Қалай десек те Адам ата ұрпағы дәл бүгінгі дәрежесінде болуы үшін «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Бұл туралы материалист ғалымдар мен идеалистердің және теологтардың бітіспейтін бір айтысы бар. Ол – дамуға қатысты.
Материалистер «адамды адам еткен – еңбек» дейді. Ал өз ойларын «әуелі сөз» деп бастайтын идеалистер мен теологтар адамның бүгінгі дәрежесіне жетуінде «сөздің қызметі ерекше болды» дейді. Бастауды Хомосаппинстен өрбітетін және «әуелі материя» дейтін материалистердікі дұрыс па, әлде «Адам атадан таралдық» дейтін келесі топтың пікірі дұрыс па, біз оған жауап беріп жатпаймыз. Тек адамзаттың бүгінгі дәрежесіне жетуі бұдан 60 мың жыл бұрын Оңтүстік Африка тропикасында пайда болған Хомосаппинстың ұрпақтары өзінің алдындағы адам тектес неандартальдықтарға қарағанда өзара сөйлесе алуының, яғни түсінісе, керісе, келісе алуының нәтижесі екенін материалистердің өздері де мойындайтынын айта кеткім келеді. Иә, сөз, сөз өнері адамзат дамуында ерекше қызмет, жетекшілік қызмет атқарғаны даусыз.
Екінші ақиқат былай өрнектеледі: қалай десек те адамзат ұрпақтары бүгінгі дәрежесіне таланттардың арқасында қол жеткізді. Мейлі ол отты кәдеге жаратуды, доңғалақты пайдалануды ойлап тапқан алғашқы аты белгісіз ғалым болсын, мейлі ол ұрпағына алғашқы ақылды айтқан әке болсын немесе зергер, етікші, суретші болсын, бәрібір өзінің табиғи талантымен қоғамның, адамзаттың дамуына үлес қосты. Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінің сегізінші тармағында былай дейді: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал». Демек, данышпанымыз тұлғаларды ғана адамзатты, қоғамды дамытушы ретінде қарастырған. Бұл – келісетін пікір. Кейбіреулер тұлға дегенде патшаларды ғана көз алдына елестете алады. Ал біз «тұлғаларға барлық таланттар жатады» дегенді жөн санаймыз. Сондықтан да адамзатты бүгінгі дәрежесіне жеткізген таланттар деген тұжырым жасадық.
Өзіне дейінгі әбу-Насыр әл Фараби секілді Абай да талантқа ақыл көшбасшы болмаса, одан пайда емес зиян келетінін ерекше ескерткен. Демек, талантты мұрат басқаруы керек. Ал ол мұрат қандай болады, нәтиже немесе салдар соған сай өрнектеледі. Мұның бәрі де жаратылысты және даму заңдылықтарын тұлғалардың білу дәрежесіне байланысты болмақ. Сондықтан да адамзат ұрпағы өзінің 60 мың жылдық даму жолында бірде күйінді, бірде сүйінді. Күйіндірген де, сүйіндірген де талант, яғни дара тұлға. Дара тұлға дұрыс жолға бастаса сүйінеді, теріс жолға бастаса күйінеді. Демек, дара тұлға – талант қоғамды жетелеуші қызмет атқарады. Бұл – табиғи заңдылық.
Адамзаттың адасуы
Мұхаммед пайғамбарымыз Жаратушы жалғызды түссіз, иіссіз, денесіз, тумаған, туғызбайтын, бірақ әлемді жаратқан, билеуші құдіретті күш иесі, қолмен ұстап, сезе алмайтын Нұр деп түсіндірді. Ал исламға дейін адамзат тарихында толып жатқан дін болғаны белгілі. Азиялықтар әуелі Заратуштраның тәңірлік дініне құлшылық етсе, шамамен сонымен бір мезгілде Үндістан жерінде тегі ақсүйек Будда өз табының басқаларға жасаған қысым-қиянатынан безініп, жапа шеккендерді жарылқаушы қызметіне кірісіп, мейірімділікті уағыздай бастаған соң, буддизм діні пайда болды. Ал Африка және Еуропада христиандық пен иудаизмге дейін Атон, Амон және Олимп құдайларына табынғандық белгілі. Ежелгі Египет фараондары өздерін Құдай санады. Ал христиан дініне дейін ежелгі Рим императорлары өлгеннен соң «Құдайға айналамыз» деген үмітпен көз жұмды. Олимп құдайларына табынған ежелгі гректер ақыр аяғында «Құдайға адам қарсы тұра алады» деп пайымдады. Қысқасы, абсолютті ақиқатты танып-білуге құштарлар мен абсолютті ақиқатты бұқарадан бүркемелеуге талас қатар жүрді. Осы кездің өзінде-ақ таланттар «халыққа қызмет ету» қамына кірісті. Мәселен, олимптегі Зевстің, Галикарнастағы Гелиостың мүсіндері – соның дәлелі. Ежелгі дүниенің атақты қолбасшысы Александр Македонскийдің бұйрығымен Аристотель жасаған ғаламның жеті ғаламатына енген осынау екі мүсіндегі Құдайлар алып та қаһарлы кейіптегі жалаңаш күйіндегі еркек бейнесінде көрініс тапқан. Иә, шаш пен сақалдан басқа дененің өңге жерлерінде ешқандай түк жоқ жалаңаш адам. Мінекей, таланттың абсолютті ақиқатты іздеймін деп адасуы осылайша пайда болған. Ал ежелгі дүние ақыны Геродот жайлы «Абайдың арғы беті, бергі беті» атты «Айқын» газетінде бұған дейін жарияланған эсседе жан-жақты жазылған соң оған енді оралып жатпайын. Демек, өнердің екі түрінде де сөз өнерінде де, кескіндеме өнерінде де адасушылық ежелгі дүниеде-ақ пайда болған. Одан бергі кезеңде, Римде христиан діні үстемдік құра бастаған шақта адасушылық одан әрі «дамыды». Шіркеулер Құдай, Құдай анасы және періштелер суреттерімен безендіріле бастады. Бұл салада өнікті еңбек еткен «қайта өрлеу» дәуірінің көрнекті өкілі Микеланджело болды. Ол Құдайды да, періштелерді де бүгінгі адам, ол – ол ма, бұлшық еттері бұлтыңдаған күшті италяндықтар кейпінде бейнеледі. Адамзатқа абсолюттік ақиқатты, яғни Жаратушыны осылайша көрсеткеннен суретші-мүсіншілер не ұтты?
«Ұтты» деген сөзді біз әдейі қолдандық. Оны қолданудағы басты мақсат – таланттың өзі иесін асыраушы, тауар туғызушы күш екенін ұғындыру. Ерекше қасиет ретінде түсіндіріліп жүрген «талант» кәдімгі тауар жасаушы қабілет қана. Ол – мейлі ақын, мейлі зергер, сазгер, әнші, ғалым, етікші, суретші, мүсінші болсын, әйтеуір тауар жасаушы. Бар болғаны – сол. Етікші жасаған кебіс пен суретші салған кескіндеме де тауар. Сол секілді ақындардың өлеңі мен сазгерлердің ән-күйлері де тауар. Әншінің дауысы да, спортшының күші де тауар. Қысқасы, адамзат баласы өзіне біткен табиғи талантының «жемісін» сатып, күн көрісін табады. Мінекей, осыдан келіп біз талантты адастарған «күн көріс» деген қорытынды жасаймыз. Өйткені Құдайлардың мүсінін жасаған ежелгі талант Фиди де, Құдай, Құдай ана және періштелер, суретін салған Микеланджело да өз уақыттарының біразын «сарп еткен» сол туындыларын тапсырыс беруші билік төлейтін ақшаға жасаған. Адамзатты аздырушы ретінде суреттелетін ақша ең алдымен осылайша «өз қызметін» таланттарды аздырудан бастаған.
Дұрыс жолдағы екі кітап және басқалар
Өз басым балалық, жастық шақта көп оқыдым. Солардан екі кітапты ғана «дұрыс жолдағы» пайдалы туындылар ретінде әлі күнге дейін елжіреп еске аламын. Бірі – Даниел Дефоның «Робинзон Крузосы», екіншісі – Николай Островскийдің «Как закалялась сталь» атты романы. Бұл екеуі несімен мықты? Жауабы оңай сұрақ – осы. Екі кітаптың да мықтылығы оқушысына қиын жағдайда өмір сүре алуды үйретуінде. Бұл арада авторлар әдебиет адамды, қоғамды үйретуші, алға жетелеуші, дамытушы күш деген сипаттама шеңберінде еңбек етіп, оқырманына тамаша туынды ұсынған. Осы бір қасиеттері арқылы бұл кітаптар әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған оқырманының ризашылығына бөленді.
