АЛТЫНОРДА
Новости

Астана 2017 жылға қарай әлемдегі ең ақылды 50 қаланың қатарына қосылу керек

269d95fbef401cb20069ed3ee9b04b0fБүгінде Астана «ақылды қалаға» айналып келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылға қарай әлемдегі ең ақылды 50 қаланың қатарына қосылуға тиіс. Осыған байланысты «Smart Astana» жобасын әрі қарай дамытып, әлемдегі озық тәжірибелермен бөлісу қолға алынуда. Жалпы, «Ақылды қаланың» алғышарттары қандай еді? Жүзеге асқан бастамалар нәтижесін берді ме? Алдағы уақытта сынға салар жобалар қалай аталады?

Қоғамдық орындарда – Тегін интернет

Естеріңізде болса, «Ақылды қаланың» алғышарттары бес жобадан тұрады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру және ақпараттық технологиялар саласына тікелей қатысты инновациялық жобалармен ерекшеленеді. Ең алғаш қолға алынған жоба –«Open Wi-Fi». Кезінде бас қалада Wi-Fi нүктелері тек маңызды нысандарда ғана болушы еді. Wi-Fi нүктелерін орнату арқылы халықты тегін интернет желісімен қамтуға бағытталған жобаның бірінші кезеңі 2011 жылы сол жағалаудан басталды. Одан кейінгі кезеңдерде қаланың ескі бөлігіндегі қоғамдық орындар қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, тұңғыш рет Wi-Fi нүктесі Есілдің сол жағалауындағы «Нұржол» саябағында қолданысқа енді. Бұл Астананың ең көрікті жері әрі қонағымыз келсе мақтана көрсететін сулы-нулы серуенжол. Тегін интернет нүктелерінің осындай 16 желісі іске қосылғаннан кейін оның жылдамдығы артып, халықтың көңілінен шықты. Бүгінде жоба аясында Астананың көптеген орындарында ғаламтор арқылы ақпарат алмасуға мүмкіндік жақсы жолға қойылғанын айту керек. Қазіргі уақытта Wi-Fi нүктелері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қазақстан» орталық концерт залында, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Шабыт» сарайында, «Астана-Арена» стадионында, «Алау» мұз айдынында және барлық ойын-сауық орталықтарында орнатылған. Қала тұрғындары мен қонақтары кез келген уақытта интернетті пайдалануда. Электронды үкімет порталы арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді пайдалануда интернет байланысының қажеттілігі ерекше десек, «ақылды қалада» бұл мәселе түбегейлі шешілген. Жалпы, осы уақытқа дейін ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Қаланың қоғамдық орындары мен ғимараттарына Wi-Fi нүктесінің 296 құрылғысы орнатылды. Жоба сәтті аяқталып, қаланы тегін интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары нәтижесін беруде. Бүгінде Астанада тәулігіне 20 мыңнан астам адам Wi-Fi нүктесін тегін қолданады екен. Осылайша, екі жыл ішінде қала тұрғындарының ғаламтор байланысына деген қолжетімділігі өз шешімін тапты.

Болашақтың мектебі – елордада

Астана мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізуге арналған ең алдымен халыққа тиімді. Мәселен, жоба бойынша қаланың №54, 64 мектептерінде сынақтан өткен «Болашақтың мектебі» ата-аналарға балалары туралы қажетті ақпаратты алуға, мектепке қашан кіріп-шыққанын білуге мүмкіндік берді. Оқушыларға берілетін көп функциялы электронды куәлік мектепке келген және мектептен қайтқан уақытта ата-аналарына sms арқылы хабар беріп отырады. Жоба болашақта мектептегі тамақтануды немесе қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу қызметтерін атқаратын болады. Сонымен қатар, «Е-асхана», «Е-кітапхана» және «Бейнебақылау» жобалары арқылы өз аясын кеңейте бермек.

Планшеттің пайдасы көп

Жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыруды діттейтін – «Е-жедел жәрдем» жобасы. Бүгінде тұжырымдама аясында Астана қаласында 59 жылжымалы медициналық жедел жәрдем бригадасы электронды планшеттік құрылғылармен жабдықталған. Онда орнатылған GPS-навигатор, IP-телефония және электронды медициналық анықтамалық – негізгі үш функцияны біріктіріп, қолайлы қызмет атқарады. GPS-навигатор жедел жәрдем бригадасына қала көшелеріндегі кептелістен айналып өтіп, жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік берсе, IP-телефония арқылы пациентпен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған. Ал, электронды медициналық анықтамалықта аурудың диагностикасы, емдеу тәсілдері мен дәрілік препараттар туралы қажетті ақпараттар топтастырылған. Бұл өз кезегінде медицина қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетуде. Қоңырау қабылдау әрі науқасқа жету уақыты біршама азайып, планшеттің көмегімен көрсетілген мекенжайға кедергісіз жету тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта да қызмет тетігін жетілдіру үшін қызметкерлердің білім сапасын тексеретін онлайн тест жүйесі мен қосымша басқа бригадаларды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

