АЛТЫНОРДА
Новости

Иран өлім жазасынан бас тартпай отыр

6D0E261D-02E8-48F0-B9B3-DE6F13F49019_w26810 қазан – әлемде өлім жазасына қарсылық күні. Amnesty International дерегінше, Иранда биыл ондаған адам дарға асылған. Бірақ олар бір құрбандықты есепке қоспады: көшеде дарға асылған адамдарды көрген 12 жасар бала асылып ойнаймын деп өліп кетті.

 12 жасар Меһран інісімен ойнап жүрген. Ол мойнына арқан ілген кезде өлемін деп ойламағаны анық. Балалар соның алдында ғана Керманшахта (Иранның батысында орналасқан қала — ред.) жиі орындалатын өлім жазасын көрген еді.

АСЫЛЫП ОЙНАУ 

«Mokrian» жаңалықтар агенттігінде қызмет ететін журналист Мохтар Хандани осы оқиға туралы жазды. Ол бала өлген күні (31 тамыз) Келашлулем (Kelashlulem) ауылына барып қайтты. Баланың ата-анасы не болғанын түсінбей де қалған:

— Баланың шешесімен, әкесімен, және ағасымен сөйлестім. Олар маған 12 жасар Меһранның інісімен ойнауға кеткенін, ойнап жүріп баланың асылып қалғанын айтты. Қозғалмай қалған оны інісі ойнап тұрған шығар деп ойлаған. Бірақ біраз уақыттан соң қорқып, үлкендерді шақырған. Олар баланың өліп кеткенін көрген, — дейді Хандани.

​ 

Иранда әйел зорлағаны үшін дарға асылған адам. 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)Иранда әйел зорлағаны үшін дарға асылған адам. 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Балалар ұзақ ойнамаған. Шам ілетін діңгектің арқанын мойнына ораған Меһран шағын арбаға шыққан, бұдан соң 8 жасар інісі арбаны оның аяғынан сүйреп алып кетеді. Салбырап қалған Меһран дар ағашында тербетілгендей болады, бірақ ол шынымен асылып қалған еді.

Меһран Ирандағы көпшілік алдында жазалау «дәстүрінің» күтпеген құрбаны болды.

Amnesty International ұйымының қазанның 10-ы күні жариялаған дерегіне қарағанда, 2012 жылы Иран 560 адамды өлім жазасына кескен. Иран ақпарат құралдарының дерегі бойынша, оның 330-ын үкімет растайды. Ал 195 өлім жазасын белсенділер мәлімдеген, бірақ үкімет мойындамайды.

Ауғанстанмен шекаралас жатқан Мешхед қаласының Вакилабад түрмесінде 35 адамның құпия түрде басын шапқан деген күдік бар. Өлім жазасына кесілгендердің көбі есірткіге қатысты заңды бұзды деп айыпталады.

ҚАТЫГЕЗДІК ТӘРБИЕСІ 

Ирандағы өлім жазасының көбі түрме ішінде орындалады. Бірақ 2012 жылы  — 63, биыл одан да көп өлім жазасы қоғамдық орындарда жүзеге асты.

Иран заңы бойынша, адам өлтірген, әйел зорлаған, есірткі саудасына қатысқан адамдарды көпшілік алдында өлтіреді. Иран үкіметі қоғамдық орындарда өлім жазасын орындау қылмыстың азаюына әсер етеді деп санайды. Бірақ мұндай жазалау тәсілі ересектер үшін ғана емес, балаларға да сабақ болу үшін орындалады. Ханданидың айтуынша, қоғамдық орындарда өлім жазасын көріп жүрген балалар аз емес.

Ирандағы өлім жазасына қарап тұрған бала. (Көрнекі сурет)Ирандағы өлім жазасына қарап тұрған бала. (Көрнекі сурет)

— Өзім тұратын Керманшахта өлім жазасын көшеде көп орындайды. Өкінішке қарай, соған қарап тұрған балаларды жиі көремін. Олар үшін бұның бәрі ойын сияқты көрінуі мүмкін, — дейді ол.

Иранда дар ағашы ретінде көбінесе кранды қолданады. Көзі байлаулы, қолына кісен салынған тұтқынды күзетпен көпшіліктің алдына әкеледі. Кейде бұл оқиғалар стадионда, қаладағы алаңдарда болады. Көбіне бірнеше айыпталушы қатар асылады, адамдардың көбі үреймен қарап тұрса да, кейбіреулер күліп, мазақтайды.

Балалардың осы сәтте не ойлайтынын білу қиын. Алайда психологтардың көбі «зорлық-зомбылықтың куәгері болу балалар өмірінде із-түссіз кетпейді» дейді.

Лондондағы клиникалық психолог Фария Барластың пікірінше, «Меһран сияқты кейбір балалар мұны ойын деп ұғуы мүмкін».

Бірақ басқа жұрт мұның шын екенін біледі, олар бара-бара зорлық-зомбылықты күнделікті өмірдің бір бөлшегі деп санайтын болады. Бұл адамдар қатыгез бола бастайды.

​- Қатігездікті көріп өскен бала есейгенде ашушаң болады. Себебі адамдардың зорлық-зомбылық жасайтыны оның санасына сіңіп қалады. Өсе келе олар қатыгез болып кетуі мүмкін, — дейді Фария Барлас.

Дарға асуға полицейлер екі адамды алып келді. Иран, Тегеран, 20 қаңтар 2013 жыл.Дарға асуға полицейлер екі адамды алып келді. Иран, Тегеран, 20 қаңтар 2013 жыл.

Иран өлім жазасы бойынша Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленеді. Үкімет өлім жазасының нақты санын атаудан бас тартқанымен, жыл сайын мыңдаған адам сот үкімімен өмірімен қоштасады.

Әлемде көптеген елдер өлім жазасынан бас тартып, ауыр қылмыс жасаған адамдарды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру амалына көшіп жатыр. Бірақ Тегеран бұл мәселеде кері кетіп барады.

1995 жылы 41 мемлекет өлім жазасын қолданса, өткен жылы олардың саны 20-ға түсті. Құқық қорғаушылар «Өлім жазасына қарсылық күнінің мақсаты –  жазалаудың бұл түрінен толық бас тарту» дейді.

2003 жылы әлемдегі 120 қоғамдық ұйым, құқық қорғаушылар бірлестіктері Өлім жазасына қарсы коалиция құрып, қазанның 10-ын Өлім жазасына қарсылық күні деп белгілеген еді.

Фарда радиосы тілшісі Махтаб Вахиди Рад пен Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

 http://www.azattyq.org/content/iran_public_executions/25132239.html