Бүгінде әлем ғалымдарының, әсіресе, физиктердің назары Еуропа ядролық зерттеулер орталығындағы андронды коллайдерге ауған.
Швейцарияда орналасқан орталықта бұған дейін адамзат баласы сынақ түрінде ала алмаған жаңа элементар бөлшектерге қол жеткізу үшін 3 мыңға тарта ғалым зерттеу жүргізуде. Жаһан назарын өзіне аударған Женевадағы зерттеу жұмысына жұмылдырылған ғалымдардың арасында Рүстем Оспанов барын естігенде, елең еткен едік. Кеше Астанаға ат басын бұрған Рүстеммен сұхбаттасудың сәті түсті.
Андронды коллайдер дегеніміз не нәрсе?
Шыны керек, андронды коллайдер – біз үшін таңсық дүние. Біздің бар білеріміз ғаламтордағы деректерден ғана тұрады. Сол деректер осы бір Үлкен андронды коллайдерді жасап шығаруға әлемнің 100 елінен 10 мыңдай адам қатысқаны, коллайдердің Швейцария мен Францияның шекарасы аумағында, Женеваға таяу маңдағы Еуропа ядролық зерттеулер кеңесінің (ЦЕРН) ғылыми-зерттеу орталығында орналасқаны туралы айтады. Сосын бұл орталықта әлем сырын ашу үшін әлі де болса жетіспейтін бөлшектер бары туралы 1960 жылы ғалым Питер Хиггс болжам жасап кеткені баяндалады.
Өткен жылы Үлкен андронды коллайдерде қолданыстағы теориялармен негізделмеген, түбегейлі жаңа эффектінің анықталғаны туралы ақпарат тарады. Ғалымдар протондар соқтығысқан кезде пайда болатын жүздеген бөлшектің арасында қозғалыстары белгісіз себептермен бір-бірімен байланысты жұптарды анықтағанын жария еткен. Рүстем сол бөлшектің «Хиггс бозоны» деген атау алған бөлшек екенін растады.
Ал андронды коллайдер туралы былай дейді: «Андронды коллайдерді үдеткіш машина деуге болады. Оны алып микроскоппен салыстыруға болады. Коллайдердің өзі шығыршық пішінді үдеткіш, онда протондар мен ауыр иондар үдетіле соқтығысады. Құрылғы бөлшектерді зерттеуге арналған. Орталықтағы ғалымдар мен мамандардың әрқайсысының өз миссиясы бар. Мысалы, мен бірінші жылы жүздеген ғалымдармен бірге бағдарламалық қамтамасыз етумен айналыстым. Ал соңғы жылдары мәліметтерді сараптаумен айналысудамын» дейді жерлесіміз.
Коллайдерде қазақ баласы қайдан жүр?
Еуропа ядролық зерттеу орталығындағы Үлкен андронды коллайдер жобасымен жұмыс істеу үшін білім мен білігіңізге қоса, ағылшын тілін білу талап етіледі. Бұған қоса бұл жобаға қаржы құйған елдердің ғана ғалымдары қатысады деген талап тағы бар. Ал Рүстем жобаға АҚШ университетінің бағыты бойынша жұмыс істегендіктен, қабылданған. Әйтпесе, Қазақстаннан барғандар онда жұмыс істей алмайды.
Осы орталықта Рүстем 2008 жылдан бері еңбек етеді. Қарағанды қаласында туған Рүстемнің физик-ғалым болуына, оның сол қаладағы физика-математика мектебінде оқуы ықпал еткені анық. Мектепті бітірісімен, Томск мемлекеттік университетіне оқуға түскен ол бірер жылдан соң АҚШ-та аспирантурада оқыды.
«Аспирантураға түсу оңай болған жоқ, тапсырмалар өте күрделі, қиын еді, сондықтан дайындықтың өзіне жылға жуық уақытым кетті. Ең бастысы, Балтимордағы Johns Hopkins университетіне аспирантуға түстім. Кейінірек Техастағы Austin университетіне ауысып, эксперименталды физикамен, соның ішінде нейтрино бөлшектерін зерттеумен айналыстым. Нейтриноның массасын зерттеп, диссертация жаздым. Сол аралықта ғаламтордан Еуропалық ядролық зерттеу орталығынақабылдау жүріп жатқанын білдім. Өтінішім мен ғылыми жетекшілерімнің ұсыныс хатын жөнелттім. Әрі қарай жұмыс берушімен әңгімелесу, баяндама жасау, пікірталас сияқты сынақтардан өткен соң жұмысқа қабылдандым. Бұл коллайдер енді ғана іске қосылған 2008 жыл болатын» дейді Рүстем.
Коллайдер ақырзаманға себепші болмайды
«ВикВита» геокомпаниясының бас геофизигі Виталий Финчук үлкен андронды коллайдерді іске қосқанда, сол аумақта 17 рет күшті жер сілкінісі тіркелгенін, егер коллайдердің қуат күші 1,5 есеге артса, жер сілкінісінің саны минутына 300-ге жетуі мүмкін екенін болжаған болатын. Біз осы сұрақты Рүстемге қойдық. «Мен ондай ақпаратты естімеппін. Әрине, коллайдердің қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерілгенде, арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамындағы ғалымдардың жасаған қорытынды бойынша, қандайда бір апат болуы мүмкін емес. Мен сол қорытындыны қолдаймын. Себебі коллайдер тек электр энергиясын пайдаланады», – дейді ол. Оның айтуынша, Женева қаласы тұтынатын жалпы энергияның 30 пайызын коллайдер пайдаланады екен.
«Коллайдердің сонда жұмыс істейтіндердің денсаулығына зияны жоқ па?» деген де сұрақ қойылып жатады. Негізі, осы коллайдер мен детекторлар жерден 100 метр тереңдікте жатқандықтан, кез келген радиацияны тоқтата алады. Сондықтан қызметкерлер үшін тікелей қауіп жоқ. Қауіп жұмысшылар туннельге түскенде туындауы мүмкін, бірақ ол үшін арнайы қорғану жүйесі жұмыс істейді. Ал туннельге бөгде адамға кіруге тыйым салынған. Туннельге коллайдерді жөндейтін, қандайда бір бір құрылғыларды орнату қажет болғанда, соған жауапты адамдар түседі. Оның үстіне, қауіпсіздікпен айналысатын арнайы бөлім бар. Ал біз жұмысымызды кеңседе атқарамыз» дейді сұхбаттасымыз.
Ол Еуропалық ядролық зерттеулер орталығына жұмысқа орналасқан 2008 жылы коллайдерде апат болды. Магнит үстіндегі байланыс бұзылып, содан пайда болған ұшқын сұйық гелий құйылған құбырды тесіп жіберген. Сондықтан, бүгінгі таңда коллайдер модернизациядан өтіп жатыр. Ондағы мақсат – байланыстардың барлығын жоғары кернеулі токты өткізетіндей етіп жақсарту. Сондай-ақ осындай апатты оқиғалар кезінде қауіпсіздікті күшейтетін қондырғылар орнату екен. Қазір коллайдер жарты қуатында жұмыс істейді. Модернизациядан өткен соң, толық қуатына көшеді.
Женева ғылым туризмінің қызығуда
Рүстемнің әңгімесінен түйгеніміз, андронды коллайдер арқылы Швейцария мол табысқа кенеліп отыр. Біріншіден, коллайдердің іске қосылуы Женевадағы жұмыс жұмыс орнын арттырған. Екіншіден, бұл қалада халықаралық ұйымдар көп орналасқан. Солардың өкілдері Женевада тұрғаны үшін ғана осы қалаға қомақты қаржы қалдырады. «Мәселен, маған жалақыны АҚШ-тың Пенсильвания университеті төлейді. Мен сол қаржыны Женеваға құямын, яғни ақшамды Женевадағы баспанаға, басқа да мұқтаждарыма жұмсаймын. Ал ол қалада мен сияқты мыңдаған адам бар. Бұл Женева экономикасына тікелей ықпал етеді. Женевада 150 мың ғана адам тұрады. Бірақ әлемдегі ең ірі әуежайлардың бірі сол қалада орналасқан. Женеваға ұшып келетіндердің 10 пайызы коллайдерде жұмыс істейтіндер немесе коллайдерді көру үшін келетіндер» дейді ол. Оның айтуынша, орталық зертханасында жыл сайын қыркүйек айының соңында ашық есік күні өтеді екен. Бұл күні кез келген адамның зертханамен танысуына мүмкіндік беріледі. Өткен жылы зертхананы көру үшін ғана 100 мыңнан астам адам келген. Биыл 200 мың адам келеді деп жоспарлануда. Олар үшін үш күн бойы дәріс оқылады. Коллайдер туралы ақпарат беріледі. Жылына зертхананы көру үшін ғана 80-100 мың адам келеді екен. Алдын ала тіркелген кез келген адам коллайдерге түсе алады. Бұл ғылым туризмі емей немене? Айтқандай, қаржылық дағдарыс коллайдер жұмысына еш кедергі келтіре алмапты. Себебі бұл жоба халықаралық келісімшарт бойынша қаржыландырылады. Оған қол қойған мемлекеттер тиісті қаржыны уақытында құюға міндетті.
Рүстем орталықтағы басқа қызметкерлер секілді Женевада пәтер жалдап тұрады. Негізі, Женевада жалға алатын пәтер табу бірнеше айға созылып кетуі мүмкін екен. Сонықтан орталықтағылардың басым бөлігі Франциядан қатынауға мәжбүр көрінеді. Рүстем туған топыраққа жылына бір рет қана келеді. Онда туған-туыс, дос-жаранның амандығын білу үшін. Әзірге елге оралу ойында жоқ. Оның өзіндік себебі бар екен. «Себебі айналысып жатқан ғылыми жобам біздің ел үшін бейтаныс, сондықтан елге оралсам ғылымдағы жолымды басқа бағытқа бұруыма тура келеді. Ал қазір зерттеп жатқан физиканың саласына қаншама уақытым мен білімімді жұмсадым, әлі де жұмсап келемін ғой. Сондықтан осы жобадан нәтиже шыққанын күтемін» дейді.
Біз де нәтиже күтеміз.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