Қазақ елінің бас қаласы Астанаға,«аспанасты елінен», елордамыздың қазіргі тұрғындары санынан кем дегенде алты есе асып түсетін көлемде қонақ келетін болыпты!
Қытайдың елімізге миллиондап келуіне біздің Туризм комитеті күш салғалы отыр.Осы мақсатта тіпті комитет жалғыз-жарым емес, топпен сапарлайтын туристер үшін Қазақстан мен ҚХР арасындағы визалық режимді жоюға қол жеткізбек.
Бірақ ханзу елінен туристердің тасқындауы биыл, болмаса келер жылы емес, 2017 жылы болады екен. Бір қызығы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитеті бұл үшін «ЭКСПО-2017 туризмі» деген ұғымды айналымға енгізбек. Осы орайда «ЕХРО-2017 туризмінің бас жоспары» әзірленіп жатқандығы мәлім болды. Әйткенмен, әзірге Қытай елі Қазақстаннан турист тартуда көбірек жетістікке жетуде. Кеше Астана мен Алматыдан «Хайнань» провинциясының Санья аралына алдағы қыркүйек айынан бастап, чартерлік рейстердің қайта ашылатындығы жарияланды. Осыған қатысты мәмілелерге қол қоюдың салтанатты рәсіміне шипажайлық мекеннің басшысының өзі – Санья қаласының партиялық комитетінің хатшысы, Хайнань провинциясының шетелмен достығы Халықтық қоғамының құрметті төрағасы Цзян Сисянь келіп, арнайы қатысты.
Қазақстан жағынан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Саймасаев атсалысты.
–Мен жақында ғана Гандзю провинциясынан,Дунхуань қаласынан оралдым,–деді М.Саймасаев қытайлық қонақтарға,–Ол жерде VІ Ұлы Жібек жолындағы халықаралық туризмді дамыту конференциясы өтті. Біз Қытай халқының қонақжайлылығын, ашықтығын сезіндік. Қытай біз үшін стратегиялық әріптес болып табылады. Қазақстан 2017 жылы Ехро халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәртебесін иеленді.Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ҚХР-ге 2013 жылғы сәуірдегі ресми сапарының қорытындысына сәйкес, сол 2017 жылды «ҚазақстандағыҚытай Халық республикасы туризмінің жылы» деп жариялау жоспарлануда.
Туризм индустриясы комитеті осыны жариялау туралы жеке тармақты ендігі«Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық әріптестікті ары қарай дамыту туралыбірлескен декларация» жобасына қосыпты. Бірлескен декларацияға ҚХР-діңжаңа төрағасыСи Цзиньпиньнің Астанаға ресми сапары кезінде, қос мемлекет басшысы қол қояды деп күтілуде.
Мұның сыртында «аспанасты елінен» Қазақстанға 5 миллион туристің келуі үшін тағы бір шара қолға алынбақ. «Туризм саласындағы ҚХР-мен ынтымақтастықты жандандыру және бұл елден Қазақстанға келетін туризм ағынын арттыру үшін Қазақстан және Қытай Халық республикасы үкіметтері арасындағы «ADS» арнайы саясаты туралы Келісім жобасы қол қоюға дайындалуда,–деп хабарлады Мұхит Саймасаев,–Бұл құжат жобасын біздің комитет әзірледі».
Рас, басқа дерек бойынша бұл құжат жобасын қытайлық тарап ұсыныпты. Оған сәйкес, Қытайдан Қазақстанға және керісінше бағытта, топтасып сапарлаушы туристерге қысқа мерзімге визасыз режим беріледі. Бір айта кетер жайт, Қытай Халық республикасында «Approved Destination Status»(ADS) – «Баруға кеңес берілген бағыт мәртебесі»деген арнайы саясат бар, оған сәйкес, Қытай билігі әлемдегі мемлекеттерге қытайлық туристердің баруына кеңес берілген ел мәртебесін ұсынады. Бұл Келісім екіжақты бекітіледі. «Ол бойынша Қытай үкіметі өзінің туроператорларына саяхаттарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, ал, осындай мәртебе алған мемлекет өз аумағына қытайлық туристердің арнайы топтық ADS-виза бойынша өтуіне ұлықсат етеді» делінген комитеттің материалында.