Қазақтың арғы-бергі әдебиетіне сын айтқан «Абайдың арғы беті, бергі беті» атты эссе «Айқын» газетінде жарияланған соң, алғыс айтушылар көп болғанымен, «өкпелеп қалғандар» да кездесті. Ал үшінші пікір былайша орайласты: «Мандельштамды оқыдың ба?» деп салды ең жақын достарымның бірі. «Оқыдым, Шаломайлейкумды да оқығанмын. Футуристер жайлы да, реалистер жайлы да жақсы білемін» дедім. Ол дау айтқан жоқ. Мұндағы ой «ақын — әдебиет жасаушы, халыққа, қоғамға қызмет етуші емес» деп пайымдаушылар мен «әдебиет қоғамды алға жетелеуші күш» деушілер арасындағы пікір қақтығысы жайлы болып тұр. Иә, бір топ және қомақты топ ақын-жазушылар жайлы, яғни өздері жайлы осылай ойлайды. Ал енді тір топ, бәлкім мүлде аз топ «ақын-жазушылар, яғни әдебиет жасаушылар халықты, қоғамды алға жетелеуші болуы тиіс» деген ұстанымда болады. Ұлт ұстазы Абайдың осы соңғы ұстаным бойынша еңбек еткенін, ал қазақтың қалған ақын-жазушыларының 99 пайызы «ақын-жазушылар әдебиет жасаушы болуы тиіс» деген ұстанымнан әріге бара алмағандықтан өміршең туынды бермегенін айттым. Дауласқысы келген досымның одан әрі қарсыласпағаны мәселені түсінгендік деп білемін.
Қазақ Кеңес әдебиетінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин дейтін үш үлкен жазушы болды. Бұл үштіктің ішінде қазақ оқырманы Ғабит Мүсіреповтің талантын жоғары бағалайтыны және белгілі. Мүсірепов прозадағы сөз зергері еді. Бірақ бұл үштіктің шығармалары шет тілдерге тәржімаланғанда оқырман ықыласына Сәбит Мұқанов пен Ғабиден Мұстафиннің еңбектері ғана бөленді. Сөйтіп, олардың туындылары шет елдерде миллиондаған данамен басылды. Мәселе, демек, таланттың сөз ойнату тәсілін еркін меңгеруінде емес, айтпақ ойында екен. Сәбит Мұқанов Қазақстанда «социализм қалай орнады?» деген сұраққа жауап берсе, Ғабиден Мұстафин адамзат тарихындағы жаңалықты қоғамдағы еңбек және сол еңбекке ынта жайлы жазды ғой. Олай болса, шетелдік оқырмандардың іздегені де сол емес пе?! Көрмеген, білмейтін ел мен қоғамның тынысын әлгі кітаптар арқылы тыңдай алды. Қысқасы, әрқашан да оқырман әрбір туындыдан өзіне керегін іздейді, сол керегін бере алған таланттың туындысы өміршең. Бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінде қоғамды алға жетелейтін, адамның, яғни оқырманның керегін беріп тұрған бүгін де, ертең де әкең секілді ақылшыңдай қызмет ететін кітап қанша? Бұл енді жауабы қиын сұрақ. Өйткені біздің көзге Құдай бейнесін елестетемін деп адасқан ежелгі дүниенің мүсіншісі Фиди мен Италия «қайта өрлеу» дәуірінің көрнекті өкілі Микеланджело секілді адасушылар жолын қуған таланттар көп секілді. Олар бар болғаны сұлу сөзге бай, кейбіреуі тіпті жүрегіңді тыз еткізетін шығармалар жазып, әдебиет жасады. Ал ол әдебиет ұлтты, қоғамды алға жетелеуші қызмет атқара алмай шықты.
Даңқты Леонардо да Винчи туындыларын екі топқа бөлемін: бірінші топта жұрттың бәрі білетін, бірақ адамзат пен қоғам дамуына пайдасын тигізді деуге болмайтын «Джаконда» портреті секілді туындылар тұр. Ал екінші топта сүңгуір қайықтың алғашқы сызбалары, аквалангистер арнайы киімінің жобалары, сондай-ақ адам қан айналу жүйесінің кескіндемесі бар. Мұның алғашқы екеуі кейініректе сүңгуір қайық және аквалангист киімдерін жасаушы ғалымдардың нәтижелі ізденістеріне негіз болса, адам қан айналу жүйесінің кескіндемесі медицина ғылымының дамуына қозғаушы күштей әсер етті. Мінекей, таланттың адамды, қоғамды дамытушы, алға жетелеуші, пайдалы күш бола алатындығы осы мысалдан анық көрініп тұр. Ал сол заманның бір кереметі деп жүрген Улиям Шекспир мұраларынан осындай пайдалы азық ала аламыз ба? Жоқ. Ендеше біздің Абайдың да мықтылығы қазақ үшін, адамзат үшін Леонардо да Винчи секілді алға жетелеуші қызмет атқаруы. Таланттардың, қазақ таланттарының туындым өміршең болсын десе, түсетін жолы да сол. Әттең, әттең осы уақытқа дейін мұны ұққандар мүлде аз болды.
Бір маршал, бір генералы бар даңқты ақын
Кеңестік әдебиет классиктерінің бірі Михаил Светлов екені даусыз. Осынау өндірте жазған ақын бертін келе, бүкіл туындыларын өз екшеуінен өткізіп, былай деді: «Менің өлеңдерімнің арасында бір ғана Маршалы бар, ол – Гренада. Сонан соң бір генералы бар, ол – Каховка. Полковниктер мен кіші офицерлер де бар. Ал көбі аяғын нық басуға әлі үйренбеген солдаттар». Тура би деп осыны айт!
Бақиға аттанардан біраз бұрын қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов қазақ телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында шамамен былай деді: «Төрт томдығым шығып жатыр. Осы жетеді. Бұдан басқасын қосып көлемді ұлғайтудың қажеті жоқ». Біреулер «шіркін, сөз зергері өз туындыларына да қатал сынмен қараған екен» деп таңдай қағар. Өз басым, қазақ әдебиетін жасауда, қазақ әдебиетінің қоржынында осынау таланттың үлесі зор екенін мойындаймын. Солай бола тұрса да төрт томдық ұлтты алға жетелеуші туынды берсе, біздің тірлік бүгінгіден жақсырақ болар ма еді, қайтер еді, дей беремін. Демек, автор өз еңбегін тым көлемді бағалап тұр деп ойлаймын. Иә, Ғабит Мүсірепов шығармаларын қызыға оқыған ұрпақтың өкілімін. Бірақ автордың зергерлік талантын толық мойындасам да шығармаларында ұлтты келешектерге бастаушы ой болмағанын айтуға тиіспін. Ғабит Мүсіреповті «қазақ әдебиетіндегі аналар бейнесі галлереясын жасаған суреткер» дейді. Ал сол аналар бейнесі Ақұштап Бақтыгерееваның аңыз желісінде жазған «Ананың жүрегі» туындысындағы кейіпкер деңгейіне көтеріле алмағанын мойындау керек. Демек, басқаны былай қойғанда, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің өзі – ұлтты, қоғамды дамытушы туынды бере алмаған, таланты кәдеге аспаған тұлға.
Егемендік алғаннан бері қазақ ақын-жазушыларының мұралары том-томдалып жарық көріп жатыр. Осы ұлт қажеттілігін өтейтін іс пе? Әрине, оған әркім әртүрлі жауап берер. Бірақ өзіме бұл іс ержеткен баланың қолына кітап емес ойыншық ұстатқандай амал көрінеді. Демек, қазақ әдебиетіндегі мұраларды екшегенде туындының ұлтқа пайдасы жағын ескеру керек. «Әр қарындасқа бір сырға» қоғамынан кеттік. Ақша мемлекеттікі болса да ол қоғамға пайдалы іске жұмсалғаны дұрыс. Бәлкім, бұдан былай әр «беделді автордың» толық шығармаларын 2000 данамен басып шығарғаннан пайда жоқ екенін түсініп, ұлтқа пайдалы деген туындылардан «Қазақ әдебиетінің антологиясын» жасап, оны 60-70 мың данамен шығарармыз. Әрине, бұл –биліктің құзырындағы, уақыттың еншісіндегі мәселе.
