АЛТЫНОРДА
Новости

ТОҒЫЗ ЖЫЛДАН БЕРІ ТОЗҒАН «ТҮРКІСТАН» ДЕКОРАЦИЯСЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

photoҚапшағай қаласының сыртындағы «Көшпенділер» фильмі үшін тұрғызылған «Түркістан қаласы» декорациясын көріп, тамашалау көптен бергі жоспарымыз еді. Cәті түсіп, Іленің жағасына саяхат жасап қайттық.

dfdea1db910c8af2ccb65d882cf1d2fc.jpg

Декоративтік қала біз ойлағандай алыста емес көрінеді. Қапшағай қала­сы­нан өткеннен кейін солға бұрылып, шамамен алғанда 20-25 шақырымдай жер жүрдік. Одан кейін алдымыздан «Түр­кістан декорациясы» деген жол бел­гісі шықты. Сол көрсеткіштен оңға бет түзеп, тағы 4-5 шақырым жолсыз жорт­­тық. Бір жақсысы, көздеген ор­ныңы­зға кез келген көлікпен қиналмай жете аласыз. Жол талғамайтын «джип» іздемесеңіз де болады. Кей жерде сыңар жол кездесетіндіктен, жиекке шығып, қар­сы беттен жолыққандарды өткізіп жі­беруге тура келеді. Елсіз мекен болға­н­ымен, мұнда өлі тыныштық деп айтуға болмайды. Өйткені әрі-бері ағылып жат­қан кісі қарасы аз емес. Барлығы бір­дей декорацияны көру үшін арнайы ат басын бұрмаса да, жүксалғышқа тиел­­ген қармақтарына қарағанда, Іле өзе­нінен балық аулауға келгені бай­қалады. Бір айта кетерлігі, бірнеше қыр асып, өзен жағасына жақындамайын-ша, мен мұн­далаған «шаһарды» алыстан көру қиын.

975539b84696d2d0aa9ea91a5cf523f9.jpg
Біз межелі орынға жеткенімізде де­ко­рацияны күзетіп отырған қарауыл әйел алдымыздан шығып, ғимарат жа­нына көлік қоюға рұқсат етілмейтінін ескертті. Қарсылық білдіргеніміз жоқ, сөзге келместен тәртіпке бағынып, те­мір тұлпарымызды аулақтау апарып қаң­тардық. Жаяу түсіп жақындаға­ны­мыз­да білдік, киелі Түркістанның кө­шір­месін аралау үшін адам басына 200 тең­ге төлеу қажет екен. Оған да келісіп, айт­қанын бұлжытпай орындадық. Әрі қарай өткенімізде қарауыл апай «қала» ішін­де темекі шегуге, от тұтатуға бол­май­тынын нықтап тапсырды. Бірақ қа­малдың сыртқы қақпасы жабық тұр­ған­дықтан айналып артқы бетіне өтіп, кі­рер есікті іздедік. Бір жаманы, судың бойы болғандықтан ба, шыбын-шіркей көз аштырмайды. Күзетшілердің өзі бас­тарына мойынға дейін түсетін тор қал­пақ киіп, жан сақтайтын көрінеді. Мұн­дай болады деп күтпеген бізге тек шы­даудан басқа амал қалмады.
Сонымен, аулаға кіргенімізде біздің кө­зімізге алғаш түскен қоқан арбасы. Бұл арба басқа туындыларда да пай­да­ла­нылса керек, аса тозығы жетпеген. Боя­уы сәл-пәл оңайын дегені болмаса, іс­тен шыға қоймапты.

e6f54837c1fdfa362d22949f2d5b17aa.jpg
Одан әрі қарай тот басқан темір ша­ңырақ, керегелер, қирап жатқан жылқы ма­кеттері, қоқыс тасталған құдық, құла­ған, сылағы түскен қабырға, қураған қа­мыс, қаулаған шөп назарымызға ілік­ті. Құрылыстың ағаш қаңқалары ыр­сиып кетіпті. Сыртынан ұрылған бал­шық әлдеқашан түсіп қалған сияқты. Бас­палдақтардың да цементі ажырап, ша­шылып жатыр. Жылдың төрт мез­гілін­де тоқтаусыз түсетін жауын-шашын мен ұйытқи соғатын дала желі үстемдік құ­ра бастағаны көрініп-ақ тұр. Тағы бі­рер жылда көрікті мекеннің ұсқыны қа­шып, бүкіл сән-салтанат үйіндіге айналатын тәрізді. Қалай болғанда да кезінде осы «қа­ланы» тұрғызу үшін аз қаражат жұм­салмағаны анық. Бір реттік декорация бол­ғанымен, сонша сомманың желге ұш­қаны обал-ақ. Әрі қарай да күтіп-бап­тап, туристік орынға айналдырып, мақ­сатты түрде пайдалану жағы ойлас­тырылмағаны өкінішті. Қарауылдың айтуынша, туристік орын­ға айналмаса да қазірдің өзінде келіп тамашалайтын шетелдіктер бар­шы­лық. Көпшілігі ресейліктер. Олардың бір-екеуін өз көзімізбен де көрдік. Қа­зақстан аумағына саяхаттай шыққан көр­­шілеріміз Көкшетауда болып, осы де­корацияның бар екенін елден естіп, арнайы соғыпты. Түсірілім барысында қан­дай қызық оқиғалар болғанын сұра­ды. Алдағы уақытта да Мәскеу режис­сер­лері осы маңда кино түсіру үшін «Қа­зақфильм» АҚ басшылығымен келі­сіп жатқан көрінеді. Одан түсетін пай­да бар ма, жоқ па, ол жағы бізге бел­гісіз.

3038758c8579e6ee80c3c08ef9045c8f.jpg
Білгілісі, декорация «Көшпенділер» фи­льміне ғана арнап салынғанымен, басқа картиналардан да көзіміз шалып қал­ды. Мәселен, Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор. Мел судьбы», Саты­бал­ды Нарымбетовтің «Мұстафа Шо­қай», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың ба­ла» фильмдері мен Жәмила Серке­баева мен «Тұран» тобының «Қанекей, тілім сөйлеші», Естай Әлікеевтің «Абы­лайхан» және басқа да клиптерге арқау бол­ды. Нақты тізім «Қазақфильм» ки­ностудиясының әкімшілігінде бар деп ой­лаймыз.
– Мұнда кез келген адам келіп, ки­но, болмаса клип түсіре алмайды. Әуелі «Қазақфильмнің» мөр басылған рұқсаты болуы керек. Анықтаманы көрсеткеннен кейін ғана жұмыс істеуіне келісім бере­міз. Кей киноларға керек көріністерді өздері өзгертіп, қалпына келтіріп алады, – дейді күзетші Нұр-Рахман.
Қарауылдар отбасы осы жерден тиын-тебен алып отырғандықтан, әлеу­мет­тік жағдайларын аса қозғағысы кел­ме­ді. Біз де ертең зиянымыз тимесін деп, қазбаламадық. Есесіне, бала-шаға­сы­на қонаққа келген кейуана «Қысы-жазы осында тұратын болғандықтан, «Қа­зақфильм» бір бөлме салып берсе бо­лады ғой. Айдалада жатқанымен, бұ­лар да адам баласы емес пе?» деп кейі­ді.
Өзіміз де «күннің ыстығы мен суы­ғында темір вагонда қалай күнелте­ді?» деп таңырқап тұрғанбыз. «Жаман айт­пай, жақсы жоқ», «бас ауырып, балтыр сыз­дай қалған жағдайда жедел жәрдем келе ме, жан-жақтағы елді мекенмен қа­лай байланыс жасайсыздар?» деген сауалымызға Нұр-Рахман ағай «18 ша­қы­рым жердегі күре жолға шығып, жа­қын жердегі ауылға барамыз. Басқа еш­қандай амал жоқ. Қыстың күні тіпті қиын. Қалың жауған қар көктем шық­қан­ша, қарға адым жер бастырмайды. Кө­лік жолын бітеп тастайды. Қарауыл де­ген атым болмаса, қауқарсызбын. Еш­қайдан көмек сұрай алмайтынымды біліп, Іленің жағасына келгендер мені көз­деріне де ілмейді. Декорацияның іші­не кіріп алып, арақ ішіп, ойларына кел­генін істейді. Ағаш тақтайларды ұр­лап жағады. Оқыс оқиға бола қалған жағ­дайда олардың куәлері көп. Мен жал­ғыз өзім не істей аламын, ешқандай ба­қылау жоқ. Өртеп жібермесе екен деп, қашан кеткенше сырттарынан торып жү­ремін. Құдай сақтасын, бір сіріңке тұтат­са, гу ете қалады. Оны өшіретін су да жоқ» дейді күзетші.

827db9ebc13daa2ea246999de09ff6ce.jpg
Біз мән-жайға қанығып, жұмыс ор­ны­мызға қайта оралғаннан кейін
Ш.Ай­манов атындағы  «Қазақфильм» АҚ пре­зиденті  Ермек Әмірханұлы Аман­­шаев­қа төмендегідей сауалдар жол­да­ған­быз.
1. «Көшпенділер» фильміне пайда­ла­ныл­ған «Түркістан» декорациясын тұр­ғызу­ға қанша қаражат жұмсалды?
2. Одан кейін қандай фильмдер мен клип­терге арқау болды?
3.  Ары қарай қандай мақсатқа пай­да­лану көзделген?
4. Декорацияны сақтап, күту үшін қан­дай шаралар қолданылған? Ол үшін жыл сайын қаражат бөліне ме?
5.  Кешеннің бүлінген, құлаған тұста­ры қайта қалпына келтіріле ме, жоқ біртіндеп жойыла бере ме?
6. Туристік орынға айналдыру жұмыс­та­ры жолға қойылған ба?
7. Күзетшілердің қауіпсіздігі ойласты­рыл­маған сияқты. Қолында рация жоқ, не бейнебақылау орнатылмаған. Сондай-ақ қысы-жазы вагонда өмір сүру денсау­лыққа зиян емес пе?! Қарауылға арнап кі­ші­гірім үй салып беру қарастырылып жа­тыр ма?
8. Алдағы уақытта бұл жерде тағы қан­дай фильм түсірілмек?
Алайда 12  және 18 шілдеде жолданған екі хатымызға арада бір ай өтсе де «Қа­зақ­фильм» АҚ тарапынан жауап берілген жоқ. Сондықтан бұл сауалдарымызды театр-кино саласының бірегей тұлғасы мен білікті мамандарына қоюға тура келді…

9c98c463f7a1ec4b0e7d104864496fd2.jpg

 

Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық артисі, «Қалдан-Серен» рөлін сомдаған актер:

– Кезінде «Түркістан» декорациясы мен Қалдан-Сереннің ордасын қаз-қалпында қалдыру туралы «Қазақфильмнің» сол уақыттағы директоры Сергей Әзімовке ақыл беріп едік. Қыс кезінде бүлінетін мүліктерді бір шегесін шашау шығармай жинап алып, жазда қайта құрып қойылса дегенбіз. Көремін деген кісілердің барлығы асықпай тамашалап шығып, содан сабақ алса деген пікірімізді құлақ қағыс еткенбіз. Өкінішке қарай, оның барлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Қазір оған қарап жатқан кім бар?! Ешкім жоқ! Сонымен, декорацияның шаруасы талқандалып бітті-ау деймін. Бізде әр шаруа осылай, салпы етек, салақ әйелдің тірлігі сияқты. Ешкімге ештеңе керегі жоқ. Жауапкершілікті ешкім мойнына алмайды. Баяғыда салынды, кететін ақша кетті, одан кейін оны қарап керегі не?! Кейде ойласаң жаның түршігеді. Жүрегің ауырады. Шіркін-ай, десеңші! Оны айтасың, фильмде пайдаланған заттардың біреуі де қалмады ғой. Рәсуа болған қайран дүниелер. Баяғыда Шәкен ағамыздың мерейтойына көрмеге қоятын ештеңе таба алмады ғой. Сол сықылды «Көшпенділердің» де мұрасынан бірдеңе қалды ғой, дейсіз бе?! Әрине, жоқ. Оны ойлайтын адам бар ма? Ойласа, кешегі Қыз Жібектің киімі қайда? Жастардың сезімі тоғысқан жәдігер ретінде музейге қойса, біз бүгін оны пір тұтып, тамашалар едік. Мәселе, түсірілген кинода да, оны сомдаған актерлерде де болмауы мүмкін. Ол біздің тарихымыз, сұлулық пен әсемдіктің символы, ғашықтардың идеалы, қазақ халқының мақтанышы Қыз Жібек пен Төлеген еді ғой. Біздің жадымызда сақталған, жөргегімізде естіген інжу-маржандарымыз болатын. Фильмдегі әдеміліктің бәрі көрінген жерде қалды. Оның қасында «Түркістанға» кім қарапты? 2004 жылы түсірілген кино, содан бері тоғыз жыл өтті. Тозып бара жатқанын көрген сайын ішіміз күйеді. Қыштан, кірпіштен салынбаған, декорацияның аты декорация ғой. Оған қарап қоятын адам болмаса, жермен-жексен болып қалады да… Өкінішке қарай…

 

Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық артисі, «Көшпенділер» кинофильмінің қоюшы-режиссері:

– Бұл декорацияны тұрғызу үшін кезінде көп қаржы жұмсалды. Америкада болса, соның қадірін біліп, үстіне музей салып тастайды. Соңғы он жылда «Түркістанда» қаншама фильмдер түсірілді. Әрі қарай да тарихи орын болып қалуы керек еді. Бірақ оған жаны ашитын ешкім болған жоқ. Немқұрайды көзқараспен қарады. «Ой, қойшы, менікі емес қой, тұрса, тұра берсін. Пұл болмаса, күл болсын» деген салғырттықтың нәтижесі. Шын мәнінде, ол жерде үлкен дүниелер жасап, уақыт өте келе тарихи орынға айналдыратын мүмкіндік болды. Тым болмағанда, туристік компаниялардың біріне бергенде, ұтарымыз көп еді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бәрі керісінше болып тұр…

Байдәулет Қаншайым