Комитет басшылығы тұрғындарының саны Жер шары халқының бестен бірін құрайтын Қытайдың әлеуетті нарығын игеруге, одан турист тартуға көптеген елдердің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің үлкен күш-жігер бағыттайтынын білдірді. Мәселен, Швейцарияда тіпті жол көрсеткіштер де қытайша қоса жазылатын көрінеді. Әйткенмен, жатжұрттықтардың топ-топпен, лек-лек болып ағылуына жол берудің қауіпті тұсы бар: заңсыз жұмыс күшінің жасырын ену проблемасы ушығуы мүмкін. Қазіргі кезде Қазақстанға шетелдік келімсектердің,басым көпшілігінде, «туристік визамен» кіретіндігі құпия емес. Бір еніп алған соң, олар айнала қашып, құзырлы органдарға ұстатпай жүреді. «Халықаралық туризм үшін ашық болудың тәуекелдерінің бірі – елге заңсыз иммиграция қатерінің төнуі» екендігін туризм комитетіндегілер де білетін болып шықты. Сондықтан Қытай тарапы ұсынған «визасыз топтық туристік сапарлар» туралы Келісім жобасын «келісуден өткізу үшін» «мүдделі мемлекеттік органдарға» бағыттапты. Бұл құжатты Ұлттық қауіпсіздік комитеті де мұқият зерделейтін болса керек.
Туризм индустриясы комитеті мұның «заңсыз иммиграция қатерін төндіріп, үлкен проблемаға айналуы» мүмкіндігін назардан тыс қалдырмайды, сонымен бірге одан сақтанудың жөнін ұсынады: «Сол себепті ADS келісімінде қос тараптан кәсіби туроператор компаниялар анықталады да, ADS саясаты аясында туристік топтармен алмасу құқығы соларға беріледі. Тәжірибе жүзінде көптеген агенттіктерқытайлық туристерден, саяхатқа аттанбас бұрын, белгілі бір ақшалай жарна енгізуді талап етеді. Мәселен, Австралияға сапар жасау үшін депозит ретінде Қытай турагенттіктері шамамен 6 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай жарна сұрайды. Қазақстан Қытайдың топтық туристерінің елімізге кіруінің белгілі бір шарттарын түзе алады, мысалға, банкте есепшоты бар болуын, Қазақстанға ұшып келуін және осында тұруын төлеуді, депозитті және басқаларын сұрату».
Айтқандай, Ресей мен Өзбекстан және басқа да 100-ден астам ел осындай келісім бекітіпті. «Егер Қазақстан ADS келісіміне қол қойса, онда жақын уақытта-ақ біз туризм индикаторы көрсеткішін көтеріп жібере алар едік!» дейді комитеттегілер. Әзірге ол көрсеткіштер қайран қалдырмайды:«Биылғы жылдың бірінші жарты жылында шамамен 1 мың ҚХР азаматы турист болып келді, осы уақыт ішінде 20 мың қазақстандық осы көрші елге саяхатшы ретінде сапарлап барды» деді М.Саймасаев.
Ол туристер тобына визасыз режимнің қашаннан бастап ұсыныла бастайтындығын нақты айта алмады. «Бұл сұрақты Сыртқы істер министрлігіне қойған жөн болады,–деп жол сілтеді,–Қолданысқа енгізілу мерзімін нақты айта алмаймын. Комитетіміз Туризмді дамыту тұжырымдамасын және ЭКСПО-2017 туризмін дамыту жөніндегі бас жоспарын әзірлеумен ғана айналысады».
Қазір бұл комитет миллиондаған туристер туралы арманын «әлдилеуде»: «2017 жылы Қытайдан шамамен 5 миллион турист келеді деп отырмыз,–деді комитет төрағасының орынбасары,–Биылғы жылдың сәуірінде екі ел арасында арнайы келісімге қол қойылды, оған сәйкес, 2017 жылы Қазақстанға Қытайдан өте көп туристер келетін болды».
Соған ықпал ету үшін Туризм индустриясы комитеті қытайлар арасында қазақстандық курорттарды насихаттамақ: «Бұрнағы күні Дунхуань қаласындағы Ұлы Жібек жолына арналған халықаралық конференция кезінде өз республикамыздың презентациясын ұйымдастырдық,–деді М.Саймасаев,–Біз оларға экологиялық туризмді ұсына аламыз. Бурабайда Риксос отелі ашылды. Бізде Шымбұлақ, Медеу бойынша материалдарымыз бар. Көптеген туристерге Қазақстанға келіп, туристік мүмкіндіктерімізді, табиғи байлықтарымызды өз көздерімен көру қызықты болады деген ойдамыз»
.Елдос Сенбай