«Дельвиг клубы Пушкинді Пушкин еткен …» ұстазсыз Мұқағали зарлап өткен
«Айқын» газетінде «Абайдың арғы беті, бергі беті» жарияланғанға дейін елең еткізген бір оқиға болды. Елбасымызбен кездесуінде үлкен кісінің «Осы қанша ақын-жазушымыз бар, 800 деп жүргеніміз дұрыс па?» деген сұрағына жазушы Смағұл Елубаев «50 шақты болып қалар» деп жауап берді. Неге 50? Меніңше, 800 ақын-жазушының бары рас. Олардың барлығын да таланттар деп ойлаймын. Бірақ солардың ішінде ұлтты алға жетелейтін туынды бергені қанша? Міне, осы сұраққа жауап беру керек болса, анығы сол «Абайдың арғы беті, бергі беті» деген эсседе жазылған. Мүлде аз. 50 дегеннің өзі тым көп шама. Неге бұлай? Жауап – Абайды ұмыту. «Талантсыз, бақсыз, талайсыз қазақтың жыры – Абайсыз» деген ақын да Абай мұратынан аулақ кетті.
«Абайдың арғы беті, бергі беті» «Айқын» газетінде жарияланған соң «Егемен Қазақстан» газетінде сол Смағұл Елубаевтың бір беттік мақаласы шықты. Дінді түсіндіруге арналған туынды екен. Оқып шықтым. Деректер мен дәйектердің бәрі дұрыс. Бір ғана әттеген-айы, автор бір беттік туындысында «ақыр заман» жайлы діни ойларды оқырман зердесіне жеткізуге күш салған. Іштей «қайран, еңбек-ай» дедім. Бұдан кейін республикалық бір газеттен Қабдеш Жұмаділовтің дінді түсіндіруге арналған мақаласын және оқуға тура келді. Мұнан соң да «қайран еңбек-ай» деуге мәжбүр болдым. Өйткені соңғы кездері дін тақырыбына қалам тартатын ақын-жазушылар көбейіп кетті. Солардың бәрі дерлік оқырманын «ақыр заманмен қорқытуға» талпыныс жасаған. Жалпы, қазіргі қазақ авторлары дін тақырыбына ден қойып жатса, оларға «мұның дұрыс емес» дей алмаймыз. Бәлкім, дін тақырыбына оралу уақыт талабы да шығар. Бірақ, бұл жерде бір өлшем болуы керек, ол – жаңа туындының бұрынғылардан кем соқпауы. Демек, дін тақырыбына ой толғар болсаң, әрісі «Шығыстың жеті жұлдызы» мұраларынан, берісі Абай ғақлияларынан кем түспе. Ал Абай болса «Қара сөздерінің» біразын абсолютті ақиқатты түсіндіруге арнаса да оқырманын ақыр заманмен қорқытпаған. Керісінше, Абай оқырманына «ақыр заманнан құтылу» жолын көрсеткен. Ойланайықшы, кедей үшін ақша, соқыр үшін көз жоқтық, ақсақ үшін жүре алмаушылық, сырқат үшін меңдеген дерт, басқа тілді білмейтіндер үшін жат жұрттың сөздерін түсінбеу – ақыр заман. Жалғыз ұлың өлсе, нағыз ақыр заман сол секілді. Қысқасы, пенде үшін қиыншылықтың, жоқшылықтың бәрі ақыр заман. Демек, Абайдың ұлтқа сүйікті ұстаз болып, халық жадында сақталуы – оның сол ақыр замандардан құтылудың жолын көрсетуінде. Ендеше талантты ақын-жазушылар оқырмандарын діндегі ақыр заманнан қорқыту үшін емес, керісінше ақыр заманнан құтылу жолын көрсету ісіне күш жұмсаса, дұрысы – сол.
«Я помню чудное мгновение, Передо мною явилась ты. Как мимолетное ведение, Как гений чистой красоты». Орыстың данышпан жазушысы Александр Сергеевич Пушкиннің осынау тамаша жолдарын жатқа білмейтін қазақ ақын-жазушысы жоқ шығар. Бәлкім, оның Анна Кернге арналғанын да біразы білер. Ал сол Анна Керннің «Воспоминание о Пушкине» атты кітабын олардың қаншасы оқыды, білмеймін. Міне, сол Керн ханым өзіне мәңгі өлмейтін ескерткіш сомдаған автор жайлы былай дейді: «Пушкиннің алғашқы өлеңдері онша жақсы болған жоқ. Замандастарынан, әдебиет танушылардан сын да естіді. Ол кезде сол заманның бір ақыны Дельвиг жас әдебиетшілерді төңірегіне жинап, олардың жаңа туындыларын талқылауды әдетке айналдырды. Міне, сол «Дельвиг клубына» Пушкин де тұрақты мүше болды. Жаңа туындыларын клуб талқысына ұсынып, пікір тыңдады. Клубқа сол кездің беделді, озық ойлы азаматтары қатысатын. Крылов, Жуковский және «Петрошайвшылардың» ұйытқылары да клуб мәжілісіне қатысып, пікірлерін айтатын. Міне, осы «Дельвиг клубы» Пушкинді Пушкин етіп шығарды». Оқиғаны өз көзімен көрген адамның бұл естелігі – ақиқаттың өзі. Демек, «Дельвиг клубы» Пушкин үшін ақылшы, мектеп болған. Сындарға ұшырай берген талантты, бірақ дүниетану саласынан білімі аз Пушкиннен данышпан Пушкин жасап шығарған.
Кеңестер Одағы «Дельвиг клубының» жемісті тәжірибесін жаппай өндіріске енгізгісі келді ме, кім білсін, әйтеуір Мәскеуде және одақтас республикаларда Жазушылар одағы құрылды. Оларға үлкен «штат» пен құзыр берілді. Ақын-жазушылардың жаңа туындылары Одақта талқыланғаннан соң ғана оң баға алса, баспаға жол тартатын. Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан Жазушылар одағын ұлттық әдебиетті жасаушы нағыз таланттар басқарды. Бірақ, өкінішке қарай бүкіл республиканың Жазушылар одағы бір «Дельвиг клубының» жемісін берген жоқ. Өйткені қазақта небір керемет талантты азамат болса да олардың бірде-бірі Пушкиндікіндей ұлт өмір бойы және ұлттың әр ұрпағы пайдасын табатын «Балықшы мен алтын балық» ертегісіндей өміршең туынды жасай алмады. Ол – ол ма, бір кезде «Не мытый русь» деп жар салып, жаны ашыған халқының бүгінгідей дәрежеге көтерілуіне де сол «Дельвиг клубының» «жемісі» қозғаушы күштей әсер еткені даусыз. Ал Кеңестер Одағының Жазушылар одағы да өзінің бүкіл қызметінде орыстардан бір Пушкин шығара алған жоқ.
Қазақта, жоғарыда айтқанымыздай, таланттар көп болды. Мәселен, Мұқағали Мақатаев қазақ ақындық өнерін дамытқан сөз зергері болды десек, артық айтқандық емес. Бірақ осынау тамаша таланттың туындылары негізінен зар-мұңға, настальгияға құрылды. Ал мұндай өлеңдер әлемнің барлық ұлтында ежелден болған және бар. «Абайдың арғы беті, бергі беті» деген эссемізде Мұқағали жырлаған тақырып ежелгі римдіктер құлпытастарында да бар екенін жазғанбыз. Неге бұлай болды? Сөзден моншақ тізетін Мұқағали таланты Пушкиннен кем болған жоқ. Оқуы да аз емес еді. Мәскеудің «Литинститутында» оқыған. Демек, «жиған-тергені» көп Мұқағали ұлтты алға жетелейтін, ертеңдерге бастайтын, келешектерде де азық ететін бір сөз айтып кету керек еді ғой, неге өйте алмады? Неге туындыларының шоқтығы «Реквиеммен» шектелді? Бұл жерде біздіңше әлсіздік танытқан ақынның табиғи таланты емес, дұрыс жолды таба алмауы. 38-қара сөзінде Абай былай дейді: «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді». Абайдың хакімі әкім емес, данышпан дегенді білдіреді. Демек, тура жолды дұрыс көрсететін ұстаз Мұқағалиға кезікпеді. Ал өзінің бар «жиған-терген білімі» тура жолды дөп басып табуға жетпеді. Ащы шындық – осы. Бүкіл Жазушылар одағы, бүкіл филология ғылымы дейтін өлкеде жүрген ғылым кандидаттары мен докторлары әдебиетке сын айтып, жол көрсетуге тиіс болса да Мұқағали секілді толық таланттан тамаша шығарма шығуына жөн сілтей алған жоқ. Олардың өздерінде де қажеттіні дөп танитын білім болмады. Кінә Мұқағалида емес, оны қоршаған ортада, оған жөн сілтеп, ақыл көрсетуге тиіс институт мамандарында. Жалғыз Мұқағали емес, қазақта жоғарыда айтып кеткеніміздей, қуатты талант иелері көп болды. Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әли, Төлеген Айбергенов, Кеңшілік Мырзабеков бүгінгі қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген шын және қуатты таланттар еді. Әттең, ұлтпен мыңжылдықтарға бірге жүретін туынды арттарында қалмағаны өкінішті.
Қазақ филология ғылымының «жемісі» және Шипова мен Олжас Сүлейменов
Оқырман байқаған шығар, егер күні бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінде ұлттың өмірлік кәдесіне жарайтын әдебиет болмады десек, оған кінәлі «қазақ ақын-жазушылары» деп аталатын топтағы таланттар емес екен. Шынында да пышақтың иесінің кәдесіне жарап, пайдасын тигізуі үшін қайрақтың болуы басты қажеттілік екені даусыз. Ал біз сөз етіп отырған тақырып жағдайында сол қайрақтың қызметін көбісінде ғылым кандидаты, докторы деген дардай атақтары бар әдебиет сыншылары атқаруы тиіс. Пайымдауымызша, сол ғылым докторлары мен кандидаттарының қай-қайсысында да әдебиетіміздегі ахуалды өзек еткен бірнеше авторлық еңбектері бар болуы тиіс. Ал соларында олар «сүйкей салды» сынап, қалған жерлерінде «кейіпкерлер образдары жақсы шыққан, тілі көркем, ойы айқын» деумен шектеледі. Ол туынды ұлтты алға жетелеуші қызмет атқара ала ма, жоқ па, оған мән бермейді. Сындарының басым бөлігінде «сөзді көркем қолдану» әңгіме болады. Осынау салада ұзақ жылдар еңбек еткен филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбековтің теледидар тілшісіне берген сұхбатында ақын Несіпбек Айтов өлеңі жайлы ең мықты берген бағасы былай болып шықты: «Аққудың көз жасындай көлге тамған» дейді автор. Неткен керемет сурет!» Иә, суреттің жаратылыстану ғылымынан хабары жоқтар үшін ғажайып болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ осыны өзімізді-өзіміз алдап, ғажайып сурет десек те «ұлтты алға жетелейтін бірдеңе осы өлеңде бар ма?» деп шұқшисақ, ештеңе таба алмаймыз. Бірде тағы да сол телеарна тілшісіне Қажытай Ілиясов шығармашылығы жайлы сұбхат берген Қабдеш Жұмаділов былай деп қарап тұр: «Ол жай ғана журналист болып қалған жоқ, үлкен ақын-сықақшы деңгейіне көтерілді ғой». Байқаған шығарсыздар, Қабдеш Жұмаділов журналист мамандығын осы сөзімен-ақ мүлде түсіне бермейтін адам болып тұр емес пе?! Сондықтан да шығар, оның сонау қилы заманда Қытайға жөңкіле көшкен қазақтар тағдыры жайлы қалың кітабында ХVIII ғасырдың өзінде-ақ университеттік білім былай тұрсын, өркениет ғылымынан бастауыштық мектептен де өтпеген, солай бола тұса да, «Керей, қайда барасың?» деп тура жолдан адасқан қазақтарға жылы орнын суытпауды нұсқаған Бұқар жыраудай бір ақылман болмай шықты. Иә, қазақтар, қазақтар ғана емес-ау, бүкіл адамзат қилы заманда тура жолды көрсететін ақылмандары болмағандықтан азған-тозған, қырғынға ұшыраған. Бұл жөнінде Абайдың не дегенін жоғарыда айттық. Демек, қазақ әдебиетінің теориясын филолог ғалымдар жасап шығарды десек те, қазақ әдебиетін ұлтқа пайдалы деңгейде дамытуға қосқан ғалымдар «үлесі» қанағаттандырады деуге ауыз бармайды. Филологияның әдебиетті талдаушы саласы осы уақытқа дейін атқарған жұмыс сын көтермейді. Сөйте тұрып, олар Олжас Сүлейменовтің соңынан қолдарына «шырақ алып» түсуге бар мүмкіндіктерін пайдаланады. Бір ақиқаттың беті ашық, Олжас Сүлейменов қазақтың ұлттық поэзиясын дамытушы ақын болған жоқ. Бірақ бұл кемшілік оны «қазаққа қызмет етпеді» дегізбейді. Олжастың өлеңдері арқылы қазақты орыс және орыс тілді оқырмандар танып, білді. Ұлтқа дәл осындай қызметті Мұқағали да, Қадыр да жасай алған жоқ. Олар қазақты қазаққа танытты, бар болғаны – сол. Ал Олжас қазақтың бір ғана «айналайын», «жаным» деген сөздеріне өлең жазып, ұлт құдіретін, ұлттық философияның мықтылығын кезінде бүкіл Одаққа жеткізді. Егер Мұхтар Әуезов «Абай жолы» арқылы бізді адамзат кеңістігіне көтерсе, Олжас әлгі екі тақырыпты ғана сөз еткен жырларымен әлемге ұлттың болмыс-бітімі, жан-дүниесі қандай сұлу екендігін дәлелдеп берді. Міне, осындай тамаша тұлғаға «өлеңіңді қазақ тілінде неге жазбадың, сенің қазаққа жаның ашымайды?» деп кінә қою – тек ақымақтың ісі. Қазақты әлемге мойындату үшін Олжас өз өмірін тәрк етуге дайын болған тұлға екенін қалай ұмытамыз?! «Аз и Я» тағдырын білетін адам Олжекеңе тіл тигізуге қалай барады?!
Орайы келгенде айта кетейік, өз басым қанша жерден Кеңестер Одағын дүрліктірсе де, «Аз и Я» орыстардан Кеңестер Одағындағы түркілердің әлдеқайда мықты халық болғанын дәлелдеп шыққан «Аз и Я» емес, Қазақстан филология ғылымындағы тұңғыш еңбек Елизавета Николаевна Шипованың «Словарь тюркизмов в русском языке» деген еңбегі болған. 27,8 баспа табақтық көлеммен Алматыдағы «Наука» баспасынан 1976 жылы шыққан қалың еңбекте ғалым қолданыстағы орыс сөздерінің 2,5 пайызы Кеңестер Одағындағы түркі тілдес халықтардан алынғандығын дәлелдеген. Біз бүгіндері қазақша қолданыстан алып тастаған «таможня» сөзі өзіміздің түркілердікі екен! Ол – ол ма, орыстың «щи», «стакан» сөздері де біздікі. Ал біздің бүгінгі «тілшісымақтар» осындай сөздерді, яғни өз сөздерімізді қайтадан «қазақшалап» беруге мықтап кіріскендей. Қызық, орыс түркілерді емес, түркілер орысты дамытқан деген тұжырым жасататын осынау еңбекті жазып шыққан да фамилиясынан көрініп тұрғанындай, орыс қызы! Қайда қазақтың толып жатқан ғылым кандидаттары мен докторлары? Олар не бітірген? Жалпы алғанда, бар болғаны 3500 данамен шыққан бұл кітапты қазақ ақын-жазушыларының, журналистерінің, ол – ол ма, филология ғылымы докторлары мен кандидаттарының қаншасы оқып шықты, ол белгісіз. Ал еңбекке алғы сөз жазған академик Ісмет Кеңесбаевтың бұларды білгені, мақұлдағаны, қуанғаны ақиқат. Қазақтың филология ғылымы саласындағы шын ғалымдарының соңғы тұяғы Ісмет Кеңесбаев болды деуге тілім бармайды. Десек те ақиқат – осы.
Тақырыпшаны қорытындылар болсақ, қазақ әдебиеті оны тәрбиелейтін, сүйегін түзейтін «тал бесігі» – әдебиет сыны саласындағы филилогия ғылымының осы уақытқа дейінгі том-том «еңбектерінің» 99 пайызы әсерсіз, нәрсіз дүниелер деуге лайық. Демек, мынадай қорытынды жасауға мәжбүрміз. Қазақстан Жазушылар одағы, қазақ филология ғылымы дейтін институттар ұлт қажетін өтейтіндей жұмыс істей алған жоқ. Олай болса, енді әдебиетіміз түзелсін, ұлтқа дұрыс жолды көрсетуші жасампаздық құралына айналсын десек, ең алдымен тал бесікті – Жазушылар одағы және қазақ филология ғылымы дейтін институттарымыздың «қайта құрылып», талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Ал бұлар Қазақстан мемлекеті толығымен қайта құрылып бітсе де баяғы сарыннан айнымай, әдеби туындыны бағалауға келгенде «пай-пай, тілі қандай көркем» деп тамсанумен келеді. Әрине, қазақтың жүз ғылым докторы мен кандидаты осы уақытқа дейін бір Шипованың тындырғанындай ештеңе істей алмаса, олардан енді бірдеңе шығады деп күту тым аңғалдық болар.
