Бүгінде сәл ақша қажет бола қалса, қолындағы сақинасын алып, ломбардқа қарай жүгіретіндер көбейді. Тіпті бұл кейбір жандар үшін әдетке де айналғандай. Сұраныс артқан соң, әрине, ломбардтар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Ірі қалаларды былай қойып, ауылдық жерлерде де ашылып жатыр. Қатты қысылғанда қол ұшын беретін бұл қаржы ұйымының пайдасымен бірге зияны да шаш етектен. Алған ақшасын уақытында қайтара алмай, астындағы көлігі мен басындағы баспанасынан айырылып қалғандар сөзімізге дәлел. Ал дәл сол ломбардтардың өзінде арзан бағаға сатылып жатқан алтын-күміс бұйымдардың қаншасы ұрлық жолымен келгені бір Аллаға ғана аян. Ешбір мекеме тарапынан қадағаланбайтын ломбардтар бүгінде лаңды салып тұр, халықты жоғары пайыздық үстемесімен қанағанымен қоймай, мүлкін алаяқтық жолмен алып қоятындар да көбейген.
Ломбард адамдардың есіне ақша іздеп қысылғанда немесе телеарналардағы қылмыс жаңалықтарын көргенде ғана түседі. Ал көшені бойлай, бірінен кейін бірі тізіліп тұрған бұл мекемелерге әдетте көп назар аударылмайды. Мысалы, ұрылар Қызылжардағы ломбардтардың біріндегі сейфті түнде көтеріп кеткен. Ең қызығы, мұнда не күзет жоқ, не дабыл орнатылмаған екен. Ал Көкшетауда жас жігіт ломбардта жұмыс істейтін қызбен танысып, есіктің кілтін ұрлап алады. Шамамен 4 миллион теңгенің алтын бұйымдары қолды болған. Ал Алматыда қарақшылар кассирдің шекесіне мылтық тақап тұрып, барлық алтынды және 400 мың теңгені алып кеткен екен. Тізе берсе, мұндай оқиғалар өте көп.
Бүгінде ломбардты еліміздің әрбір қаласынан кездестіруге болады, тіпті ауылдарда да бой көрсетуде. Ақша ойламаған жерде қажет болып қалуы мүмкін. Ломбардтың пайдасы сол кезде тиеді. Ал, жалпы, өткенге зер салсақ, ломбард ең көне қаржы институттарының бірі екенін аңғарамыз. Ертедегі грек, рим, қытай жазбаларында кепілдікке әртүрлі бағалы заттарды алу арқылы ақша беретін мекемелер болғандығы туралы айтылады. Ал «ломбард» атауы XV ғасырда пайда болған деседі. Ломбардия қаласының өсімқорлары кепілге әртүрлі заттар алып, ақша берген екен. Ал алғашқы ломбард 1618 жылы 28 қыркүйекте Бельгияның Брюссель қаласында ашылған. Кейін Еуропада кең етек жайған бұл қаржылық жүйеге тіпті патша отбасылары да жүгінген деседі.
Кеңес заманында да ломбардтың жұмысы тоқтаған жоқ. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, нарықтық жүйеге көшкелі тіптен көбейіп кетті. Сарапшылардың пікірінше, жоғары пайыздық үстемемен аз көлемде ақша беретін ломбардтар экономикасы енді дамып келе жатқан елдерде әсіресе қаржылық дағдарыс кезінде көбейеді екен. Ел арасында «ломбард – кедейлердің банкі» деген сөз бар. Шынында да, оған тұрмысы орташа отбасылар, ұсақ кәсіппен шұғылданатындар, жастар көп жүгінетіні белгілі.
Барлық дерлік ломбардтардың жұмыс істеу схемасы бірдей: алдымен кепілге әкелінген зат бағаланады, сосын келісім жасалады да, зат құнының белгілі бір мөлшерінде қаржы беріледі. Келісілген мерзім аяқталмай тұрып алған ақшаны пайызымен қайтару керек, сонда ғана қалдырған затты алуға болады. Ал дер кезінде ақшаны салмаған жағдайда зат бірден ломбардтың меншігі болып шыға келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде соңғы жылдары орын алған оқиғалар көп нәрсені аңғартатындай. Алматылық азамат өзінің бағасы 18 мың АҚШ доллары тұратын жеңіл көлігін кепілдікке қойып, қарыз алады. Қарызын келісімшарттағы мерзімнен бір күн кешіктіріп алып келсе, көлігі сатылып кеткен екен. Ал Риддер қаласының тұрғыны баспанасынан айырылып қала жаздаған. 200 мың теңге ақша үшін екі қабатты коттеджін кепілдікке қояды, қарыз алушының заңға шорқақ екенін аңғарған ломбард иесі оны нотариусқа апарып, үй иесінің рұқсатынсыз баспанаға иелік етуге, сатуға құқық беретін сенім хат жаздырып алады. «Және бұл ақшаны қайтармай қашып кеткен жағдайда қажет» деген сылтау айтады. Осылайша сенім хат арқылы үйді басқа біреулерге сатып жіберген, тек сот араласып, келісімшарттың күшін жойған соң ғана үйді қайтарып алды.
