АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әбдіуақап Қара: «Түркістандағы халықтардың тағдыры ортақ»

жебеТүбі  бір түркі жұртының бірлігі мәселесі соңғы кездері жиі көтерілетін болды. Әрине,  шартарапқа жайылған түркітілдес халықтардың  саны  шамамен 300 млн-ға жуықтап қалғандығын айтады. Тағы бір зерттеушілер 200 млн дейді. Әйтеуір, түркінің кіндігінен тараған жұрттың қарасы аз емес. Алайда,  алты тәуелсіз ел құрған түркі тектес халықтардың  ынтымағы  әлі күнге саяси-экономикалық  деңгейге көтерілмей жатыр. Бірлігіміз сөз жүзінде қалып тұр. Дегенмен, түркі халықтарының ынтымағы  жаман емес.  Тіпті,  кіндік кескен мекен Алтайдан өрбіп, жан-жаққа тараса да түркі баласы бір-біріне  жанашырлық ниетін ешқашан жоғалтқан емес. Бірақ, ағайын халықтардың тарихтағы қарым-қатынасы көп айтыла бермейді. Зерттегендер аз. Әйткенмен, бұл тақырыпты тәуір зерттеп, көз майын тауысқан  ғалымдар мүлдем жоқ деуге келмейді. Солардың бірі тарих ғылымдарының докторы, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара. Біз ағамыздан түркі халықтарының тарихтағы байланыстары жөнінде сұхбат алған едік.
ЖЕБЕ: Әбдіуақап аға,   түркі халықтарының береке-бірлігі туралы көп айтамыз. Алайда,  кейде бұл бірліктің  тарихи астарлары туралы көп біле  бермейтініміз бар.  Мәселен, ХХ ғасырдың  басында Орта Азия түркілерінің Османлыға көмектескені туралы көп адам білмейді. Ал, Сіз зерттедіңіз.  Әңгімемізді осыдан бастасақ.
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: Түркі халықтары түбі бір туысқан халықтар деп босқа айтылмайды. Туыс болғаннан кейін әрине, керек болған жағдайларда көмек беріледі. Мәселен, 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін екі сағат ішінде бірінші болып таныған ел Түркия болды. Неге? Өйткені, туыстық мұны керек етеді. Егер Түркия бірінші болып Қазақстанды танымағанда бүгін оны біз қалай туыс деп айтар едік? Сол сияқты өткен ғасырдың бас кезінде Осман мемлекеті қиын жағдайда болғанда оған Орталық Азиядағы туысқандарының жанашырлық танытып көмек қолын созуға тырысқаны да осы туыстық сезімнен туындайды. Сол кезде әрине Орталық Азиядағы түркілердің жағдайы да онша жақсы болмағанын ескертейік. Мәселен олар бүгінгідей тәуелсіз мемлекеттер емес еді. Патшалық Ресейдің қол астындағы халықтар еді. Бұған қарамастан Анадолыдағы бауырларына қол ұшын беруді ойлады. Бұл үшін керек болса соғысқа әскер ретінде аттануға әрекет жасады. Ақшалай көмек беруге тырысты. Қолынан еш нәрсе келмегенде тілімен, сөзімен, жазған өлеңімен түріктерге жанашырлық танытты.
ЖЕБЕ: Сіз өзіңіздің  зерттеу  еңбегіңізде  азаттық үшін соғысып жатқан Анадолы түріктеріне көмек ретінде  алтын берген Ақмешіттің қазағы Садық Өтегенов  туралы  жаздыңыз.  Одан бөлек тарихта аты  қалған қазақтар болды ма?
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: Дұрыс айтасыз Балқан соғыстары кезінде (1912-1913) Садық Өтегенов Ақмешітте екі кішкене қоржынға толтырған алтындарын Петербор қаласына әкелген. Оған көмектескен қазақтың біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай болған еді. Оны Ресей астанасындағы Осман Елшісі Тұрхан пашаға апарып, алтындарды табыс еткен. Бұдан Осман елшісі қатты әсерленіп көзінен жас ағады. Міне, туыстық осы.
Бұдан басқа мұндай уақиға Мәдина қаласында болған екен. «Айқап» журналындағы  бір ақпаратта айтылғанына қарағанда, сонда медреседе оқып жатқан қазақ оқушылары Осман армиясына ақша жинайды. Мұны Мәдине қаласындағы Османдық қала әкімі Басри Пашаға табыс етеді. Әрине студенттердің жинаған ақшасы онша қомақты болмауы керек. Бірақ бұл қазақ жастарының туысқан Түркия еліне деген жанашырлық ынтасын көрсету тұрғысынан аса маңызды.
ЖЕБЕ: Тағы бір жағдай.  Анадолы түріктеріне  рухани қолдау көрсету  үшін жыр төккен ақындар да аз болмапты сол кезде. Қазақтың Мағжаны, қырғыздың Исмайыл Сарыбайұлы  деген ақыны белгілі. Ал, Анадолы түріктерінің Орта Азиядағы бауырларының халін ойлап жазған еңбектері бар ма?
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: Әрине бар. Түркияның ұлттық ақыны, гимннің авторы Мехмет Акиф Ерсой ХХ ғасырдың басында Орталық Азия түріктерінің аянышты жағдайын суреттеп өлең жазған. Али Суави деген Осман зиялысы Түркістандағы түркілер жайында кітап жазған. “Ұлұм” атымен Парижде жариялаған газетінде түркі тарихын тұтас тарих ретінде қолға алған. Сонымен қатар ол 1873 жылы Парижде жарыққа шығарған “Хива” атты екі тараудан тұратын кітабында  алдымен Ресейдің Орталық Азияға қарай экспансиясы, Түркістан, Бұхара, Қашғария туралы мәлімет береді. Екінші тарауда Хива хандығы туралы мәлімет бергеннен кейін онымен Осман патшалығы арасындағы байланыстарға тоқталып, діні, ұлты, түбі бір хивалықтармен жауапкершіліктерінің болғанын ескертеді. Бұдан басқа Осман зиялылары Түркістандағы ақын-жазушыларының еңбектерін оқып түсіну үшін Шағатай тілі сөздіктерін жасаған. Бұлар ол кездегі байланыстардың мүмкіндігі шектеулі кезеңдегі Осман зиялыларының Түркістандағы қандастарын көбірек танып-білуге, байланыстарды күшейтуге жасаған әрекеттері еді.
