Қазіргі таңда әлем жұртшылығын шөлейттену процесі алаңдатып отыр. Және бұл мәселе жылдан-жылға өзектілігін арттырып келеді. Айтақырға айналған жерді көргенде кезінде аталмыш алқаптардың келбеті жайнаған көркем өлке болғанына сенгіңіз келмейді. Әрине, мұндай келеңсіз көрініс табиғи құбылыс салдарынан орын алады дегенмен, адамзат баласының сондай жат әдеттері осындай жағдайға алып келді. Қазақ еліндегі шөлейттену дегенде ең алдымен Арал теңізінің тағдыры ойға оралары анық. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін теңіз табаны тартылып, соның салдарынан 2,5 млн гектар жер жасыл желек өспейтін айтақыр болды. Ілгеріде толқыны жағаға соғып, айдыны көз ұшында тұратын көркем өлкенің қас қаққандай қысқа уақытта сұрқай көрініс басына түсті. Әрине, оның залалы жайлы талай мәрте айтылды да, баспасөз беттерінде қаншама мәрте жарық көрді. Ендігі әңгіменің ауаны «біз шөлейттену процесіне қаншалықты қарсы тұра аламыз» деген сауалға жауап іздеу болып тұрғаны белгілі. Оған қарсы тұрмасақ, алдағы уақытта оның жалғаса беретіні баршаға аян.
Бүгінгі таңда теңіздің құрғаған табаны тұзды шөлге айналып, өзге жақтан келген сырткөз бен жергілікті жұрттың да жан жарасы болғанын көріп отырмыз. Бұл мәселе тек біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын да алаңдата бастады. Солардың қатарында неміс ғалымдары ұсынған «Орманды сақтау және қорын молайту» жобасы да бар. Германия қаржысы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба негізінде құлазыған қу далаға айналған аталмыш алқаптың біршама бөлігіне сексеуіл мен сарсазан секілді ағаштар егіліп жатыр. Соның арқасында қылтанағы көзге түспейтін құла дүзге жан бітіп, бұл жерлердің табиғи жағдайы біршама жақсарып қалды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан арасындағы ортақ жоба ретінде қолға алынған игі іс қай уақытқа дейін созылады? Бұл әзірге белгісіз.
Бүгінгі күнге дейін бұл алқаптар бойынша 14,5 мың гектарға сексеуіл тұқымы себілді. Сондай-ақ сексеуіл көшеті 12 мың гектардан астам алқапқа отырғызылды. Қазір сол жерлерге бара қалсаңыз, жасыл желегі жайқалып тұрған аймақ көзіңізге түседі. Шындығын айтқанда, бұл тірлікті жоқтан бар жасау десек те артық емес. Өйткені миллион гектардан астам жердің барлығына осындай тірлік жасап шығу мүмкін бе? Оған қаншама қаржының көзін табуға тиіспіз?
Сонымен қатар мұндай ауқымды жұмысты атқарып шығуға уақыт жете ме? Ғалымдардың айтуынша, әбден сортаңға айналған алқаптан ұшқан тұзды шаң ауаға тарап, климаттың жайсыз күйге түсуі мен жайылымдық жерлердің азып-тозуына алып келеді. Мұндай табиғи құбылысқа жол бермеудің басты амалы ретінде ғалымдар оған сексеуіл мен сарсазан егуді қолға алып отыр. Дегенмен оның өзіне қаржының тапшылығы қолды байлап, істі ілгері бастыруға өз кедергісін келтіріп отыр.
Байкенже АХМЕТОВ, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Егіліп жатқан көлем өте аз. Ғалымдар зерттеуіне қарасақ, қазіргі еккеніміз 100 мың гектарды құрағанның өзінде, бұл жерлердегі құмды, шаңды, тозаңды және ұшқан тұзды тоқтату үшін сексеуілді 100 жыл егіп шығуымыз керек.
Айта кетерлігі, сексеуіл егілген алқаптардың табиғатына қайта жан бітті. Сексеуілді жерлерге аң мен құс келді. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі теңіз табанын түлеткен сексеуілді кесуге біршама жылға дейін тоқтау салып отыр. Жалпы, аталмыш жоба 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде орманшылардың техникалық құрал-жабдықтары біршама жаңарып қалды. Олар бұрынғыдан әлдеқайда жетілдірілген соқалар мен ауыр көліктер алды. Соның нәтижесінде жолы ойқы-шойқы аймақтарға ешбір қиындықсыз жетіп, сексеуіл алқабын тезірек жайқалтуға мүмкіндік туды. Алайда аталмыш жобаның алдағы уақытта жалғасын табуы әзірге басы ашық мәселе.
Шөлейттену тек Арал өңірінің түйткілді тақырыбына айналып отырған жоқ. Бұл қиындық кең-байтақ даламыздың барлық қиырында да кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, еліміздің шамамен 75 пайызға жуығы экологиялық тұрақсыздығы жоғары аймақтардың қатарына жатқызылады. Оған қандай антропогендік жағдайлар әсер етті? Бізде орманды жоспарсыз кесу оқиғалары жиі кездеседі. Сонымен қатар мал азығы мен отынға бұталар мен жартылай бұталарды шабудың, орман мен дала өрттерінің, жүйесіз рекреацияның, топырақ жерасты суларының улы заттармен ластануы және өзге де жағдайлардың орын алуынан туындайды.
Қолдағы деректерге сүйенсек, кейінгі 40 жылдың ішінде қылқан жапырақты ормандардың өнімділігі 7 пайызға төмендеп кетіпті. Одан бөлек майқарағай ағаштарының ауданы 13 пайызға азайған. Бұрынғы жылдарда орманды алқаптары сыңсып тұратын Кенді және Оңтүстік Алтай орманды алқаптарында ағаштардың жұтаң тартып бара жатқаны көрініс беріп отыр. Өкініштісі, кезінде Алматының атын айдай әлемге шығарған алмалы алқаптар ауданы 24 пайызға қысқарғаны да көпшіліктің көңілін күпті етіп отырған жайы бар.
Ғалымдар еліміздегі 26,6 млн гектар алқап күшті және өте күшті шөлейттенгенін айтады. Республиканың 34,8 млн гектарын жайылымдар құрайтын болса, оның 5,6 млн гектары өте қатты жұтап кеткен. Және бұл жағдай жыл өткен сайын күрделене түсуде. Жалпы алғанда, Қазақстанның 5 млн гектар аумағында шабындық жерлер бар. Шөлейттену салдарынан олардың да аумағы азайып бара жатқаны жасырын емес. Соның кесірінен ол жерлерді улы өсімдіктер басып, бұталардың көбеюіне алып келуде. Сондай-ақ шалғынды өсімдіктердің ресурстық қана емес, суды реттейтін рөлі толық немесе жартылай жойылуы көрініс беруде.
Оразхан АЙДАРОВ, география ғылымының кандидаты:
– Бүгінгі күні әлемде топырақтың құнарлы қабатының жоғалу қаупі басым болып тұр. Соңғы жарты ғасырдан бері төрткіл дүниеде 800 млн гектардан астам алқап құлазыған қу дала кейпіне еніп кетті. Мұндай көрініс, негізінен, Африка құрлығына тән. Бұл құрлықтағы Сахара шөлі оңтүстікке қарай 650-700 шақырымға жылжығанын ғалымдар айтып жүр. Ғалымдардың болжауынша, Африканың оңтүстік бөлігіндегі 60 млн адам басқа аудандарға көшуі әбден мүмкін. Сондықтан шөлейттену процесіне бейжай қарағанымыз дұрыс болмайды.
Кезінде қазақ жерінің көп бөлігі жасыл желегі жайқалған көркем өңірлер болғаны белгілі. Тіпті Сыр бойының өзі сырттан келген тамсана қарайтын тамаша аймақтың бірі болғанын тарихтан білеміз. Алайда табиғаттың бермесін тартып аламыз деген пейілмен қаншама зиян келтірдік. Шөлейттену жағдайы соның бір көрінісі екенін жасыра алмайтынымыз айдан-анық.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
http://alashainasy.kz/main/44771/