3D технологиялар орталығы және бизнес инкубатор

Жүзеге асқан жобаның бірі – «3D технологиялар орталығы» жобасы. Заманауи 3D технологияларды оқыту, зерттеулер мен сараптама жасау – басты міндеттердің бірі. Жобаның мазмұнына келсек, мұнда сәулет өнері, құрылыс, машина жасау, медицина және т.б. салалардағы жобаларды интерактивті симуляциялау мен визуализациялау. Сарапшы мамандар жобаның тиімділігін жоғары бағалағаны белгілі. Себебі, өндірістік және бюджеттік шығындарды төмендетуге жол ашылды. Экономиканың басым салаларында еңбек өнімділігін арттырды. Кез келген жоба 3D-модельдеу, 3D-жобалау және 3D-құрастыру арқылы ыңғайлы нәтижесін береді. Сонымен қатар, ақылды қаланың келесі қадамы – технологиялық бизнес-инкубатор, инвесторларға қолдау көрсету орталықтары туралы атап өткен жөн. Бұл инновациялық дамуға серпін беретін тың бастама екені даусыз. Бизнес-инкубатор жобасында инновациялық менеджмент пен отандық және халықаралық сарапшыларды шақыру арқылы жобаларды басқару негіздері жөнінде дөңгелек үстел мәжілістері, түрлі тренингтер және дәрістер өткізіліп тұрады. Мұнда келіссөздер жүргізу, идеяларды талқылау, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар қарастырылған.

Жалпы, бәрімізге белгілі әлемнің қай елінде болмасын кәсіпкерлерге қызмет көрсету ақылы жүргізіледі. Мәселен, Ресейде «Ингрия» техносаябағында мұндай бағдарламалардың бағасы айына – 500 рубльді құрайды, ал инкубаторлау бағдарламасы – 1500 рубль. Біздің Астананың ерекшелігі сол, бизнес-инкубатор жобасына қатысу тегін жүргізіледі. Кәсіпкерлік орталық құру басты мақсат болғандықтан, атқарылған жұмыстың нәтижесі көңіл қуантады. Мәселен, осы уақытқа дейін «Кәсіпкерлік экожүйе мен Greenfield және Brownfield дегеніміз не?», «Кәсіпкерлік стратегия және құндылықтарды құру. Жобаның бизнес жоспары мен тұжырымдамасын қалай жасауға болады?», «Потенциалды нарықты қалай бағалауға болады?», «Бизнесті немесе дизайнерлік модельді қалай дұрыс қалыптастырып, таңдауға болады?», «Idea Pitch 90 секундта өзіңіздің идеяңызды қалай айтуға болады?», «Бизнесті ойлау мен құру стратегиясын қалыптастырудағы когнетивті ерекшеліктердің әсері» және тағы басқа күрделі тақырыптарды қамтыған семинарлар азаматтардың бизнес туралы түсінігін кеңейткені сөзсіз.

Қауіпсіздік жолындағы қадамдар

Жақында ғана тағы бір жаңа жобаның тұсауы кесілді. «Қауіпсіз қала – Астана шаһарының тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз етудің жүйесі» және «Интеллектуалды көлік жүйесі» атты іргелі екі жобаны жүзеге асыру басталды. Интеллектуалды көлік жүйесінің мақсаты – тиісті құрылымдардың жұмысын үйлестірудің заманауи тетігін құру. Қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімді шараларын ұйымдастыра отырып, төтенше жағдайларға қатысты шұғыл шешім қабылдауды көздейді. Аталмыш жобаны өздерінің тәжірибесіне енгізген әлем елдерінде ауыр қылмыс түрі 30 пайызға азайған. Есесіне, қылмысты ашу 50 пайызға артқаны анықталып отыр. Жоба бізде де жүзеге асырылса, қала тұрғындарының жолаушылар көлігімен жүру уақыты орташа есеппен 50 минуттан 20 минутқа дейін қысқармақ. Бұл жобаның бір бөлігі келесі жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Оны испандық «Typsa» компаниясы іске асырады. Жоба жетекшісі Карлос Саягоның айтуынша, аталмыш бастама қаладағы көлік қозғалысын реттейді. Сарыарқа, Тұран даңғылдары, Сарайшық, Қонаев, Достық, Сығанақ көшелері аумағындағы бағандарға кітаптың көлеміндей ғана АҚШ-тың датчиктері орнатылады. Осыдан кейін қаладағы көлік қозғалысы қауіпсіз болады. Олардан шығатын улы түтін де азаяды. Көлік қозғалысының жылдамдығы артып, кептеліс деген атымен жоғалады. Қоғамдық көліктерге басымдық беріліп, тек олардың қозғалысы үшін арнайы жолақтар салынады.

