АЛТЫНОРДА
Новости

КЕЛІМБЕТОВ ШЕШЕТІН КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ КӨП

953a7f474d636b5c68c4c430fe27e11dТаяуда Мемлекет басшысы жоғары билікте назар аударатын бір ауыс-түйіс жасады. Ұлттық банк басшылығынан Григорий Марченко кетті де, бұл орынға Қайрат Келімбетов тағайындалды.
Баспасөз хабарларында Елбасы Григорий Марченкоға атқарған ісі үшін алғыс айтқан көрінеді. Бірақ біз осы «Айқын» газетінде бұған дейін де талай рет жазғанымыздай, бұл азамат алғыс айтатындай іс тындырған жоқ. Керісінше, өзінің ізбасарына өте ауыр «жүк» тастап кетті. Орайы келгенде айта кететін тұс Елбасымыз өзі өсірген жас элита арасынан Қайрат Келімбетовті соғыс кезінде Жуковты Сталин қалай «пайдаланса», солай пайдаланып келеді. Айталық, 2007 жылдың тамызынан кейін екінші деңгейдегі банктер сыртқы берешектерін қайтара алмай, дефолттық жағдайда қалғанда оны түзеп, жанды жұмысқа қосу үшін сол кездегі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын басқарған Қайрат Келімбетовті жұмсаған еді. Қайрат болса ұлт Көшбасшысының бұл сенімін ақтап, қысқа мерзім ішінде жан-тәсілімге таяған банктерге «жан бітірді». Енді, міне, тағы да екінші деңгейдегі банктер дефолттық жағдайға жетіп қалғанда, Президентіміз Қайратты Ұлттық банк төрағалығына тағайындады. Жалпы алғанда қазіргі таңда Ұлттық банк төрағасы қызметінде Елбасымыздың Жуковы – Қайрат Келімбетов шешетін қордаланған мәселелер жеткілікті. Санамалайық…

1.  Әлсіреген теңгені көтеру

2009 жылы Григорий Марченко Ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындалысымен істеген бір ісі теңгені 25 пайызға құнсыздандыру болғаны баршаға белгілі. Біз бұл қадам Мемлекет басшысымен келісілген «жүріс» екенін білдік. Өйткені дәл сол кезде әлемдік рыноктағы біздің экспорттық шикізаттарымыздың, оның ішінде мұнайдың бағасы түсіп кеткен еді. Макроэкономиканы қолдау мақсатында жасалған бұл қадамды біз кезінде «дұрыс жүріс» деген едік. Уақыт өте берді, әлемдік тауар биржаларындағы көмірсутектерінің және басқа біздің экспорттық шикізаттарымыздың бағасы өсе-өсе 2008 жылғы деңгейден әлдеқайда жоғарылап кетті. Мұнай баррелі 60 долларға бағаланса жарар еді деп жүрген шақта ол 120 долларды алқымдады. Басқа да шикізаттар бағасы айтарлықтай өсті. Бірақ сонда да доллар ревальвациясын «қоймады». Ақыры дәл қазіргі деңгейіне жетті. Біз осы «Айқын» газетінде сақтық қорлардағы қазынаның бір бөлігін алтынға айналдыру керек дегенді талай рет жаздық. Доллардың да, алтынның да бағасы арзан кезінде солай дедік. Бірақ Марченко сақтық қордағы қазынаны алтындандыруды сары металдың мысқалы 1800 доллардан асқан шақта бастап, «мақтанды». Алтын бағасы содан бері 30 пайызға құнсызданды. Демек, Марченко сақтық қорды құнсыздандырып та кеткен басшы болды ғой. Ескерте кетейік, елдің ұлттық және сақтық қорларындағы қазынамызды қоса есептесек, байлығымыз 90 миллиард долларға жетіп қалған екен. Яғни ішкі рынокта валюталық тапшылық жоқ. Оның үстіне Қазақстан қазір де, бұдан былай да экспорт-импорт айналымын тиімді қалдықпен (плюсовая сальдо) аяқтайтын ел. Өйткені жыл сайын экспортымыз азайып, импортымыз көбейіп отырады. Бұлардың бәріне экспорттық шикізаттар бағасының жоғары деңгейде тұрғанын қосыңыз. Сонда теңгеміздің дәл қазіргідей құнсыздана түсуі табиғи заңдылық па? Бірдеңеден хабары бар адам мұны экспорттаушылар мүддесіне орай Ұлттық банк тарапынан жасалған «лобби» дейді. Яғни Марченко Ұлттық банк төрағасы болып тұрған шағында халық пен мемлекет мүддесіне емес, шикізат экспорттаушылар мүддесіне қызмет еткен тұлға болды. Ақиқатқа тура және әділдікпен қарар болсақ, дәл қазіргі таңда теңгенің құнсыз валюта болуы мүмкін емес. Бүгін бір доллар 154 теңгеге сатылып жатыр. Ал ақиқатында ол 1=140 болуы тиіс. Ең кемі – осы. Тіпті теңгені үстеп қоректендіру мөлшерлемесін (ставка рефинансирование) қазіргі 8 пайыздан екі есе төмендетсек те теңгенің бағасы біз көрсеткен мөлшерден кем болмайды. Қысқасы, Қазақстанның ұлттық валютасы еркін айналымға шыққан валюта. Солай бола тұрса да ұлттың қазба байлықтарын сорған отандық және шетелдік алпауыттардың мүддесіне орай оны тұқыртып келді. Ескерте кетейік, қазба байлықтарымызды иемденгендер арасында отандық байлардың саны да аз. Демек, Марченко шетелдік алпауыттар мүддесіне теңгені тұқырту арқылы қызмет еткен деуге болады. Айталық, мұнай экспорттаушы 1 миллиард долларын Марченко Ұлттық банк төрағасы болғанға дейін ішкі рынокта 124 миллиард теңгеге айырбастап алатын. Ал ол қызметтен кетуінен бір күн бұрын сол 1 миллиард долларды 154 миллиард теңгеге айырбастайтын бағам болды. Бұл бағамды белгілеген – Марченко басқарған Ұлттық банк. Сөйтіп, ол Қазақстанды әр миллиард доллардан 30 миллиард теңгеге ұтылдыру жолын қалыптастырды.

Біз – рыноктық мемлекетпіз. Иә, қажет кезінде Ұлттық банк отандық экономиканың мүддесіне орай «протекционистік» іс-шараларды жүргізуі керек. Бірақ ол, сөздің тура мағынасында, «протекционистік» мәнде болуы тиіс. Ал Марченко «рыноктық қатынас» саясатынан да аулақ болды. Ол ешқашан да «протекционист» болған жоқ. Қысқасы, Келімбетовке ең әуелі теңге-доллар ара-қатынасындағы әділетке қол жеткізу керек секілді. Ұлттық валютаны тұқырту халықтың да, мемлекеттің де мүддесіне қайшы.

2.  Жекеменшік банктерді оңалту

Жалпы алғанда, Қайрат Келімбетов – жекеменшік банктерді оңалту ісімен алғаш айналысқан жоғары лауазымды тұлға. Ол «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы қызметінде жүріп-ақ Елбасының тікелей тапсырмасымен қыруар іс атқарған болатын. Біршама оңалып қалған банктер қайтадан дефолттық жағдайға жетіп қалды. Енді Қайрат Келімбетовке бастаған ісін аяғына жеткізу қажет. Өкініштісі сол – Қайрат Келімбетов кезінде түзеген дүниені Марченко қайтадан әлсіретіп алды. Себеп жалғыз – екінші деңгейдегі банктерде қайтарылмайтын несиелер қоржыны тым ауырлап кетті. Өйткені болғанды ұмытқан оллигархтар қайтадан жеңіл жолмен баю арнасына түсіп алып, жағдайды 2007 жылдың тамызына дейінгіден де ушықтырып жіберді. Көптен бері бірқатар банктеріміз «3 миллион, 5 миллион теңге несие береміз, көп құжаттың қажеті жоқ, кепілдік те керек емес» деген жарнамаларды бұқараға тықпалап жатыр. Сондықтан да бұрынғы қайтарылмайтын несиелер қоржынына жаңалары қосылды. Ал Ұлттық банк құрамына – Марченконың қалауымен енген қаржы институттарын қадағалау агенттігі болып жатқанға жұмулы көзбен қарайды. Қысқасы, екінші деңгейдегі банктердің дефолттық жағдайы қайтарылмайтын несиелер қоржынының ауырлап кетуінің салдары. Демек, Қайрат Келімбетовке осынау түйінді мәселені шешу керек. Кезінде біз осы «Айқын» газетінде 2007 жылдың тамызына дейін екінші деңгейдегі банктер әрбір аялдамада аңқау халыққа тықпалаған тұтыну несиелері дейтінді мүлде жою, ол үшін мемлекет Ұлттық қордан бар болғаны 3-4 миллиард доллар бөлу арқылы қайтарылмайтын несие алушыларға «кешірім жасап», екінші деңгейдегі банктердің «жоғалтқанын» қалпына келтіру керек деп жазған едік. Марченко осы салада «жұмыс істеген» сыңай танытты. Бірақ онысы бұқараны қолдау емес, «алаяқтарды құтқару» болып кеткендей. Өйткені ол белгілеген мөлшерде «60 миллион» деген сан жүр. Мұндай несиені алған адамды көмек күтушілер қатарына жатқызудың өзі ұят. Демек, банктерден алынған несиелерді екшеп, оның ішінде делдал – реалторлар алған несиелері үшін жылжымайтын мүліктерін аукцион арқылы голландиялық жолмен сатып, ақшаны мүмкіндігінше қайтарту, ал бір миллионға жетпейтін тұтыну несиелерін алған жалаңаяқтар қарызына кешірім жасату керек. Бұлай болмайынша екінші деңгейдегі банктер батпақтан шыға алмайды. Сондай-ақ миллионға жуық борышкер қазақстандықтар қайтадан еңсе көтереді. Егер бұлай істей алмасақ, онда таяудағы 10 жыл ішінде Қазақстанда несие алу мүмкіндігі бар жеке тұлғалар мүлде болмай қалады. Өйткені бәрі де банктердің «қара тізіміне» еніп кетеді. Ал бұл елде ақша айналымын мүлде тежейтін жағдай екені айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл мәселені Қайрат Келімбетовтің бір өзі шеше алмайды. Жағдайды толық зерттеп, Мемлекет басшысына көп ұзатпай ұсыныс түсіреді деген үміттеміз. Халықты банктік несие берешегінен құтқармай, жағдай түзелмейтінін жоғары деңгейде түсінетін кез жетті.

3.  Инфляцияны тежеу

Инфляцияны тежеу – бізде тек Ұлттық банктің міндеті. Монетарлық жүйемен бағаға ықпал ету осы уақытқа дейін оң нәтиже берген жоқ. Григорий Марченко Ұлттық банкті басқарған азғана уақыт ішінде 2009-2010 жылдарда Мемлекет басшысының тікелей ұсынысымен екі есе өсірілген бұқара кірісі түгелдей дерлік инфляция мен девальвацияның жемі болды. Жыл сайын 7 пайыз инфляцияны өсім бойынша есептемеген күннің өзінде бұл кесапат 30 пайызды жалмады. Девальвацияның жалмағаны – 30 пайыз. Сонда халықтың қалтасында не қалды? Мұны есептеу қиын емес. Біз бұған дейін де «Айқын» газетінде инфляциямен күреске аймақтар басшыларын да міндеттеу керек деген болатынбыз. Сондай-ақ табиғи монополияға қарсы күрес институты да дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Демек, аталған үштік бірдей инфляциямен күрес нәтижесі үшін жауапты болуы тиіс деген Мемлекет басшысының арнайы жЖарлығы керек секілді. Бұл да Қайрат Келімбетовтің қозғау салуынсыз шешілмейтін мәселе секілді. Ал инфляция – ең басты жау. Мұны түсінетін кез жетті.

Қорыта айтқанда, Елбасымыз өзінің Жуковындай батыл шешімдер қабылдап, жүзеге асыра алатын азаматты аса қажет кезінде майданның алғы шебіне аттандырды. Себебі Президент Назарбаев «біздің қызметіміздің нәтижесі отандастарымыздың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы тиіс» деген ұстанымдағы Көшбасшы. Демек, Қайрат Келімбетовке Елбасын қанағаттандыратын, яғни мемлекеттік биліктің іскер қызметінің нәтижесі халықтың жақсарған тұрмысынан көрініс табатын нақты шаралар белгілеп, жүзеге асыру қажет.

 

Жұмабек ЖАНДІЛДИН