Әрбір өркениетті мемлекет, әрбір халық өзінің өткенін бағамдап, ата тарихын жасайтыны хақ. Төл тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын ескеру – мемлекетіміздің дамуының негізгі факторларының бірі. Адам қоғамындағы ілгері дамудың бәрі де өткен өмірдің тәжірибесінің нәтижесі. Сондықтан тарихқа зер салып, ата-бабаның өмір-тіршілігін ұмытпау – келешек ұрпақтың адамгершілік міндеті ғана емес, сонымен бірге ілгері дамудың кепілі де. Осы орайда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», – деп нақты айтты.
Елбасының тікелей қадағалауымен «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламаның әзірленуі қолға алынып, мемлекет басшысы ұлт тарихын жаңа сапалы деңгейге көтеруді тапсырды. «Халық тарих толқынында» атты бағдарламаның нақты мақсат-міндеттері анықталып, оны жүзеге асырудың жолдары да қарастырылуда. Бұл жұмыстың қолға алынуына байланысты Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында баяндама жасап, онда «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деген сөзі өте орынды айтылған еді. «Ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөліп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды», – деді Марат Тәжин осы отырыста. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты: Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау; қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту; ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру болды. Арада бір ай өтпей жұмыс қарқынды түрде қолға алынды. Осы бағдарламаның көптеген міндеттерінің бірі көшпелілердің (номадтардың) өркениетін зерттеу мен зерделеу мәселесі болды. Қазақтар ұлы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері екені анық. Олар Орталық Азия көшпелілерімен аралас-құралас өмір сүріп, дәстүрлі ерекшеліктерін сақтап, әлемдік өркениетке өзіндік үлесін қоса білген. Алайда сан ғасырлық тарих толқынында, еуроцентристік көзқарастар мен кеңестік идеологияның шырмауынан шыға алмай, көшпелілер өркениеті өз деңгейінде зерттелінбей, біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлі мәдениеті мен болмысы, ұлттық ерекшеліктері тиісінше бағаланбады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Көшпелі қазақтың өз шыққан тегін және рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-этикалық қағидаға айналған. Мұның бәрі – біздің тарихымыздың ежелден бергі қасиеттері. Сондықтан да жеті аталық ұстаным қазақ халқының этно-биологиялық, этно-мәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз етіп отырған. Жеті атасын білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын тарата отырып, одан әрі иісі қазақтың біте қайнасқан туыстастығына көзі жеткен. Соған дәлел болған соң ұлт тұтастығының қамқоры болып отырған», – деп атап көрсетті [Н.Ә. Назарбаев. Тарих толқынында. – Алматы, 1999. – 35 б.]. Сондықтан да қазақты ұзақ тарихи дамуымызда ұлт етіп құраған осы көшпелі рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан-жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін иманды қазақ азаматын қалыптастыра алады. Яғни ұлтымыздың мәдениеті мен тарихы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.
Сондықтан да ҚР Мемлекеттік хатшысы тарихшылар қауымының назарын орталықазиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығына ерекше назар аударды, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отырғандығын айтты. Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды, тың тұрпаттағы тарих оқулықтарын жазуды тапсырды.
Бұл тапсырмалар нақты жүзеге асырылып, Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобының қаулысына сай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің жанынан Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу орталығын құру жұмыстары қолға алынды. Білім және ғылым министрлігінің тікелей қадағалауымен «Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу» орталығы 1 қыркүйектен бастап жұмысқа кіріседі. Бұл туралы тарих, археология және этнология факультетінің деканы, профессор Ж.Қ. Таймағамбетов факультетте өткен кезектен тыс мәжілісте хабарлады. Сонымен қатар ҚазҰУ жанынан зертхана ашылатынын тілге тиек етті. Бұл Елбасының тапсырмасы негізінде Білім және ғылым министрлігінің тарапынан жабдықталатын артифактардың археологиялық белгілері бойынша мерзімін анықтайтын заманауи техникамен қамтамасыз етілетін зертхана тарих және археология саласының деңгейін жоғарылатады. Сонымен қатар профессор Ж.Қ.Таймағамбетов ұлттық тарихымыз жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне Елбасының қосқан үлесі қомақты екендігін, осыған сай болашақта тарих, археология және этнология факультетінде көптеген жұмыс орындары бөлініп, жастардың жаңа инновациялық технологиялармен жұмыс істеуіне жағдай жасалынатынын атап өтті.
