«Ауруға қарсы екпенің пайдасы бар ма, зияны қандай?» деген сұрақтың әзірге басы ашық. Дәрігерлер вакцина арқылы адамзатты аман сақтап қалуға болады десе, скептиктер оған сенбейді. Екпе бірте-бірте түрлі генетикалық ауытқуларға апарады деп өре түрегелуде. Соңғы жылдары діни сеніміне байланысты вакцинадан ат-тонын ала қашатындар да пайда болды. Пікір қақ жарылды. Біз қал-қадеріміз жеткенше екпенің пайдасы мен зиянына талдау жасап көрейік.
Бұдан сандаған ғасырлар бұрын халықты қынадай қырған оба мен шешекті вакцина ауыздықтады. Табиғи оспаның көзі 1978 жылы вакцинаның көмегімен жойылды, қазір бұл екпе жасалмайды. Сәбилер қызылша мен дифтериядан жиі шетінейтін. Одан да екпенің арқасында құтылдық. 2002 жылы әлемнің біраз еліне қоса, Қазақстанда да полиомиелит толық жеңілді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 2012-2016 жылдарға арналған вакцинациялау бағдарламасына 51 млрд теңге қаралған. Яғни жылына 10 млрд теңгені екпеге жұмсаймыз. «Дер кезінде жасалған екпенің арқасында соңғы 20 жылда қызылшамен сырқаттанушылық 59 есеге, эпидемиялық паротит 160 есеге төмендеді, «В» вирустық гепатиті балалар арасында 52 есеге азайды» дейді дәрігерлер. Күні бүгін Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, азаматтарға 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жасалуда.
Нұржиян ХАЛИУЛЛИНА, Орал қалалық №3 емханасы балалар бөлімінің меңгерушісі:
– Вакцина – жұқпаны жоюға бағытталған, микроорганизмдерден жасалатын препарат. Кей адам «екпе алсақ та ауырамыз» деп жатады. Мәселен, сал – өте қауіпті ауру. Адамның аяқ-қолы ырыққа көнбей, мүгедек болып қалады. Егер ауруға қарсы егілсе, ауырған жағдайда жеңіл түрде өтеді және аяққа тұрып кету мүмкіндігі де бар. Ал егілмесе, міндетті түрде сал болып қалады. Бөгде зат енген ағзада әртүрлі әсерлер орын алатыны анық. Алайда мұндай әсердің зардаптары жұқпалы аурудың зиянымен салыстырғанда түк те емес. Сәби өмірге келген сәттен бастап үш күн ішінде перзентханада туберкулез бен сарауруға қарсы екпе алады. Екі айдан бастап балаға қалған екпелер жасала бастайды. Бұрын сал ауруы болған жоқ, бүгінде ілуде біреу болса да ұшырасады. Жалпы, бала 16 жасқа дейін егіледі, вакцина шыққалы сарауру айылын жиды. Бұдан 3-4 жыл бұрын 20-30 бала «А», «В» гепатитімен ауыратын еді, бүгінде бұл ауру жоққа тән. Ал екпеден бас тартып отырған ата-аналар баласына қандай қауіп-қатер төніп тұрғанын түсінбейді.
Қазір №3 емхананың есебінде 19 500 бала бар. Соның 65-інің ата-анасы баласына екпе жасатудан бас тартқан. Баласын ектірмей отырған ата-аналар екпе туралы қате ақпараттың кесірінен, ал кейбірі діни көзқарасына байланысты вакцинаға қарсы екен. Перзентханада туберкулезге қарсы екпе жасатпай шығып кетіп жатқан аналар да бар. Мысалы, №2 қалалық емханада жұқпаға қарсы егілуден 40 ата-ана бас тартыпты. Соның 28-і перзентханада босанып, сәбиін егуге бермеген. Ата-аналардың біразы баласын екпе жасатудан бас тартқан әрекетін нотариус арқылы заңдастырыпты.
Нұржан БАУЫРЖАН, Орал қаласының тұрғыны:
– Мен бір жарым және екі жастағы ұлдарымды егуге бермеймін. Ауыра қалған жағдайда жауапкершілікті өз мойныммен көтеремін деп қолхат жаздым. Ревакцинация мен биопробтан (манту), қызылша, «А» гепатиті, шешек жұқпасына қарсы егуден бас тартамын. Себебі вакцинаның құрамында тұз, сынап, алюминий, формальдегид, фенол бар. Бұлар аутизм, альцгеймер, обыр ауруларына ұшыратады дейді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, Жайық өңірінде 113 адам баласын ектіруден бас тартқан. Биыл, яғни 2013 жылы дүниеге келгеннен бастап екпе алмаған үш бала ауырған. Оның бірі бір жарым жастағы сәбидің ата-анасы Мысырға барып-келіп жүрген. Әкесінен туберкулез жұқтырған сәби ес-түссіз ауруханаға түсіп, шетінеп кетті.
Әрине, вакцинациялауға қатысты көзқарастың түрлі болуына бір жағынан ақхалаттылар да кінәлі. Айдың басында Павлодар облысының Майқайың ауылында болған төтенше оқиға елді дүрліктірді. Мұнда жатыр мойны ісігіне қарсы екпе жасалған 11-12 жастағы сегіз қыздың екеуі аурухана төсегіне таңылды. Рас, жатыр мойны ісігінің өте қауіпті екендігі әрі кең таралғандығы алаңдатады. Дүниежүзінде жыл сайын жарты миллионнан аса әйел осы дертке шалдықса, Қазақстанда науқастардың саны 10 мыңнан асып жығылды. Министрліктің мәліметінше, өткен жылы 1632 адам папилломовирус жұқтырған. Ауру жұқтырған әйел өзінің ағзасында жұқпаның бар екендігін жылдар бойы білмей жүре беруі мүмкін. Әбден асқынғанда ғана анықталып, оның арты көбіне қайғылы жағдайға соқтырады. Жатыр мойнының қатерлі ісігінен әйелдің репродукциялық қызметі бұзылып, бала сүйе алмайды.
Дәрігерлер бір ескермеген жағдай, папилломовирусқа қарсы вакцина дұрысында ата-ананың рұқсатымен, ерікті түрде салынуы тиіс болатын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі ешкіммен ақылдаспай, төрт облысқа тәжірибе ретінде таратып жіберген. Нәтижесінде Голландия мен Бельгиядан әкелінген препараттар қыздарға кері әсерін тигізді. Соған қарамастан, Қазақстанның бас санитар-дәрігері Айжан Есмағамбетова екпенің тоқтамайтындығын, оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын айтуда. Нәтижесін уақыт көрсетер. Тек препараттың ағзаға зиянсыздығын тексеріп алмай, адамды тәжірибе жасалатын қоянға айналдырып, өлтіріп алмасақ болғаны.
Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал