АЛТЫНОРДА
Новости

«ЖАН-ДҮНИЕМДІ ТҮСІНЕТІН АДАМ ЖОҚ» ДЕЙТҰҒЫН КӘРІ ҚЫЗДАР ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ АҚСАТЫП ОТЫР

8_35Ақ әженің әңгімесі

Жасы жүзге жуықтаған әжеміз болушы еді. Оны «ақ әже» деп атайтынбыз. Алдына отырғызып алып нешетүрлі ертегі айтқанда, елітіп ұйықтап қалатынбыз. Мінезі жібектей жан болғаннан соң ба, ақ әжеге қояр сауалымыз да таусылмайды. Бірде еркелеп отырып:
– Ақ әже, атама қалай күйеуге шықтыңыз, – деп сұрай қалдық.
Әуелі әжеміз әжімдері тереңдей түсіп, езу тартты. Сосын:
– Әдіремқалғыр, осы аталарыңа көрмей-білмей-ақ қосылғанбыз, – деді.
– Сонда қалай? –  деп шу еттік өңшең шуылдақтар.
– Солай! Әке-шешем «Енді бойжеттің. Тұрмысқа шығасың» деді. Сосын айттырып келген адамдардың атына мінгестіріп жіберді. Кімге тұрмысқа шығамын? Аты кім? Мінезі қандай? Бай ма, кедей ме? Сұрағаным жоқ. Келін болып түскен соң бір-ақ білдім. Осы аталарың екен. Құдайға шүкір, тәп-тәуір түтін түтеттік. Балалардың бәрі ержетті. Бүгінде бәрі атқа мініп жүр. Олардан сендер тудыңдар, – деп әжем ұршығын иіре бастады.
Сөйтіп, біз балалар «үйлену» дегеннің осылай «оп-оңай» болатынын әжемізден естіп, аңтарылып едік. Бұл –  ана сүті әлі таңдайымыздан кетпеген балғын шақтағы әңгіме.

Құдай салды, біз көндік

Бірде  көршіміз Ерболат тап біздің апайды алып қашып келді. Біздің Роза апай! Сұсты да сұлу ұстазымыз! Ескіліктің шырмауынан бойы да, ойы да азат өркениет өлшеміндегі  мұғаліміміз. Енді қайтер екен? Қайран Ерболат көкеміздің көздеріне көк шыбын үймелетіп, итжеккенге айдаттырып жібермесе болғаны. Бұған себеп әдемі апайымыздың қалада әп-әйдік жігіті бар деп әркімдерден еститінбіз. Милиция шақыртса, қолдарына темір кісен салып, тас түрмеге тоғытатын шығар деп түршіккенбіз.
– Ойбай, қыз көнбей жатыр екен! –  деген суыт сөз соғыстан жеткен қаралы хабардан да зәрлі естілді.
Әп-әдемі апайымызды да қимаймыз. Ішіп алса, бүкіл ауылды табанынан тік тұрғызатын Ерболат ағамызды да жамандыққа жығып бергіміз жоқ. Осылай екіұдай күйде жүргенде Ерболат көкемнің есігі алдына шаттық күйі ойнала бастады. Артынша беташар өтті.
– Ақылды қыз екен. «Құдай салды, біз көндік» деп илікті-ау ақыры. Басына ақ орамалды өзім салдым, – деп ақ әже желпініп келді.
Сол  Роза апайымыздың, бүгінде  жеңешеміздің тоғыз ұл-қызы бар.
–  Ағаларыңды адам қылдым ғой, – дейді бізге назданып.
Онысы рас енді. Жеңешемізді жақсы көреміз. Бұдан «махаббат жоқ. Алып қашып та үйлене беруге болады» деп үгіт жүргізгелі отырғанымыз жоқ. Әрине, сүйіп қосылғанға не жетеді? Осы оқиғаны айттырып отырған белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов ағамыздың: «Елімізде 350 мың кәрі қыз бар. Бұл –  350 мың ақталмаған үміт. Нақтылап айтсақ, туылмай қалған бала» деген жанайқайы. Кім біледі, біздің Роза апайымыз да іс-тәжірибеден өтіп болып, дипломын алған соң аспирантураға оқимын деп талпынса, одан әрі кандидаттық, докторлық қорғаймын деп ұмтылса, директор ағайымыз айтпақшы, әбден-ақ қолынан келетін еді. Осы апай-ұстазымыз облыстық, республикалық талай конференция, педоқуларда топ жарды. Ерболат көкемнің қызғаныңқырап қалаға еріп барып жүргені болмаса, бәрі де жарасымды әрі мақтаныш еді. Егер «карьера» қуып кеткенде біздің тоғыз туыс дүние есігін ашар ма, ашпас па еді деп ойлаймыз бүгінде.

Шымкентпен құда болмаймын!

