латыш тілінде ғана жүретінін айтты.
BBC: Сіздің алдыңызда ғана білім және ғылым министрі болған Роберт Килис осы тағайындалуыңызды тарихи жағдай деп атады: аталған министрлікті тұңғыш рет ұлты орыс адам басқарып отыр. Бұған өзіңіз қалай қарайсыз?
Вячеслав Домбровский: Қателеспесем, тұңғыш орыс министр мен емеспін. Бірақ, әрине, бір жағынан, бұл еліміз үшін жетістік саналады, екінші жағынан, осы тағайындаудың қалай болғанын есепке алсақ, аздаған мысқыл қосып айтуға да болады. Иә, ұлттық мәселеде аса нәзік саналатын сала – білім және ғылым министрлігін орыс басқаратын жағдайға жеткен екенбіз, бұл да бір қамалдың алынғанын білдіреді.
BBC: Латвия саясаткерлері елдегі екі тілде білім беру жүйесінің қоғамды екі бөлікке бөліп тастағанын жиі айтады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
Вячеслав Домбровский: Бұған кесімді жауап айтуға болмайды. Бір жағынан, егер объективті түрде алар болсақ, латыш қоғамы, әсіресе, саясат саласында екіге жарылмауы тиіс. Ал жұмыла жұдырық болудың латыш тілі негізінде ғана жүзеге асатыны түсінікті. Латыштарды қынжылтатын бір нәрсе – латыш тілін білмейтін, олардың ана тілінде сөйлесе алмайтын орыстілділердің көптігі. Ал екінші жағынан, көп тіл білу де ел байлығы саналады ғой…
BBC: Қоғамдағы бытыраңқылық мәселесін саясаткерлер қалай шеше алады?
Вячеслав Домбровский: Ең алдымен қазір өте көбейіп кеткен азаматтығы жоқ адамдардың санын азайту керек. Сауалнама қорытындысы бойынша, олардың үштен бірі бізде бейімделіп, азаматтық алуға, азаматтық қоғамымымыздың мүшесі болуға құлықты еместігін айтқан. Бұған олардың латыш тілін білмейтіндігі себеп. Арасында материалдық жағынан кедергіге ұшырап жатқан кедей адамдар да бар. Сондықтан оларды латыш тілінің тегін курсымен қамтамасыз ету жағына қарай қадам жасауымыз керек деп ойлаймын.
«Латыш мектебі – болашағымыз»
BBC: Қос тілді білім жүйесі енгізілгенде, саясаткерлер оны өтпелі кезең деп айтты. Сіздіңше, бұл жүйе өзгерісті қажет ете ме?
Вячеслав Домбровский: Бұл жүйе өзін ақтады деп ойлаймын. Өйткені жұмыс берушілердің айтуынша, тілі орысша шыққан балалардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі артығырақ. Олар орысшаны да, латышшаны да, ағылшыншаны да меңгерген. Ал енді тілі латышша шыққан балалар орыс тілін оқымайды. Сондықтан еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі төмен.
Жүйені өзгерту мәселесіне келсек, ол педагогтардың еншісінде. Білім жүйесіндегі бір мақсат – түптің түбінде барлық бала латыш тілін біліп, сол тілде сөйлесе алуы тиіс. Бұл мәселені мамандар, педагогтар мына сұрақтар бойынша талқылауы керек: Қандай әдіс қолданамыз? Қай жастан бастаймыз? Нені қашан істейміз?
BBC: Сіздіңше, мектептерді латыш және орыс тілдеріне бөлген білім жүйесі қанша уақытқа дейін сақталуы мүмкін?
Вячеслав Домбровский: Болашақта ата-аналар латыш және орыс деп бөлмей, баласын кәдімгі мектепке жібере алатындай, онда латыш және орыс балалары бір-бірімен еркін сөйлесе алатындай заман туғанын қалар едім.
BBC: Олар қай тілде сөйлескені дұрыс?
