АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ боксы әлемді мойындатты

2ba6ff80591f369eb0089c3a1597e7daНұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)

Олимпиадалық спорт түрінен қазақ жерінде өткен алғашқы әлем чемпионатын Алаш жұрты абыроймен аяқтады. Төрт алтын, екі күміс, екі қола медальды қоржынға салған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастап, бірнеше жеке рекордтың қаймағын бұзды. Нақты айтсақ, ешқашан біздің боксшылар бірде-бір әлем чемпионатында мұнша алтынға қол жеткізбеген. Ал бұл жолы аспаннан алтын жауды десек те болады. Боксшыларымыз шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, әлемді мойындатты.

 

Елбасымыздың көз алдында…

116 ел, 600-ге жуық боксшы. Әу бас­та Ал­матыдағы әлем біріншілігіне осынша боксшы тіркелген болатын. Ширек финалда елдер саны төрт есеге дейін қысқарды. Өзге елдер жартылай финалға бір-екі, әрі кетсе бес боксшымен жетіп жатқанда Қазақстан қос­қан он боксшының сегізі жүлдеге ілікті. Со­­ның алтауы алтынға таласты. Додадан шы­ғып қалғандарды да жеңілді дей алмайсың, қар­сыластары қанша азулы болса да, жер­лес­теріміз жолбарысша айқасты. Бәрін айтып не керек, 2011 жылғы әлем біріншілігінде Украи­на құрамасы төрт алтын, бір күмісті енші­леп, әлемді таңғалдырса, біздің бокс­шылар олардан да асып түсіп, жаһанды там­сан­дырды. Жалпы, қазақ боксын бүкіл әлем айтып жүретіндей жетістікке жеттік.

Ақтық айқастарды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де бастан-аяқ та­машалады. Сондай-ақ қазақстандық, тіпті әлем­дік жұлдыздар да аз болған жоқ. Құрметті қонақтардың қатарында Алма­ты қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстан бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаев сынды атқамінерлер шаршы алаңға шыққан әр жерлесіміз үшін тақым қысып отырды. Олардан бөлек, бұрынғы боксшы, бүгінгі білікті маман, бапкерлер Серік Қонақбаев, Ерма­хан Ыбрайымов, Галиб Жафаров, Бақыт Сәрсекбаев, Бақ­тияр Артаев, Серік Сәпиев, Марат Мәзімбаев сынды чем­пион­да­рымыз, Асанәлі Әшім­ов сияқты зиялы қауым өкіл­дері де боксшыла­ры­мызға қолдауларын аямады. АІВА президенті Чинг-Куо Вуның Алматыда болуын заң­ды­лық дегенімізбен, аға­йынды Кличколар мен Александр Поветкиннің өздері келіп, жеңімпаздарды марапаттауы бұл доданың әлем­дік аренада қаншалықты маңызға ие екенін көрсетіп тұрған­дай. Бір сөзбен айтқанда, Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайы бір күнге жұлдыздар мен зия­лылардың шоғырына айналды.

Төрт алтын

Ал енді шаршы алаңдағы ақтық айқастарға кезек берелік. Жалпы, финалда тоғыз елдің жиырма боксшысы өнер көрсетті. Солардың алтауы біздің саңлақтар екенін айттық. Финалдық жекпе-жектердің шымылдығын ашқан Біржан Жақыпов пен алжирлік Мохамед Флиссидің арасындағы айқас толық жерлесіміздің басымдығымен өтіп, Біржан 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Иә, несін жасырайық, Жақыповты талай сынадық. Өзгелердің жолын кесті деп те айыптап жаттық. Шыны керек, 2005 жылғы әлем чемпионатынан кейін өзінің де жолы болмай кетті. Әлемдік аренада жолы қайта-қайта қытайлық Зоу Шимин­мен түйісіп, жеңіп тұрса да, төрешілердің сүріндірген кезі аз болмады. Қанша жер­ден даттасақ та, талай додаларда жеңіс­ке лайықты болған бірден-бір боксшымыз – осы. Төреші Біржанның қолын көтергенде халық түгел қуанды. Әсіресе VIP-трибунада отырған Серік Сәпиевтің шаттанғанын көрсеңіз, құдды бір, өзі үшінші рет әлем чемпионы атанғандай жас балаша секіре берді.