Тарих, археология және этнология факультетінде өткен мәжілісте Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу орталығының директоры ретінде мемлекет тарапынан ұсынылған көпшілікке танымал ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Т.О. Омарбеков сөз сөйледі: «ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламасы дер кезінде қолға алынып, болашақта тарих ғылымының жаңа деңгейге көтеріліп, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын айқындауға, одан сабақ алып, алға қарай дамуға мол мүмкіндіктер берері сөзсіз. Елбасының тапсырмасына орай Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитетінің тікелей басшылығымен ғалымдар және жас зерттеушілермен бірлесе отырып біз орталықтың негізгі атқаратын жұмыстарын айқындап, соған сай қысқа мерзімде тақырыпқа сәйкес 18 ғылыми жобаны дайындап, оны жүзеге асыру жолдарын белгіледік. Біз бұл орталықта жұмыс істеу үшін тәжірибелі мамандармен қатар жастарды да көптеп жұмылдырып отырмыз», – деп атап өтті. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін ҚазҰУ білікті профессорлары мен оқытушылары ғана емес, Л.Н.Гумилев атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Тарих, Шығыстану институттары мен шетелден, атап айтсақ, АҚШ, Түркия, Жапон, Қытай елдерінен және т.б. университеттерден мамандар тартылды.
Бұл зерттеу бағытының жаңалығы көшпелі өркениет тарихы әлемдік озық ғылыми ойлардың жетістіктері мен инновациялық методологияның негізінде жаңаша зерделенеді. Сонымен қатар жаңа тарихи жазба деректер, археологиялық деректер мен арнайы зерттеулер ғылыми айналымға қосылады, көшпелілер тарихының тарихнамасы терең талданады. Осыған байланысты Қазақ ұлттық университеттің тарихшы мамандары Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу орталығының мақсат-міндеттерін айқындап, қағидалары мен жұмыс істеу ережелері туралы бағдарламасын жасап, Білім және ғылым министрлігінің бекітуіне жіберді.
Орталықтың бағдарламасында көрсетілгендей, оның негізгі мақсаты әлемдік тарихтың шеңберінде Қазақстан мен Орталық Азия территориясындағы көшпеліліктің дамуын заманауи методологиялық парадигмалар мен жаңа теориялық ұстанымдар негізінде терең және жан-жақты зерттеу болып табылады. Осыған сай бірнеше міндеттер де айқындалды:
– жинақталған материалдар мен зерттеулерге сүйене отырып, өркениет феноменіне ғаламдық талдау жасауға концептуалдық негіз дайындау;
– Орталық Азияда көшпеліліктің (номадизм) пайда болуының өзіне ғана тән ерекшеліктерін анықтау;
– номадтардың әлеуметтік ұйымы мен құрылысын зерделеу;
– Орталық Азия көшпелілерінің этникалық территориясының қалыптасу мен дәстүрлі шаруашылығының дамуы үрдісін зерттеу;
– көшпелілердегі мемлекеттіліктің, басқарудағы ұлыстық жүйе мен саяси-потестарлық жүйелердің пайда болуына талдау жасау;
– дала номадтарының шекаралас отырықшы халықтармен қарым-қатынастарының саяси және мәдени аспектілерін анықтау;
– номадтардың әскери өнерін зерделеу мен оның маңызын айқындау;
– көшпелілердің рухани өміріндегі тарихи білімнің рөлі мен маңызын анықтау;
– ислам мен көшпелілердің дәстүрлі өркениетінің тұтастығы мен сабақтастығын анықтау міндеттері жүктелді. Бұл міндеттер жоғарыда айтып өткен 18 жобаның тақырыптары арқылы ғылыми түрде негізделді.
