Астана. 15 қыркүйек. Baq.kz «Ас – адамның арқауы» демекші, Үкімет бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесін, балалар сегіз сағаттық сабақ уақытында бір мезет ас ішіп, әлденсін деген мақсатта енгізді. Қазақ тағамтану академиясы бұл тұрғыда зерттеу жасап, әр баланы 300 теңгеге тойдыра тамақтандыруға болатындығын анықтады және бұл соманы билік белгілеп, қаржы аударымдарын бастап та кеткен болатын. Алайда елімізде жүріп жатқан әділетсіз тендерлердің кесірінен балалар ашқұрсақ қалуға мәжбүр.
Қазақ тағамтану академиясы егер әр баланы 300 теңгеге тамақтандыруға болады десе, демек, күнделікті берілген 300 теңгенің тамағына баланың қарны тояр еді. Бірақ бізде оқушыларды 300 теңгеге тамақтандырып отырғандар жоқтың қасы. Себебі тендерлік байқаулардың қателігі – ең төменгі бағаға қызмет көрсетем дегендердің қолына мемлекеттің қаржысын ұстата салып, қарап отыруында. Мысалы, бір Алматы қаласының 200 мектебінің асханасын биыл жеті кәсіпорын өзара бөлісіп алыпты. Тендерде жеңіске жеткендер балалардың қарнын 150-162 теңгеге тойдырмақ. Бүгінде мысықтың бір мезгіл жейтін арнайы асы 600 теңге тұрады екен. Қарап отырсақ, мектеп оқушысының жағдайынан мысықтың жағдайы дұрыс сияқты көрінеді. Оған қоса, сол жеті кәсіпкердің ешбірінде балаларды тамақтандыру бойынша тәжірибе жоқ: бірі – жұмсақ жиһаздар салоны желісінің, бірі – сұлулық, бірі аяқкиім салондары желісінің басшылары екен.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі шетелден жеткен. Бірақ шетелде бұл істі кездейсоқ біреу емес, «тамақтану комбинаттары» атқарады. Мамандардың айтуынша, комбинат – мектеп оқушылары үшін тамақ әзірленетін арнайы орын. Ол жерде тек тағамтану саласының нағыз мамандары мен жоғары санатты аспаздар ғана қызмет етуі тиіс. Тағамның құрамы, дәрумендердің дұрыс қолданылуы мен жас ерекшеліктеріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Бұл – халықаралық стандарт. Егер бүлдіршіндерді тегін тамақтандыру жүйесі жұмыс істейтін болса, бұл нормативтер сақталуы тиіс. Ал біздің елде қалай? Естуімізше, Қазақстанда да комбинаттар бар, бірақ қағаз жүзінде ғана. Өйткені бізде тамақты комбинатта емес, мектеп асханасында кәсіпкерлер жалдаған аспаз дайындайды. Сонда кәсіпкердің қолынан бір, аспаз қолынан екі өткен 150 теңгенің тамағы бала асқазанына жұқ бола ма?
Олег ТЫШКЕВИЧ, кәсіпкер:
– Биыл Алматы қаласы бойынша мектеп оқушыларын тамақтандыруға жарияланған тендерді ұтып алғандардың ешбірінде комбинат та, жоғары санатты аспаздар да жоқ. Әйтпесе тендерге қатысқандардың арасында осы салада 20-27 жыл қызмет еткендер болды, бірақ олар ысырылып, олардың орнын жаңа кәсіпкерлер иеленді. Тіпті екі күн бұрын ЖШС ашып, үшінші күні тендерді жеңіп алғандарды көрдік. 160 теңгеге баланы тойдырамыз дегендер енді химикат пен ең арзан өнімдерді сатып алып, бала денсаулығына нұқсан келтіруде.
Кәсіпкердің айтуынша, мектеп асханаларының көбі қазір жеміс шырынының орнына компот, жеміс орнына Қытайдан әкелінген арзан киви мен банан беруге әуес. Өзіміздің жерде өсетін «нағыз» дәруменге толы жеміс-жидек қымбат. Тендерлік байқауда «162 теңгеге балаларды тоқ қылам» деген олар еріксіз оқушыны алдап, сатып алынатын тамақты сол соманың ішіне сыйдыруға тырысады. Тіпті олардың тауып алған қулығында да шек жоқ. Қазір олар салаттыда, тамақты да, тұздықты да бір ыдысқа салып беруді шығарған. Себебі тексеріс бола қалған жағдайда тағамның әр түрі жеке-жеке өлшеніп, тексерістен өтпейді. Шын мәнінде көрсетілген нормадан 50%-ға дейін тамақты аз мөлшерде салатын олар, әлгі кивидің қабығын аршымайды екен. Себебі қабық та салмақ! Керек десеңіз, жалғыз кивиды жеуге де болмайды. Оны кәуап дайындау үшін етке қосып, шикі еттің санаулы мерзім ішінде жұмсартатынын білеміз. Сонда баланың ішқұрылысы мен ашқарыны нендей күй кешетінін түсіну қиын емес сияқты.
Марина ДЖЕГУШ, ата-ана:
– Балам биыл бірінші сыныпқа барды. Мектеп табалдырығын аттағанына жарты айдың жүзі болмай жатып, асхананың тамағынан ауырып, аллергиясы қозып кетті. Олардың 162 теңгесі жайлы естіп, тіпті шошыдым. Нәтижесі көз алдымда, баламның ол тамақты ішкісі жоқ, күні бойы қарны ашады. Шынымды айтсам, ұлымның мектептен ондай тамақты жегенін қаламаймын, бірақ амал қанша? Әртүрлі отбасы бар. Бір күндік мәзірді қарасам, ішінде сүт, сүзбе, бал деп тұр, миға қонымсыз. Ваниль, шоколод және құлпынай дәмдері бар дейді, мұның бәрі химиялық қоспалар емес пе?! Нарықта тағамның да, жеміс-жидектің де түрі көп, ал мектеп асханасы ең арзан, бала денсаулығына зиянды заттарды ғана береді.
Мектепаралық зерттеулер жүргізіп көрген мамандар мектеп асханасынан берілген астан бас тартып, өзге тауарларды сатып алуға құштар оқушылардың көп екенін байқапты. Бірақ буфеттердің бағасы «удай» дейді олар. Дүкендегі ең арзан жеміс шырыны – 60 теңге, ал мектептердің көпшілігінде – 120. Тіпті барлық тауардың бағасы осындай, екі есе қымбат. Ал саясаттанушылар мектепті бизнеске айналдырып отырғандардың әрекетіне «Президентіміздің саясатына қарсы келушілік» деген баға беріп отыр.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, саясаттанушы, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы:
– Бала – біздің болашағымыз, біз олардың білімі мен дұрыс тамақтануы үшін жауаптымыз. Олар онсыз да толыққанды тамақтанбайды, аналары жұмыста болғандықтан және үнемі ыстық тағам дайындап үлгермегендіктен кез келген нәрсені жей салады. Егер мектеп асханаларында Ақмола облысында орналасқан балалар үйіндегідей 99 балаға тауықтың бір санынан сорпа жасайтын болса, онда біздің балаларымыздың дені сау болып өспесі анық. Біз мектептердегі ыстық тамақ жүйесін сақтауымыз және әрі қарай дамытуымыз керек. Жемқорлықты жоюға тиіспіз. Мектептегі тамақтануды бизнеске айналдырудың қажеті жоқ. Баланы 162 теңгеге тамақтандыру деген не деген масқара! Тіпті менің мысығым күніне 162 емес 600 теңгенің тамағын жейді. Демек, 162 теңгеге бір баланың емес, бір мысықтың қарнын тойдыру мүмкін емес.
Мектептің асханасына қатысты мәселеге жалғыз білім бөлімдері емес, мектептің директорлары да жауапты. Алайда аталған проблема қанша мәрте қозғалса да, Алматының әлі бірде-бір мектеп директоры бас көтеріп көрген емес. Барлығына дерлік бұл сұраққа аудандық білім бөлімі жауап берсін деп ат тондарын ала қашса, білім бөлімдерінің жауап беретін түрі жоқ.
Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, республикалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Балаларды дұрыс тамақтандыру мен мектеп асханаларына қатысты мәселелерді шешу мақсатында қаншама мектеп директорын кездесуге шақырдым, барлығы бас тартады. Себебі олар бұл жөнінде жақ ашса, жұмысынан қуылады екен…
Р.S.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Мысалы, Алматы қаласындағы Бостандық ауданына қарасты мектептердің көпшілігі балаларын 300 теңгеге тамақтандырады екен. Ал Алатау ауданында – 190, өзгелерде – 150-162 теңге. Сонда баладан-баланың қандай артықшылығы, айырмашылығы бар? Тендерлік байқауда мұндай әртүрлі баға «ойнамауы» тиіс емес пе?! Үкіметтің белгілеп бергені 300 теңге болса, осы сомаға қызмет етем деген нағыз мамандардың қолына жұмыс берілуі керек. Әйтпесе мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаны айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің кесірінен бүлдіршіндер зардап шегіп жүр.
Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА