АЛТЫНОРДА
Новости

БОЛАШАҚ ҚУАТЫ – ҚАЗАҚСТАН ҚОЛЫНДА

41aff096de5594a9fa6eb1ac902dcb62Біз биіктерді бағындыруға қол соза бастаған ұлтпыз. Әлемдік қауымдастыққа кеуде керіп кіргелі бірқатар ірі шараларды өткіздік. Азиада, ЕҚЫҰ саммиті секілді. Енді ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізуге білек сыбанып отырмыз.
Таяуда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметов Францияға ресми сапармен барды. Мақсат – ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысты құжатнамаларды пысықтау, көрмені өткізуге байланысты кешенді іс-шараларды тағы бір тиянақтау, осы бір шаруаның барлық тірлігін реттеу. Үкімет басшысы осы мақсатта бірқатар кездесулер өткізді. Парижде Халықаралық көрме бюросының бас директоры Висенте Лоссерталеспен кездесті.

Осы сапар барысында Қазақстанның ЕХРО – 2017 көрмесін өткізуші ел ретіндегі тіркелу мәселелері талқыланды. Висенте Лоссерталес Қа­зақ­станға, Қазақстан Прези­дентінің атына жылы лебіз білдірді. «ЕХРО – 2017» көр­месін даму жағынан серпінді жолға түскен Қазақстан жоғары деңгейде өткізетініне шүбәм жоқ  деді бас директор. – Өйт­кені халықаралық көрме бюросы мұндай ірі шараларды өткізу ісіне өте жоғары мән береді. 2017 жылғы көрмені өткізу үшін мемлекеттер арасындағы ірік­теуде Қазақстанның жолы болды. ЭКСПО – 2017 көрмесін жоғары дәрежеде өткізу Қазақ­станның серпінді дамуына жол ашады деген пікірді айтқан Премьер-министр болашақтағы тірліктің бағдарына тоқталған. Ел дамуында «Жасыл көпір» бастамасы ерекше орын алады. Бұл бағдарламаға сәйкес табиғат ресурстарын экологиялық жа­ғынан тиімді пайдалану, эко­жүйеге инвестиция тарту, қоршаған ортаға көмір қышқыл газын шығаруды мейлінше азайту, табиғат өзгерістеріне бейімделу, «жасыл» бизнес және «жасыл» технологияларды да­мыту, «жасыл» құрылыс, ауыл шаруашылығы, электр энер­гиясы саласындағы жаңа технологиялар, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және басқа да көкей-кесті проблемаларға айрықша ба­сымдық беріледі.
Сонымен, біз Париж төрінде болдық. Атақты Эйфель мұ­нарасы қаланың кез келген бұрышынан «мен мұндалап» көрініп тұрады екен. Бұл ғимарат Парижде өткен көрме жемісі.
Осы тұста халықаралық көрме тарихына аз-кем көз жүгірте кеткен артық болмас.  І әлемдік көрме Лондондағы Гайд-паркте өткізілген болатын. Оған ұсыныс жасаған принц Альберт. Ең алғашқы көрме Хрусталь сарайы деген сәулет өнерінің жауһарымен тарихта қалды. Хрусталь сарайын Джозеф Пакстон темір мен шыныдан тұрғызған еді. Кейіннен бұл сарай өртке шалынып, талайды таңдай қақтырған ғимарат күл шоғына көмілді… Хрусталь сарайы 1936 жылы өртеніп кетті.
Сол ең алғаш 1851 жылы Лондонда өткен көрме іле-шала әлемде кең өріс алды. 1889 жылы Парижде жалғасты. 1989 жылы Эйфель мұнарасы өмірге келді. 1855 1867, 1878, 1889, 1900, 1908, 1925, 1931, 1937 жылдары көрме Парижде өтті. Төрткүл дүниеде осы көрмені өткізуге талай ел таласты. Оның тізімін тиісті кестеден көре аласыздар. Қытай ЭКСПО-ны 2010 жылы Шанхайда өткізді.
ЭКСПО – 2017-ні өткізу қарсаңында Канада, Австралия, Испания, Франция, Норвегия, Сербия тендерден қаржылық тәуекелге байланысты бас тарт­ты. Тек Астана мен Льеж қаласы ғана бірден-бір талапкер болды. Льеж бұрын мұндай көрме өткізген-ді.
Біздің өткізгелі жатқан ЭКСПО – 2017 – 10 шілдеден 10 қыркүйекке дейін Халық­аралық көрмелер бюросы  (ХКБ) шеңберінде ұйым­дастырылатын халықаралық көрме. Мұны өткізуге әлемнің әр шалғайынан қаншама мем­лекет мүдделі болады. 2012 жылдың 22 қарашасында ХКБ ЭКСПО халықаралық бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында Астана 103 мүше-мемлекеттің дауысын жеңіп алды. Ал Бельгияның Льеж қаласы 44 дауыс жинады.
Futuze Fnezgu (Болашақ қуаты) – ұйымдастырушылар таңдаған тақырып. 2011 жылдың 10 маусымында ХКБ штаб пәтерінде ЭКСПО – 2017 жобасының ұлттық үйлест­і­рушісі, ҚР Сыртқы іс мем­лекетінің жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев ХКБ Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесті. Жошыбаев Қазақстан Рес­публикасының Премьер-ми­нис­трі қол қойған республика­ның ресми өтінішін тапсырды.
Астана ЭКСПО – 2017 көр­месін өткізуге қызу кірісіп жатыр. Қазақстан Респуб­ли­касының Экономикалық даму және сауда министрлігі (көрмені өткізу концепциясын, тех­никалық-экспедициялық негіздемесін, көрме өткізу жоспары, қонақтар қауіпсіздігі, оларды қарсы алу туралы ин­фрақұрылымдық шешімдер) өтініш құжаттамасын дайындап, ХКБ бюросына тапсырды. Астананың ХКБ талаптары бойынша 100 мемлекеттен 3-4 млн адамды қабылдайтын ша­масы болуы керек. Ұйым­дас­тырушылар ЭКСПО – 2017-ні 2,3 млрд долларға бағалап отыр.
2013 жылдың 23 қараша­сында Парижде Екатеринбург (Россия), Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері), Измир (Түркия), Сан-Паулу (Бразилия) ЭКСПО – 2020-ға үміткерлікке таласады, Ұйымдастыру комитеті 2013 жылдың қараша айында тиісті шешім шығарады.  Бүкіл әлем болашақ қуатын қолға түсіруге ұмтылып жатыр. Ол мүмкіндік енді Қазақстан қолына тиді. Не істей аламыз?
Үкімет басшысы ЭКСПО – 2017 көрмесіне әлемнің әр елінен 50-ден астам ең үздік сәулетшілер мен дизайншылар өздерінің жобасын ұсынғанын айтқан еді. Көрме ғимараттарын кейінірек Назарбаев универ­ситеті қарамағына алып, оқу-лабораториялық мақсатта пайдалану жөнінде де ойлар бар екен. Қай жобаның жұлдызы жанады? Қазақстан әлемді несімен таңғалдыра алады? Эйфель мұнарасына, Эдисон­ның электр шырағы, Беллдің телефонына теңдесе, таласа аламыз ба?

Көрме Қала

1851  Лондон

1855  Париж

1862  Лондон

1867  Париж

1873  Вена

1876  Филадельфия

1878  Париж

1886  Мельбурн

1888  Барселона

1889  Париж

1893  Чикаго

1894  Сан-Франциско

1895  Атланта

1897  Брюссель

1900  Париж

1901  Буффало

1904  Сент-Луис

1905  Льеж

1906  Милан

1907  Дублин

1907  Хэмптон-Роудс

1908  Париж

1909  Сиэтл

1910  Брюссель

1911  Турин

1913  Гент

1915  Сан-Франциско

1915  Сан-Диего

1922 Рио-де-Жанейро

1924  Лондон

1925  Париж

1926  Филадельфия

1929  Барселона және Севилья

1930  Антверпен

1930  Льеж

1931  Париж

1933  Чикаго

1935  Брюссель

1937  Париж

1939  Нью-Йорк

1939  Сан-Франциско

1958  Брюссель

1962  Сиэтл

1964  Нью-Йорк

1967  Монреаль

1968 Сан-Антонио

1970  Осака

1974  Спокан

1975  Окинава

1982  Ноксвилл

1984  Жаңа Орлеан

1985  Цукуба

1986  Ванкувер

1988  Брисбен

1992  Севилья

1992  Генуя

1993  Тэджон

1998  Лиссабон

2000  Ганновер

2004  Сен-Сен-Дени (болмады)

2005  Нагоя

2008  Сарагоса

2010  Шанхай

2012  Йосу

2015  Милан

2017  Астана

Нұртөре ЖҮСІП

http://www.aikyn.kz/news/view/31730