Зерттеушілер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу» орталығының бағдарламасын жүзеге асыру үшін, ғылыми жаңалықтарымен бөлісу мақсатында университет қабырғасында жыл сайын жүйелі түрде шығатын ғылыми жинақ ретінде еңбектер жариялайды. Сонымен қатар зерттеу орталығының барлық зерттеу нәтижелері мен жаңалықтары орта және жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісіне, ондағы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу құралдарына, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнына енгізіледі.
Бұрынғы кеңестік дәуірдің қыспағынан шығып, өз егемендіктерін алған қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ұлттық құндылықтарын қайта жандандыруға ерекше мән беруде. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында біз қарастырып отырған аймақ халықтары көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып, ал сақталып қалған ұлттық салт-дәстүрлердің, тарихтың шынайы мазмұны өзгеріске ұшырады. Ұлттың этникалық қасиеттерінің ең бір құндыларына оның тарихы, дәстүрлі шаруашылығы, әдет-ғұрыптары мен мәдениеті жатады. Тарихсыз, әдет-ғұрыпсыз ұлт – ұлт емес. Әдет-ғұрып, салт-санасы өзгерген ұлттың ішкі қасиеттері өзгереді, ұлттық рухы әлсірейді, сөйтіп, бара-бара жаһандану үрдісінде басқа этникалық қасиеттерді қабылдап, трансформацияға ұшырайды.
Біз Орталық Азияның тұрғылықты халықтары және бұлармен ежелден аралас жатқан қазақ халқының дәстүрлі көшпелі тарихына, шаруашылық түрлеріне, мәдениеті мен рухани құндылықтарына, олардың халықтың өміріндегі маңызы мен қызметіне тоқтала отырып, көшпелілердің өркениетінің жоғары деңгейде дамығандығын, оның өзіндік ерекшеліктері мен сабақтастығын жаңа бағытта, жаңа деректер мен зерттеу еңбектерін ғылыми айналымға қосу арқылы, кешенді түрде зерттеуді қолға алмақпыз.
Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының шаруашылығы мен мәдени дәстүрлерінің біртұтастығы, кейбір ерекшеліктері мен оның себептері – зерттеушілердің назарына аса ілікпеген мәселе. Қазақстан территориясында өмір сүрген көшпелілердің шаруашылығы мен материалдық мәдениеті көрші халықтармен бірегей болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де бар. Орталық Азия аймағында сан ғасырлар бойы көршілес өмір сүріп, ортақ мәдени дәстүрлері қалыптасқан туысқан халықтардың шаруашылық түрлері, мәдениеті негізінен, ұқсас, ортақ. Сондықтан да жаһандану заманында бөгде мәдениеттердің экспансиясынан туыстас, тектес мәдениеттердің бірге тегеурін жасауы арқылы да қорғану қажеттігі туындайды. Демек, көшпелілер өркениетін зерттеу мәселесінің ғылыми, халықаралық маңызы да аса зор.
Қазіргі кезеңде еліміздегі тарихи білім берудің даму жолдарын қайта пайымдау қажеттілігі туындап отыр. Ғылыми негізделген тарихи білім өткенді сараптау арқылы ұлттық сана-сезімнің оянуына, халықтың тарихи жетістіктерін, көшпелілердің әлемдік өркениеттегі рөлі мен орнын айқындауға көмектеседі.
Қорытындыны Елбасының 1996 жылы жасаған Жолдауындағы мына сөздермен аяқтағымыз келеді: «Өз тарихымызды жаңаша оқудың негізінде ғана ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін», әрине, оған әрбір ғылым саласында жүрген мамандар мен жастар атсалысуы қажет. Өйткені болашақтың іргесі берік болуы үшін дәстүрлі тарихымызға негізделген ұлттық идеямыз қалыптасуы қажет.
Ж.Е. ЖАППАСОВ, т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің деканы, Н.А. ТАСИЛОВА, т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы