Эмир Байғазиннің бұған дейін әлемдік деңгейдегі бірнеше байқаудың жүлдегері атанып үлгерген «Үйлесім сабақтары» атты фильмі бұл күндері Сахалинде өтіп жатқан Халықаралық «Край света» фестивалінің бас жүлдесі үшін бақ сынауда.
Фестивальдың конкурстық бағдарламасына «Үйлесім сабақтарынан» басқа, «Географ глобусты «ішіп қойды» (Ресей), «Ұзақ та бақытты өмір» (Ресей), «Әкені тәнті ету» (Жапония), «Хэвон – ешкімнің қызы емес» (Оңтүстік Корея), «Ән салатын караоке» (Таиланд – АҚШ), «Сенімен бірге және сенсіз» (Шри-Ланка), «Құбыр» (Ресей), «Сенің құрсағың» (Филиппин) картиналары да үміткер ретінде қатысып жатыр.
Эмир Байғазиннің айтуынша, «Үйлесім сабақтары» бүгінгі Қазақстан қоғамындағы бір мысалға негізделген. Фильм әжесімен бірге ауылда тұратын Аслан есімді жасөспірімнің өміріндегі оқиғаны баяндайды. Аслан мектептегі зорлық-зомбылықпен күн сайын бетпе-бет келеді. Осындай жағдайда жасөспірім басқа құрдастары секілді қатыгездік жолын таңдай ма әлде оның жан-дүниесі басқалардан бөлек пе? Осы жағынан алғанда, бұл фильмді кез келген адамның алдынан шығатын таңдау құқы туралы деуге болады. Өз-өзіне деген сенімсіздік жанын жегідей жеген жас бала тазалыққа және мінсіздікке ұмтылады, сонымен бірге маңайында болып жатқан нәрселердің бәрін қалт жібермеуге, назарында ұстауға тырысады. Осы бір ішкі жайсыздық, мазасыздық түптің түбінде шиеленісті жағдайларға әкеліп соқтырмай қоймайды.
Жас режиссердің бүгінгі күн кейіпкерінің қарама-қайшылыққа толы күрделі болмыс-бітімін барынша ашып көрсетуге тырысқан бұл картинасын әлемдік деңгейдегі кино мамандары, сыншылар жоғары бағалап үлгерді. Соның нәтижесінде фильм айтулы халықаралық шараларда бірқатар жүлдені иеленді де. Тіпті бұл дебюттік картина Қазақстан киносы тарихында тұңғыш рет Берлин кинофестивалінің конкурстық негізгі бағдарламасына іріктеліп алынып, үздік операторлық жұмысы үшін «Күміс аю» мен неміс басылымы «Моргенпосттың» арнайы сыйлығын еншіледі. Сондай-ақ «Трайбек» кинофестивалінде «Үздік жас режиссер» номинациясы бойынша «Әділқазылардың арнайы дипломын» және Базельде өткен халықаралық фестивальдың гран-при жүлдесін қанжығаға байлады.
23 тамызда шымылдығы түрілген Сахалин фестивалінде топжарғандар есімі байқаудың соңғы күні, яғни 30 тамызда белгілі болады. Кинобайқаудың бас жүлдесі 1 миллион рубль (30 мың доллар). Сондай-ақ фестивальға қатысушыларға үздік режиссура, үздік ер адам рөлі, үздік әйел адам рөлі үшін номинацияларының жүлдесі және фестивальдың құрметті президенті Алла Сурикованың сыйлығы тапсырылады.