Ғалымдар бірнеше онжылдық бойы шешуін таба алмай, түсіндіре алмай келе жатқан жартастағы суреттерді оқитын күн таяп келеді. Бұл туралы Хакасия мен Алтайдағыпетроглифтерге арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
Астанадағы Қазмедиа орталығында өткен баспасөз мәслихатына Хакасия мен Таулы Алтай республикаларынан өкілдер арнайы келіпті. Олар жай келмеген, Астанадағы Ресей ғылым және мәдени орталығына «Хакасия және Алтай жартас өнері» көрмесін ала келіпті. «Шежіре» қазіргі заман өнері галереясы ұйымдастырған көрмеге көне жартас өнерінің алып ескерткіштері саналатын Седловина, Тепсей, Суханиха, Оглахты, Шалаболин және Бояр таулары петроглифтері –Үлкен және Кіші жазба, оба тастары және окунев пен тагар (сақ) дәуірі мүсіндерінің эстамп көшірмелері қойылған. Көрмені 30 қазанға дейін тамашалауға болады.
Көрме басталмас бұрын БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген ғалымдар біздің елдің жартастағы жазуларға айырықша мән беретініне тәнті болып отырды. «Мұнда альбомдар шығарылады, көрмелер өткізіледі, ал ең таңғалдыратыны – монеталар соғылады. Менің ғаламтордан оқып-көргенім, Қазақстанда соғылған номиналы 500 теңгелік 10 коллекциялық күміс монетада Тамғалы шатқалындағы белгілі петроглифтер салынған. Бұл әлемдегі әйгілі шатқалды ЮНЕСКО бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізген ғой» деп Хакасия Республикасынан келген Сергей Нарылков ризашылығын білдірді. Біз айтқан көрмеге С.Нарылков бірегей экспонаттарды ұсынды.
«Ежелгі адамдар өз ойын, сезімін, дүниетанымын осы тас бетіндегі суреттер арқылы беру амалын ойлап тапты. Бұл біздің түрік ата-бабаларымыздың тастағы шежіресі, ол бізге бүгінгі күнге жетіп отыр. Жартастарға салынған суреттер ғасырлар арқылы бізге жеткен жұмбақ хаттар сияқты. Бұл байлық, оны сіздерде, Қазақстанда кеңінен пайдалану қажет. Ол президенттік бағдарлама аясында қолдау тауып отырғаны қуантады. Меніңше, ешбір елде тастағы петроглифтер салынған монета соғылмайды» деді ол.
Хакас ғалымының айтуынша, бүгінде әлемнің 120 елінде 140 мыңдай петроглиф бар. Ал Алтайда петроглифтер мен жүз мыңдаған жартастағы суреттер табылған 200-ден астам орын бар екен. Бұл дерекпен бөліскен Алтай Республикасының өкілі Елена НазаренкоАлтай мен Қиыр Шығыстағы мифологиялық белгілердің өте ұқсас болып келуінің себебін түсіндірді. «Себебі Алтай арқылы Жібек Жолы өтті емес пе? Алтайдағы тайпалар көшіп-қонып жүріп, Алтайдан алыстай берген, сөйтіп өздерінің мемлекеттерін құрды. Олар өздерімен бірге алтайлық мәдениетті алып кетті» дейді С.Назаренко.
Жартастағы жазуларда не жазылғаны бүгінге күнге дейін жұмбақ болып келеді. Ал енді биыл қазақстандық тарихшылардың Моңғолияға жасаған ғылыми іс-сапары кезінде табылған сақ дәуірінің жазу үлгілерін оқу үшін қазір арнайы әдістеме әзірленіп жатыр екен. Мұны түркітанушы ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы айтып отыр. «Тас бетіндегі сақ дәуірінің жазулары табылып жатыр. Соңғы үш жылда Моңғол Алтайынан сақ дәуірінің жазуларын таптық. Биыл осы жерден үш жазу алып келдік. Бұл жазуларды енді оқу керек. Өзіміздің Есіктен табылған жазу – сақ дәуірінің жазулары. Бірақ оны ғалымдар Орхон-Енисей жазуының ережесімен оқымақшы болды. Оған келмейді. Сондықтан арнайы әдістемесін жасау керек. Қазір әдістемені әзірлеудеміз. Келешекте бұл жазуды оқуға мүмкіндік бар» деді профессор.
Ғалымның пікірінше, түрік халқының тас бетіндегі сызба өнері біздің жыл санауымыздан бұрын қырық мың жыл бұрын басталған. Мұны орыстың атақты академигі Алексей Окладников дәлелдеген.
«Алтайды әлем мәдениетінің үлкен ошағы деп түсіну керек. Фактімен сөйлесек, Солтүстік Сеңгір тауының үңгірінен табылған тастағы суреттер мен Франция, Испания үңгірлерінен табылған суреттердің уақыты, хронологиясы бірдей. Тақырыптары мен ондағы аңдардың суреті де ұқсас. Еуропадағы суреттер 1908-1909 жылдары табылғанда, еуропалық мәдениеттанушылар «Еуропа әлемнің сурет өнерінің атасы» деп жар салды, ал 1965 жылы Окладников ақсақал Солтүстік Сеңгір тауынан табылған суреттерді жариялағаннан кейін Азияда да мәдениет бар екен ғой деп мойындай бастады. Тас бетіндегі суреттер қазір Хакасияда, Оңтүстік Сібір, Моңғолия және Алтайда көп сақталып отыр» деді ғалым.
Міне, енді Хакасия мен Алтайдағы жартас жазуларын көріп, «оқығыңыз» келсе, көрмеге келіңіз. Мұнда неолит, қола және темір дәуірлерінен және енисей қырғыздары мемлекетінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезең көрініс тапқан.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