«Smart Astana» даму тұжырымдамасы аясында қолға алынған екі жоба да тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қаланың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін жоғарылатады.

Атап өткен жөн, «Smart Astana» жобасы Еуропаның «ақылды» қалаларын дамыту моделі негізінде алынған. Ол модельдің өзара байланысы алты сипатпен ерекшеленеді: «ақылды» экономика, «ақылды» басқару, «ақылды» өмір, «ақылды» ұтқырлық, ақылды адамдар және «ақылды» орта. Яғни, Астананы әлемдегі озық қалалардың деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында «ақылды» қалалардың құрылысында үлкен тәжірибе жинақтаумен көзге түскен «PriceWaterhouseCoopers» компаниясы кеңесшілікке тартылғанын айтып кеткен абзал.

Ал, екінші «Қауіпсіз қала – Астана шаһарының тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз етудің жүйесі» жобасының қыр-сыры көп. Оны іске асыру үшін Орынбор көшесінде 200 адам қызмет ететін Жедел басқару орталығы салынбақ. Ол бойынша қалада 30 мыңнан астам бейнекамера орнатылатын көрінеді. Нәтижесінде бас шаһарда бақылауға алынбайтын бірде-бір көше, бұрыщ, қалтарыс қалмайды. Ауыз толтырып айтып отырған бұл қос жоба төрт жыл ішінде іске асуы тиіс. Яғни, «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Электр энергиясын үнемдейміз

Бүгінде «Smart Astana» бойынша оннан астам жоба бар. Барлығы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталуда. Тиісті мекемелердің жұмысын жетілдіруге күш салады. Жақында коммуналдық салаға қатысты «Smartled» және ««Smart су құбыры» деген жоба қолданысқа енеді. Бұл қуат үнемдеуге жол ашса, екінші жағынан қала көшелеріндегі барлық шамдарды қуат үнемдегіш жарықдиодтық нұсқаға ауыстырады. Оның пайдасы ұшан-теңіз. Яғни, бұл ретте электр қуатын 20 пайызға үнемдеу көзделуде. Ал, көше шамдарының жарықтығы 40 пайызға артатын болады. «Smart су құбыры» жобасы құбырлардағы апатты жағдайды тез арада анықтауға мүмкіндік береді. Істен шыққан құбырларды дер кезінде жөндеуге көмектеседі. Бұл қазіргі уақыттағы судың босқа шығындалуын 21 пайыздан 8 пайызға дейін төмендететін болады.

Әрине, мұндай іргелі жобаларды жүзеге асыру жеңіл емес, Әрі қаржы мен инвестицияны қажет етеді. Мұндай технология әлемнiң жиырма шақты елiнде табысты игеріліп жатқанын ескерсек, жобаны жүзеге асыру жолының бастауында тұрған елордаға бағыты мен мақсаты бір өзге қалалардың тәжірибесін үйрену аса маңызды. Мәселен Финляндияның Оулу қаласында инновациялық мұндай жобаларға ерекше мән беріледі. Жыл сайын жетпіске жуық жоба мақұлданады екен. Оулудың мэрі Матти Пеннанен Астанаға келген сапарында өз елдерінде мектепте дәріс берудің тың технологиясы және «ақылды бизнес», кәсіпорын мен өндірісті дамытудың арнайы жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтқан болатын. Жоғарыда айтып өткен «Болашақтың мектебі» жобасын жүзеге асыруға осы елдің мамандары қол ұшын берген. «Wi Fi» секілді мобильдік байланыстың жаңа түрін ойлап тапқан финдер Астанаға тың технологиялар енгізуге көмектесуге қазір де дайын. «Ақылды қала» тұжырымдамасының дамуына экология, экономика және әлеуметтік факторлар ықпал ете алатынын ескерсек, тиімділігін арттыру үшін енгізілетін инновациялық технологиялар бір орталықтан басқарылуға тиіс. Кейбір мемлекеттерде «Смарт сити» тұжырымдамасының тек бір бөлігі ғана жүзеге асырылатынынан хабардармыз. Ал, Астана өз алдына биік мақсат қойып, жобаны кешенді түрде іске асыруға кірісіп кетті.

Стратегиялық жобаға топтастырылған аталмыш бастамалардың жемісін 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесі қарсаңында игілігін көретін боламыз.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

BNews.kz «www.bnews.kz».