Жюль Верн мен Абай немесе үміт еткен үшеу-ді
Адамзатты, қоғамды дамытқан әдебиет «балалар әдебиеті» деп аталатыннан бастау алған. Қазақтың «Ертөстік», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Керқұла атты Кендебай» секілді тамаша ертегілері ұлтымыздың дамуына зор үлес қосқан дүниелер болды десек, артық емес. Абайдың «Ескендір», «Масғұт» поэмалары – ұлттық дамуға серпін берген туындылар. Ал адамзат өркениетіне Жюль Верн фантастикалары қозғаушы күштей әсер етті. Демек, дамуға балалар әдебиетінен бастап үлес қосқан шығармалар қазақта да, әлем халықтарында да бар.
Кейінгі қазақ әдебиетінде «балалар әдебиетін» жасауға Қадыр Мырза Әли белсене кірісті. Бірақ көп ұзамай, Қазақстан Комсомолы сыйлығын алған осынау қуатты талант иесі «балалар әдебиетін» тастап, үлкендерге «ақыл айтуға» біржола көшті. Шамамен, жалғыз талант Мұзағаң (Мұзафар Әлімбаев) ғана бүкіл ғұмырын «балалар әдебиетін» жасауға арнады. Рақмет дейміз. Солай дей тұрып, кәсіби ақын-жазушылар жасаған «балалар әдебиетінде» Жюль Верн хикаясын былай қойғанда, өзіміздің «Ертөстіктей» туынды жоқ. Неліктен? Өз басым, бұл сұраққа былайша жауап беремін: «Әдебиет майданында жүрген таланттардың жаратылыстану білімі жоқ. Сондықтан да олар балалардың ойларын ғылыми фантастикамен жетелеуге дәрменсіз». Иә, қазақ «балалар әдебиетіндегі» туындылар әрі кеткенде «үлкендерді сыйла», «ата-анаңды тыңда», «мейірімді, қайырымды бол», «тәртіпті бұзба», «еңбекқор бол» деген дидактика төңірегінде қалды. Жалпы, бұл дерт бүкіл қазақ әдебиетіне қатысты «сырқат» десем, қателеспеспін. Кәсіби ақын-жазушыларды түлетіп шығаратын «филология, журналистика» факультеттеріне негізінен нақты пәндерге құлқы болмаған, тек сөз өнеріне бейімдер оқуға түсті. Солар ақыр аяғында ұлттық әдебиетті жасады. Тіпті, олар ұлттық әдебиетті жасауға кіріскен шақтарының өзінде ұлт ұстазы – Абайдың жаратылыстану ғылымынан мол хабары болғанын ескермеді де. Әдебиетті жасау үшін әлемге танымал әдебиетшілердің прозасы мен поэзиясын оқу жеткілікті деп ойлады. Олардан да қаншасын оқығаны белгісіз. Ал жаратылысты танып-білмей, келешектерге бастайтын әдеби туынды беру мүмкін емес. Міне, біздің әдебиеттегі олқылықтың бір себебі – осы.
Олжас Сүлейменов жас шағында-ақ «Земля покланись человеку» поэмасын жазып, «Айды аспаннан бір-ақ шығарды». Мінекей, жаратылыстану ғылымынан хабары барлар осындай туынды береді. Турасын айтқанда, өз басым Олжекең шығармаларының ең жоғары тұрғаны бозбала шағында-ақ берген осы туындысы деп ойлаймын. Иә, адамзат ұрпағының көкке көтерілуімен «аспан – Құдайлар мекені» дейтін мифологиялық догманың күлі көкке ұшты. Бір ренжитін жерім, соңғы жылдары қазақ тілінде жазатын білгішсымақтар «Олжас «Адамға табын Жер енді» деп Жер-ананы қорлап, қателесті» дейтінді шығарыпты. Неткен, надандық! Ежелгі дүниеде-ақ Архимед «Жерді көтеріп кете аламын» демеп пе еді?! Сонда біздің ақын-жазушысымақтар мұны да білмегені ме? Надандық сонда, «аспан – Құдайдың мекені» деген сөз қасиетті кітаптардың бірде бірінде жоқ. Ал Құран Кәрімде бары – Жаратушының «ғылымды Қытайда болса да меңгер» дегені. Ұлт ұстазы – Абай абсолютті ақиқатты танып-білудің жалғыз жолы осы ғылымды меңгеру деп өсиет етті. Олай болса, бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінің біраз бөлігін, басқаны былай қойғанда, Құраннан да, Абайдан да хабарсыздар жасаған деу керек шығар. Мұндай жағдайда әдебиет қайдан оңсын?!
Өкінішке қарай, Олжас Сүлейменов өзінің даңқын шығарған тақырыпты әрі қарай дамытпай қалған уақыттағы күш-жігерін «ұлы орыс шовинизмі» және «евроцентризм» дейтінмен күреске арнады. Қазақтың біз жоғарыда айтқан болмыс-бітімі жайлы туындылары да, аты шулы «Аз и Я» да – осы сөзіміздің нақты дәлелі. «Неге бұлай?» деп түңіліп жүрген сәттерде Сәтімжан Санбаев, Роллан Сейсенбаев, ал одан кейініректерде Иран Ғайып секілді тамаша таланттар әдебиет алаңына шықты. Бұл үштіктен өз басым үлкен үміт күттім. Өйткені олар техникалық жоғары білім алған, яғни жаратылыстану деген әлемнен толық мағлұматы бар таланттар еді. Иә, олар басқаларға қарағанда «сауатты» шығармалар жазды. Десек те «арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы доңғалағы солай жүреді» демекші, бұл үштік те үмітті толық ақтамады. Абай жолымен жүріп, ұлттық сананы дамытатын әдебиет жасаудың орнына, күнделікті күйкі тірліктің шырмауынан аспаған алдағы буынның соқпағынан шыға алмай қалды. Жүректің бар болғаны мәшинедегі корбюратор секілді адам ағзасындағы қан айдаушы қызметін атқаратынын және оның ешқашан да адам сезімін басқара алмайтынын біле тұра, бұлар да «жүрек қалауы» дейтін тіркестерден онша алыстап кете қойған жоқ. Қысқасы, қазақ әдебиеті дүниетану, жаратылыстану ғылымынан хабары жоқтар жасаған дүние болғандықтан да ұлтты алға жетелеуші күшке ие бола алмай қалған. Демек, ұлтқа пайдалы әдебиет жасаймыз дейтін бүгінгі және болашақ таланттар сөз өнерінің шеберлерінен гөрі, жаратылыстану ғылымдарынан мағлұмат жинақтаса, іске сөйтіп барып кіріссе, ұлтқа пайдалы туынды сонда өмірге келеді. Өз басым, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» мен Әбіш Кекілбаевтің осы тақырыпты қаузаған романы түгіл, Олжас Сүлейменовтің «1001 слово» атты еңбегін де ұлт ертеңдеріне қызмет ететін дүниелер деп ойламаймын. Өйткені бұл туындылар – қанша жерден жақсы болса да кешегіні бүгінгілердің есіне салуға ғана қызмет еткен шығармалар. Ал Грекияда ондай шығармалар Гомер, Италияда Сенека заманында-ақ жарық көрген. Олжекеңнің «1001 слово» еңбегінде дәлелденген «евроцентризмнің» қате екендігі жайлы беріде Гумелев, әріде Дәуіт пайғамбар айтқан. Адамзаттың шыққан тегі бір және ата-мекені – Африка. Осы ақиқат үшін соншама еңбектену, соны дәлелдейтін қалың кітап жазу менің пайымымда ұлттық қажеттілік емес. Қазіргі кезде «Гарри Поттер» бүкіл дүниенің ықыласына бөленген шығармаға айналды. Авторына Нобель сыйлығы берілді. Мен ағылшынша білмеймін. Білмесем де соңғы жылдардың даңқты кітабының авторы үй шаруасындағы әйел болғандықтан «тілі көркем» болды деуден аулақпын. Ал бұл туындының көпті өзіне тартқаны бір ғана қасиеттен, ол – оқырманның қиялын дамыту қасиеті. Иә, шығарма – қиялға әсер етуші құрал. Ол қиялды қиялдаушының өзін жаңалықтарға, жеңістерге талпындырса ғана нәтижелі болмақ. Сондықтан да қазақ әдебиетін бұдан былай жасайтындарға сөзге шебер болу мүлде жеткіліксіз екенін ескерткім келеді.
