АЛТЫНОРДА
Новости

«Қазақ тілін үйренуіме ұстазымның ықпалы зор болды»

TatianaОсынау жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын инабатты орыс қызы Татьяна Николаевна Новикованы алғаш рет облыс орталығындағы бір басқосуда көрдім. Сол уақыттың өзінде-ақ ол айналасындағыларды қазақ тілін жетік білетіндігімен, инабаттылығы және парасаттылығымен бірден баурап алған еді.
Жуырда оған арнайы жолығып, мемлекеттік тілді игерудегі тәжі­рибесі, жастарды ортақ мақсатқа жұмыл­дырудағы ұйымдастырушылық қабілеті, болашақтағы асыл армандары жайлы әңгімелескен едім.

– Татьяна Николаевна, ең алдымен, өзіңізді оқырман қауымға таныстыра кетсеңіз
– Мен облыс орталығы Қостанай шаһарында дүниеге келдім. Кәдімгі қарапайым ғана шаңырақта тәрбие­лендім. Әкем Николай осыдан он бір жыл бұрын дүниеден өтті. Шаңырақтың тірегі, отағасы қайтыс болған соң барлық ауыртпалықтар шешемнің мойнына түсті. Бірақ ол ешқандай қиындықтарға мойыған жоқ. Анам Галина Яковлевна – білікті дәрігер. Осынау аяулы жан бұл күндері облыстық көз ауруханасында емхана меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Біз отбасында екі бала өстік. Үлкені менмін. Өзімнен кейін Александр есімді інім бар. Ол да жігіт болып қалды. Екеуміз маңызды істерді қолға алғанда ақылдасып отырамыз. Бауырым қазіргі таңда бір фирмада директордың орынбасары болып жұмыс істейді.
Қазақ «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дейді ғой. Өзім білім алған №19 орта мектепте, менің бәлкім бақытым да шығар, көптеген ұлағатты ұстаздар дәріс берді. Соның ішінде маған қазақ тілін үйретуде өз мамандығының нағыз шебері Қарлығаш Зейноллақызының бергені мол дер едім.
Өз кәсібін жетік меңгерген мұғаліміміз бізге қазақ тілінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Бұл тілдің шұрайлылығына, байлығына көзіміз әбден жетті. Ұлағатты ұстаздың әрбір жаңа тақырыпты өткен кезінде қазақтың классик жазушыларының көркем шығармаларынан рухани ләззат, ерекше тағылым алатынбыз.
Осы ұстаздың тікелей ықпалының арқасында менің бойымда қазақ тіліне деген ерекше құштарлық оянғанын анық сезіндім. Содан кейін мемлекеттік тілді жан-жақты меңгерсем деген қызығушылық пайда болды. Осы алтын ұяны аяқтаған соң Қостанай шаһарындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ филологиясы факультетіне студент болып қабылдандым.
Бұл 2011 жыл болатын. Арада біраз уақыт өтті. Мен бірте-бірте қазақ тілін меңгере бастадым. Сол уақытта қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында елімізде көптеген игі істер атқарылып, оған жеткілікті көңіл бөлініп жатты. Міне, осылайша өзім де оған тез бейімделіп, Астанадағы түрлі басқосуларда жұртшылықтың алдына шығып, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жеттім.
Университеттің 2-курсында оқып жүрген кезімде қоғамдық жұмыс­тарда өзін жақсы қырымен көрсеткен жастарға педагогика және басқа да беделді мамандықтарға байланысты қолдау көрсетіле бастады. Мен сол уақыттағы қала әкімі Жомарт Мирасұлы Нұрғалиевтің грантына ие болдым.
Сондықтан ол кісіге деген алғысым шексіз. Мендей жастарға жасалған қамқорлық пен жанашырлықтың арқасында тегін оқып шықтым. Олардың сенімін ақтау үшін сабақты да жақсы оқыдым. Қазір де талпынып жүрмін.
– Әу баста қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па? Айтпақшы, қазақ филологиясына түсер кезде үй-ішіңіз қарсылық білдірмеді ме?
– Барлық әңгіме өзіңнің ынтаң мен еңбекқорлығыңа байланысты екен. Сондықтан қазақ тілін үйренуде қандай қиындықтар кездессе де, тынымсыз іздену мен талпыныстың арқасында оны жеңе білдім. Мемлекеттік тілдің өзіне тән ерекшеліктерін түсіндім. Көп тіл білген адамның өрісі де кең болатындығын, осы тілді білу арқылы қазақтардың салт-дәстүріне деген құрметтің барынша арта түсетіндігін жете ұқтым.
