ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарына орай
Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнап, өзара байланыстар жасала бастағаннан бергі кезеңдерде көрші әрі іргелі екі ел шынайы достық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бастапқы кезде-ақ дұрыс таңдалған жол бүгінде Қазақстан мен Қытайды көпжақты стратегиялық серіктес мемлекеттерге айналдырып отыр. Өйткені, екі ел де өзара түсіністікпен дамуды өздерінің сыртқы саясаттағы басымдықтары ретінде қарастырады. Сондықтан да, Қазақстан-Қытай қатынастары қазіргі кезде бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Міне, бұлар стратегиялық серіктес Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығына жаңа перспективалар ашатыны анық.
Екі жақты қатынастардың материалдық базасын нығайтуда ынтымақтастық тәжірибесін тереңдету ерекше орын алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, соңғы жылдары екі елдің сауда-экономикалық байланыстары белсенді дами түскенін көруге болады. Бұл дұрыс та. Себебі, Қытай біздің елімізді өздерінің ірі сауда серіктесі деп таниды. Оның үстіне Қытайдың ТМД елдеріндегі сауда әріптестері арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орын алады. Екіншіден, Қазақстан мен Қытай 2015 жылға қарай өзара сауда көлемін 40 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды стратегиялық мақсат етіп қойып отыр.
Әрине, бірер жылдың ішінде бұған қол жеткізу жеңіл шаруа емес. Ол бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Сондықтан екі мемлекет те бұрыннан қалыптасқан мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты сақтай отырып, шикізаттық емес сектордың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға ниеттенуде. Мысалы, ауыл шаруашылығы, көлік транзиті, жоғары технологиялар, телекоммуникация, химия өнеркәсібі, тағы басқа салалар. Сондай-ақ, екі елдің гуманитарлық және аймақаралық ынтымақтастығын белсенді жүргізуге басымдық беріліп отыр.
Қазақстан мен Қытай сенімді саяси серіктестер болып табылады. Саяси өзара сенім – екіжақты қарым-қатынастың ең негізгі әрі басты басымдығы. Осы тұрғыдан келгенде, тараптар мемлекеттік шекара мәселесін түпкілікті шешті. Саяси салада да шешімін күткен күрделі проблемалар жоқ. Қазақстан мен Қытай дамушы және ықпалды ірі мемлекеттер ретінде әлемдік және өңірлік мәселелер бойынша бірдей көзқарас ұстанып, әлемде тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігін арқалап келеді.
Қазақстан мен Қытайдың Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясындағы ынтымақтастығын ерекше атауға болады. Әсіресе, терроризммен, басқа да қатерлі қылмыс түрлерімен күресте белсенді іс-қимыл танытуда. Сондай-ақ, екі елдің ШЫҰ-ның ауыл шаруашылығы, қаржы салаларында өзара ынтымақтастықты жандандырудағы орны бөлек. Қытай біздің еліміз сияқты ШЫҰ-ны әрі қарай дамытуды қолдайды. Аталған Ұйым қызмет ете бастаған уақыттан бері қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда және халықаралық ынтымақтастық мәселелерінде маңызды рөл атқаратынын көрсетті.
Жақында Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтпек. Дерек көздеріне қарағанда, бұл саммитте ШЫҰ елдеріне қатысты ғана емес, әлемдік ауқымдағы аса өткір мәселелер де талқыланбақ. Оның ішінде Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы жағдайлар да бар. Әлем жұртшылығын алаңдатқан осы, тағы басқа мәселелерге қатысты Қазақстан мен Қытайдың айтары, ұсыныстары бар десек, қателесе қоймаспыз. Өйткені, бұл іргелі екі мемлекет әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың қамтамасыз етілуін қолдайды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан мен Қытай 2015 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Соңғы жылдардағы екі елдің тауар айналымының көрсеткіші бұл белесті бағындыруға болатындығын білдіреді. Мысалы, өткен жылы қазақстандық-қытайлық екіжақты тауар айналымы 25,6 миллиард долларды құраған екен. Қытай кеденінің мәліметтері бойынша, осы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 13,57 миллиард долларға жеткен. Мұны өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырсақ, өзара тауар айналымы 23,1 пайызға артқаны байқалады. Ал биылғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард доллардан асады деген болжам жасалып отыр.
Екінші жағынан, әлемдік экономика қаржылық дағдарысты бастан кешіріп отырғанымен, ол Қазақстан – Қытай мұнай-газ саласындағы жобаларға әсер етпеді. Дәлірек айтқанда, перспективалы жобаларды жүзеге асыру жалғастырылып жатыр. Енді алдағы жылдары екі мемлекеттің ауыл шаруашылығы, коммуникация, басқа да салалардағы ынтымақтастығы нақты түрде қолға алынатын болса, елдер арасындағы тауар айналымы күтілген межеге жетіп қалуы мүмкін.
Әлемдік экономикалық дағдарыс толқыны Аспанасты еліне де салқынын тигізді. Мәліметтерге жүгінетін болсақ, өткен жылы Қытай экономикасының өсуінде бәсеңдеу белгілері байқалған. Оның бірқатар себептері бар. Біріншіден, ұзақ жылдар бойы Қытайдың экономикасы серпінді дамып отырды. Ал экономикалық даму заңдылығында дамумен қатар, бәсеңдеу болатыны бар. Екіншіден, әлемде экономикалық жағдай ауыр. Бұл бір-бірімен байланыс жасайтын елдердің барлығына кері әсер ететіні анық. Қытай болса, тауарлар мен өнімдер экспорттаушы елдердің бірі болып саналады. Алушысы азайған елдің экономикасы бәсеңдемегенде қайтеді!