ЖЕБЕ: Түбі  бір  түркі жұртының бір-біріне қамқорлығының бір көрнісі өткен ғасырдың 50-жылдары Түркияның қазақтарға көмектесіп, еліне кіргізуі еді. Сіз де сол қазақтың ұрпағысыз. Осы оқиғалар жайлы айтып берсеңіз
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: Бұл енді екі жақты құбылыс. Біздің аталарымыз неге Түркияға бет бұрды? Олар баратын басқа ел әлемде жоқ па еді? Екіншіден, неге түріктер қазақтарды қабылдады? Осы екі сұрақтың да бір жауабы бар: туысқандық. Туыстық сезім мен байланыс болмаса, тарихи және мәдени сабақтастық болмаса, біздің аталарымыздың көштің бағытын Түркиядан да басқа елдерге бұруына болар еді. Тіпті аталарымыз Үндістанға келіп жатқанда АҚШ-тың оларды шақырғаны ақиқат. Өйткені біздің Оспан батыр атамыз Шығыс Түркістан астанасы Үрімші қаласындағы Америка консулының шетке шығуына көмек берген екен. Осы себептен АҚШ қазақтардың ересектеріне баспана беруге, жұмыспен қамтамасыз етуге, балаларын оқытуға уәде берген. Бірақ қазақтың көш жетекшілері мұны қабылдамаған. «Біздің баратын жеріміз Түркия болуы керек» деген. Өйткені, олар АҚШ-та материалдық тұрғыдан молшылыққа кенелетіндіктерін, бірақ уақыт өте келе ұрпақтарының мұсылмандық, түркілік тектерін ұмытып кететіндіктерін білген. Ал олар болса, тегін ұмытқан ұрпақтан қайыр келмейтінін білген. Сондықтан олар Түркияға бет алған. Түркия да оларды қабылдаған. Бүгін ең бақытты қазақ диаспорасы Түркияда. Олар осы елде шат-шадымен өмір сүруде. Атамекен Қазақстан мен Түркияның байланыстары әлемге үлгі боларлықтай жоғары деңгейде, достық негізде болып отыр. Түркия халқы қазақтарды, оның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевты да өте жақсы көреді. Мұндай елде өмір сүру біз қазақтар үшін де бақыт.
ЖЕБЕ: Қазақтан басқа қандай түркі халықтарына қамқор болды Түркия?
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: 
Түркия халқының мен ұнататын бір жері түркі халықтарының барлығын тең көретіндігі. Яғни олар әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, түрікмен сынды халықтарды өзіне бірдей жақын санайды. Сондықтан осы халықтардың өкілдерін Түркияда көптеп кездестіруге болады. Патшалық Ресей тұсында қиындық көрген, жері тартып алынған Қырым татарлары, ноғайлар, құмықтар тіпті түркі емес чечендер, черкестер барлығы өткен ғасырларда Османлы елін паналаған. Осман түріктерді олардың барлығына үй беріп жер беріп жағдай жасаған. Түркияның бүкіл түркі-мұсылман халықтарға сүйіспеншілік пен тең қарайтын осы көзқарасы бүкіл түркілер, әсіресе Орталық Азия деп аталған Түркістан түріктеріне үлгі болу керек. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы аймақтағы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ұйғыр сынды халықтардың көп жағдайда бір-бірін кемсіте, ұнатпай қарауы байқалады. Кемедегілердің жаны бір дегендей, Түркістандағы халықтардың тағдыры ортақ. Сондықтан олардың арасында ынтымақтастық, береке, жанашырлық, яғни туыстық сезімдер қаншама күшті болса, соншама келешектері жарқын болмақ. Әйтпесе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Орталық Азия одағын құру керек, оны құрмаған жағдайда, алпауыт бір елдің бізді қайта жаулап алуын күтіп отырған боламыз” деген сөздері осыған саяды. 2005 жылы ұсынған сол одақтың әлі де болса іске аспауындағы басты себеп – аймақтағы елдер арасынадағы туыстық сезімдердің күшті болмай отырғандығында болса керек.
ЖЕБЕ: Біздің бұл айтып отырғанымыз ХХ ғасырдың төңірегіндегі дүниелер. Зерттеуші ретінде Османлы империясы мен Орта Азия хандықтары, соның ішінде Қазақ хандығының арасында қандай да бір байланыс болғандығы туралы деректер кездестірдіңіз бе?
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: Әрине бұл туралы көптеген деректер бар. Осман хандығы кезінде олармен, әсіресе Бұхар хандығымын байланыста болған. Елшілер келіп кеткен. Тіпті Шығыс Түркістанда тәуелсіз мемлекет құрған Жақып Ханға (1863-1877) көмек қолын созған еді. Өкінішке орай қазақ хандығымен байланыстар көп емес. Архив деректерінде ХVІІ ғасырда Қайып Мұхаммед Ханның бірнеше жыл елші жіберіп қалмақтарға қатысты мәселерге байланысты кеңес сұрағандығы кездеседі. Сый жоралғы жіберген. Бұдан басқа нақты дерек байқалмайды.
Сұхбаттасқан Амангелді Құрметұлы