Төлегеновтер отбасына жұртшылық ризашылығы шексізОтағасы көп балалы отбасында өстіҚостанай шаһарына таяу орналасқан Алтынсарин елді мекенінде ерлі-зайыпты Нұрлан мен Гүлжауһар жетім балаларды асырап алыпты деген жылы хабарды естігенде, қолына қалам ұстаған журналист ретінде іштей риза болып, елең ете қалғанымды жасырмаймын.
Өйткені қазіргідей нарық заманында ұлты бөлек ұл мен қыздарды бауырына баспақ түгілі, өзінің туған баласынан безініп, көше мен аялдамаларға перзенттерін тастап жатқан кезде бұл бауырларымыздың игі қадамдары ерлікпен пара-пар екендігі даусыз.
Бір шаңырақты ұстап отырған Нұрлан ініміз бен Гүлжауһар сонау жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде танысып, бір-бірін ұнатып қалыпты.
Сұлу да сымбатты бойжеткенге Нұрланның адамгершілігі мен махаббатқа тұрақтылығы, жігітке тән қайсарлығы мен бірсөзділігі жақсы әсер қалдырыпты.
Осы арада бір тоқтала кетер жайт, Нұрлан өзі көп балалы отбасында өсіпті. Сондықтан да болса керек, қолы ашық, көмекке мұқтаж жандарға әрқашан қол ұшын бергісі келіп тұрады. Сол себептен де сүйген қызы Гүлжауһармен өз алдарына жеке шаңырақ көтергеннен кейін өзінің ұл-қыздарының көп болғанын армандайтындығын да айтып қалды.
Әрине, келіншегі де ол кезде азаматының сөзіне жас болғандықтан да аса мән бере қоймаған еді. Бірақ жылдар өткен кезде перзенттің адамның өмірінде ерекше орын алатындығын, қызмет пен дүниенің қолдың кірі екендігін, ғұмырыңды жалғастырар ұл мен қыздар бар байлығың екендігін сезінді.
Олардың шаңырақтарында да қуаныш аз болған жоқ. Тұңғыштары Бақытжан дүниеге келіп, Нұрлан әке, Гүлжауһар ана атанып, бақытқа бөленген сәттері бұлардың күні кешегідей көз алдарында. Алайда осы ұлдары 11 жасқа толған кезде оның денсаулығы сыр беріп, әке-шешесін үлкен ойға қалдырды.
Ата-ана баласы үшін басын тауға да, тасқа да соғатыны белгілі. Бұлар да балаларын біраз жерге апарып емдетті. Қаншама дәрі-дәрмек сатып алды. Әрине, ол қиын кездер де көрген түстей артта қалды. Сол Бақытжан да сырқатынан жазылып, үй-ішін шексіз шат-шадыман көңілге бөледі.
Бозбала жастайынан білімге құштар болатын. Сондықтан облыс орталығындағы маңдай алды оқу орындарының бірі — Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің экономика факультетін ойдағыдай аяқтады. Ол қолына диплом алып келгенде, Нұрлан мен Гүлжауһардың бақыттан төбелері көкке бір елі ғана жетпей қалды.
Содан ұлдары шаһардағы арнаулы орта білім беретін беделді білім ордасының бірі — индустриалдық-педагогикалық колледжіне жұмысқа тұрды. Білімді маман ұжымға тез сіңісіп кетті. Өзінің ортасын тапты. Әке-шешеге бұдан артық қандай қуаныш керек?
Айтпақшы, әлгі Бақытжан осыдан біраз жыл бұрын бір әңгіме кезінде өзіне іні немесе қарындасы болса, тек қуанатындығын ашық айтыпты. Алайда Гүлжауһардың енді бала табуға денсаулығы көтермеді.
Сондықтан күйеуі ата-анаға зар болып жүрген жәутеңкөз балаларға пана болып, соларға қолдан келгенше қамқорлық жасау дұрыс болатындығын да білдірді. Әрине, бұл сөз де үйдің ұйытқысы болып табылатын қарындасымызды бейжай қалдырмады. Алайда мұндай жағдайда бірден нақты шешім қабылдау да оңай емес екендігі кімге болсын түсінікті болса керек. Жетім көрсең, жебей жүр.
Дегенмен, Нұрлан іштей дайын болған секілді. Өзі көп балалы отбасында өскендіктен бе, балажан. Тап бір біреулерге жақсылық жасау үшін туылғандай. Қашанда барын бөліскенді қалайды. Ол бірде жұмысқа кетер алдында келіншегі Гүлжауһарға: «Сүйіктім, мен жақында облыс орталығындағы «Дельфин» бөбектер үйінде болдым. Онда 1,5 жасар әп-әдемі қыз баланы көрдім. Есімі — Алина екен. Соны барып көрсек қайтеді?» деп ұсыныс жасады.
Отағасының сөзі әсер еткен болуы керек. Содан олар әлгі бөбектер үйіне барды. Алина есімді бүлдіршін бірден көзіне оттай басылып, содан сәбиді үйлеріне алып келді. Уақыт зуылдап өтіп, кіп-кішкентай балдырған бұл күндері 9 жасқа келіп қалды.
Оның есімі қандай құлаққа жағымды естілсе, өзі де өте табанды, алдына мақсат қойса, соған жеткенше тынбайтын естияр қыз бала. Тіпті ер балалар секілді таэквондомен айналысады. Әрине, қыздарының таудай талабына әке-шешесі қарсы болмай, қайта оның әрбір қадамын құптап отыр.
Алина да Нұрлан мен Гүлжауһардың өзіне деген ыстық ықыласын сезініп, сенімдерін ақтауға тырысуда. Әлгі жылдамдықты, ширақтықты қажет ететін спорт түрінен облыста чемпион болып қана қоймай, республикада 3-орын алды. Ол өзін «әкемнің қызымын» деп Нұрланға ерекше бауыр басқан.
Бұдан кейін Алан есімді баланы бауырларына басты. Ол қазір Төлегеновтер әулетінің еркесіне айналған. Бір шаңырақтың ұйытқысы болып, барлық ұл мен қыздардың асыл анасына айналған Гүлжауһар балалар үйіндегі үш айлық Аланды алуға барған кезде оның жанында жатқан нәрестені де көзі шалып қалады. Ол Аланнан бір ай ғана үлкен еді. Ол бала да Нұрлан мен Гүлжауһарға ұнады. Алайда оны туған анасы уақытша қалдырғандықтан, бермеді. Бала туберкулез сырқатынан емделіп жатты. «Оның кейінгі тағдыры қалай болады екен?!» деп Гүлжауһар алаңдаумен болды.
Бала бұларға шын мәнінде бұйырған болуы керек. Арада бір жарым жылдай уақыт өткен кезде бұларға балалар үйінен жәутеңкөз Ринаттың анасының қайтыс болғаны жөніндегі хабар жетті. Бұл жайсыз жаңалық Гүлжауһар мен Нұрланның төбесінен жай түсіргендей болды. Енді жетім баланың кейінгі тағдырына алаңдаулы ата-ана оны да өз қамқорлықтарына алып, бауырларына басады. Кейін балалар үйінде оның ағасы да бар екендігі белгілі болды. Сөйтіп, бұл үйге Шыңғыс та келіп, жаңа ата-анасын тапты.
Жылы сөз жан семіртеді
Гүлжауһар жергілікті мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейтінін айта кеткен жөн шығар. Сондықтан қызмет бабымен аудан орталығына жиі баруға тура келеді. Сондай маңызды басқосулардың бірінде Мәдинаның аянышты тағдыры жайлы құлағы шалып қалса керек.
Баланы бауыр еті деп санайтын Гүлжауһар кейін білсе, асырап алған Мәдинаның анасы кәдімгі қаңғыбас екенін естиді. Үй-күйі жоқ кезбе шеше баласын қайтіп асырасын? Ол перзентін бұрын танып білмейтін Затобол кентінің маңындағы қираған үйіндіде тұрып жатқан кемпірге қалдырып, өзі жеңіл өмірді аңсап кетіпті.
Әйтеуір, баланың көрер жарығы бар екен. Оны да Гүлжауһар сақтап қалды. Әлгі кемпір о дүниелік болып кетіп, қыз бала көшеде қаңғып қалған екен.
Мәдина бұл отбасына алғаш келген кезде бұларға бастан кешкен оқиғаларын жасырмай айтып беретін. Көкек анасының кесірінен жазықсыз сәби аш қалмау үшін не істемеді дейсіз. Тіпті қоқыстың ішінен сорпаға шейін тауып алып, талғажу етіпті. Әйтеуір, осындай жандары жомарт кісілердің арқасында сол сорақылықтардан біржола құтылды. Қазіргі күндері ол әп-әдемі, ажарлы қыз болып шыға келді. Үйдегілер оны «біздің ару» деп еркелетеді. Өзінің де еті тірі, өте пысық. Кез келген адамды бірден баурап алады.
Мәдинадан кейін Төлегеновтердің құт-берекелі шаңырағына Вера атты қыз келді. Оның әкесі жоқ, шешесі байғұс тыныш жүрмей, ойнақтап жүріп от басып қалса керек. Анасы қазір теміртордың ар жағында отыр.
Қыз бала 15 жылдың ішінде не көрмеді, басынан не кешпеді? Әйтеуір, бәріне де шыдады. Қаншама балалар үйінде болып, тағдырдың тауқыметін бастан кешіпті. Жүрегі жомарт кісілердің оң қабақ танытуының арқасында тірі қалды. Осы қыздан кейін бұл үйге тағы да апалы-сіңлілі Дария мен София да қосылды.
Дария кішкентай болса да, мына тіршіліктен көрмегені жоқ. Жұдырықтай жүрегі бәрін де сезді. Бірақ шыдамдылық танытты. Оның көзінше анасы асылып өлді. Әкесі соны көтере алмады ма, ішкілікке салынып кетіпті.
Бұл үйге келгеннен кейін олардың да жағдайы жақсарды. Мұндағы көңіл-күй, бірқалыпты жағдай оларға да жақсы әсер еткен болар. Балалар үйінде, әрине, оларға тамақ та, киім де жеткілікті еді. Бірақ ең бастысы, ата-ананың «Ботам», «Күнім», «айналайын» деген сөзі жетпеді. Бұл сөздерде қаншама жылылық, махаббат, сезім жатқан жоқ па?
Аталған үйде олардың туған күндері де атаусыз қалмайды. Соңғы рет Дария мен Мәдинаның осындай қуанышты мерекелері аталып өтті. Әке-шешесінің, бауырларының жылы лебіздері қос қыздың көңіл-күйін марқайтты. Олар өздерін мынау жарық дүниедегі ең бір бақытты, алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан жандардай сезінетінін айтпасақ та ұғынықты болар.
Өмір сәні
Бәлкім, осы мақаланы оқыған адамдар көкіректері мейірімге толы ерлі-зайыпты Гүлжауһар мен Нұрланды қалтасы қалың, байлығы тасып жатқандықтан немесе солар арқылы атақ-дәрежесін арттырып, жасандылықпен айналысып жатқан кісілер деп ойлап қалуы да ғажап емес.
Мұндай пікір түйгендер түбірімен қателеседі. Өйткені бұлар өте қарапайым ғана жұрт қатарлы ғұмыр кешіп жатқан отбасы. Олар байлықты емес, жетім балалардың өз қатарларынан кем болмай, толыққанды азамат болып өсулеріне өздерінің қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, үлестерімізді қоссақ деп жүрген жандар.
Олардың қандай адамдар екендігін шаңырақтарына жолы түсіп, тыныс-тіршіліктерін өз көздерімен көрген әріптестері ғана жақсы біледі. Төлегеновтер әулеті өте қарапайым тұрады. Ерлі-зайыптыларға келсек, отағасы Нұрлан кәдімгі еңбекқор механик. Мұндай мамандық иесінің қандай жалақы алатындығы көпшілікке белгілі болса керек. Ал Гүлжауһар болса ұлағатты ұстаз. Ол өте сауатты, ақжарқын, жүзінен күндей шуақ төгіліп тұратын мейірбан қазақ қыздарының бірі.
