Тарих пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерді шатастырмайтын оқулық жазылады. Яғни алдағы уақытта «Әлем тарихы», «Орта Азиялық мемлекеттер тарихы» және тарихтың салалары бойынша жаңа оқулықтар жазыла бастамақ.
Қазіргі күні аталған оқулықтар авторларының тізімі жинақталуда екен. Бұл жөнінде Ұлттық тарихты реформалау барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мәлімдеді.
Ол қазіргі таңда тарихшылар үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдайдың жасалып отырғанын айтады. «Басқа кезеңдермен салыстырғанда, ғалымдарға мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Біз – тарихшы ғалымдар оны жақсы түсініп отырмыз. Ендігі жерде ғалымдарға ешкім де идеологиялық шектеулер қоймайды. Керісінше, оларға түбегейлі толық зерттеулер жүргізуге жағдай жасалады» деді.
Институт жетекшісі айтқан деректерге жүгінсек, еліміздегі 59 жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедралары жұмыс істеп келеді. 4 мемлекеттік, 9 акционерлік, 9 жеке жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары жаңадан ашылып, жұмысқа кіріскен. «Тарих» мамандығы бойынша жоғары білім беретін кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көбейіпті. Тарих саласындағы PhD докторларын даярлауға да артық грант беріліпті. Жас тарихшылар да жамағаттан қалмай, өздерінің қауымдастығын құрып үлгеріпті.
«29 шілде күні «Республикалық жас тарихшылар қауымдастығы» тіркеуден өтті. Қазіргі кезде қай ғылым саласында да жастар азайып кетті. Бірақ соңғы кезде жастар арасында тарихқа деген қызығушылық арта бастады. Қауымдастықтың міндеті жас ғалымдарға жол беру, мұқтаждарын мемлекет алдында айта отыру. Олардың күш-қуатын пайдаланып, жаңа буын тарихшыларды тәрбиелеу. Біз жастарға көп үміт артамыз. Жастар арасында жақсы ғалымдар көп», дейді институт директоры. Расында да, жас ғалымдар қолға алатын жұмыс аз емес екен. Мәселен, Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, зерттеу әдістемесі мен методологиясын жаңғырту міндеттері жүктелген оқу-әдістемелік орталықтар ашылған. Айталық, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде азиялық номадтық өркениетті зерттеу орталығының жұмысы жолға қойылды. 38 адамнан тұратын орталықты тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков басқарады. Ал тарих ғылымдарының докторы Ж.Таймағамбетовке «Геоархеология» халықаралық ғылыми зертханасына жетекшілік ету жүктелді. Бұл зертханада 88 адам еңбек етеді. Олардың арасында АҚШ, Жапония, Германия мен Ресейдің жетекші ғалымдары бар. Сонымен қатар популяциялық генетика бойынша зертхана құру жобасы да жасалған. Алдағы уақытта «Ұлт тарихының өзекті мәселелері» атты ғылыми журнал жарық көрмек. Ұлт тарихын қайта зерделеу туралы мәселе көтерілгелі бері тарихшыларымыз шетел мұрағаттарын бетке алған-ды. Ғалымдардың жинаған маңызды құжаттары жыл соңына қарай БАҚ пен қоғам назарына ұсынылады.
Қазақ тарихы мен Қазақстан тарихының қай кезеңі де әлі де зерттеуді қажет ететін, елді елең еткізетін маңызды деректерге толы. Мәселен, Кеңес Одағының батыры атанған Әлия мен Мәншүктің өмірлеріне қатысты біз білмейтін деректер айтыла бастады.
«Мәншүк соғысқа өз еркімен сұранып аттанды. Неге? Себебі оның әкесі халық жауы ретінде ұсталып, атылып кеткен. Мәншүк әкесінің ұсталғанын білген. Оның соғысқа тіленіп кетуі «әкемді орыс жерінен аман алып шығамын ба?» деген арманымен байланысты болуы мүмкін. Біз Мәншүктің ерлігін айтамыз да, шыққан тегін айтпаймыз. Себебі ол жағы әлі ашылмаған» деген Б.Аяған репрессияға ұшырағандардың балаларының ҰОС кезінде соғысқа өз еріктерімен сұранып бару үрдісі болғанын айтты.
Ол сонымен бірге Әлияның Молдағұлова атануы әкесінің ауқатты қазақ болуына байланысты деген ақтөбелік тарихшылардың пайымдауын қолдайтынын білдірді. «Әлия қалайша Ленинградқа барды? Әлияның әкесі ауқатты болған. Бай-кулак ретінде ұсталып кеткен. Ал анасын атып тастаған. Әлия нағашы ағасының қолында өсіп, сол кісінің фамилиясын алған. Фамилиясын бай тұқымы деп қудаланбасын деген сақтықтан ауыстыруы мүмкін» дейді Бүркітбай Аяған. Бұл біз білетін қос батыр қызымызға қатысты ғана деректер. Ал тарих қойнауының тереңінде қозғаусыз жатқан қаншама дүние жатыр. Енді соны зерттеу, зерделеу, тәуелсіз елдің көзқарасымен пайымдау – тарихшылардың міндеті.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
http://www.aikyn.kz/news/view/27251