Маралтай ма, Роза Әлқожа ма?
Қазіргі сөз өнеріндегі қазақ жастары арасында Маралтайдың шоқтығы биік десем, мұныма дауласушылар көп болмас. Иә, өлең жазу технологиясын жақсы меңгерген бұл жігіт – шын талант. Сондай-ақ, Роза Әлқожа атты тағы бір талант иесі бар. Өлең технологиясына келгенде оның қауқары Маралтайдан осалдау. Десек те, өз басым біреу келіп «ХХІІ ғасырға осы екеуінің қайсы жетеді?» дей қалса, сөз жоқ, мүдірместен Роза Әлқожа десем, оныма ешкім дау айта алмас. Өйткені Маралтайдан оны басым ететін екінші қасиет осы қызда бар. Ол – сазгерлік. Өз өлеңдеріне өзі ән жазып жүр. Және әндерінің көбісі «елжіреуге бейім» қазақтарды баурап алады. Ақиқатын айтсақ, осы талантының арқасында Роза Әлқожа қазірдің өзінде қазақтың біраз бөлігі білетін «тұлғаға» айналды.
«Қазақ ақынын сыйлаған» дегенді сөз өнерінде жүрген кәрі-жастың бәрі айтуға құмар. Ал шын мәнінде бұл ой – олардың өзін-өзі алдауы. Ақиқатында, қазақ ақынын емес, ақылдысын сыйлаған. Айталық, Қазтуғандар Мұхтар Мағауин секілді еңбекқор ғалым «таппаса» «белгісіз жәдігер» секілді қалар еді. Өйткені ақынның ұлтты алға жетелейтін, ұлтқа өмірлік азық болатын туындысын көре алмадық. Ал Абай сөздері «Абай жолы» шықпай-ақ, ұлттың естісі жатқа соғатын ұлағат болған. Демек, сөз өнері саласында талантың болса, ең алдымен оны ұлтқа пайдалы ой айтуға қолдан. Бұл – бір. Екіншіден, «Ақан, Біржан, Балуан Шолақ, Мәди, Естай секілді ақындардың өлеңдері де бүгінге дейін жетті ғой, ал олар ғақлия айтқан жоқ» деп әлгі ойыма біреулер дау айта қалса, оған да жауап дайын. Бұл ақындардың мұраларын бүгінге жеткізген олардың өлеңдері емес, әндері!
Жазу өнеріне келгендер ең алдымен осы екі ақиқатты түсінгендері жөн. Түсіну ғана емес, толық мойындап, күнделікті тіршілігіңде сол бойынша жұмыс істеу керек.
ХХ ғасырда әлемдік деңгейдегі қазақ әдебиеті жасалды делініп жүр. Иә, бұл – даусыз шындық. Екінші даусыз шындық – Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Кеңшілік Мырзабеков бұл іске зор үлес қосқан ерекше таланттар. Десек те, басқаны былай қойғанда, қазақ халқына олардан гөрі, Әбдірахман Асылбеков, Шөмішбай Сариев көбірек танымал. Себеп – соңғы екеуінің сазгерлермен бірлесіп жұмыс істеуінде. Бұл да бүгінгі және ертеңгі ақындарға ойласатын тұс. Өйткені қазақтың басым бөлігі «нағыз інжу-маржан» делініп жүрген Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын», Қадыр Мырза Әлидің «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптарындағы тамаша туындыларды білмейді де, ал Әбдірахман Асылбеков пен Шөмішбай Сариевтің өлеңдерін әрбір той-томалақта «шырқай» жөнеледі. Ақиқат және парадокс – осы!
Рақмет, Дидахмет!
Таяуда қазақ әдебиеті төңірегінде теледидар арналарынан екі хабар көрдім. Бірінде жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың аударылып, шет елдерде шыққан кітабының тұсаукесері болды. Бұл іске демеуші қатынасқан екен. Ал енді осы арнайы хабарда сөз алған жазушылар былай дегендей болды: «Әбекең демеуші тапты. Қалғандарында ол жоқ. Біз әлеммен иық теңестіретіндей әдебиетіміз бар ұлтпыз. Енді соларды аударып, шет елдерде шығарсақ қазақтың кім екенін әлем сонда таниды. Бұған мемлекет қолдау көрсетуі керек». Тыңдаған, әлем және қазақ әдебиетінің бүгінгі болмыс-бітімінен бейхабар, аңғал адамға әдемі сөз. Қош.
Көп ұзамай, тағы бір теледидар хабарынан жазушы Дидахмет Әшімханов сөз сөйлеп, былай дегендей болды: «Шетелдік бір жазушының шағын әңгімесін оқыдым. Онда бар болғаны бір адам көзілдірікпен қарағанда өсіп тұрған ағаштың ұшар басында жұдырығын түйген адамды көреді. Көзілдірігін алып тастағанда әлгі ағаш үстінде тұрған жұдырығын түйген адам жоғалып кетеді. Әлгі адам көзілдірігін кисе баяғысын көреді, алса тағы да түк жоқ. Барлық оқиға – осы». Осыны естігенде «Рақмет, Дидахмет!» дедім. Иә, менің жазушы Дидахмет Әшімхановқа алғыс айтуымның жөні бар еді. Біздің бүгінгі қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің болмыс-бітімін толық танып-білу үшін бір емес, бірнеше «көзілдірік» қажет. Ол – ол ма, микроскоп, тіпті телескоп керек. Оқырман түсініп отырған шығар, кәдімгі көзілдіріктер мен микроскоптар, телескоптар жайлы бұл арада сөз болмауы тиіс. Бұл бар болғаны – әдебиет жайлы пікір айтатындар мен әдебиетті жасаушылардың өздері үлкен біліммен қарулануы керек деген сөз. Біз әдебиетті жасаушылар мен әдебиетке пікір айтып келгендер жайлы ойымызды бұған дейін айтқандықтан, енді оған тоқталып жатпаймыз. Ал нақты оқырманға келетін болсақ, олардың 99 пайызында әлем және қазақ әдебиеттерін бір-бірімен салыстыратындай мүмкіндік бар деп ойламаймын. Себебі, шет тілін меңгеруге ұлттың ден қойғаны «кеше ғана». Сондықтан да біздің көбіміз барға мәзбіз.
Жалпы, адамзат әдебиетіне зер салсақ, ұлттардың көбісі «романтизм», «реализм», «сюреализм», «футуризм», «классицизм» деген арнадағы өз әдебиеттерін жасауды әрісі Гомер заманында бастап, берісі Данте және соңы Лев Толстой мен Пушкин, Стендаль, Мопасан, Золя заманында толық қалыптастырды. «Әлемдік» делініп жүрген әдебиеттердің ең озық нұсқасы сол ХІХ ғасырда адамзаттың қолына тиді. Ал бүгінгі қазақтардың «әлемдік әдебиетпен иық теңестіретін ұлттық әдебиетіміз бар» деп жүрген дүниелері ХХ ғасырда ғана жасалған. Арадағы қашықтық ең кемі ғасыр. Демек, бүгінгі біздің «мықты» деп жүргеніміз еуропалықтар үшін мүлде таңсық дүние емес. Айталық, біздің «мықты» дейтіндеріміз Ілияс Есенберлиннің, Әбіш Кекілбайдың тарихи тақырыптағы қазақтар сүйсіне оқыған романдары дер болсақ, онда Алексей Толстойдың «Бірінші Петрі», Стендальдың «Жизнь Напалеона» атты романы бұдан ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған ғой. Айтқандай, Напалеон Бонапарт пен император Бірінші Петр адамзат тарихына әсер еткен ғаламдық тұлғалар. Ал Абылай, Әбілқайыр, Кенесары кімдер? Олар еуропалықтар немесе азиялықтар өмірін іздеп жүріп оқитын соншалықты танымал тұлғалар ма? Бұл – бір. Екіншіден, біз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді жазушыларды қанша жерден классиктеріміз десек те бұлардың «классицизміне» «социалистік реализм» салқынын тигізбей қойған жоқ. Жалпы, «әлемдік әдебиетпен иық теңестіре алады» деп жүрген дүниелеріміз түгелдей «социалистік реализмнің» «жемісі». «Күріш арқасында күрмек су ішеді» дегендей, әдебиетімізде романтизм мен сюреализмнің, футуризмнің «ұшқындары да» болды. Қысқасы, әлем баяғыда жасаған дүниені ХХ ғасырда жасаған қазақ соларымен енді әлемді «мойындатпақ». Мүлде күлкілі жағдай. Мойындау керек, кәсіби қазақ ақын-жазушылары «жасадық» деп жүрген дүниелер – бар болғаны әрісі Еуропа, берісі Ресей «романтизмі» мен «классицизмінің» ХХ ғасырда қазақтар жасаған суррогаттары. Маған таласушылар болса, Хамза Есенжановтың Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығымен бағаланған «Ақ жайық» трилогиясына сол кезде-ақ берілген сыншы бағасын оқып шығуына болады. Өкінішке қарай ащы да болса әділ сын «жеңіліп» суррогат жасаушылар жеңді де бұдан әрі қазақ әдебиетіндегі суррогаттар көбейіп кетті. Бүгінгі «әлемдік әдебиетпен тең» деп жүргендеріміз солар. Бұдан артық не айтайын?