Тілді тиісті деңгейде меңгеру үшін қазақ тіліндегі газет-журналдарды оқуды дағдыға айналдырдым. Өзім білім алған қазақ тобындағы курстастармен тек қана қазақ тілінде сөйлесіп, білмегенімді сұрадым.
Отбасым, яғни анам мен інім мен қазақ филологиясы факультетін таңдаған кезімде ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Қайта мемлекеттік тілді республикамыздағы әрбір азамат білуі қажет екендігін айтып, қолдады.
– Сіз еліміздегі ең жас депутатсыз. Қалалық мәслихатта қандай мәселелермен айналысасыз? Осы жөнінде де бірер сөз?
– Иә, қалың жұртшылық солай дейді. Ол үшін мен қуаныштымын да. Қазір жасым небәрі 23-те. Қалалық мәслихатқа депутаттыққа кандидат етіп өзімді «Нұр Отан» халықтың демократиялық партиясының Қостанай қалалық филиалы ұсынды. Сайлау баламалы негізде өтті. Өзім онда басым дауыспен жеңіске жеттім. Міне, содан мойыныма артылған жауапкершілікті сезіндім. Депутат ретінде қаланың әлеуметтік дамуының өркендеуіне тікелей атсалысамын. Әсіресе, жастарды толғандырған өзекті мәселелерге айрықша назар аудармақпын. Өйткені еліміздің болашағы сол жігіттер мен қыздар емес пе? Елбасы жастарға үлкен сенім артып отыр. Соны іс жүзінде ақтауға тиіспіз деп ойлаймын.
– Бір сөзіңізде жас депутат ретінде облыс орталығындағы көшелердегі, маңдайшалардағы мемлекетік тілде қате жазылған жазулар мен жарнамаларға көңіл бөлетіндігіңізді айтып едіңіз. Сол мәселені қашан қолға алмақсыз?
– Бұл баршаны ойландырып-толғандырар өзекті мәселе. Өзім көптен бері осы жайға назар аударып келемін. Тіпті университеттегі дипломдық жұмысыма «Аударма теориясы» деген тақырыпты алып, қазақ тілінде өте сәтті қорғадым. Осы еңбекті жазу барысында көп жайды көңілге түйдім. Ешқашан кемшілікке кеңшілік жасауға болмайтындығын түсіндім.
Міне, аталған ізденіс жұмыстарымда көшедегі маңдайшалар мен жарнамалардағы қателерді қалай дұрыс жазып, аударуға болатындығын барынша дәлелдеуге тырыстым. Алдағы уақытта да бұл мәселе тұрақты назарымда болады.
– Сіз де осы елдің бір патриоты ретінде байқап, көңіліңізге тоқып жүрген шығарсыз, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуде әлі де болса сергектік жетіспейтін секілді. Осы жайлы ойыңызды тарқатыңқырап айтып берсеңіз?
– Әр елдің азаматтары сол елдің Ата Заңын, мемлекеттік рәміздерін барынша құрметтеуге тиіс. Бұл спортшыларға да, барша зиялы қауымға да, үлкен мен кішіге де қатысты. Өз басым, түрлі жарыстар мен олимпиадаларда қазақ елінің Көк туы биікте желбіреп, Әнұраны орындалған кезде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.
Сол себептен де бұл мәселеге барша қауым ешқашанда немкетті қарамау керек. Республи­камыздың әрбір тұрғыны Әнұранның сөзін жатқа біліп, Көк байрағымызды ардақ тұту керек.
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деседі. Өзіңізді жалынды жас ретінде өмірде қандай мәселелер толғандырады? Бұл күндері өзіңіз атқаратын қызметіңіз жөнінде де тілге тиек етсеңіз?
– Кішкентайымнан халықтың ортасында болып, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөлуге тырыстым. Тіпті университетті бітірмей жатып еңбекке аралас­тым. Сондықтан мен бақытқа тек маңдай тердің арқасында жетуге болатындығын әбден ұқтым. Қазір облыстық балалар мен жастар ұйымдарының қауымдастығында атқарушы директормын.
Бұл қызметтің де өзіндік қиындықтары мен жауапкершіліктері жетеді. Біз көбінесе қыз-жігіт­термен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олардың күнделікті өздерін мазалап жүрген маңызды жайларға көңіл бөлеміз. Бір қуантатыны, олардың ертеңгі күнге деген сенімдері ерекше. Білімге құштар, өте зейінді.

Әңгімелескен 
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай облысы

 

http://anatili.kz/?p=15713