Астана. 18 қазан. Baq.kz — Сахна төрінде ән шырқап жүргеніне 10 жыл болған Бүркіт бір апта бұрын ұлды болды. Әншінің қуанышын бөлісу мақсатымен, сұхбаттасуға барған едік. «Қазір қандай жобаларды жүргізіп жүрсіз?» деген алғашқы сауалымызға Бүркіт: «Қазір менің ең үлкен жобам – отбасым» деп жауап берді. Әке болуды өзіне бақ санаған әнші ұлының есімін Зейін деп қойыпты. «Балаларым көп болса деп армандаймын» деп ағынан жарылды әнші.
— Келешекте жұбайыңыз Аиша екеуіңізді дуэт ретінде көруіміз мүмкін бе?
— Мен үшін ең алғашқы орында отбасым тұрады. Баламның тәрбиесі, үйдің шаруасы әйелімнің мойнында. Жақында ұлды болдық, жауапкершілігіміз артып жатыр. Сондықтан Аиша көбіне көп қолы босай бермейді. Келешекте дуэт болып әнді жиі айтамыз деп ойламаймын.
— Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?
— Досым би өнерінен сабақ берді, 2011 жылы менің туған күнімде сол досым өзінің оқушысын ертіп келді. Аиша маған бір көргеннен ұнады. Жарым өзімнен он екі жас кіші. Шығыс өңірі 11-12 жас отбасы үшін нағыз лайықты жас деп есептейді. Әйелім екеуіміз бір-бірімізге қатты ұқсаймыз, пікіріміз де, ойымыз да бір жерден шығады.
— Қоржыныңызда қанша ән бар?
— Мен жылына 3-4, ары кетсе 5 ән жаздырамын. Саны емес, сапасына аса мән беремін. Көп әнші сияқты, 300-400 әнім бар деп айтқым келмейді.
— Әншілікті табыс көзіне айналдыру дұрыс па?
— Әрине, дұрыс. Әнші тек қаржы құйып өмір сүре бермейді ғой. Оларға да пайда көзі керек. Өкінішке қарай, аты бар да, хиті жоқ әншілер көп. Олар бір айда бір тойға шақырылса да мәз болады. Мүлдем тойға шықпайтын әншілер де бар. Қандай болмасын, концертте ән айтып, ақша табу мүмкін емес.
— Қазір екі әншінің бірі – продюсер. Сіз де өз стиліңізді шәкірт тауып, үйретуді ойламайсыз ба?
— Қазір кез келген адам продюсер боламын деп ойлайды. Продюсер болу үшін үлкен бизнес жоба және оны жүзеге асыратын қаржы болуы керек. Ел таныған үлкен жобасы жоқ адамдар «продюсермін» деп өзін таныстырғанда, күлкім келеді. Бір жобаны тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл әлемге таныта білу керек. Қаржы мәселесі де оңайлықпен шешілмейтін дүние: ән таңдау, оны жаздыру, түрлі жобаларға қатыстыру, киім мәселесі, осының бәрін бір кісі атқаруы керек. Сондықтан кез келген адам продюсер бола алмайды. Мен өзіндік стилім болғандықтан, продюсерлік қолымнан келеді деп ойлаймын. Шыны керек, продюсерлікпен айналысу үшін уақытымды құртқым келмейді. Тағы бір айтатын мәселе, мен әлемдік деңгейдегі конкурстарға қатысқанды ұнатпаймын. Құдайға шүкір, халық өз бағамызды беріп қойды. Меніңше, ол бос әурешілік. Шығармашылығыңды өз халқыңнан артық ешкім түсінбейді.
— Қазақ киноларына көзқарасыңыз қандай?
— Қазақ киноларына көзқарасым бір түрлі. Қазақ киносында майталмандар аз. Қазақ кино саласында кастингтер де өте төмен деңгейде өтеді. Режиссерлер актердің білімі мен талантына мән бермейді, тек түріне қарайды да, келісе кетеді. Кино саласы да эстрада сияқты: сценарий керемет, актерлер нашар болса, кино сәтті шықпайды, сценарий нашар болып, актерлер шебер болса да, сәтті шығуы екіталай. Ал егер сценарий де, актерлер де мықты болып, режиссер білімсіз болса, онда кинодан мән кетеді. Мен өзімді дарынды актер деп санамаймын. Сол себепті келешекте кино саласынан актер ретінде көрінгім келмейді.
— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Cұхбаттасқан – Айгүл Дәден