«Бәсекелестікке қабілеттілік» деген сөз соңғы жылдары санамыздан мықтап орын алды. Бірақ мұны қазақ әдебиетін «жасағандар» мен «жасап жүргендер» әлі білмейтін немесе білсе де мойындамайтын секілді. Тіпті олар «Гарри Поттер» неліктен Нобель сыйлығын алды?! деп ойланбайтын да шығар. Қысқасы, қазақ әдебиетінің бүгінгі ХХ ғасырда жасалған «мол мұрасын» шет тілдеріне аударып, «әлемді мойындатамыз» деу – тым аңғалдық. Асыра мақтанушылық деген – осы. Ал «бәсекелестікке қабілеттілік» сөзі кез келген тауардың өзін өндіруге жұмсалған ақшаны өсіммен қайтаруы дегенді білдіреді. Енді ойланыңызшы, мемлекет «Көшпенділер», «Аласапыран», «Қан мен тер», «Соңғы көш» секілді туындыларды аудартып, шет елдерде шығаруға қаражат бөлсе, ол ақша қайтып орнына түсе ме? Жоқ. Сонда не, мемлекетті осы уақытқа дейін «сорғанымыз» аздай, тағы да «сора береміз бе»?! Демек, бүгінге дейінгі әдебиетімізді шет тілдерге аударып, сырттағы беделімізді өсірейік деу – бос әуреге талпыныс қана.
Әр ұлт әдебиетін өз таланттары жасайды. Ол әдебиеттердің іште және сыртта өтімділігі оны жасаушының талантына ғана байланысты емес, сонымен бірге біліміне, дүниетанымына, жаратылыс жайлы мағлұматына да тікелей қатысты. Мықты білімділер жасаған әдебиет «өз шығынын» қайтарады. Ал біздің әдебиетті «мықты білімділер» жасады ма? Бұл жайлы бұған дейін де айтқандықтан енді оған тоқталмайын. Тек Қазақстан әдебиетінің бар болғаны екі көрнекті өкілі ғана жалпы адамзат өздеріне дейін айта алмаған сөзді айтып шықты. Оның алғашқысы – айтарын ХІХ ғасырда айтып кеткен ұлт ұстазы Абай. Абайда Толстой, Данте, Шекспир түгіл, Сократтың өзі айта алмаған ойлар бар екенін бұған дейін де жазғанбыз. Демек, Абайды әлемнің қай тіліне аударсақ та оған кеткен ақша қайтарымды болары сөзсіз. Ұлтты Абай арқылы сыйлатсақ та жетеді. Ал екінші мықты, өзіне дейін адамзаттың бірде-бір ақыны айта алмаған сөзді ХХ ғасырда айта алған – Олжас Сүлейменов. Ол «Адамға табын Жер енді» деді. Сөйтіп, өзіміздің ең басты Анамыз – Жердің «халі мүшкіл» екеніне адамзаттың назарын аудартты. Иә, Жер Ананы жойып жіберуге АҚШ және Ресей федерациясындағы «күзетте тұрған» атом бомбаларының күші толық жетеді. Міне, сұмдық – осы. Осы сұмдықты адамзатқа бірінші болып, көзге шұқып көрсеткен – Олжас Сүлейменов. Әттең, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Олжекең осынау тамаша бастамасын жалғастырмады. Өкінішті-ақ. Десек те Абай мен Олжас Сүлейменов қазақ әдебиетін әлем әдебиетінен биік етіп жіберді. Тек Олжас Сүлейменов «социалистік реализм қалыбында» жазылған сол тамаша туындысын бүгінгі күн биігінен «түзетіп», толықтырып, дамытса – тамаша болар еді. Ақиқатқа тура қарасақ, біздің бүгінгі және ертеңгі ақын-жазушыларымыздың «старты» осы нүктеден басталуы тиіс. Ал қазақты ағылшын, француз, кәрістерге таныстырамыз, сөйтіп бедел жинаймыз десек, онда бар болғаны Абай мұраларын, «Абай жолын», «Адамға табын Жер енді» поэмасына Олжекең ден қойса, «түзетіліп, толықтырылған» жаңа нұсқасын, сонан соң Болат Жандарбековтің «Томирис» романын және Әнуар Әлімжановтің «Отырардың құлауы» атты еңбегін ғана «экспорттай алатынымызды» еске саламын. Өйткені бұлардағы басты кейіпкерлер – адамзаттың бәріне ортақ, бәріне таныс зор тұлғалар. Өкінішке қарай бұл тізімге Тұрсын Жұртбаевтың өзім сүйсіне оқып шыққан «Дулыға» атты екі томдық эсселер жинағын енгізе алмаймыз. Себебі – екеу, біріншісі – ол қазақтар үшін ғана жазылған, екіншісі – еңбектегі басты кейіпкерлер Томиристен соң «Абылайдың түсіндегідей» ұсақтай береді, ұсақтай береді. Иә, Тұрсын қазақ тарихының ақиқатын жазды. Бірақ сол ақиқат соңына қарай тұтастай ұлтты, асқақ ұлтты ұялатындай дәрежеге жеткізді. Мұнымызды шетелдіктерге айтқаннан не ұтамыз? Ештеңе, керісінше қазақ деген ұлтты қалай «ірітуге» болатынын жұртқа үйретіп береміз. Ал өзіміз үшін бұл – құнды еңбек. Бабалар заманында кеткен сондай қателіктерді бүгінгі және келер ұрпақ қайталамауы үшін де Тұрсынның бұл еңбегі мектептерде оқытылып, әр шаңырақтың төрінде тұруы тиіс. Міне, осы айтылғандардан басқа бірде бір әдеби туындымыз «шетелге
шығарғанда» абырой әпермейді.
Таразыға түсетін таланттар мен мұраттар
Ежелгі дүниенің қуатты талант иесі Эпикур «Құдай жоқ» деп қателесті. Біз оған ренжімейміз. Өйткені өздерін «Атон, Амон Құдайларының ұрпағымыз» деп жариялаған ежелгі Египет перғауындарының іс-әрекеттері талантқа осылай дегізген шығар. Солай бола тұрса да, сол замандағы бір талант Фиди Құдайдың бар екенін дәлелдеу үшін оның алып мүсінін алтын мен піл сүйегінен сомдап шықты. Бұл да Жаратушыны дәл адам бейнесінде жасап қателесті. Адамдар сол мүсінді қиратып, Құдайды жеңеміз деп ойлады. Бұл кезде Гомер адамдарға «Құдаймен алпарыспаңдар, бәрібір жеңілесіңдер» дегенді айтты. Сол үшін де Гомер Жаратушыны тануға ұмтылған алғашқы талант иесі болды. Тек ХІХ ғасырда ғана бүгінгі қазақ даласында өмірге келген Абай «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп оны мойындау үшін танып-білу керек, танып-білу үшін «Алланың бір сипаты ғылым» (Абайдың сөзі) деп ұғып, ғылымды меңгеру керек екендігін айтты. (Ескерте кетейік, Абай бұл жерде тарих, филология ғылымдары туралы емес, жаратылыстану, дүниетану ғылымдары жайлы туралы айтқан). Сөйтіп, адамзатты биік мұраттарға бастады. Міне, гәп неде?!
Түптеп келгенде, әңгіме еңбектің нәтижесі жайлы болып отыр. Сондықтан да бұл мәселеде қашан да таразыға түсетін таланттар мен мұраттар деп қарастырғанымыз жөн. Жоғарыда бірнеше рет айтып кеткеніміздей, қазақ әдебиеті таланттардан кенде болған жоқ, әлі де кенде болмайды. Ал мұраттарға қатысты айтар болсақ, онда әңгіме мүлде бөлек. «Абай қалай Абай болды?» деген сұрақтың жауабын іздесек, жолығарымыз осынау алыптың жазу өнеріне шындап ден қояр шағында алдына қойған мақсат-мұраты ұлтқа ұстаз болу екенін көреміз. Олжас Сүлейменовте даңқты поэмасын жазар кезде кеңестік ғылымның жетістігіне шалқып, қуану сезімі болған. Биік мұраттар деп осыны айт! Мұрат неғұрлым биік болған сайын, нәтиже соғұрлым тұщымды. Олай болса, қазақ әдебиетін жасаушылар да, жасаушыларға сын айтушылар мен көмектесушілер де алдарына биік мұрат қоюы керек. Бізге жетпеген, әлі де жетпей жатқан осы – биік мұрат. Иә, қазақ әдебиетін «жасауға» мүлде жаңа көзқарас қажет. Қазақ әдебиетінде де, 1991 жылы еліміздегі бүкіл ұстанымды өзгерткен қоғамдық қатынас реформасындай реформа керек. Бұл реформа екі жақтан жүріп, бір нүктеде түйісуі тиіс. Мемлекет өз тарапынан әдебиет институтын, Жазушылар одағын жаңаша жұмыс істейтіндей реформа жасайды. «Жазушылар одағының мүшесінің кітабын мемлекет есебінен шығарып, авторға қаламақы төлеу» деген ұстаным мүлде ұмытылуы тиіс. Бұл мемлекет есебінен кітап шығарылып, авторға қаламақы төлену мүлде доғарылсын деген сөз емес. Бар болғаны – «ұлтқа, мемлекетке ол еңбек пайда бере ме, жоқ па» деген сұраққа нақты дұрыс жауап алып, сол еңбекті ғана шығарып, сол авторға ғана қаламақы төленсін деген ұсынысты білдіреді. Жалпы, кітапты талапқа сай болған күннің өзінде баяғы Кеңес заманындағыдай «Қазпошта» арқылы «жазылу» бойынша шығарса, сол – дұрыс. Бұл –мемлекет тарапынан атқарылатын жұмыстар.
Екінші жүріс автор жағынан болады. Біз жоғарыда айтқанымыздай, «ғұмыры ұзақ», ұлтқа пайдалы туынды беру үшін автордың «талантты болуы» мүлде жеткіліксіз. Әр автор алдарына биік мақсат-мұрат қойып, таланттарын көп оқулары арқылы байытып, жаратылыстану, дүниетану ғылымдарынан жеткілікті білімді болуы қажет. Олай болмайынша, бар еңбектің текке кеткені. Демек, филология, журналистика факультеттеріндегі сөз өнеріне қабілетті жастарды оқыту жүйесіне де үлкен реформа жасау қажет секілді. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» болашақ жазушыларға, Төлеген Айбергеновтың «Сағынышын» ақындарға «үлгі» етіп көрсетуден «қашатын» кез келді. Мұқағали да ертеңнің әдебиетін жасаушыларға үлгі бола алмайды десем, мұнымды қателік деп ойламау керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бүгінгі қазақ әдебиеті – үлкен «дерт» бойын ауырлатқан әлсіз ағза. Мұны мойындауға тиіспіз. Қалған істі осы ақиқатты мойындап алып бастасақ, дұрысы – сол. Тарихқа үңілсек, адамзатқа тұщымды дүние берген ақын-жазушылардың даңқын шығарған – жеке меншік баспа иелері болған. Айталық, талантты Жюль Верннен адамзатқа көптеген пайдалы «ақыл» айта алған даңқты Жюль Верн жасап шығарған оның кітабын басқан баспахана иесі. Ал біздің кешегі және бүгінгі баспаханаларды билеп-төстеп отырғандар сондай әдемі кеңес бере алатын тұлғалар ма? Бұл енді жауабы қиын сұрақ.
Жалпы алғанда, жаңа қазақ әдебиетін жасау керек. Ал оны шағын балалар әдебиетінен бастасақ, тіпті жақсы. Орайы келгенде айта кетейік, ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің ең озық үлгісі Нобель сыйлығын алған «Тынық Дон» эпопеясы болды деушілер мүлде қателеседі. Орыс әдебиетіндегі ең пайдалы болған туынды – Самуэл Маршактың «Айболиті». Пушкин «Не мытый русь» деп кеткен халқы осынау шығарманың көмегімен адам баласы түгіл, жан-жануарларға да мейіріммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеуге көшті. Міне, пайда қайда жатыр?! Ал біздің бүгінгі ұлтжанды «білгіштеріміз» Алдар Көсемен, Қобыланды батырмен, Қыз Жібекпен «жаңа ұрпақ тәрбиелеуге болады» деп әлі адасып жүр. Иә, бұлар – біздің ұрпаққа «сананы жетілдіру мектебі» болған шығармалар. Десек те олардың бірде бірі ХХІ ғасырдың «алас-күлес, үргін-сүргініне» ере алатын ұрпақ тәрбиелеуге дәрменсіз. Қазақтан басқа әлем түгел ұрпағын небір қиындықтардан қорғана алуға даярлап жатқанында біз «қара домалақтарымызды» қабығы жарылмаған жұмыртқа уызындай ұстағымыз келеді. Демек, жалпы әдебиетке, оның ішінде балалар әдебиетіне ұлттық көзқарас толығымен өзгеруі тиіс. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қанша жерден керемет тамаша аударсақ та ағылшын,француздарды немесе кәрістерді хандар мен революционерлер жайлы жазылған қалың романдармен тәнті ете алмаймыз. Ашығын айтайық, әлемдегі «жайбасарлар» біздің қазақ қана. Ал ағылшын, жапон, кәрістер «сіңбіруге уақыт таба алмайды». Олар тіпті бала тәрбиесіне де уақыт жоқтығын айтып, «зар илейді». Сондай шапшаңдық пен жұмысбасты жағдайда өмір сүріп жатқан жұрт «қазақ хандары қандай болды екен?» деп «Көшпенділер» мен «Аласапыранды» оқиды деп ойлау – мүлде білместік. Әдебиет әрқашан да заманына лайық болуы керек. Екерте кетейік, «Гарри Поттер» әу баста шағын ертегі күйінде жарияланған. Оқырман ризашылығына бөленген сайын жазыла берді, жазыла берді. Оқиғадан оқиға туындап, ақыры үлкен шығарма шықты. Бұл да ойласатын тұс.
Ақын-жазушыларға Мемлекеттік сыйлық «үлестіру» дәстүрі тыйылуы керек. Біз жоғарыда «кез келген талант тауар шығарушы қасиетке ие» дегенді айттық. Және ол «тауар» таланттың күнкөріс көзі болатынын да жасырмадық. Солай бола тұрса да ұлттық әдебиеттің абыройын асқақтатпайтын, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтарға өмірлік азық бола алмайтын дүниелерді мемлекет есебінен басып шығарып, авторына қаламақы төлеу, ол – ол ма, «тамыр-таныстықпен» сыйлықтар беру тыйылмай, ештеңе түзелмейді. Бәлкім, бүгінге дейінгі әдебиетіміздің жағдайы «Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса …» дейтін Абайымыз болмағандықтан да солай шығар. Иә, Абайымыздың сөзі бар да өзі жоқ. Олай болса «Ғылым – Алланың бір сипаты» деген ұлт ұстазының жетінші, отыз үшінші, отыз бесінші, отыз жетінші, отыз сегізінші қара сөздерін бір оқып шығып, әр автор өз біліміне, өз туындысына бірінші сыншы болса, ұтыс сонда. Сондықтан да эссенің бас жағында Михаил Светловтың өз туындылары жайлы пікірін мысалға келтірдім. Әр қазақ ақын-жазушысы сол Светловтай болса, ұлттық әдебиет сонда түзеледі. «Таланттарымыз бар» деп тоқмейілсіп жүре бермей, мұраттарымызды түзейік. Мұрат түзелмей, ол мұрат Абай мұратымен астасып жатпай, әдебиет түзеледі деу – бекершілік. Сондықтан да әзірге кешегіден түңілсек те ертеңнен үміт үзбейік демекпін. Тек биік мұратты ертеңнен …
Жұмабек ЖАНДІЛДИН
Айкын