Несие қамытын сүйреткендер бізде де көп. Мәселен, Саяси шешімдер институты жуырда мынадай қызық мәліметті алға тартты. Елдегі тұрғындардың жартысына жуығы, яғни 45,7 пайызы несиеге байланған.
Ал аймақ бойынша алып қарар болсақ, көрсеткіш әртүрлі. Алматы мен Астана халқының үштен бір бөлігі борышкер болса, солтүстік өңірде 40 пайызға жуығы, басқа облыстарда тұрғындардың жартысынан астамы қарызға белшеден батқан. Әсіресе шығысқазақстандықтар несиеге аса құмар болып шықты.Мұндағы халықтың 63,1 пайызы берешек. Осындай мәліметке қарағанда, елімізде несиеге тәуелді адамдардың көбейіп бара жатқаны байқалады. Биылғы жылдың бірінші жартысының қортындысы бойынша, банктердің 79 пайызында кредитке сұраныс артқан. Несиені оңай әрі жедел ала салатын «алтын дәуір» келмеске кетсе де, көп адам әлі күнге дейін ақшадан тарықса, банкке жүгіретін әдетін қоя алмай келеді. Оның үстіне, есін жинап алған банктер де жарнаманы үдете бастады.
Қазақстан шағын несие ұйымдары қауымдастығының директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес, шағын несие ұйымдарының қызметі лицензияланбайды және реттеліп отырған жоқ. «Шағын несие ұйымдарын құру және жұмысын жүргізу шарттары либералдық деуге болады. Сондықтан да осындай мекемелер елімізде қаптап кетті. Тіркелгендердің ішінде де алаяқтықпен айналысатындары табылады. Ең көп таралғаны – халықтың ақшасын алаяқтық жолмен тартатындар (пирамидалар). Шағын несие ұйымдарының қызметін бақылау қалыс қалды. Оның үстіне, кейбір ШНҰ қағаз жүзінде ғана бар, ал олардың немен айналысатынын ешкім білмейді».
2013 жылдың алғашқы жартыжылдығының қортындысы бойынша, ел халқының банктер алдындағы кредиттік қарызы 1 900 000 000 000 (триллион жеті жүз миллиард) теңгеге шықты. Бір жылдың ішінде төленбеген кредиттердің құны 257 миллиард теңгеге артып, 4 триллион теңгеге жеткен. Берілген кредиттер бір жылда 15 пайызға, төлем уақыты созылып кеткен несиелер 22 пайызға артқан. Біз жоғарыда санамалап өткен 4 триллион теңгенің 87 пайызы 2000 – 2008 жылдар аралығындағы несиелік «бум» кезінде алынғандардың үлесінде екен.
– 2000 жылдардың алғашқы жартысында коммерциялық банктер шетелден 4 пайыздық несие алып, оны ел тұрғындары 17-25 пайыздық өсіммен берді. Біздің несиелік нарықта тәжірибеміздің аздығынан, мемлекет банктерге бақылау жасай алмады. 2006-2007 жылдары халықаралық қауымдастықтардан ескертулер түсе бастаған соң ғана қаржы нарығы мемлекеттің бақылауына алынды, – дейді қаржыгер Ілияс Исаев.
Қазір банктер алғашқы қаржылық дағдарыстың қыспағынан шығып, несиелік «дүмпудің» екінші кезеңі басталды. Банк өкілдері банкке қарызданған қазақтардың жартысынан көп бөлігі, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру үшін, сүндет той, бесік той, алтын той, алпыс, жетпіс жылдықтар үшін алынады дейді. Демек, банк несиесінің сыртқы сипаты да заманауиланды. Біздің елде төменгі мөлшердегі несиелендірудің құрығына іліккендердің басым бөлігі бір айлықпен күн көріп, бір айлықпен нәпақасын айырып жүргендер екен. Алда-жалда жұмысынан айырылып, яки басқа бір қиыншылыққа тап болса, несиесін төлеуді мерзімінен кешіктіріп алуы кәдік. Ол дегеніңіз пайыздық үстеменің еселеп өсуіне жағдай туғызады.
Алдағы жылдарды есепке алмай-ақ қояйық, тек биыл ғана ресімделген төрт миллион несиені тұрғындар не мақсатқа алды деген ой көпті мазалары хақ. Мынау сауалнамаға көз жүгіртейік: «Несиеге өмір сүру дегеніміз не?» деген сауалға жауап бергендердің 14 пайызы жұмысына қарқын беріп, алға жылжуына септесетінін айтқан. 32 пайызы қарыз жүйкеге ауыр салмақ салатынын, ал ең көп, яғни 35 пайызы несиеге өмір сүруді үйреншікті жағдайға балайтынын жеткізіпті. Тек қалған 17 пайыз адам ғана барар жер, басар тауы қалмағандықтан қарызға батқанын хабарлаған. Бұл сауалнама қоғамдағы жағдайды жүз пайыздық дәлдікпен анықтап бере алмас, бірақ көп нәрсені аңғартатындай. Шынымен де, бүгінде адамдардың көбі сәл ақша қажет болса, банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы жылдары автокөлік пен баспананы айтпағанда, киім-кешек пен тұрмыстық заттарды несиеге алу сәнге айналды. Келіншегінің үстіндегі құндыз тонды, үйдегі теледидар мен тоңазытқышты да, жатып жүрген төсегін де, былайша айтқанда, бәрін, бәрін несиеге алатын адамдар көбейіп барады. Мұны банктар пайдаланып, ашықтан-ашық алдап отыр. Барған адамға дайын келісімшартқа қол қойдырта салады. Төрт-бес бет келісімшартты кім сол жерде оқып жатады, оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Ал шартпен келіспейтін бірен-саран адамдардың алдынан «несие берілмейді» деген қауіп кесе-көлденең шығады.
– Мысалы, аннуитет деген бар, халық оны білмей қол қоя салады. Сосын ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасы. Кейбір зерттеулер бойынша, несие алған адамдардың 40 пайызы шартты дұрыс түсінбегендіктен алданып қалады екен. Банктердің халықты қаржылық жағынан қолдаушы емес, қанаушыға айналды. Ал экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалды қарыз алатын кезде, оны қалай қайтарам деп ойлану керек екенін айтады. Сондай-ақ, ең маңызды мәселе қай банктен қарыз алуыңызда. Әр банкте әртүрлі мөлшерлемемен, әртүрлі пайызбен несие береді, банк таңдауда да қателеспеу керек, – дейді Сағындық Сатыбалды.