Астана. 11 тамыз. Baq.kz – «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ.
«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару қажет-ақ.
Жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер саны бүгінгі таңда ресми деректердің айтуынша, 80 мыңның үстінде екен. Жай ғана ой таразысына салып көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді. Хош, мектеп бітіріп, оқу орындарына түскендері жатақханаға жайғасады делік, бірақ ол да небәрі төрт жылға жалғаспай ма? Ал, оқуға түсе алмағандарын алдыда не күтетінін елестетудің өзі қиын. Жұмысқа орналасу, ең алдымен, белгілі бір жерде тіркеуде болғаныңды талап етеді. Сонда тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден кім құтқарады?
«Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар» демекші, жұмыспен қамтылмаған, оқуға орналастырылмаған тағдыр тәлкегіне түскен балаларды қатал өмір қайта қарсы алады. Бірі жалданып нанын тапса, енді біреулері қылмыстық әлемнің қақпасынан ары асады. Түрме түскендердің көбісі балалар үйінен «далаға тасталғандар» екенін ешкім жоққа шығармайды. Жанашыр жақыны, тіреу болар туысы жоқтың үні де естілмей, мұңы да ескерілмейтіні анық жайт. Бүгінде ата-анасынан айырылғандарға байланысты шешімін таппаған шиеленістер тіптен көп. Кәмелеттік жасқа толғандарына тұрғын үй беру мәселесі де тура жолға қойылмағаны тағы бар. Заң бойынша, балалар үйінің түлектері тек 23 жасқа дейін ғана мемлекеттік қордан берілетін баспанадан үміттене алады. Осындай әлеуметтік пәтерге енді қол жеткізген кезде жас мөлшері асып кетуіне байланысты баспана бұйырмай қалғандар да баршылық.
Әкесі де, шешесі де интернат болған балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен тәрбиешілер мен басшылықты да алаңдатады. Алайда олардың қолынан келетін дәрмен жоқ. Әйткенмен, кейде тағдырдың оларға жылышырай танытатын кездері де болады. Ол – қазақтың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен азаматтарының шынайы қамқорлығы. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ деген халық екенімізді жан-тәнімен түйсінген жанның адамшылық зор қасиеті.
«Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі» демекші, бұйырмыс солай болған шығар, бірде атыраулық кәсіпкер жігітпен жолығысып қалдым. Өзі аяққа нық тұрған, қалыптасқан кәсіпкер екен, бірнеше кәсіпорындары да бар. Егемен елімізбен бірге дамып, өркендеген отандық «Нефтестройсервис» компаниясының басшысы Ақдрашев Ибрагим әңгіме барысында біздегі балалардың жайы туралы да сұраған еді. Алға облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері де жоғарыда келтірген статистика қатарына жатады ғой. Олардың кәмелетке жеткеннен кейінгі өмір жолдарының тарылатынын жасырып қалу мүмкін емес еді. Өмір сынына түскен балалардың қиын тағдырын естіген азамат көп сөзге келместен, олардың кейбіріне көмектесе алатынын, өз қанатының астына алып, қамқор болуға дайын екенін сол жерде бір-ақ кесіп айтты. Мұндай азаматтыққа қалай риза болмассың?!
Сөйтіп, 2006 жылдың күзінде Ибрагим Шияпұлына өздерінің келісімі бойынша бес баланы аманаттап тапсырдық. Оларға барған жерінде алдымен мамандық алуға мүмкіндік жасалыпты. Жайлы жатақханадан орын беріп, үш мезгіл тамағымен қоса, оқу орталығында тегін мамандық алып шығады. Бастапқыда тәлім алушы ретінде үйрене жүріп, кейін сол кәсіпорынға өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасып, компанияның белді маманы болып шыға келеді. Үйленем не тұрмысқа шығам деушілерге де барлық жағдай жасалып, ипотекамен пәтер алу мүмкіндігі қарастырылыпты. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар, қалан!» деп Абай атамыз айтқандай, қоғамның белсенді мүшесі болып шыға келудің өзі бір бақыт емес пе?