Вячеслав Домбровский: Өздері қалаған тілінде сөйлессін. Сондай жағдайда ғана балалар өсіп, 15-18 жасқа жеткенде, санасында бір-бірі туралы теріс ой қалыптаспайтын болады. Ал бұған біз біреулерді «анаған өт, мынаған өт» деп мәжбүрлеу арқылы емес, тек ерікті түрде ғана қол жеткізе аламыз.
BBC: Сол жалпы мектептердегі оқу қай тілде жүргізілуі керек деп ойлайсыз?
Вячеслав Домбровский: Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – латыш тілі.
BBC: Балабақшаларда латыш тілін оқыту ісін күшейтуді қолға аласыз ба?
Вячеслав Домбровский: Балалардың латыш тілін үйрену мүмкіндігін кеңейтуге байланысты жоспарымыз бар. Ол балабақшаға да қатысты. Бірақ латыш тілін оқыту мамандарға, педагогтарға тікелей байланысты: Қандай әдіспен үйретпек? Қай сатыда оқытады? Екіншіден, мен қоғамда күшпен интеграция орнатуды қолдамаймын. Меніңше, бұл еш жақсылыққа апармайды. Ол интеграция емес, ассимиляцияға ұқсас нәрсе боп кетеді. Бұл түйткілді шешпейді, одан сайын асқындырады.
BBC: Қазір Латвияның жоғары оқу орындарындағы студенттер қай тілде оқытылады?
Вячеслав Домбровский: Мемлекеттік жоғары оқу орындарында латыш тілінде оқытылады. Кейбір қатаң талап қойылатын жағдайда, сондай-ақ бұл жекелеген заңдарда қарастырылған болса, ағылшын тілінде де оқытылады.
BBC: Сіздіңше, Латвия жоғары оқу орындарында басқа тілдердің тынысын кеңейткен жөн бе?
Вячеслав Домбровский: Иә, әрине. Еуропалық Одақ елдерінің тілдерін, негізінен ағылшыншаны кеңінен қолдану туралы айтқан жөн. Біз мынаны жоспарлап отырмыз: Швеция сияқты елдің тәжірибесіне назар аудару керек. Онда телевизиядағы ағылшынша хабарлар кейде дубляждалмайды, яғни балалар оны ағылшын тілінде көреді. Сондықтан тілді тез үйреніп алады.Жоғары білім беру жүйесіндегі магистрлік және докторлық бағдарламалар негізінен ағылшынша жүргізіледі. Швеция Еуропалық Одақтағы рейтингте инновация жөнінен бірінші орын, әлемде патент жөнінен алдыңғы орындардың бірін алады. Бұл – дамыған ел. Сөйте тұра, шведтер өзара швед тілінде керемет сөйлеседі, яғни олардың тіліне нұқсан келген жоқ. Енді, біз шведтердің тәжірибесін зерттеп көрсек дейміз. Сол арқылы жоғары білім беру саласында ағылшын тілін кеңінен қолдансақ, бұл Латвияның экономикасы мен жалпы дамуына оң әсер ететінініне әрі ол латыш тілін ығыстырып шығармайтынына әріптестерімізді иландырғымыз келеді.
Эмиграцияға қатысты қандай әрекет керек?
BBC: Сіздіңше, Латвияның білім жүйесі біраз студенттердің оқуды тәмамдаған соң елден кетіп, жат жерде жұмыс істейтінін ескеруі тиіс пе?
Вячеслав Домбровский: Меніңше, бұл табысы төмен елдердің бәріне тән. Басқа бір елмен одақтасып отырған мемлекет өз азаматтарының сонда көшуіне және жұмыс істеуіне кедергі жасай алмайды. Оқу бағдарламасын түзу арқылы да мұндайды көбейтуге немесе азайтуға болады деп ойламаймын. Әрине, әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке төтеп бере алатын мамандарды дайындау қажет. Бірақ бұл олардың бәрі басқа жаққа кетіп қалады деген сөз емес.
BBC: Тұрғындардың Латвиядан кетуін тоқтатуға бола ма?
Вячеслав Домбровский: Бұған біржақты жауап беру қиын. Қол қусырып отырмай жұмысымызды жалғастыра берсек, жұрттың дұрыс өмір сүруіне, баласын дұрыс тәрбиелеуіне жағдай жасасақ, мұндай эмиграциядан біз тек қана ұтамыз. Әлгі адамдардың көпшілігі шетелден білім жағынан, жұмыс жағынан мол тәжірибе жинайды да, қайтып оралады. Бірақ, әрине, біз әлгіндей жағдай жасай алсақ.
BBC: Латвиядағы жұмыс берушілер елдегі жоғары оқу орнын бітіргендердің маманданған саласы еңбек нарығы талаптарына сәйкес келе бермейтіндіктен жұмыссыздық көбейіп отыр дегенді жиі айтады. Сіз жоғары оқу орындары қажет мамандықтарды оқытпайды дегенмен келісесіз бе?
Вячеслав Домбровский: Жұмыс берушілер айтқан болса, ондай түйткіл бар деген сөз. Олар біледі ғой. Біз кәсіби білім беру ісін арттыруды жоспарлап отырмыз. Кәсіби білім беру саласына деген көзқарас Кеңес дәуірінен бері онша емес. Кәсіби техникалық училищеге әрі қарай оқып жарытпайтын, университетке де түсе алмайтын балалар ғана барады деп есептелді. Енді сол кәсіби білім беру саласының беделін көтергіміз келеді. Ол алдағы 5-10 жылда жоғары білім беру жүйесімен бәсекелесе алатындай болса дейміз. Кәсіби білім алғандар жұмыс берушілердің көп сұранысына ие болады. Әрі-беріден соң кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер солар ғой.
BBC: Оқырманның сұрағы: «Латвияда мұғалім жалақысының салығымен қосқандағы ең төменгі мөлшері – 270 лат (500 доллар). Жыл сайын үзбей дайындық және қайта дайындық курстарына баратындарға, 10 жыл еңбек өтілі барларға арналған бұл өлшем Эстония мен Литваға қарағанда екі еседей аз. Ригадағы біздің көпқабатты үйдің аула сыпырушысы да көбірек еңбекақы алады. Мектеп мұғалімдерінің орта жасы ұлғаюда. Ал мектепке жұмыс істеуге жоғары оқу орнын педагог мамандығы бойынша бітіргендердің аз ғана бөлігі барады. Енді сәл ғана өсейін деп жатқан жалақы мектеп пен балабақшаға білікті мамандарды тартуға және сонда істеп жүргендерді ұстап тұруға көмектесе ала ма?»
Вячеслав Домбровский: Біріншіден, мұғалімдердің жалақысын осы ең төменгі мөлшермен ғана өлшеу мүмкін емес. Жалақы күрделі жағдайда мөлшерленеді. Оның коэффициенті көп: оқушы саны, аймақтағы халық тығыздығы, бастауыш мектепте істей ме, әлде орта мектепте ме, қандай пәннен сабақ береді деген сияқты… Шатасып кетуіңіз мүмкін. Қателеспесем, жалақы мөлшері 22 келісімшарттық сағатқа байланысты. Сосын басқа жұмыстары үшін де төленеді. Мысалы, үй тапсырмасын тексергені үшін. Нәтижесінде мұғалімдер 1,2-1,4 мөлшерлемелері бойынша айлық алады. Яғни жалақы ең төменгі мөлшерден жоғары.
BBC: Оқырман сұрағы: «Латвияда латыш және орыс тілдерінің екеуін де мемлекеттік тіл ету мүмкін бе?».
Вячеслав Домбровский: Меніңше, бұл мүмкін емес. Өйткені Латвияны әлемдегі өз ана тілінде сөйлей алатын жалғыз ел санайтын халықтың бір бөлігі мемлекеттік тіл латыш тілі болуы керек деп есептейді. Жақында ғана осы тұрғыда кесімді пікір айтылған референдум өтті. Бұл – демократия.
Оксана Антоненко