Тентегін тыйып ұстаған кешегі ата-бабаларымыздың тәрбиесі бүгінгіге жүрмейді. Бүгінде ата-ананы тыңдамайтын, әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Тәртіп тіні үзіліп, қоғамның қасіретіне айналған қиын балалар аз емес. ҚР ішкі істер министрінің мәліметтеріне сүйенсек, арнайы базада тіркелген қиын балалардың тізбегі бүгінде 6 мыңнан асып кетіпті. Ал елімізде жыл сайын 7 мыңнан астам қылмыс жасөспірімдердің қолымен жасалатыны анықталып отыр. Қазір сол жас тентектерге арналған арнайы түрмелердің саны да артып келеді. Еліміз бойынша олардың саны төртке жетті.
Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ұғымымызда бұрын қиын бала деген мүлде болмаған. Бұл термин бізде 90-жылдары пайда болды да, кейінгі жылдары тіптен көбейіп кетті. Әсіресе арнайы интернатқа қамалған бұзақы бойжеткендердің тым көбейіп кеткені мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Тәрбиеге көнбеген көгенкөздерді көгендеуге арналған девианттық мінез-құлығы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары деген ат беріп, атақ тақтық оған. 1999 жылдары қиын жасөспірімдерді оңалту орталығы болып ашылса, кейіннен девианттық мінез-құлығы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымы болып қайта құрылды. Аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Қайта құрылғанымен, қиын балалар құрып кеткен жоқ. Мұндай арнайы оқу орындары еліміздің барлық өңірінде бар. Оларды оқшаулағанда тиісті органдар өздерінің құлағының тыныштығын ғана ойлайтын сияқты. Қиын балалардан құтылдық деп мәлімет берген тәртіп сақшыларына да, қиын балалар жоқ деу мұғалімдерге де жақсы болды. Биік қоршаулардан көрінбейді ғой деп ойлайтын болса керек. Мұндай балалардың көбеюінің түпкі мәнісіне үңілсек, отбасыға барып тіреледі. Одан мектеп, одан кейін бүкіл қоғам. Ата-анасы ажырасқан, тұрмысы төмен отбасының балаларының тұрақты мекені осы жер. Ара-арасында бақуатты отбасында тәрбиеленгендер де баршылық. Олар қылмысқа ашыққаннан емес, ерігіп ермек іздегеннен барады. Ал қылмыс жасаған жасөспірім осылайша қоғамнан оқшауланады. Ал осындай мекемелердің түрмеге төте жол болмасына кім кепіл? Бұл жерден шыққан соң түзу жолға түсіп, түзеліп кетсе жақсы. Қайта тәрбиелеу өз жемісін беріп жатыр ма? Барар жер, басар тауы жоқтар амалсыздан бұрынғы соқпағына түсіп кетіп жатқаны туралы мәліметтер де жоқ емес. Тіпті мұнда үш ретке дейін түсетіндер де бар болып шықты. Есік-терезесі торланған, арнайы күзетте тұратын, биік дуалмен қоршалған мұндай мекеме балалардың психологиясына өте ауыр соққы болары сөзсіз. Тәртібі түзелмейтіндерді тоғыту операциясы туралы қоғам пікірі екіге жарылып тұр. Онсыз да тағдырынан теперіш көрген бала арнайы мектепке түскен соң мүлдем өзін-өзі жоғалтады, бұл оларға психологиялық ауыр соққы болады дейтіндер бар. Ал ауыр қылмыс жасағандардың жазасы осы дейтіндер де жоқ емес. Тура түрмедегідей ахуал баланы болашақта түрімшік қылып шығармасына кім кепіл? Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне жауапты болашақ ана болатын қыздарымыз осылайша қисық жолға түсіп жатса… Ойлаудың өзі қорқынышты. Алдыңғы арбаның ізін қуалай соңғы арба да соны соқпаққа түсе ме деп қауіптенесің…
Кентау қаласындағы ерекше жағдайда тәрбиелеуді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты 2003 жылы ашылған. Алғашқы ашылған жылдары мұнда 150 балаға дейін тәрбиеленіпті. Бүгінде мұнда 70 бала тәлім алуда. Алғаш рет түсетіндері бар, басқа жаққа ауыстырылатыны бар, мұнда бала саны бірде көбейіп, бірде азайып отырады. Басым бөлігі – өзіміздің қаракөздер. Белгіленген мерзімі біткен соң олар Шымкент қаласындағы кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталығына жiберiледi. Осылайша қиын балаларды тоғытатын тізбекті жасап қойғанбыз. Ал Тараздағы арнайы мектеп негізінде 70 адамға шақталған. Бүгінде мұнда 40 бала тәрбиеленуде. Тәртіп сақшыларының ерекше назарына іліккендер. 40 оқушының 15-і – қыз бала. Кезінде тараздық оқушылардың тәртібі мемлекеттік деңгейде қаралғаны есте. Оқушылар арасындағы бұзақылық, топ болып төбелесу сынды мәселелерге баса мән беріп, бұл біртіндеп шешімін тапқандай да болған. Дегенмен де қиын балалар саны сап тыйылмай тұр. Қиын бозбалалар аз болғандай, оған енді бойжеткендер қосылды. Ұсақ ұрлықпен, тонаушылықпен айналысқан қыздар бұрын қоғамымызға таң көрінсе, бүгінде не шықса да қыздардан шығатындай таңырқамайтын болдық. Әсіресе қыздардың арасында лидерлікке таласу, әлімжеттік жасау бүгінде өрістеп тұр. Мектеп инспекторының қойын дәптеріндегі қиын қыздар тізімі тіптен толыға түсуде. Тентектерді тыя алмай отырғанда енді оған бұзақы бойжеткендер қосылды. Бұған, әрине, мектеп те, ата-ана да, жалпы қоғам да кінәлі сынды. Қатарластары сияқты қымбат ұялы телефон ұстамағанына намыстанып, ұрлыққа барғандар жетерлік. Әлімжеттік жасап, мектеп оқушыларының ақшасын тартып алып, тәртіп сақшыларының қырағы назарына іліккендер де жоқ емес. Ал бақуатты отбасынан шыққан бір қыз үнемі төбелес ұйымдастырып, біреудің ақшасын тартып алып, ұрып-соғып, тонаумен айналысып келген. Қарны тоқтықтан, қайғысы жоқтықтан азғындаған қыз «сенен бәрі қорықса қандай тамаша» деп санайтынын да жасырмайды. Бір емес, екі емес, үнемі осылай тәртіп бұза берген соң оны осында әкелгеннен басқа амал қалмапты. Ұсақ бұзақылықтың ертеңгі күні ауыр қылмысқа апарып соқтырмасына да ешкім кепілдік бере алмайды.
Тәрбиеленушілердің жеке шотына өкімет ай сайын 11 900 теңге аударады. Өз қалауларынша жарата алады. Бес мезгіл тамағы және бар. Былай қарағанда, мемлекет қылмыскерлерге де барынша жағдай жасап беріп отыр. Масылдыққа үйренген бүгінгі бала ертеңгі күні әрі таза, әрі жайлы осындай орынға баруды қаламасын деңіз…
Оспан КҮНТУБАЕВ, Жамбыл облыстық балалар және жасөспірімдердің арнаулы мектебінің директоры:
– Мұнда түсетіндердің басым бөлігі ата-ананың мейіріміне мұқтаж боп өскендер, қараусыз қалғандар. Содан түрлі қылмысқа барған, тәртібі қиын балалар. Сол себептен де болар, қатыгез, ашушаң. Психологтеріміз, әлеуметтік педагогтеріміз барынша тәрбиелеуге тырысады. Мұнда түскен соң қашпаққа әрекет жасайтындар да бар. 2010 осында 35 қашу дерегі тіркелсе, 2011 жылы 27 оқиға тіркелді.
Бақытгүл КЕНЖЕБАЕВА, психолог:
– Бүгінде қиын балалар түгіл, қалыпты, тәртібі түзу деген баланың өзін тәрбиелеу қиынға соғады. Ата-ана жағдайымызды жасап алайық деп ақшаның соңында жүргенде бала тәрбиесі шетте қалып қояды. Әке-шеше бәрін ақшаға сатып алуға болады деп ойлауы мүмкін. Бірақ бала тәрбиесін, баланың мінезін, баланың мейірімін ешқандай да ақшаға сатып ала алмайтынын ұғынса екен. Мейірімге шөліркеп өскен бала ертеңгі күні ата-анасына мейірі оянады деп ойламай-ақ қойса да болады. Қатыгез ұл мен қыз қайдан шығады деп бас қатырудың да қажеті жоқ. Біз бүгінгі күннен соның дәнін егіп жатырмыз. Ертеңгі күні кеш болмауы үшін бүгіннен бастап бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Жамбыл облысы