Баяндама жасаған салалық министр Асылжан Мамытбековтің сөзінен жергілікті шаруалардың барлық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан шаруашылығын қалайда дамытуға бел буғанын байқауға болады. Ол үшін небәрі қосымша инвестиция мен жағымды ауа-райы қажет екен.
Министр елдегі шаруашылықтың біртіндеп беті бері қарағанын айтуда. Бірнеше жыл бойы бір орында тұрған түйткілдер шешіліп, өлім мен өмір арасындағы агроөнеркәсіп иығын кеңге сала бастапты. Өйткені нарықта көмірсутек пен мұнай сияқты шикізат құнды болып тұрғанда, ауылшаруашылығы мен мал өнімдері экспортын дамыту әлсіреп қалған. Министрдің айтуынша, қордаланған келеңсіздіктер мен жиналған мәселелер министрліктің жүгін ауырлатып, әлеуметтік сала сияқты күрмеуі қиын мәселеге айналған. Десе де 2000 жылдармен салыстырғанда бұл салада даму бар.
– Жалпы, ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру бір арнаға қойылды. Соңғы 12 жылда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру 4 есеге өсіп, 2012 жылы 2 триллион теңгені құраған. Ал егіншілік осы уақыт аралығында 3 есеге, мал шаруашылығы 5 есеге өскен. Сөйтіп 2012 жылы мал шаруашылығы көрсеткіші 50,6 пайызға жоғарылап отыр. Былтырғы қуаңшылық егіншілік көрсеткішінің төмендеуіне себеп болды, алайда мұндай қуаңшылықтар бұрын да болған, бірақ былтырғыдай қатты тиген емес, – деді Асылжан Мамытбеков.
Бұл көрсеткіштер 12 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда анағұрлым жақсы болып көрінетіні рас. Көңілге жағымды, көзге тамсанарлық көрсеткіштерді неге 5 жыл, 4 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырмасқа? 2000 жылдар ел экономикасының дағдарысты енді ғана еңсеріп, еңсесін енді тіктеген тұсы. Қазақстанның 2030 стратегиясын жүзеге асырып, әлемнің қарқынды дамушы мемлекеттерінің қатарында тұрғанын ескерсек, бүгінгі көрсеткіш өте нашар. Ал одан ары тағы бірнеше жылға шегерсек, яғни 1985 жылғы көрсеткіш бүгінгіден әлдеқайда жақсы. Ендеше министрге неге сол жылдарды бүгінге үлгі етпеске? Канадамен салыстырып көрелік. Қазақстан сияқты қоңыржай климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан сияқты мал және ауылшаруашылығы өнімдеріне бірдей табиғи жағдай бар. Қазақстан сияқты ауылшаруашылығы – экономиканың негізгі тетігі ретінде алынып, негізгі күш осы салаға жұмылдырылған. Бірақ олардың көрсеткіштері біздің министрліктің ұсынған тізімдерінің алдын орайды. Ауылшаруашылығының экспорты бүкіл мемлекетті асырап отыр. Бидай өнімділігі бойынша да екі есе артта қалушылығымыз бар. Басқа өнімдер бойынша да айырма алшақ. Сондай-ақ мал шаруашылығының сыры белгілі, ірі қара етінің орта салмағы Қазақстанда – 150 кг. Ал дүниежүзі стандарты – 230-240 кг. Бұл талаптар Канадада сақталған.
– 2012 жылы ауылшаруашылығы экспортының жалпы көлемі 3 миллиард долларды құрады. Бұл 2011 жылмен салыстарғанда 11 пайызға артық. Астық көлемі ұн экспортын қосқанда 11,1 миллион тонна болды, бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында нарықтық экономикадағы рекордтық көрсеткіш, – деді министр.
Астық экспорты пайдалы қазбалардан кейінгі орында екені белгілі. Ендеше шаруашылықтың бұл саласын дамыту – бірінші кезекте. Бірақ соңғы кездері бұл саланың диқандары бидай егуді азайтып келе жатса керек. «Өкінішке қарай, қазіргі уақытта астықты қайта өндірумен жиі ұшырасып қаламыз. 2009 жылы ғылыми белгіленген норма бойынша бидай егуге тиісті 50 пайыздық жер көлемі іс жүзінде 69 пайызға жеткен, яғни 14,8 миллион гектар болған. 2012 жылы бұл сан 64 пайызға кемісе, биыл 61 пайызды ғана құрап отыр. Егістік көлемінің қысқаруының астарында жердің эрозияға ұшырауы, агротехникалық талаптардың орындалмауы, мемлекет тарапынан диқандарға көрсетілетін жеңілдіктер мен көмектердің межеге жетпеуі, жанар-жағармаймен дер кезінде қамтамасыз етілмеуі сияқты себеп көп. Бүгінгі таңда бидай алқаптары – 13,1 миллион гектарды ғана құрап отыр. Біз бидай алқаптарын көбейтіп, ішкі тұтынуға жеткізіп және экспорттық нарықта табысты бағамен сату алға қойылған», – дейді министр мырза.
