Қытай түрмесінде 15 қазақстандық «шіруде». Қапастағы сол отандастардың Отанға оралуына алда мүмкіндік тумақ.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар Қазақстан мен ҚХР арасындағы «Сотталған адамдарды беру туралы шартты» ратификациялады. Палата депутаттары осы күні сондай-ақ ұлттық заңнамаға «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» түзетулер енгізетін арнайы жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжатқа сәйкес, әйелін ұратын еркектерге сол ісін қоймаса, әйелімен тұруға тыйым салынбақ!
«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының ерекшелігі – оған бір топ депутат бастамашы болып, өздері жазып шығыпты. Сондықтан оны бастамашылар атынан Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова қорғады. Қолданыстағы заң бойынша тұрмыста нағыз тиранға айналған еркектерге, егер онысын қоймаса, айыппұл салынады. Алайда депутат ханымның айтуынша, ондай оспадарлардың көбісі маскүнемдік жолына түскен, жұмыс жасамайды, содан айналып келгенде, оған мемлекет салған айыппұлды жұмыс істейтін әйелге төлеуге тура келеді. Яғни осылайша әлгі әйел екі рет жәбір көреді. Осы себепті бастамашы парламентарийлер біріншіден, айыппұл салуды алып тастамақ.
Бұдан басқа жаңа заң жобасының үш ірі жаңалығы бар: ол жәбір көруші баланы отбасынан алып қойып, уақытша қамқоршы тағайындауды, ерлі-зайыптылардың екеуіне де мүліктік құқықтарын жүзеге асыруға тыйым салуды қарастырады, сондай-ақ зорлықшының жәбірленушімен бірге бір тұрғын үйде немесе пәтерде тұруына тыйым салынбақ. Мұны заңдастыру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 59-1-бабына толықтыру енгізілетін көрінеді. Мұндай жазаны қолдану-қолданбау жайын сот шешеді. «Бұл азаматтардың тұрғылықты мекенін өз қалауынша таңдау жөніндегі конституциялық құқығына нұқсан келтірмей ме?» деп сұрады депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова.
– Сот 30 тәулікке дейін ғана осындай жаза тағайындай алады, – деді Светлана Бычкова. – Бұл – бір. Екіншіден, біздің Ата заңымызда 39-бабының 3-тармағында заңмен шектеуге болмайтын барлық нормалар көрсетілген, басқасының барлығы шектелуі мүмкін. Яғни заңды осы жағдайда соттың қолдануына жол беріледі. Біз Конституция нормасын бұзбаймыз!
Әрине, жала жабу оқиғалары да кездесуі мүмкін. Мысалға, ресейлік танымал әнші Жасмин күйеуінің өзін көкала қойдай сабағанын жар сала айтып, ақпарат құралдарына соны дәлелдейтін фотосуреттер таратты. Көршімізді дүрліктірген бұл оқиғаға тиісті құрылымдар назар аударған. Алайда кейін оны әншінің қолдан жасағаны, ал күйеуінің еш кінәсіздігі анықталды. Мұндай мәселелерді жұмыс тобы алда пысықтайтын болса керек.
Жалпы, отбасын ойрандайтын тұрмыстық зорлықшыны жәбірленушіге жуытпауды қарастыратын қатаң шаралар жаңадан әзірленген Қылмыстық кодекс жобасында да бар, бірақ оны талқылау келесі жыл бойы жүруі мүмкін. Депутаттар оған дейін өз заң жобаларының қабылданып, күшіне мінуінен үмітті.
Бұл құжатты қалаулылар сонымен бірге тұрмыстық зорлық көрушілер бас сауғалап, паналайтын дағдарыстық орталықтарға көмектесу үшін жазғанға ұқсайды. Бастамашылардың айтуынша, мұндай күйзеліс орталықтарына мемлекет демеу көрсетеді. Бірақ ол бір жылға ғана ұсынылатындықтан, келесі тендерде жеңгенше, сол орталықтарға істі жалғастыра беру үшін банктерден жоғары пайызбен кредит алуға тура келетін көрінеді. Сондықтан әлеуметтік тапсырыстарды оларға 3 жылға беру көзделуде.
– Біз бүгін өте маңызды әрі өте өзекті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин. – Ол бірінші кезекте, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қарсы тұруға, сондай-ақ содан зардап шеккендерге жәрдем көрсетуге бағытталған. Бұл заң жобасының тағы бір маңызды тұсы, оны Мәжіліс депутаттары, соның ішінде, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері әзірлеген. Бір атап өтер жайт, 5-шақырымда депутаттардың заңнамалық бастамашылығы өте жоғары және ең бастысы, өте нәтижелі болып отыр.
Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, «нұротандық» қалаулылардың бастамасы бойынша 12 заңның жобасы әзірленген және палатаның қарауына енгізілген. «Жыл соңына дейін депутаттардың өздері әзірлеген заң жобаларының санын 15-ке дейін жеткізу жоспарлануда. Барлық заң жобалары сан-салалы. Әлеуметтік стандарттарға, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне және халықаралық келісімдерге қатысты заң жобалары жазылу үстінде. Олардың барлығы елдің дамуына, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға жұмыс жасайды. Демек, мұндай тәжірибені біз тек құптаймыз!» деді палата төрағасы.
Осы жалпы отырыстарында депутаттар Қазақстанның Түркиямен және Қытаймен арасындағы «Сотталған адамдарды беру туралы шарттарды» ратификациялады. Дәл осындай екіжақты шарттар ендігі Әзірбайжанмен, Түрікменстанмен, Украинамен, Испаниямен арада бекітілген екен.
Тағы екі елмен арадағы жаңа шарттарды таныстырған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Түркияда 2 қазақстандықтың, ал Қазақстанда 4 түріктің жазасын өтеп жатқанын жеткізді. Бұл жерде «Аспанасты елінің» абақтысында отырған қазақстандықтардың ахуалы алаңдататын көрінеді. Екі ел арасында визалық режим болғандықтан «шың еліне» әлгілердің туыс-туғандары халдерін сұрап, бара алмайды. Оның үстіне ҚХР-да қылмыскерлерге қатысты жаза қатаң екендігі мәлім.
– Біздің атымызға Қытайда жазаланғандардың туған-туыстарынан ұдайы шағымдар түседі, олар оны Қазақстанға ауыстыруды сұрайды, бірақ біз осы шарттарды толық ратификациялағанша, оларға көмектесуге қауқарсызбыз, – деген Бас прокурордың бірінші орынбасары нақты мысал келтірді: «2002 жылдан бері Үрімші қаласында 1957 жылы туған Қазақстан азаматы Қасымов жазасын өтеуде, ол өмірбақиға бас бостандығынан айырылған. Қаржылық мүмкіндіктері болмағандықтан және виза алу қажет болғандықтан, туған-туыстарына оған бару қиынға түсуде». Жалпы алғанда, Қытай түрмелерінде 15 қазақстандық, ал Қазақстанның бас бостандықтан айыру орындарында 20 қытайлық қамалыпты. «Енді осы адамдарда жазаны өз Отанында өтеу мүмкіндігі пайда болады» деді Иоган Меркель. Шарт жобасы келісімін беруі үшін Сенатқа жолданды
Айхан ШӘРІП