АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАЗАҚ ИНТЕРНЕТІНІҢ ҚАЗІРГІ ҚАРЫМЫ

инОсыдан 3-4 жыл бұрын Microsoft Kazakhstan басшысы Гюнтер Дам мырзамен кездескенім бар. Басты сауалым, Microsoft өнімдерінің қазақшаланбауы еді. Сонда ол кеңсе қабырғасында ілініп тұрған кестен нұсқап, «Жалпы сауаттылық бойынша Қазақстан халқы әлемдегі озық елдермен бірге тұр. Алайда ақпараттық технологиялық сауаттылыққа келгенде Африка елдерінің қатарында» деген болатын.

Біздегі ең үлкен қиындық – ақпараттық технологиялық білімнің бұқараға жаппай жетпеуінде. Мектептерде компьютердің ішек-құрылысын түсіндіреді. Бірақ интернетке бейімделген контент әзірлеу, интернеттегі мәдениеттілік, интернеттен ақпарат тұтынудың әдебі, интернет қауіпсіздігі сияқты тақырыптар оқытылмайды.
Қазақстанда қоғамға сауатты ақпарат жеткізеді-ау дейтін кейбір журналистердің өз қазақша блогтар мен сайттардағы ақпаратқа «жиендік» жасап, сол үшін еңбекақысын алып жүре береді. Адам біреудің үйіне түсіп, мүлкін ұрлай ма, әлде блогына кіріп, оның жазған дүниесін ұрлай ма, бәрі де бір – ұрлық. Берекесіз жолмен ақпарат тауып, оны халыққа насихаттап жүрген «дүмше журналистерді» ешкім сотқа сүйреп жатқан жоқ.
Интернет қолданушылардың дені әлі күнге дейін дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Кеңес Одағындағы «билік бәрін бізге жасап беруі керек» деген сыңаржақ түсінік тәуелсіздік жылдары дүниеге келгендердің де бойында бар. Сондықтан  ғаламтордағы дайын реферат-шығармаларды тауып, қолдануға әуес. Қазақ интернетінде көркем шығарма жазудың жолын көрсетіп, ғылыми рефераттарға жөн сілтейтіндер аз.
Қазақша ресурстарды көбейтетіндер – интернет қолданушылардың өздері. Бұған дейін сайтты бағдарламашы немесе кәсіби маман әзірлеу керек деген түсінік болған. Қазір контентті, яғни, интернеттің ішіндегі мәтін, видео, аудио, суреттерді интернет қолданушының өзі де жасай алады. Мысал ретінде, Wikipedia қазақша жобасын қарастырайық. Бұл әлемдік энциклопедияға мақала енгізу белгілі бір топтың жұмысы емес. Оған әрбір интернет қолданушы міндетті. Әрі тек мақала енгізіп қоймай, оны өңдеп, дамытып отыру да өздеріне тиесілі. Сондықтан қазақша ресурстардың көбеюіне кім мүдделі болса, сол осы бастан ресурстарды дамыта бастайды. «Неге интернетте қазақша бесік жыры жоқ?» –  деп өкініштен өзекті өртейтін заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бесік жырын таппай жатса, «Әжеме бесік жырын айтқызып, оны видеоға түсіріп youtube-қа, аудио нұсқасын жасап, box.net-ке, мәтінін өз блогыма салып, сосын әлеуметтік желі арқылы таратып, насихаттамасқа? Бәлкім, көп аудиторияны тарта алсам, жарнама қойып, аздаған тиын-тебен де табатын болармын, ә?!» деп ойлайтындар жетіспей жатыр.
Қазақ үкіметі интернет ресурстарды дамытуды қолға алып жатыр. Оны дамыту үшін ел бюджетінен қыруар ақша жұмсалуда. Алайда халыққа қажетті контентті билік емес, халықтың өзі жасайды. Билік бар болғаны соны жасағысы келіп жүргендерге жағдай жасаса болды. Сол кезде шетелдік компанияларға қызмет етіп жүрген қазақтың жастары өзімізде де коммерциялық жобаларды жасауға кірісер еді. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттен kaztube.kz бейне сервисін жасауға ақша бөлінді. Сервис жұмыс істеп тұр. Алайда бес-алты жігіттің өз күштерімен жасаған kiwi.k­z жобасының танымалдылығы бұдан едәуір жоғары. Сонда үкіметтен қыруар қаражат шығындап, kaztube жасағанша, kiwi тәрізді жоба авторларына көмек көрсетсе, әлдеқайда тиімді болар еді ғой. Екіншіден, интернеттегі жобалар өміршең болуы үшін нарықтың сұранысына жауап беруі керек. Бізде нарықтың алыс-берісі орыс тілінде жүретіндіктен қазақша өнімге инвесторлардың мойнын бұрғыза алмай жатырмыз. Себебі өзге де пост-кеңестік елдердегідей Қазақстандағы бизнестің тілі – орысша. Үшіншіден, болашақта контенттің көбі белгілі бір платформалы өнімдерге арнап жасалады деген болжам бар. Мысалы, сіз бен біз қолданатын компьютердің дені – Microsoft өнімі, ішіндегі интернетіміз Google компаниясына тиесілі. Қолымыздағы телефон Samsung немесе Nokia компаниясынікі.  Енді біздің жасайтын қазақша мәтіндеріміз сол шетелдік компания өнімдеріне сәйкес келуі керек. Бұл бірте-бірте тәуелділікке алып келеді. Сол себепті біраз уақыттан соң дамыған елдердің көбі өзінің компьютері мен телефонын шығаруға көшеді. Google қазірдің өзінде өзінің ноутбуктарын ғана емес, төл автокөлігін шығарып жатыр. Оңтүстік Шығыс Азия елдері google іздеу жүйесіне тәуелді болмауы үшін өзінің жеке іздеу жүйелерін дамытуда. Қытайдың baidu іздеу жүйесі – әлемдік деңгейдегі ірі ресурс. Әрі нарықтық құны да жоғары.
Қазақстан өзінің ғаламтордағы әлеуетін енді көтеріп жатыр. Қазақ тіліндегі контентті көбейтуге септігі тиетін кез келген жобаны қолдағанымыз жөн. Google Translate аудармашысына қазақ тілінің қосылуы өзге де ағылшын тіліндегі бағдарламаларды қазақшалауға жол ашады. Wikipedia-да қазақша контенттің болуы мазмұндық тұрғыдан қазақша электронды мәтіндердің көбеюіне үлес қосса, технологиялық тұрғыдан тілдік корпустың қалыптасуына жағдай жасамақ. Бірақ бұл жобалардың дамуы тікелей әрбір интернет қолданушының өзіне байланысты.

Асхат Еркімбай

http://www.jasqazaq.kz