Қызылжар қаласындағы ломбардтар жүйесінің директоры Гүлназ Ахметованың (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) айтуынша, ломбардтарды екіге бөліп қарау керек. Біріншілері – ұзақ мерзімге ашылғандар, яғни жұртқа қарыз беру арқылы пайда табуды көздейтіндер, ал екіншілері – бүгін бар, ертең жоқ ломбардтар. Олар қарыз алушылардың кепілге қойған заттарын айлакерлікпен алып қоюды ғана көздейтіндер. Өкінішке қарай, күн санап қатары қалыңдап келе жатқан бұл қаржы ұйымдарына «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр. Себебі алғашында Ұлттық банк тарапынан қадағаланып, лицензия берілетін. Бүгінде лицензия қажет емес, кез келген адамға салық органдарында жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеп, аталмыш кәсіппен айналыса беруге болады.
Гүлназ АХМЕТОВА, ломбардтар жүйесінің директоры:
– Ломбардтар қадағаланбайды, сондықтан әрқайсысы ойына келгенін істеуде. Мысалы, пайызды өзі қояды, қарызды қайтаратын кепілді мерзімді де өздері қояды. Мысалы, кейбір ломбардтарға бір күн кешіктірсең, затыңды қайтарып ала алмайсың. Немесе алғашқы айда басқа пайыздық үстеме, ал одан кейін екі-үш есемен өсуі де мүмкін. Кепіл затты да әркім әртүрлі бағалайды. Заң бойынша ломбардтар жеңіл көлік немесе жылжымайтын мүлікті кепілдікке алмауы қажет. Ал пысықайлар заңды айналып өтіп жүр.
Ломбардтар ақша іздеген халыққа қарыз беретін қолдаушыдан қанаушыға айналып бара жатқандай. Себебі жартысы болмаса да, біраз бөлігі алған қаржысын дер кезінде қайтара алмай, алтын-күмісінен немесе басқа да қымбат бұйымдарынан айырылып қалады екен. Ал жұрт көбіне қандай зат өткізеді дегенге келсек, статистика ломбардтан алатын қарыздардың жартысынан көбіне кепілдікке әшекей бұйымдарын қояды екен.
Соңғы кездері ломбардтардың төңірегінде жасалатын қылмыс да өршіп тұрғанын айтуымыз керек. Өздері ұрылардың нысанасына ілігуімен қатар, ұрланған заттардың қоймасына ұқсап кетті. Себебі өткізген алтынның қандай жолмен келгенін тексеріп жатқан еш жан жоқ, алтын болса болды, қабылдай береді. Осының кесірінен ата-анасының әшекей бұйымдарын балалары ломбардқа сатып жіберген жағдайлар жиілеген. Тіпті мектеп оқушылары арасында бопсалаушылық қылмысына да түрткі болып отырған – осы ломбард. Жасы кіші балаларды қорқытып, әке-шешесінің әшекейлерін алдыртып, ломбардқа өткізген оқиғалар сөзімізге дәлел.
Жалпы, ломбардтың қажеттілігіне ешкім шек келтірмейді. Себебі қаржы қажет бола қалған жағдайда екінші деңгейлі банктер кез келген адамға несие бере бермейді. Берген күннің өзінде көп уақыт күту керек. Ал ломбардтар жедел және қолжетімділігімен ерекше, сондықтан да болар, тұрғындары аса көп емес банктер бас сұға бермейтін елді мекендерде де ашылып жатыр. Біздің қосарымыз, бұл қаржылық ұйымдарды бетімен жіберуге болмайды, қатаң қадағалауға алу қажет, халықты қанатып қойып қарап отыру жарамас.
Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар