Өткен аптада Алматыда Шығыс Қазақстан облысының күндері өтті. Екі күнге созылған шара оңтүстік астанамызда тұңғыш рет өткізілді.
Алматы тұрғындары Шығыс Қазақстаннан әкелінген азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысса, шығыстан шыққан таланттар өз өнерін ортаға салып, көпшілікке әдемі кеш сыйлады. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алматыдағы кәсіпкерлер, студенттер мен спортшылар һәм зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Атап өту керек, Алматыда Шығыс Қазақстан облысы күндері тұңғыш рет өткізілуде. Ақ басты Алатаудың баурайына өр Алтайдың қойнауынан келген қонақтардың сый кәдесі алматылықтарды ерекше тәнті етті десек, артық айтпаспыз.
Кәсіпкерлер байланысы нығайды
Ең алдымен Шығыс Қазақстан облысының Алматыдағы күндері аясында «Бизнес диалогы – аймақтарды дамыту серпілісі» бизнес форум өткізілді. Аталмыш форумға Шығыс Қазақстан облысынан елуге тарта кәсіпкер қатысқан. Форум барысында бизнес өкілдеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Жиырма бес кәсіпорын өз өнімін көрмеге шығарды.
Шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. «Алматы – Қазақстанның мәдени және қаржы орталығы. Әрбір өңір үшін Алматыға келу – үлкен бір мерей. Аймақтар арасындағы қарым-қатынас олардың дамуына өзінің әсерін тигізеді. Алматыда облыс күндерін өткізудегі мақсатымыз – облыстың мүмкіндігін көрсету. Бұрыннан басталған әріптестігімізді ары қарай жалғастыру, соған жаңа жолдар бастау» деді алматылықтарға жылы лебізін білдірген Бердібек Мәшбекұлы. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде облыстың экономикалық һәм әлеуметтік жағдайы көңіл көншітерліктей. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 1761,1 млрд теңгені құрап, 2012 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда өсім 107,3 пайызға тең болған. Ал ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 112, 7 млрд теңгені немесе 118,6 пайызды құрап отыр. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикадағы көлемінің 14 пайызы өндіріледі.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан республикада сүт өндіруден 1, ет өндіруден 2-орынға жайғасқан. Ал экономикаға инвестиция тарту 20,7 пайызыға өсіп, 161,3 млрд теңгені құрады. Құрылыс қарқыны да биыл біршама артқан. Бір қуантарлығы, облыста 105 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті. Алматы кәсіпкерлері мен Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің өзара ынтымақтастығын арттыру керектігін ерекше атап өткен Бердібек Машбекұлы құрылыс, ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге шығысқазақстандықтар дайын екенін де тілге тиек етті. Ал Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов экономикасы мен өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңірмен әріптестік байланыс орнатуға әрдайым дайын екенін айтты. «Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары өнеркәсіп жақсы дамып келеді. Инновациялық кәсіпорындар көптеп ашылуда. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізуде. Сондықтан біз бұл өңірмен әріптестік орнатуға әрқашан дайынбыз» деді Ахметжан Смағұлұлы.
Форум барысында екі өңір арасында 12 миллиард теңгенің келісіміне қол қойылды. Сонымен қатар, қос өңірдің кәсіпкерлері жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын 10 меморандумға қол қойды.
Шығыстың қаймағы балдай, балы қандай?!
Шараның екінші күнінде қос өңірдің әкімі Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаға тағзым етті.
Таңалагеуімнен Алматыдағы Астана алаңына жиналған қауым Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкені ашып, сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әрбір өңір өзара байланыс орнатып, бір-бірімен тығыз жұмыс жасаса, сол өңірде тұратын халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты жақсаратынын атап өтті.
Жәрмеңкеге Өскемен, Зыряновск, Қатон қарағай, Ұлан, Аягөз аудандарының кәсіпкерлері қатысқан. Оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтары шығыстың дәмі тіл үйірер еті мен Алтайдың таза балынан, майлы қаймағы мен сүтінен дәм татты. Жалпы, шығысқазақстандықтар жәрмеңкеге 38 тонна бал, 3 тонна шұжық және сүт өнімдерін, 6 тонна жарма, 4 тонна құс еті мен 7,5 тонна ет әкелген. Тауарлардың бағасы 10-20 пайызға арзандатылып сатылды. «Шығыс Қазақстан облысы күндерінің аясында жәрмеңке өтеді деген хабарды ести сала, Астана алаңына келдік. Шығыстан әкелінген өнімнің бағасы да көңілге қонымды. Шығыстың қымызы мен шұбатынан дәм татып, Алтайдың балын көптеп сатып алдық» деді Алматы қаласының тұрғыны Қуаныш Сағатұлы.
Жәрмеңкеден соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Шығыс Қазақстаннан келіп, Алматыда білім алып жүрген студенттер және елдің абыройын асқақтатқан спортшылармен кездесті. Кездесуге Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова мен биыл «Қазақстан Барысы» атанған балуан Айбек Нұғыманов қатысты.
Айта кету керек, Бердібек Мәшбекұлы Алматыда тәлім алып жүрген студенттер қауымымен дидарласуды дәстүрге айналдырған. Кездесудің негізгі мақсаты білімін шыңдап, қолына дипломын алған шығысқазақстандық студенттерді жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірді дамыту жұмыстарына жұмылдыру. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан келіп білім алып жатқан студенттер болашақта мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қабылданып, жас маман ретінде қажетті көмек алады. «Кездесу барысында елу студент меморандумға қол қойды. Аталмыш құжатқа сәйкес студенттер оқуды бітірген соң өңірге оралып, әр салада жұмыс істейді. Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етеміз. Өйткені өңірге жас мамандар аса қажет» деді Жақсылық Мұқашұлы.
Зиялы қауымның айтары көп
Шығыс Қазақстан облысы қазаққа Абайдай дара тұлғаны, Оралхандай талғамы биік жазушыны, Бибігүлдей күміс көмей әншіні сыйлаған өңір. Шара аясында Бердібек Сапарбаев шығыстан шыққан зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Халық артисі Бибігүл Төлегенова, ақын-жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтхожина, Шәрбану Бейсенова, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімхан, Бауыржан Жақып сынды елге танымал азаматтар қатысты.Артистер мен әншілер, ақын-жазушылар ойларын ортаға салып, облыс әкіміне сұрақтарын жолдады. Кездесуді республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат жүргізді. Жиын барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауымның сұрақтарына тұшымды жауап беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Зиялы қауым өкілдері негізінен, шығыстан шыққан қаламгерлер мен белгілі ақын-жазушыларға ескерткіш қойып, көше атауын беруді де сұрады. Мәселен, ақын Ұлықбек Есдәулет Тоныкөк, Күлтегін, Білге қағанғаескерткіш орнатып, тарихты жаңғырту керектігін тілге тиек етсе, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының басшысы, ақын Бауыржан Жақып «Абай жолы» экспедициясын ашып, жол бойы елге танымал азаматтардың ескерткішін орнату ішкі туризмді дамытуға сеп болатынын атап өтті. Зиялы қауым өкілдеріне Бердібек Сапарбаевқа ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта елді мекендер мен ірі қала атауларын қазақыландыруды қолға алу керектігін де тілге тиек етті. Айтпақшы, Қытай мен шекарадағы елді мекендердің бүгінгі тұрмыс тіршілігі де зиялы қауым өкілдерін бей-жай қалдырған жоқ. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта Қытаймен шекаралас аумақта елу тірек елді мекендері ашылады.
Бердібек Мәшбекұлы «Алтай – Ертіс» атты ірі әдеби жоба аясында атқарылып, жемісін берген бірқатар жұмыстарды атап өтті. Жоба аясында қазақ әдебиетінің шығыстан шыққан көрнекті өкілдерінің туындылары жарияланып, көпшілікке жол тартты. Сонымен қатар ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай, жобаның алғашқы жиырма томы оқырмандарға жол тартқан болатын. Ендігі кезекте қазақтың жыраулық өнеріне сүбелі үлес қосқан Ақтамберді жырау, Дулат Бабатайұлы шығармшылығына ерекше ден қойылып, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей, Төлеужан Ысмайылов, Медеу Сәрсеке, Серік Ғабдуллаұлы, Мерғали Ибраев, Марат Қабанбай, Бауыржан Жақып, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Анатолий Иванов, Георгий Гребенщиков, Павел Васильев, Александр Волков сияқты қаламгерлердің шығармалары кітап болып басылады. Бір сағатқа созылған кездесу барысында біраз мәселенің беті ашылып, көкейдегі сауалдарға келелі жауап алынды.
Екі күндік шара Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрында жалғасын тапты. Театр ішінде облыстық архитектуралық географиялық және табиғи ландшафтық қорық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Шығыстың шырайлы жерлерін, әсем табиғатын паш етер фотокөрме көпшіліктің көңілін баурады. Айта кету керек, мұндай қорық елімізде, тіпті ТМД аумағында жоқ. Фотокөрмеде елуге жуық фотопланшеттер көрсетілді. Аталмыш фотопланшеттер Шығыс Қазақстан облысының табиғаты мен көркем жерлерінен бөлек, экономикалық дамуы, әлеуметтік әлеуетінен де сыр шертеді.
Фотокөрмеден соң Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шығыс жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Шығыс Қазақстаннан келген өнер өкілдері әні мен биін ортаға салып, көпшіліктің көңілін көтерді. Концертте елімізге танымал өнер қайраткерлерінен бөлек, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де өнер көрсетті. Әсіресе, Абайдың әнін, қазақтың күмбірлеген күйін нақышына келтіре орындаған өзге ұлт өкілдеріне жұрт дән риза болды. «Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде ән шырқап, қазақтың киелі домбырасымен күмбірлеген күйін орындағаны біздің облыстағы әрбір өнерлі азамат қазақтың төл мәдениетін сыйлайтындығының белгісі. Біз еліміздегі барлық ұлт пен этнос өкілдерін қазақ мәдениетінің аясына тоғыстыруды жөн көрдік» деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Шығыс Қазақстан облысының күндері көпшіліктің көңілінен шыққаны даусыз. Алматыда тұңғыш рет өткізілген шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.
Әйгерім ДОСЫМ