…Жуырда Астанаға жолым түсті. ҚазМУ-де бірге оқыған курстасыммен ойда-жоқта ұшырасып қалдым. Университеттің соңғы курсында оқитын бойжеткен қызы бар екен.
– Сыралғы дос едік, енді құда болайық, – дедім ойымда ешнәрсе жоқ аңқылдақ көңіліммен.
– Ойбай, Шымкент жаққа қыз беретін жайымыз жоқ, – деп ол шошып кетті.
– Е, неменеге шошисың? Әлде мені қомсынып тұрсың ба?
– Жоға! Сені білемін ғой. Бірақ Шымкент жақтың дәстүрі жаман дейді ғой. Басынан орамал, үстінен ұзын көйлегі түспейтін көрінеді. Бұған қоса ерте тұрғызып сиыр саудыртады, тезек тергізеді екен. Сосын сендерде әлі қыз алып қашу тиылмаған дей ме, немене? Сонда біз қай жақпен құда боламыз? Жоқ, өкпелеме, қызымды Шымкентке бере алмаймын, – деп курстасым күрсініп салды.
Мен бұл күрсінісін қызының Оңтүстік өңірінің жігітімен танысып қалды ма деген қауіп-қатерінен екенін анық аңғардым. Енді оған ата-баба салт дәстүрін ұстану керек екенін түсіндіру артық болатын. Әрине, қыз алып қашудан басқаны.
Солай мен астаналық курстасыммен құйрық-бауыр жескен құда бола алмадым.
Елбасы жуырд­а танымал баспасөз құралдары өкілдеріне берген сұхбатында жастар арасындағы ажырасудың көп екеніне алаңдаушылық білдірді. Иә, әрбір отбасы –  жас мемлекеті­міздің негізгі ұстыны. Үлкен үйдің әрбір уығы осылай шытынай берсе, шаңырақ ортасына түспей ме?
Ал ұлу жылының соңына қарай Қырғыз депутаты Айнұр А­лтыбаева мен заңгер Тұрсынбек Ақұн аттандап шыға келді. Олар Қырғызстан билігіне қыз алып қашқан жүгенсіздіктерді қойдай көгендеп, түрмеге тоғыту керектігі жөнінде төтесінен мәселе қойды. Бұл біздің Мәжілістегі депутат әйелдердің құлақтарына да майдай жаққан шығар, әлде, маңызды мәселе ретінде көтеретін проблема таппай сарсылып отыр ма, ұлардай шулап, қыз алып қашатын қазақ жігіттерін қылмыскер қатарына қосты да жіберді.

Салық бойдақ санын азайта ма?!

Тағы да демограф Мақаш Тәтімов ағаның сөзі ойға оралады. Ол: «1952-1953 жылдардағы Сталиннің кезіндегідей бойдақ салығын салу керек!» дейді. Бойдақ салығынан қорқып, қыздар ертерек тұрмыс құрып кетсе жақсы. Кетпесе ше? Онсыз да жалақысы жартымсыз қарындастарымызды жүнжітіп алмаймыз ба?
Кәрі қыздарды түгелдей теріс ағашқа мінгізіп жіберуден аулақпыз. Саны бар, сапасы жоқ еркектердің де көп екенін жасыруға болмас. Олар маскүнемдер, қаңғыбастар, аурулар, қызтекелер. Алдап кетер жылпостар да жетерлік. Әрине, ер-азаматқа тән қадір-қасиеті аз шалбарлылар туралы кейінірек нақтылай жатармыз.
Есіме тағы да Ақ әжем түсіп отыр. Бірде оның немересін көрші ауылдың жігіті ұрлап әкетті. Сапарбек көкемнің үйі кәдімгідей дүрлікті. Әңгімеге Ақ әжем килікті.
– Әй, тұқымың көбейгір, ол қандай жігіт болды екен менің алтын немеремді алып қашатын, – деп қатуланған болып сөз бастады да,  жиналған жәмиғатқа басу айтты.
– «Бірінші бақ –  бақ» деген, қарағым. Барып ел-жұртты шулатпаңдар. Егер барған жері жақсы болса, қызды қалдырып кетіңдер. «Қайтып келген қыз» деген жақсы ат емес, – деп қарындастың соңынан қуып барушыларға тоқтам айтты. «Қырам, жоям» деген Сапарбек көкемнің басы салбырады да қалды. Кейіннен Ақ әжем сол күйеубаласын жақсы көріп кетті.
Бойжеткендерге басу айтып, жөн-жоба көрсетіп отыратын, үлкендерді сабырлыққа шақыратын Ақ әжемдей қариялар азайып кеткен бе, әлде жас­тарымызды уыстан шығарып алдық па білмеймін, бүгінде отырып қалған да, оң босағада балалы болғандар да көбейді. Қыздың алтын тақ елі, тәрбие деген бар екенін ұмытты.
Ал әлдекімнің демеуімен депутат болған тәтейлер «гендерлік саясат» деп дүрлігіп жүр…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

 

http://www.jasqazaq.kz