Нұрлан мен Гүлжауһар қайсыбір адамдар секілді шетелге барып, демалуды армандамайды. Қымбат көліктерге қызықпайды. Олардың ойлағаны да сол ата-аналардың кесірінен тағдыр тауқыметіне ұшыраған ұл-қыздарға қол ұшын созу.
Мұндай көп балалы, көп ұлтты ұл мен қыздардан тұратын отбасылар қашанда көмекке мұқтаж. Олар күніге дүкенге де жүгірмейді. Қажетті азық-түліктерді қаптап күні бұрын алып қояды. Киімдері көк, уайымдары жоқ. Бірақ көңілдері мөлдір судай таза. Тағамдары тәтті, бауырларына алған балаларының бәрі де осындай ата-аналар тапқанына өздерін өте бақытты сезінеді.
Таза ниетті Нұрлан мен Гүлжауһарды аудан басшылары да көрмей, сезбей отырған жоқ. Мәселен, үстіміздегі жылғы наурыз айында Қостанай ауданының әкімі, өмірге белгілі іскер де ұлтжанды азамат Ахмедбек Ахметжановтың өзі Төлегеновтер әулетіне арнайы келіп, отбасының хал-жағдайымен танысыпты.
Әрине, ел ағасы бұлардың үйіне жай келген жоқ. Отбасына аз да болса көмек болсын деген ниетпен, диван, кереует және азық-түліктер тапсырыпты. Бұл да болса көп балалы жанұяға үлкен қолдау емес деп кім айта алады?
Әулетті ерекше қуанышқа бөлеген жағымды жаңалық деп аудан әкімінің бұларға жаңа үй салу үшін жер бөлгенін айтуға болады. Бұл қуантарлық жайт. Бірақ көп балалы үйге мұндай жерде үй салу да оңай емес. Алайда оны бастаса, өзге де жанашыр қалталы азаматтар қол ұшын беріп, қолдап кете ме деген үміт жоқ емес.
Егер шындап қолға алынып, құрылыс жұмысы жанданып кетсе, ол Қостанай облысындағы ең бірінші отбасылық балалар үйі болғалы отыр. Бұл да жұртты елең еткізер жағымды жаңалық емес пе?
Баршаға мәлім, әдетте жетім балалар жасы келген соң жастар үйіне жіберіледі. Бірақ одан кейінгі тағдыры жайлы ешкім кепілдік бере алмайды. Ал Төлегеновтер әулетінде тәрбиеленіп жатқан балалардың болашағы жарқын.
Себебі Нұрлан мен Гүлжауһардың ендігі мақсаты — осы балалар үйінен тәрбиеге алынған ұл мен қыздарды тек жастайынан оқытып, өсіріп қана қоймай, кәдімгі ата-аналар секілді ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бақытқа бөлену, әлгі 9 баланың тойын көріп, олардың ғұмырын нұрландыру.
Бұл әулеттегі балалардың тағы бір еліміздегі ұл мен қыздарға тағылым болар жақтары деп олардың үйде қазақ тілінде сөйлейтінін айтуға болады. Ұлтымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жастайынан бойларына сіңіріп, елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиеленуде.
Нұрлан өзін осындай көп балалы жанұяның тірегі екендігін мақтан етеді. Ал балалардың анасы Гүлжауһар болса, әу баста ұл мен қыздарды жетім балалар үйінен алар кезде кішкене кібіртіктеп, үлкен ой үстінде қалғанымен, қазір осы батыл әрекеттеріне еш өкінбейді. Қайта олардың өздерін бауыр басқанына шексіз қуанады.
Міне, жүректері мейірімге толы, кіршіксіз таза, пенделіктен жоғары, дүние қумайтын адамдар ғана осылай ойлап, өзгелерге жақсылық жасауды ғұмырларының сәні деп түсінетін болса керек.
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай облысы