АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Малта сорудан жеріген қазақ сақау болып барады

ана мен балаБұрын үйде ата-ана, мектепте ұстаз балаға «дұрыс сөйле» деп бағыт беретін. Қазір дыбысты бұзып айтатын немесе тұтығатын шәкіртке таңғалмайтын болдық. «Р» дыбысын «ыл» немесе «ғы» деп, «қ» мен «г» әрпін «т» қылып, «р»-ды «м»-ға ауыстырып, «с», «ш», «ж», «з» дыбыстарын «ч» қылып айтатындар жиі кездеседі. Дыбысталу жағынан бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әріптерден «ботқа» қайнатып жатырмыз.

Балабақшаға бара қалсаңыз, дыбысты дұрыс айтатын бүлдіршіндер сиреп кеткен. Сонда былдырлап шыққан баланың тілі сол былдырлаған күйі қала бере ме?! Және бір өкініштісі: «баламыздың тілі дұрыс шықпай жатыр» деп уайым шегіп, үйіне логопед шақырып жүргендер де ілуде біреу. Олардың өзі – қалталы азаматтар. Шын­туайтында, қарапайым көпшілік тілі мүкіс перзентіне мұндай көмек ала алмайтын көрінеді. Себебі логопедті жалдап, баланы дербес оқыту құны қымбат. Сондықтан амалсыз балабақ­шадағы, мектептегі мамандарға жүгінеді. Ол мамандардың жүктемесі ауыр, тілі мүкіс әр баламен жеке-дара сабақ өткізе алмайды. Тағы бір қынжылтарлық жағдай, жасыратыны жоқ, «түк етпейді, ертең өсе келе кетеді» деп есептейтін де ата-аналар бар. Мұндай салғырттықтың салдарынан ата-ана емес, ержете келе бала зардап шегеді. Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері департаментінің қызметкері, меди­циналық қызмет капитаны Жасқайрат Нұрышевтың айтуынша, соңғы кездері әскер қатарына шақырыл­ғандардың арасында тұтықпа, тілі мүкіс жігіттер көбейген. Қазіргі қолда бар сандарды сөйлетсек, мұндай жастар 2012 жылы 37 пайыз болса, биыл 46 пайызға жеткен, яғни Жайық өңірінен әскерге алынғандардың тең жартысы (!) сақау болғаны ғой. Негізі, тұтығатын ер-азаматтар заң бойынша әскер қатарына мүлде алынбайды екен. Ал тіл мүкістігі барлар денсаулығы мығым болса, әскерге қабылдана береді. Әрине, олар жаңа ортаға үйренісе алмай қатты қиналады, айналасындағылардың мазағына ұшырайды. Бұл –үлкен психологиялық соққы.


Мамандар тіл кемістігі пайда болуының бірнеше себебін айтып отыр. Соның бірін­шісі – емізіктен. Емізікті көп емген баланың таңдайы тереңдеп, икемсізденіп, артику­ляциялық қозғалысы нашарлайтын көрі­неді. Таңдайдан болған ақаудың әсерінен әріптер дұрыс дыбысталмайды. Баяғыда бабаларымыз емізік дегенді білді дейсіз бе?! Бұрын мұндай проблеманың сирек болуы сондықтан шығар. Екінші себебі – ата-ананың баласына дұрыс көңіл бөл­меуінен, әңгімелеспеуінен. Мәселен, бала бір жаста 5-10 сөз айта алуы тиіс. Екі жаста 200-300 сөз білетіндей қабілетке жетеді. Үш жаста күрделі сөйлемдерді айтып, дауысты дыбыстарды толық меңгереді. Осы жастан бастап баланың жалпы, сөй­леу тілі дамиды және оған тікелей себепкер ата-анасы болады.

Жансұлу ҚАРАБАЛИНА, Облыстық №15 көмекші мектеп-интернатының мұғалім-логопеді:

– Қазір көп ата-ана баласымен бір жасынан бастап сөйлесе бермейді. Сөй­лессе де баланы шектен тыс ерке­летіп, кәдімгі түсінікті тілмен емес, ба­ла­ның (баламен бала болып) былдыр­лаған тілімен сөйлеседі. Кішкентай уіл­деп сөйлесе, шешесі де оған қосылып уіл­дейді. Бұл дұрыс емес. Керісінше, бұл жағдайда ана баласын түсінбесе де онымен дұрыс сөйлесіп, сөз үйретуі керек. Бұл қызметті отбасы институ­тын­да, негізінен, әжелер атқарған. Бір топ немересін айналасына жинап, буы­ны қатпағанын алдына алып, ертегі айтатын. Ал енді бесіктен белі шықпа­ға­нына келетін болсақ, онымен анасы ай­налысатын. Сәбидің санасын қалып­тас­тырып, тілін қазақ­ша шығаруда бе­сік жыры – на­ғыз тамаша әдіс. Бұл – ба­ла­ға әлди айту, баламен әң­гі­мелесу деген сөз. Бұл бала ті­лін қазақша шы­ғаруға сеп болады дейтін себебіміз, «Әл­ди-әлди, ақ бөпем, Ақ бе­сікке жат, бө­пем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін. Көк құтанның құй­ры­ғын, Жіпке тағып берейін» деген бесік жы­рында, байқа­саңыз, дауысты-да­уыс­сызы, жуан-жіңішкесі, қатаң-ұяңы бар дыбыстар түгелге жуық кез­деседі. 

Тіл мүкістігінің үшінші себебі – баланың топырақта ойнамауы. Турасын айтқанда, қазіргі ата-ана баласын топырақта ойнау­дан шектеп қояды. Ал ғалымдар «тілдің дамуына бала қолының ұсақ моторика­лары, яғни қол бұл­шықеттері мен саусақ­та­рын­дағы нүктелер әсер етеді» деп дә­лел­деп берді. Қазақта мұның рөлін үйде отырып ойнайтын «Хан­талапай», «Бес асық», түзде ойнайтын «Шеңбер», «Тигіз­бе­кіл», «Үштабан» секілді асық ойын­дары жақсы атқарған. Бұлар­дың барлығы осы ұсақ мотори­ка­ны дамытуға жақсы әсер ете­ді. Тіпті баланың қолына сүйек ұстатып, мүжітіп қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізбек. Біріншіден, алақанның бұлшық­ет­тері шираса, екіншіден, сүйек мүжу ар­қылы бала артикуляциялық жат­тығулар жасайды.

Артикуляциялық жаттығудың тағы бір тамаша қазақы тәсілі – ұртына құрт салып, сорып жүру. Қазір малта сорып жүрген қа­ланың қай баласын көрдіңіз? Өте сирек! Ал ауылдың баласында ондай проб­лема жоқ. Тіпті тілінің мүкіс­тігінен құтылу үшін грек фи­лософы Демос­фен де екі ұртына тас салып жүрген.

Тіл мүкістігіне әкеліп соғатын түйткілдің бірі – баламен отбасын­да орысша сөйлесу. Үйде орысша сөз­дерге үйреніп қалған баланы бала­бақ­шада тәрбиешілер қазақ­ша сөй­леуге мәжбүрлеп жатады. Соның нәтижесінде, бала еркін сөйлеу қа­бі­летінен айырылады, содан тілі мү­кістене бастайды. Яғ­ни дыбыс­талуы ұқсас әріптерді ажырата алмай қалады. Мұндайда балаға жаңылт­паштар айтқызудың пайдасы зор.

Тіл кемістігі ауыр болса, мәсе­лен, бала тілінің кеш шығуы, сөздік қор­дың аздығы, көптеген дыбыс­тар­ды айта алмаудан сөз­дің түсі­нік­сіз естілуі, сөйлемдерді дұрыс құ­рай алмауы, тұтығу белгілері бол­ған жағ­дайда, ондай баланы логопедке көр­сет­кен дұрыс. Дұрыс сөйлей алмайтын балақай бала­бақ­шада, одан кейін мек­тепке бар­­ғанда қиын­дықтарға тап бола­ды. «Сондықтан тілде кездесетін кемшіліктерді бай­қаған ата-ана­лар логопедпен кеңесе отырып, ұсынылған әртүрлі тәсіл­дерді, жат­тығуларды үнемі қайталай оты­рып, тіл мүкістігін жою шарала­рын дер кезінде қолға алуы керек» дей­ді мамандар.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

http://alashainasy.kz/s