Зерделеп қарайтын болсақ, Қытай экономикасының қазіргі және бұрынғы дамуында өзгешеліктер бар екендігін байқауға болады. Енді табыстардың маңызды критерийі болып елдің ішкі жалпы өнімі саналмайды. Экономикалық құрылымдарды реттеу мен экономикалық өсім модельдерін трансформациялау макрореттеудің басты міндеті болып табылады. Өйткені, күрделі салым барлық уақытта дамудың бір ғана әдісі ретінде қызмет ете алмайды. Бұл жағдайлар Қытай экономикасы дағдарысқа ұшырады дегенді білдірмесе керек. Ел үкіметі осы жағдайларды алдын ала білген және соған күні бұрын әзірленген.
Жалпылай алғанда, Қытай экономикасы қолайлы, тұрақты деуге болады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында елдің ІЖӨ-сі 7,6 пайызды құраған. Егер осы өсім деңгейін өзге мемлекеттердің экономикасымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болып келеді. Қытай әлеуметтік қамсыздандыру саясатын жетілдіру мәселелеріне, халықты еңбекпен қамту жайына баса назар аударып отыр. Соның нәтижесінде осы жылдың алғашқы жартысында 7 миллион 250 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Дегенмен, бұл мемлекетте бірқатар қиындықтар да бар екенін жасыра алмаймыз. Негізінен олар жергілікті билік органдарының қарызына, жекелеген салалардағы өндірістердің ескіргендігіне қатысты. Осы және басқа проблемалар бақылауға алынып, оларды шешудің жолдары қарастырылып жатыр.
Көршіміз Қытай – бүкіл әлеммен жоғары деңгейде интеграция орнату арқылы экономикалық әлеуеті жағынан екінші орын алатын ірі мемлекет. Сонымен қатар, бұл елдің экономикасын жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс та теңселте алмады. Олар да Қазақстан сияқты дағдарысқа қарсы шараларды дер шағында қабылдай білді. Міне, бұлар Қазақстан мен Қытай экономикасының тұрақты екендігін көрсетеді.
Қазақстан қаржы-экономикалық дағдарысқа қарсы мол қаражат жұмсап, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетіп, бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырған болса, Қытай үкіметі жалпы көлемі 4 триллион юаньды құрайтын инвестициялық жобаны әзірлеген және жүзеге асырған еді.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа сатыға көтерілді. Ол барлық салада, барлық бағытта өрістей түсуде. Мысалы, екі ел бұрындары негізінен мұнай-газ жобаларына басымдық беріп келсе, соңғы жылдары шикізаттық емес сектордағы жобаларға да баса назар аудара бастады. Сонымен бірге, бірлескен жобалар да қолға алынуда. Қазіргі кезде Ақтауда битум зауытының құрылысы жедел қарқынмен жүргізіліп жатқаны соған дәлел. Бұдан бөлек, «ғасыр жобасы» атанған Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізінің құрылысы да бар.
Елдердің саяси-экономикалық байланыстарымен қатар, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастығы кеңейе түсуде. Екі елдің өнер шеберлері бір-біріне жиі келіп, көпшілікті өнерлерімен тәнті етіп те жүр. Ретіне қарай көрмелер де ұйымдастырып тұрады. Мәселен, бұдан үш жыл бұрын Шанхайдағы «ЭКСПО-2010» халықаралық көрмесінде Қазақстанның «Астана – Еуразия орталығы» тақырыбындағы павильоны келушілерді үлкен әсерге бөлеген еді. Екі мемлекеттің ынтымақтастығы білім беру саласында да нық орныққан. Бүгінде көптеген қазақстандық жастар Қытайдың іргелі жоғары оқу орындарында білім алып жүр.
Қазақстан мен Қытайдың көпжақты пішіндегі қатынастары БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, тағы басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы көзқарастарынан айқын көрінеді. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас, әрдайым бір жерден шығып келеді. Осылар арқылы екі мемлекет әлемде және өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше үлес қосуда.
Қазақстан – Қытай қарым-қатынасының екі онжылдықтың ішінде ғана осындай жоғары деңгейге көтерілуінің негізі екі елдің арасындағы өзара саяси сенім мен шынайы достықта жатыр. Өйткені, Қытай тарапы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды даму жолына түскен біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатын қолдайды. Ал Қазақстан Қытайды өзінің стратегиялық серіктесі, сенімді көршісі деп біледі.
Бүгін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп күтілуде. Мемлекет басшылары екі елдің стратегиялық серіктестігіне қатысты кең ауқымдағы мәселелерді талқылап, халықаралық және өңірлік өзекті де өткір мәселелер жөнінде пікір алмаспақ. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан-Қытай қатынастарын дамыту туралы Бірлескен мәлімдемеге, энергетикалық, көліктік, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда.
Жалпы, ҚХР Төрағасының бұл сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты, көпсалалы ынтымақтастықты жоғары белеске көтеріп, екі елдің халықаралық қатынастарының жаңа бетін ашатындығына сенім кәміл.