Одан кейін Мерей Ақшаловтың кере­мет айқасын көрдік. Үш раунд бойы Мерей бір қадам да артқа шегінген жоқ. Азулы қарсыласынан еш қорықпай, Ғани Жай­лауов­тың  Ясниер Толедо Лопесте екі рет кеткен есесін қайтарып берді. Айқастан кейін құттықтау үшін алдынан шықтық. Сол кезде көзіміз кубалыққа да түсіп кетті. Бетінің сау-тамтығы қалмапты. Қабағы жарылып, ерні дүрдиіп, көзі ісіп кетіпті. Екі жағынан екі бапкері демеп, әрең жүріп бара жатыр. Финалға бір күн қалғанда Мерейіміз қызды болған екен, «Жеңісімді қызыма арнаймын», – деп жекпе-жектен кейін ағынан жарылды.

Чемпионатты бастан-аяқ тамашалап, боксшылардың бет-жүздерін байқап жүрміз ғой. Өзге елдің боксшыларының барлығы көздері көгеріп, қабақтары жары­лып жатыр. Ресейлік Артем Чебо­тарев­ті көрдік, бетінен бет қалмапты.  Ал Қазақстан боксшылары әлем чемпионатын қалай бастады, солай аяқтап жатыр. 69 келіде айқасқан Елеусіновті айтсаңызшы. Даниярдың қаншалықты шебер боксшы екенін дәлелдеп тұрғандай, сымбатты сұлбасына еш зақым келмепті, сызат та түспеген. Рас, өзі де соққыны аз жұмсайды, бірақ қарсыласының соққысын өзіне де дарытпайды. Қолды-аяққа тұрмай, «би­леп» жүріп айқасатын Елеусінов шаршы алаңды айнала жүріп жұдырықтасқанда, онымен рингке шыққан кез келген бокс­шының есі ауып қалары сөзсіз. Егер ұпай есептеудің бұрынғы жүйесі қайта жаңғыр­тылса, төрешілер Даниярдың чемпионат бойғы қарсыластарына ары кетсе үш-төрт-ақ ұпай берер еді. Финалда да жерлесіміз тыным таппады. Шыны керек, қарсыласы да өте қарымды. Кубаның қабыланы. Соның өзі сіздерді көп нәрседен хабардар етіп тұрған шығар. Бұл бірін­ші­лікте талай боксшының «көзіне көк шыбын үймелет­кен». Дегенмен Даниярға бірде-бір соққы­сын дұрыс өткізе алмай, әбден пұшайман болды.

– 69 келі – қазақтың салмағы. Егер ел үмітін ақтай алмай, чемпион бола алмасам, мен үшін үлкен ұят болар еді. Осы салмақта қазақтар әрдайым намысты қолдан бермей, чемпион болып жүрулеру керек. Ендігі арманым – Олимпиада шыңы! Ал бұл алтынды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаймын, – деп ағынан жарылды ақтық айқастан соң Данияр Елеусінов.

Қоржынымызға үшінші алтын 75 келі салмақ дәрежесінде түсті. Алтын медаль­дың «авторы» — Жәнібек Әлімханұлы. Жиырмадағы жігіт. Бұл жастағы спортшы­лар­дың әлем чемпионатында жеңіске жетпек түгіл, елішілік додадаларда топ жара алмай жүргенін жиі көресің. Енді жиырма жасында Олимпиада жеңімпазы немесе әлем чемпионы атанатындай, боксшылардың барлығы бірдей Саттар­ханов немесе Әлімханұлы емес қой. Айта кету керек, Жәнібек жекпе-жектерінің барлығында жарқын жеңіске жетті. Бірін­шісінде әзірбайжандық Солтан Мигитинов­пен кездесті. Солтанды білеміз. WSB додасында қарсылас шақ келтірмей жүрген боксшы. Мәселен, «Арландар» сапындағы Сергей Деревьянченко осы додада бір-ақ рет нокдаунға түскен екен. Міне, сол Сергейді сұлатқан – осы Солтан. Дегенмен Жәнібек Мигитиновтің қорға­нуына да мүмкіндік берген жоқ. Одан кейін мексикалық Хуан Меркадоны айқын басымдылықпен екінші раундта тізерлетті. Сол сияқты, финалдағы айқасында да қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Ал онымен жұдырықтасқан боксшы – Еуропа чемпионы. Жартылай финалда ирландиялық Джэйсон Куигли ресейлік жиеніміз Артем Чеботаревті қуып жүріп сабағанда «Жәнібекке қиын болады-ау» деп сескенгенбіз. Бірақ жерлесіміз күдігі­мізді бірінші раундта-ақ сейілтті. Басталған бетте шабуылға лап қойып, ирландиялықты жалпасынан түсірді. Ал осыдан кейін алтын бермей көр…

Екі күміс

Өкінішке қарай, 81 келідегі Әділбек Ния­зымбетов пен аса ауыр салмақ дәре­же­сіндегі алыбымыз Иван Дычко ақтық айқаста сүрініп қалды. Алғашқысы кубалық Хулио ла Круздан жеңілді. Екеуі – ескі таныстар. 2011 жылғы әлем чем­пио­натының финалында да жерлесіміз осы боксшыдан жеңілген. Есе қайтара алмады. Несін жасырайық, бесінші алтын­ды Әділбек Ниязымбетов алып береді деп үміттенген едік, бұған дейінгі әлем бірін­шілігінде, Олимпиада ойындарында, тіпті Азия чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміз тағы да финалда сүрінді. «Мәң­гі екінші» дейсіздер ме, жоқ, әлде «Күміс жігіт» дейсіздер ме, өз қалаула­рыңыз.

Ал Дычко әзірбайжандық Магомедра­сул Меджидовті екі раунд бойы жеңіп жатты да, күтпеген жерден қарсыласының жойқын соққысына түсіп қалды. Нокдаун. Төреші сегізге дейін санағанша есін жиып үлгергендей болып еді, алыбымыз сол күйі өзіне келе алмады. Қайта шабуылға лап қойған Меджидов оң қолын құлаштай тастап, Ваняны тағы да шалқасынан түсір­ді.

Дегенмен екінші орын да – керемет жетістік. Әлем біріншіліктерінен кейбір елдер қолаға қол жеткізгендеріне риза болып жүр. Олардың жанында бұл екеуінікі – зор жеңіс.

Екі қола

Қоржынға екі қоланы 56 келідегі Қайрат Ералиев пен 60 келідегі Берік Әбді­рах­манов салып берді. Бірақ жартылай финалда сүрінген бұларды да жеңілді дей алмайсың. Әлде финалға жолдама алып жатқан боксшыларымыз көп болып кетіп, төрешілер ең болмаса бір-екі боксшымыз­ды осы жерден тоқтатайын деді ме? Не де болса, арыстанша арпалысқан жігіттерді жеңілді деуге аузымыз да бармайды.

…Катарда жолыққанша

Сонымен, төрт алтын, екі күміс, екі қоламен жалпыкомандалық есепте көш бастадық. Яғни Ресейді де, Кубаны да артта қал­дырып, әлем боксының алды болдық. Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша АІВА әлем біріншілігінің үздіктерін марапаттап, Мырзағали Айтжанов – үздік бапкер, Данияр Елеусінов үздік боксшы атанды. Енді келесі додаларда осы межені ұстап тұруымыз қажет. Ал ендігі әлем чем­пио­наты 2015 жылы Катар елінде өтеді.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

http://alashainasy.kz/main/46989/