Астық шаруашылығын арттыру үшін техникалық күшті түгендеу керек. Егін салып, бидай өсіруде техниканың маңызы зор. Өйткені басқа дәнді-дақылдар пісіп-жетілген соң, жинап алғанша бұзылмайды. Ал бидай піскен кезде орып алмаса, төгіледі де қалады. Бүкіл еңбек зая кетеді. Егістік алқаптарының қысқарып отырғаны да осыдан. Жеке шаруалар ауылдағы бір-екі комбайнның кезегін күте алмайды. Техниканы жаңарту, жергілікті атқарушы билікті ауылшаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету қажет. Алайда бұл шаралар үшін неше рет бюджеттен қаржы бөлінген, бірақ көздеген межеге жете алмай ауыл әкімдіктеріне бір ғана комбайнның қаражаты жеткен шығар, сірә.
Тағы инвестиция талап етеді…
«Ауылшаруашылығына инвестиция салу қажет», – деді А.Мамытбеков. Инвестиция көлемінің төмендігі шаруашылықтың дамуына қолбайлау. Аграрлық сектор мәселелерін шешуге бүгінгі салынған қаржы жеткіліксіз дейді министр. Мәселен, мал шаруашылығы 2009 бен 2012 жылдар аралығында орта есеппен 28 пайызға өскен. Бұл етті ірі қара экспортының жүзеге асуына байланысты жоғарылады. Сондай-ақ жеке шаруа қожалықтарындағы ірі қара мал басы 20 пайызға өскен, ал ағымдағы жыл басынан бері – 22,8 пайызға өсім байқалады.
– Бұл өзгерістердің үдерісі жеткіліксіз, дамуға кедергі болатын негізгі фактор – ауылшаруашылығына инвестицияның аз салынуы. 2012 жылы инвестиция көлемі 22 пайызды құраған, бұл экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда жоғары, әрине. Дегенмен аграрлық сектор алдында түйіні шешілмеген мәселелер өте көп, – деді ол.
Инвестиция аздығы машина-трактормен қамтамасыз етуге, жер интенсификация деңгейінің төмендігіне әкеліп отыр. Мысалы, бүгінгі таңда бүкіл техниканың 80 пайызының тозығы жеткен, ал қажетті 2,6 миллион тонна тыңайтқыштың 10 пайызы ғана себіледі. Ендеше өнімділіктің төмен болуы түсінікті де… Бұған дейін дәнді-дақылдың кез келген түрін өсіруге бюджеттен субсидия, қомақты қаражат та бөлініп келді. Бұл қаражат көздеген жерге жетсе, отандық базарларға оңтүстік елдерден жеміс-жидек пен көкөніс жеткізілмес еді. Бұл қаражат көздеген жерге жетсе, отандық өнімді тұтынар едік, отандық кәсіпкерлік дамитын еді.
Ауыр халдегі ауыл шаруашылығын құтқару үшін жаңа «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданған. Оның негізгі мақсаты – отандық шаруашылыққа жеке меншік инвестиция тартып, қаражат салуды қамтамасыз ету. Мемлекет инвесторға өз тарапынан жеңілдіктер жасауды ұсынып отыр. Бұл – тәуекелді азайтып, табыстылықты арттырады және шығынды кемітеді дейді министрлік. «Біз инвестициялық субсидия, сақтандыру және кепілдік беру, несие және лизинг бойынша пайыздық үстемені кепілдендіру, екінші деңгейлі банкте қор ашу, мал шаруашылығында сақтандыруды енгізу және егіншіліктің міндетті сақтандыру механизмдерін жетілдіру сияқты мемлекеттік қолдау жасаймыз», – деп отыр министр Асылжан Мамытбеков.
Бұл уәделер бұрын да айтылған, бірақ бүгінде ірі шаруа қожалықтары ғана селбесіп өмір сүріп келеді. Биылғы астық науқаны тағы да кешігіп отыр, бұл өз кезегінде диқандар мен шаруалардың жұмысына кедергі. Мамытбеков мырзаның айтуынша, биыл жауын-шашын науқан тұсында кедергі болуы мүмкін, бірақ астық түсімі аз болса да баршылық. «Астықты жинап алатынымыз анық, оны жинау науқаны қиын болуы мүмкін. Жауын-шашын жұмысқа кедергі. Десе де шығындарымыз аз болады деп сенеміз», – деді Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Көктен жауған нұр көктемде көсегемізді көгертеді деп, мол өнім күтілсе, күздікүнгі ылғал берекемізді ұшырайын деп тұр. Бұл онсыз да көрсеткіштері төмен салаға жұдырық іспетті.
Ақниет ОСПАНБАЙ