«Тамашамен» танылып, «Бауыржан-шоумен» атақ-даңқы шыққан Бауыржан Ибрагимов «Хабар» телеарнасынан бағдарлама ашқалы жатыр деген ақпаратты құлағымыз шалды.Жағымды жаңалықтың анық-қанығын білмек үшін Баукеңмен хабарласып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік…
Айқын-анықтама:
«Көзкөрген» бағдарламасын қазан айының 20-сынан бастап, әр жексенбі күні 18:00-де «Хабар» арнасынан тамашалауға болады.
– «Хабар» телеарнасынан бағдарлама ашып, оны өзіңіз жүргізеді деп естідік. Ол қандай бағдарлама, оны көрермен қауым қашан көре алады? Жалпы, бағдарлама туралы толығырақ мәлімет бере кетсеңіз?
– Иә, ол рас. Бағдарлама «Көзкөрген» деп аталады. Бағдарлама дегеннен гөрі, «телеклуб» деп атаған жөн секілді. Яғни «Көзкөрген» телеклубы. Қазақтың белгілі қаламгерлері мен актер, режиссер, қысқасы, өмірден өткен танымал тұлғалардың ұтымды әзілдерін, тыңнан тауып айтқан сөздерін, күлкі шақыратын қызықты оқиғаларын бір топ замандастары жиылып, еске алысатын болады. Түсінікті болу үшін айтайын, «Деген екен…» деген жинақтарды оқыған боларсыз. Сол «Деген екеннің» әңгіме нұсқасы. Мысалы, бір хабарды Оспанхан Әубәкіровке арнасақ, студияға ол кісінің жанында жүрген құрдаста-
рын, ізін басқан інілерін, шығармашылығымен жақсы таныс оқырмандарын жиып, әңгіме-дүкен құрамыз. Алғашқы хабар қазанның аяғына таман шығып қалатын болар.
– Бағдарламаның басты ерекше-лігі не сонда?
– Бұл бағдарламаның өзге хабарлардан ерекшелігі – студияда мони-тор, экран дегендер болмайды. Бәрі
сол жерде импровизациямен айты-
луы тиіс. Мысалы, сол тұлғалардың шығармалары, оларға арналған туындылар, әндер орындалса, фонограммамен емес, домбырамен, гитарамен, баянмен, яғни табиғи қалыпта айтылатын болады. Ал мақсатына келер болсақ, біздің алдыңғы толқын ағаларымыздың айтқан әзілдері, қиыннан сөз тапқан шешендіктері – нағыз қазақы күлкі, ұлттық тәрбие. Соларды теріп айта отырып, көрерменді күлдірсек әрі ойландырсақ, сөйтіп, айтулы тұлғаларымызды жаңа қырынан да бір насихаттасақ деген ниетіміз бар. Кім біледі, мысалы, Қадыр Мырза Әлидің қалжыңдарын естіп, оның шығармашылығына қызыққан жастар, кітабын да оқуы бек мүмкін.
– Сонда бұл сіздің авторлық жобаңыз ба?
– Бұл бір алдын ала ойластырыл-ған жоба емес. Бірақ көңілімнің түкпірінде жатқан идея болатын. Өткен жылы «Біз» ток-шоуына қатысып, сонда «Хабар» арнасының Бас продюсері Ринат Думанұлы: «Бір бағдарлама ашып, соны сіз жүргізсеңіз» деген ұсыныс айтқан болатын. Соның сәті міне, биыл түсіп отыр. Бағдарламаның жөн-жобасын «Хабардың» жігіттерімен бірлесе отырып жасадық. «Көзкөргенді» мен жалғыз емес, екі кісі боп жүргіземіз. Екінші жүргізуші – белгілі сатирик, қаламгер Көпен Әмір Бек ағамыз. Көпекеңді әзіл-қалжың жанры жағынан қазына деуге болады. Сондықтан Көпен аға мазмұн жағын қатырса, мен форма жағынан демесем, яғни ойнайтын жерінде ойнап, күлетін жерінде күліп дегендей, бізден жап-жақсы тандем шығады деп ойлаймын.
– Сізді «Бауыржан-шоудан» кейін көрінбей кетті деп жатады көрермендер. Осы соңғы бір-екі айдың көлемінде Одақ құрдыңыз, концерт беріп жатырсыз, енді бағдарламаңыз шықпақ екен. Бұл белсенділік қайдан пайда болды?
– Пайда болғанда, әр нәрсе өзінің уақытында болады екен. Бір кездері «Бауыржан-шоу» театры ашылуы керек болды. Ашылды. Сол деңгейде жұмыс істеу керек болды. Істеді. Қаншама шәкірттер дайындадым. Сол жігіттер әрқайсысы бір-бір тұлға болды. Алды театр ашып жатыр. Ал енді одан тағы бір белеске көтерілу үшін
3-4 жылдай ойландым, толғандым. Сол бір кездерде Алла сәтін салып, Астанаға келдім. Сөйтіп жүргенде «Шабыт» өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаевамен жолығып қалдым. Ол кісі мені жұмысқа шақырды. Мен келістім, бірақ: «келсем, жай мұғалім болмаймын, сатира жанрына арнайы мамандар дайындалмайды, соны ашайық» дедім. Ол кісі қолдады. Сонымен, былтыр сатира актерлерін дайындайтын курс ашып, 14 бала қабылдадық. Ойда жүрген
тағы бір нәрсе – эстрада артистерінің одағын құру еді. Жігіттермен ойласа отырып, эстрада және театр артистерінің басын қосып, олардың шығармашылық һәм кәсіби деңгейінің өсуіне өз үлесімізді қосу мақсатында жаңағы одақты құрдық. Оның артынша, міне, «Сабақты ине сәтімен» дегендей, өзімді тележүргізуші ретінде сынап көрудің реті кеп қалды. Бәрін бір уақытқа ыңғайлап, арнайы жаса-ған шаруа емес, ал енді нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Ернұр ӘБДІСАМАТ