— Бүгінгі күні біздің компанияда Алға балалар үйінен шыққан 30-дан аса жастар оқып, білім алуда және еңбек етуде. Тәрбиешілері алып келген кезде біз олардан қандай мамандықты ұнататынын сұраймыз. Сосын сол бойынша қалаған мамандығына оқытамыз. Ал одан кейін колледж немесе университетке барып, ары қарай оқуымды жалғастырам десе, оған да жағдай жасаймыз, оқу қаражатын компания төлейді. Біз оларға қоғамның толық мүшесі деп қарауды дұрыс көзқарас деп санаймыз. Осы жеті-сегіз жылдан бері кері тартып, не тәртіп бұзып жүргендері жоқ. Бәрі де адал еңбек етуде, отбасылы болып, балалы-шағалы болып кеткендері де бар. Бір сөзбен айтқанда, компания басшылығы бар жағдайды жасап отыр, — дейді кәсіпорынның оқу орталығының директоры Әдемі Қайырбекова.
Мәселен, Арман Танкеев бүгінде сапаны бақылау инспекторы, Қазиев Мірболат арқан ілуші, Оралов Ербол дәнкерлеуші, Конотопец Владимир ағаш кесуші, Чернигов Алексей электрик, тағы басқалары да сыршы-сылақшы, ораушы, техник-құрылысшы сынды қазіргі заманға қажетті хас мамандық иелері.
— Мен бастапқыда құбыр құрастырушы болып жұмыс істедім. Еңбектен еш жалыққан емеспін, оның үстіне тамағы уақытымен, жататын жерің бар, демалатын, спортпен шұғылданатын фитнес орталықтары да жеткілікті. Адамға одан басқа не керек, Бүгінде жаңа мамандығым бойынша құрылыстың сапасын бақылау инспекторы болып жұмыс жасаймын, — дейді А.Танкеев. Бұл өзі әуелден-ақ елгезек бала еді. Сол жұғымды мінезі арқылы да болар, өмірден өз орнын таба біліпті.
Интернаттан келген балаларға деп Қамыскөл жағасында, таза ауада арнайы ұйымдастырылған демалыс (пикник) кезінде олармен сөйлесіп көргенімізде, балалардың қай-қасысы да өз қызметтеріне риза екендігін білдірді. Конотопец Владимир Ақтөбе мұнайгаз институтында техник-геодезист мамандығына сырттай оқып жатыр, Құрбанғалиев Ербол фитнес-орталықта инспектор, Шакибаева Нүргүл тігін цехын таңдады. Өзі ерінбей-жалықпай тәжірибелі мамандардан тігіншіліктің бар қыр-сырын үйреніп алды. Тұрмысқа шығып, сәбилі болды, қазір бала күтімінде. Тоқтабаев Нұрлан болса КИПиА слесары. Міне, И.Ақдрашев қамқорлаған біздің түлектеріміздің жағдайлары осылай. Ол сондай-ақ, интернатқа материалдық қолдау көрсетіп, жөндеу жұмыстарына да көмектесіп отырады.
Жасыратыны жоқ, қазірде қарабасының қамын ойлаудан арыға бара алмайтын, қос қабаттап үй салып, қос-қостан шетелдік көлік мініп, шарбағына екі-үштен алабай ит асырағанын мақтан тұтатын, байлықтан басы айналған қалталылар баршылық. Керісінше, обал-сауапты ойға түйіп, ел ағасы атанған Ибрагим сынды азаматтар да бар, олардың ісі кім-кімге де үлгі боларлықтай!
Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген. Ал ондаған балаға әкедей қамқорлық етіп отырған жанның сауабын Алла өзі көбейтер!
Кенжеғазы Байғазин, Ақтөбе облысы Алға балалар үйінің директоры