М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, белгілі ақын Шахан Мусиннің 100 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті.
Салтанатты шараға сахнагердің туған-туыстары мен қара шаңырақта бірге істеген әріптестері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Олар ақынның қиын кезеңдерден тұратын өмірі жөнінде, сахнадағы табысты өнері мен оған қанат берген арынды ақындығы туралы тереңнен қозғады.
1932 жылғы нәубетті өз көзімен көрген ақын «Майлықара», «Наркомға хат» өлеңін жазып, онда халықтың жай-күйін ашына отырып баяндайды. Бір қызығы, бұл жыр жолдары ешбір басылымда жарық көрмесе де, жұрт арасына тез тарап кетеді. Бірақ шындық халыққа жаққанымен, билікке жақпайды. Нәтижесінде, жанында жүрген жолдастарының көрсетуімен «халық жауы» атанып, қуғынға ұшырайды. 1937 – 1946 жылдары Колымада, 1948 – 1954 жылдары Сібірде саяси қылмыскер ретінде сүреңсіз күн кешеді. Ал 1954 жылы азапты өмірді артта қалдырып, елге оралады. Қазақтың Мемлекеттік академиялық Жастар мен балалар театрына қызметке орналасып, содан өмірінің соңына дейін қасиетті сахнадан бір сәтке де ажырамайды.
Сахна саңлағымен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен, оған әрқашан да сүйеу болған, тілектес жары Рәбиға Сыздықова: «Біз сонау 1960 жылдардың басында отау құрғанбыз. Содан өмірден озғанынша шәй деспей тату тұрдық. Екеуміз ұл-қыз тәрбиелеп, оларға өнегелі отбасылық өмірдің үлгісін көрсеттік деп ойлаймын. Сол тұрғыдан алғанда Шахан жақсы жар, қамқор әке бола білді» деп бастады өз сөзін. «Ал оның актерлігі мен ақындық өнері бір бөлек. Ол театр жұмысына ыждағаттылықпен қарайтын. Содан болса керек, ол сомдаған әрбір рөл сәтті шығып, жұртты сүйсіндіретін. Негізі мен оның актерлігімен қоса, ақындығын ерекше сыйлайтынмын. Шахан әдемі сөзбен, әдемі өмірді жырлаған жоқ. Ол тарихи мәселелерді жалынды жырына қосты. Ашаршылық пен қуғын-сүргінді көп көрген оның осы тақырыпты тілге тиек етуі де орынды. Сонау шалғайдағы Колымада алтын қазып, ағаш шауып жастық шағы азаппен өтті. Бірақ соған қарамастан өмірге, өнерге деген махаббатын жоғалтқан жоқ. Сонда жүріп те өлеңін жаза берді. Айдаудан келіп, өнер әлеміне еніп кету, әрине оңай емес. Бірақ Шахан сол қиындыққа төтеп берді. Оның сүреңсіз өмірі сұлу өнерге деген сүйіспеншілігін сөндіре алған жоқ» дейді академик.
Актермен сахна төрінде бірге ойнап, сахна сыртында сыйлас дос болған інісі Сәбит Оразбаев үнемі сахнагердің қалжыңы қалтасында жүретін көңілді жан болғанын айтты. «Шахан Мусин біреудің сыртынан сөз сөйлеп, артық айту сынды жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстады. Ондай қаңқу сөз айтатындарды өзі де ұнатпады. Себебі оның сыртынан сөз тасып, сатып кеткен өзімен бірге жүріп, бірге тұрған жолдастары болатын. «Жолдастары» ақынның қызметке ерте араласқанын көре алмаған болуы керек. Сол көреалмаушылардың кесірінен Шахан, айтса адам сенбейтін сұмдықты көрді. Бірақ сонша азапқа қарамастан, ол қиындықты жеңе білді, «халық жауынан» халық артисіне айналды» дейді актер.
Ақынның көп сөзді ұнатпайтынын Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай да тілге тиек етті. «Сәні мен салтанаты келіскен, сыпайы да мәдениетті тұлғаның іші мен сырты да әдемі еді. Ал тұлғасы бекзаттық пен дегдарлықтан жаралғандай. Сампылдап сөйлеуді жаратпайтын. Сыпайылық, биязылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік жөргегінен дарыған. Жүрегі дархан, жаны жайсаң, иіні жұмсақ кісі еді. Үлкен-кішіге сыйымды, ортасына сүйкімді жан еді. Ал өнерде – әмбебап сахнагер. Өнердегі әдемілікті, әсемдікті, нәзік сезімді мұрат тұтқан талғамшыл өнерпаз» дей келе, «серті – серілік, дерті – өнер» болғанын айтты. Одан кейін Асанәлі Әшімов бастаған театр өнерінің қайраткерлері сахнаға шығып, ескі күннің шуақты естеліктерімен бөлісті.
Кеш барысында ақынның өмірі мен өнерінен, шығармашылығынан хабар беретін «Арыс» баспасынан шыққан «Шахан Мусин» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ сахна саңлағының өнер жолын айшықтайтын фотосуреттер көрмесі қойылып, келген көрермен театрдың бейнелі ескі тарихынан сыр шертетін фототуындыларды тамашалады.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