Ұлттық банк төрағасы қызметінен Григорий Марченконың «отбасылық жағдайына байланысты» доғарысқа кетуі сарапшыларды таңдандыра қоймапты. Оның орнына бұрынғы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің келуі олар үшін «тосын сый» болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Григорий Марченконың Ұлттық банк төрағасы лауазымында «көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істегенін» атап өтті. «Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын» деді Қазақстан Президенті.
Ұлттық банк төрағасы лауазымында екі мәрте болып, соңғы рет осы орында төрт жылдай тапжылмай отырған Марченконың осы жолғы кетісін сарапшылардың бір бөлігі зейнетақы реформаларымен тікелей байланыстырады. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын көтеру бастамасын елге түсіндірудегі «реформатордың» жұмысын маусым айында Мемлекет басшысы сынға алған. Осыдан кейін бас банкирдің аяқастынан демалысқа кеткендігі мәлім болған. Сондықтан бұл жолғы оның отставкасында зейнетақы реформаларының «үлкен үлесі» бар екенін айтқан депутат Владислав Косарев. Сенатор Қуаныш Айтаханов та – осындай ойда. Депутат «мәселеге терең байыппен бармай, зейнетақы қорында ақша жоқ, мәселені осылай шешеміз деген» қаржыгердің қызметтен кетуін оң санайды. Марченконың кейбір мәселелерді «терең зерделемей, айта салатын» ерекшелігінің де болғандығын еске салады.
Ұлттық банктің бұрынғы төрағасының Ресей экономикасы дамуына мүдделілігі, олармен ортақ валюта жасау туралы пікірлері, мемлекеттік тілге қатысты ашық түрде немқұрайлық танытуы қазақ қоғамында кезінде сын пікірлер туғызған. Сондықтан болар, Марченко туралы орыс және қазақтілді ортада екі түрлі пікір қалыптасқанын оның оставкасына қатысты берілген телехабарлар мен әлеуметтік желілердегі пікірлерден оңай аңғаруға болады.
«Ұлттық банк басында өзіміздің ұлттың азаматының да отыруы –үлкен мәселе» деп есептейді Айтаханов. «Себебі бұл еліміздің қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Ұлттық банк – мемлекеттің ең бір үлкен тірегі. Мемлекеттің қаржылық мәселесі осы банк арқылы шешіледі. Еліміздің экономикасының дамуы, халқымыздың әл-ауқатының артуы, халықаралық дәрежедегі имиджі де осы банкке тікелей байланысты. Марченко бірқатар жұмыстар атқарғанын жасырмауымыз керек. Сонымен бірге оның кейбір жағдайларда олқылықтары да болды» дейді сенатор.
Бұрынғы бас банкирдің Парламент депутаттарымен тартысы, олардың сонда да оны есеп беруге иліктіре алмауы, жоғарғы лауазымды тұлғалармен кикілжіңдері оның осы жолы қызметінен кетуіне түрткі болғанын айтады саясаттанушы Досым Сәтпаев. Оған қоса, сарапшы оның зейнетақы реформалары, әлеуметтік төлемдерге қатысты мәлімдемелері де қоғамды жағымды пікір тудыра қоймағанын атап өтті. «Әрине, маман ретінде ол жаман болған жоқ. Қаржы дағдарысы кезінде Ұлттық банкті қаржы рыногындағы айтарлықтай күшті ойыншыға айналдыра білді. Ал коммуникация, серіктестік қарым-қатынас орната білу бойынша мәселелері болғаны рас» дейді саясаттанушы.
Досым Сәтпаевтың сөзіне қарағанда, Марченконың отставкасы туралы алып-қашпа әңгіме былтырдан бері толассыз айтылып келеді. «Тіпті оның орнына кім келетіндігі де талқыланған. Әйтсе де Қайрат Келімбетовтің Ұлттық банк төрағасы қызметіне келуі көбірек таңданыс тудырды» дейді саясаттанушы. Себебі бұған дейін белгілі экономистің сәл биігірек, яғни Үкімет басшысы деңгейіне жоғарылайды деген болжамдар болыпты. «Ұлттық банк төрағасы болу – мәртебелі лауазым, бірақ оны мемлекеттік иерархия тұрғысында жоғары деуге келмейді» дейді сарапшы. «Оған қоса, банк Алматыда орналасқан, ал біздің шенеуніктер Ақордаға жақынырақ болғанды қалайды». Осы тұрғыдан алғанда,Келімбетовтің бұл «жүрісі»сауалдар туғызатынын айтады саясаттанушы.
Ұлттық банк басшысы ауысқаннан банк жүйесінде күрделі өзгерістер бола қоймайтындығын топшылайды Досым Сәтпаев. Себебі «бұл қаржы институтының қызметі Мемлекет басшысы арқылы құпталады. Ұлттық банк соңғы жылдары Қазақстанда, әсіресе, банк және қаржы жүйесін реттеу мен қадағалау тұрғысында өзінің ықпалын күшейтті. Бәлкім, Ұлттық банктің қоғам, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасындағы саясаты «жұмсаратын» шығар» деп пайымдайды сарапшы.
Мемлекет басшысы Ұлттық банкке жаңа төраға тағайындағанын хабарлаған кезде бұл шешім еліміздің дамуына септігін тигізетінін екшелеп, Ұлттық банктің саясаты өзгермейтінін нақтылаған.
«Айқын-анықтама»:
Григорий МАРЧЕНКО:
54 жаста, Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақстан вице-президентінің көмекшісі (1992-1994), Ұлттық банк төрағасының орынбасары (1994-1996) қызметінен бастап, Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы (1996 жылғы қараша – 1997 жылғы қазан), Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі (1997 жылғы қазан – 1999 жылғы қазан), Ұлттық банк төрағасы(1999 жылғы қазан – 2004 жылғы қаңтар), Премьер-министрдің бірінші орынбасары (2004 жылғы қаңтар-сәуір), Қазақстан Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі (2004 жылғы сәуір – қазан) болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қазан – 2009 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болды. 2005 жылғы қаңтар – 2009 жылғы қаңтар аралығында «Қазақстан Халық Жинақ банкі» АҚ Басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 2009 жылғы қаңтардан биылғы жылдың 1 қазанына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы болып істеді.
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ:
44 жаста, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің қолданбалы математика және кибернетика факультетін бітірген. Ұлттық банк төрағасы қызметіне келгенше Премьер-министрдің орынбасары (2012-2013) қызметін атқарған. Оған дейін Экономикалық даму және сауда министрі (2011-2012), «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2008-2011), Президент Әкімшілігі жетекшісі (2008), «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2006-2008), Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі (2002-2006), Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы (1999-2001) лауазымдарын атқарған.
Айжан КӨшкенова, Астана