Әрбір мемлекет үшін демографияның алатын орны ерекше. Қазақстан үшін бұл мәселе аса өзекті. Өйткені жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрсақ, халық саны бойынша 62-ші орынды місе тұтуға тура келіп тұр. Зерттеушілер мынадай ауқымды аумақты игеру үшін халық саны 200 млн болуы керектігін айтады. Ендеше, сол межеге қалай, қашан жетеміз? Қазақстан халқын 2050 жылы 30 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Бірақ бүгінгі қарқынмен сол белесті де бағындыруымыз қиын сияқты.
Тәуелсіздік алған 20 жылдағы демографиялық жағдайымыз қалай? Күні кеше 17 млн адамнан астық деп жаһанға жар салдық. Бұл соншалықты тақиямызды аспанға ататындай көрсеткіш пе? Алысқа бармай-ақ, көрші ала шапанды ағайындармен салыстырып көрейік. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқы 16 млн 466 мың адамды құраған екен. Ал қазір 17 млн адамға жетіппіз. Яғни 20 жылда 400-500 мың адамға ғана өсіппіз. Дәл осы уақыт аралығында Өзбекстанда халық саны бірнеше млн адамға көбейіп үлгеріпті. Айталық, 1989 жылы доппы киген өз-ағаларымыз 19,8 млн болса, биыл бұл елдегі жұртшылық саны 30 млн-нан асып жығылған. Сонда бас-аяғы 20 жылда ол елдегі тұрғындар 10 млн адамға артқан екен. Еліміздегі мұндай көрсеткішті мамандар ішкі және сыртқы миграциялық толқумен сабақтастырады.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мұрат НАСЫМОВ, саяси ғылымдарының кандидаты, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің оқытушысы:
– Бұл тұрғыда жаңалық ашудан аулақпын. Оның себебін бәріміз де білеміз. Бір кездері Қазақстанда жергілікті ұлттың үлес салмағы 42 пайызға дейін төмендеп кеткенін жақсы білеміз. Қалғанын қазақ жеріне түрлі себептермен қоныс аударған өзге этнос өкілдері құрағаны белгілі. Соңғы дерек көздеріне сүйеніп көрсек, жиырма жылдың ішінде өзге ұлттар саны азайып бара жатқанын аңғаруға болады. Мәселен, орыстарды алып қарайық. 1989 жылы біздегі орыстардың саны 6 млн 536 мың адамды құраған екен. Кейінгі есептеулерде олар 3,7 млн адамнан аспайтыны белгілі болды. Сонда жиырма жылдың ішінде орыстар 3 млн адамға жуық азайған. Демографияда осының өзі аз салмақ емес. Сондай-ақ өзге этнос өкілдері арасынан өзбек пен ұйғырдан басқасының барлығы азайып барады. Атап айтқанда, 90-шы жылдарға дейін елімізде 1 млн адамға жуық немістер тұратын болса, қазірде олардың саны 200 мыңға да жетпейді. Бір сөзбен айтқанда, өзге ұлттар өздерінің тарихи Отандарына оралуға шешім қабылдаған. Есесіне қазақтар саны 5 млн адамға көбейген. Яғни, 1989 жылы елімізде 6 млн 536 мың қазақ тұрса, соңғы есепте 11 миллионнан асқан екен. Яғни, демография мәселесінде жергілікті ұлт өкілдері үлкен рөл атқарып отыр. Маманның айтқаны көңіл жұбатқанымен, бізде бұл тұрғыда проблема баршылық. Ертеде әрбір қазақ отбасында ең кем дегенде бес-алты баладан болушы еді. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ондай шаңырақ өте аз кездеседі. Тіпті көп балалы болуды ескінің қалдығы деп қарайтын болдық.
Қайсыбір жылдарда демография мәселесі сәл-пәл кідіріп қалғанын бәріміз ұмытқан жоқпыз. «Бұл халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайының төмен болуынан қалыптасты» дедік. Одан кейінгі жылдарда елдің жағдайы жақсарды. Дегенмен демография дүмпуі орын ала қойған жоқ.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақ ұлты жиі шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары бала туу жөнінен көш басында келеді. Өкінішке қарай, өзге этнос өкілдері басым Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлері халықтың санының өсуі жөнінен «минусқа» кіріп кетіпті.
Кей мамандар демография өсіру үшін ана мен балаға жасалатын қамқорлық өз деңгейінде болуы тиіс. Қазақстан халқының көбеюі мен азаюын қалт жібермей қадағалап жүрген демограф Мақаш Тәтімов:
– Отбасыға, әйелге, балаға деген қамқорлық бізде жоқ емес, әрине, бар. Бірақ жеткілікті дәрежеде емес. Біздегі балаға берілетін жәрдемақыны салыстырмалы түрде айтсақ, Украинаға қарағанда 1,5 есе, Белоруссияға қарағанда 2 есе, ал Ресейге қарағанда 5 есе төмен екен. Құр әншейін «беріп жатырмыз, алып жатырмыз» деп айтамыз, шынын айтқанда, жас отбасыларға, аналарға жағдай жасау жағы кемшін болып отыр. Осы орайда мен қажетті ұсынысымды айтайын. Мысалы, Алтын алқаны жетінші балаға береді, Күміс алқаны алтыншы балаға береді. Ал төртінші, бесінші бала қайда қалады сонда? Негізгі елді өсіретін осы төртінші және бесінші бала емес пе? Қалада жоғалып кеткен төртінші бала мен ауылда сирек кездесетін бесінші баланы қазір қайта қалыптастыру керек. Алтын мен күміс бар болса, неге қола алқаны шығармасқа. Бес баланы босанған анаға қола алқаны тағайық. Әлбетте, көп балалы отбасыларға әлеуметтік тұрғыда көмек болуға тиіс. Бұдан бөлек, отбасында төрт-бес баланың әкесі болып отырған ерлерді де ынталандыру керек-ау, – деп ағынан жарылыпты.
Қазақстан халқының санын қарыштап өсіру үшін не істеу керек? Бұл тұрғыда Франция елінің тәжірибесін пайдаланған артық емес секілді. Онда өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап халық санын өсіруге аса мән берілген. 1946 жылдары балу тууды көтермелеу саясатына мән беріліп, бұл тұрғыда қаржылай көмек көрсетілген. Соның арқасында 1946-1974 жылдар аралығында француз жұрты 12,1 млн адамға артқан екен. Қазіргі таңда осындай саясатты демографиялық өсімі жоқ елдердің бірқатары қолға алып отыр.
Иә, Қазақстан үшін демография – өзекті тақырыптың бірі. Оны жолға қоюға бізде барлық мүмкіндік бар. Тек әзірге бұл мәселеге аса мән бермей отырған сияқтымыз.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы