Бүгінгі нарық заманында ақша ең басты құндылыққа айналды. Дәл қазір «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дейтұғын заман. Жасыратыны жоқ, үйде отырып, бала бағудың орнына түзде жүріп жұмыс істеп, ақша табуды артық санайтын ата-аналар көбейді.
Әсіресе, жаз мезгілінде далада сенделіп, ата-анасының жұмыстан келуін күтіп жүретін бүлдіршіндерді де жиі кездестіресіз. Қызығы сол, кей ата-аналар үшін үйде отырып бала бағудан гөрі, түзде жүріп ақша тапқан әлдеқайда маңызды екен.
«HeadHunter Қазақстан» зерттеу компаниясы ел тұрғындарына «Үйде отырып бала баққан оңай ма, әлде ақша тапқанды жөн санайсыз ба?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізген екен. Зерттеуге қатысқан 2339 адамның 30 пайызы бала бағудан гөрі, ақша табуды артық көреді екен. Шілде айында жүргізілген зерттеуге еліміздің түкпір-түкпірінен 2339 азамат қатысқан. Сұралғандардың 35 пайызы үйдегі балаға әкесі немесе анасы қарайтынын айтыпты. Зерттеуге қатысқан ер азаматтар, яки 61 пайызы үйде отырып бала бағуға қарсы екен. Сауалға жауап бергендердің 28 пайызы баланы әжесімен немесе атасымен қалдырып, жұмыс істеуді жөн санайды.
Сұралғандардың 13 пайызы баланы күнұзаққа арнайы мекемелерге тастап кететін болса, 7 пайызы күтуші жалдауға шамасы келетінін айтқан. Ал 3 пайызы баласын достарының үйіне қалдырып кетеді екен.
Жасыратыны жоқ. Бүгінгі таңда баланы балабақшаға орналастыру да қиындық тудырады. Балабақшаның құны да аспандап тұрғаны белгілі. Әйткенмен зерттеуге қатысқан ата-аналардың 15 пайызы баласын балабақшаға береді. Әйткенмен барлық іске үлгеріп, жан-жақтылық танытып жүрген әмбебап ата-аналар да бар. Мәселен, зерттеуге қатысқан азаматтардың 28 пайызы өз кәсібін жақсы атқарып қана қоймай, бала тәрбиесіне де ден қоятынын айтыпты. Бірақ сұраққа жауап бергендердің 19 пайызы үшін жұмыс істеу де, бала бағу да қиын жұмыс.
Көңілге медеу боларлығы, балаға ерекше көңіл бөліп, оны тәрбиелеуді барлық істен де артық көретін ата-аналар да табылды. Мәселен, сұралғандардың 13 пайызы жұмыс істесе де, бала тәрбиесіне арнайы уақыт бөлетінін айтып, «ұрпақ тәрбиесі ең маңызды іс» деп жауап берген.
Әлбетте, баланы ел мақтанар азамат етіп тәрбиелеу әрбір ата-ана үшін ең маңызды шаруа. Әйткенмен ер-азаматтар баланың тәрбиесіне әйелдің мойнына артып қоятыны да жасырын емес. Ал әйелдер қауымы жұмыс істеп жүрсе де, «баланы бағу да, жұмыс істеу де қиын емес» деп жауап қатқан.
«Бала – бауыр етің». Дүниеге сәби келсе, оны нағыз азамат етіп тәрбиелеу барлық ата-ана үшін маңызды болуы керек. Бастысы, ақшаның ізінен жүгіріп, өміріміздегі ең басты құндылық баланы естен шығармаған дұрыс.
Әйгерім ДОСЫМ