Қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтің Орталық мемлекеттік мұрағаттан ұрланған төрт картинасы табылды! Алматылық Қаржы полициясы автордың тағы 14 туындысының түпнұсқасын іздестіріп жатыр. Бұған дейін Қастеевтің екі картинасы табылып, мұрағатқа қайта табысталған болатын. Туындылар осыдан бес жыл бұрын ұрланып қолдан-қолға өткен. Қаржы полицейлері қозғаған қылмыстық іс бойынша Орталық мемлекеттік мұрағатта сол кезде басшылық еткен тұлғалар жауапқа тартылуы мүмкін.
Табылған туындылар мыналар: 1942 жылы салынған «К.Қайырбекованың портреті», 1946 жылы салынған «Ескі қыстақ», 1948 жылы салынған «Социалистік Еңбек Ерінің үйінде» және қай жылы салынғаны белгісіз «Сарай». Акварельмен кескінделген дүниелер Алматыдағы антиквариат жинаумен және сатумен айналысатын бір адамнан әшкереленіп тәркіленді. Жүргізілген сараптаманың нәтижесінде бұлардың түпнұсқа екені белгілі болды. ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мамандарының айтуынша, картиналарды сатпақ болған адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Себебі антиквар картиналарды әлдекімнен сатып алған, ал ол тағы беймәлім біреуден сатып алған көрінеді. Қолдан-қолға өткізушілер тізбегі Қаржы полициясының алдағы тергеулері барысында анықталатын болады.
Жақсылық ЖАҚЫБАЕВ, Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Төрт картина маусым айында табылды. Антикварлық заттарды сатумен айналысатын адам олардың құнын 37 мыңнан 60 мың долларға дейін бағалаған. Бір-екі аптадан кейін орталық мұрағатқа қайтарылатын болады. Антиквар Қастеев туындыларының қолды болғаны туралы хабарды теледидардан естіген, бірақ өз қолындағы дүниелердің мемлекеттік мұрағаттан ұрланғанын білмеген. Қазір картиналардың қалай ұрланғанын, кімнің ұрлап сатқанын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр. Сонымен бірге тағы 14 картинаны іздеу жалғасады.
Өткен жылы қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, әйгілі кескіндемеші, Қазақ КСР-інің халық суретшісі Ә.Қастеевтің қызы – Гүлдәрия Қастеева қаржы полициясына шағымданып, Орталық мемлекеттік мұрағаттағы әкесінің 20 картинасының жоқ екенін айтқан болатын. Қастеева мұны даңқты кескіндемешінің мерейтойына орай фильм түсіруге әзірлік барысында кездейсоқ байқаған. Оның шағымы бойынша тексеріс жүргізген қаржы сақшылары мұрағатта шынымен де мәдени мұралардың ұшты-күйлі жоқ болғанына көз жеткізді. Алдын ала тергеу барысында көркем суреттердің ұрлануына мұрағаттың бұрынғы лауазымды тұлғаларының қызметіндегі заңсыздықтар себеп болғаны ескеріліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы, яғни «немқұрайдылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде былтырғы қазан айында әйгілі қылқалам шеберінің екі жұмысы табылды. Бір адам 1931 жылы жазылған «Сүлейманов жолдас өзінің әйгілі арғымағымен операция үстінде» және 1943 жылы кескіндеген «Ұлы Отан соғысының мүгедегі колхозшылармен әңгімелесуде» деп аталатын екі туындының әрқайсысын 15 мың доллардан сатпақ болған жерінде ұсталды. Сараптаманың нәтижесінде олардың көшірме емес екені дәлелденіп, Алматы қаржы полициясы департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаев мәдени құндылығын ескеріп әрі тиісті деңгейде сақтау мақсатымен табылған туындыларды Гүлдәрия Әбілханқызының көзінше Орталық мемлекеттік мұрағат басшыларына табыс етті. Сөйтіп, бүгінде алты туынды табылып, қайтарылып отыр. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мамандарының айтуынша, картиналар мұрағаттан 2008 жылы жоғалған. Төлтума дүниелер өңдеу және қалпына келтіру жұмыстарының желеуімен алынып, бұдан кейін мұрағатқа қайтпапты. Кейбір туындылардың орны ойсырап қалғанын білдірмеу үшін белгісіз ұры оларды көшірмелермен және басқа да картиналармен алмастырып қойған. Қаржы полицейлері бұл жайтты да сараптама кезінде анық аңғарды. Әзірше Қастееваның шағымы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істе нақты фигуралар жоқ, бірақ тергеу картиналар ұрланған жылы Орталық мемлекеттік мұрағатта басшылық еткен тұлғаларға қатысты болатыны айқын. Талантты суретшінің төл туындылары осылай талан-таражға түсіп, антиквардың қара базарының көрігін қыздырып жатқанға ұқсайды. Саудагерлер картиналар құнын мыңдаған долларға үстемелетіп, табысқа кенеліп отыр. Әйгілі суретшінің атын жамылған жалған дүниелердің қаптап кеткені де осы себепті болар. Былтыр «Қастеевтің қолы бар» делінген 46 туындының авторға қатысы жоқ екенін суретшінің қызы мәлімдеген еді. «Саналы ғұмырында әкеміз 4000-дай сурет салыпты, сызбаларды, этюдтерді қосқанда, одан да көп. Содан өзіміздің отбасылық мұрағатта қалғаны – 300-400 жобасында. Ол кісінің көзі тірісінде жекелеген адамдарға өз еңбектерін сыйлағаны да рас… Бірақ біз ол кісінің қаламмен қалай сызып, бояуын қалай жағатынын, қолын қай картинаға қалай қоятынына дейін өзіміздің бес саусағымыздай білеміз», – деген болатын Г.Қастеева. Айта кетейік, алдағы жылы ұлы суретшінің туғанына 110 жыл толады. Бұл мерейтойға дейін кезінде мемлекетке сеніп тапсырылған құнды жәдігерлердің табылғаны абырой болар еді.
Р.S.
Осылайша Қаржы полициясы қазақ өнеріндегі үлкен бір ақтаңдақтың орнын толтырып жатыр. Бізге белгілісі – Орталық мемлекеттік мұрағаттан Қастеев еңбектерінің ғана ұрланғаны. Өйткені жоқтаушысы бар. Ал іздеушісі жоқ басқа мұралардың бұдан соң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей жатқанына кім кепіл?!
Автор: Болатбек МҰХТАРОВ
Алаш айнасы