Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі:
– Мемлекеттік немесе мемлекеттік емес университет деудің өзі орынсыздау сияқты. Өйткені мемлекеттік жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыспен (грантпен) оқитындар үлесі әрі кетсе 10 – 15 пайыз ғана, қалғандары ақылы негізде білім алады. Сондықтан да университеттерді мемлекеттік не мемлекеттік емес дегеннен гөрі – мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және өзін-өзі қаржыландыратын университет деп атаған қисынға келетін секілді. Ал мемлекеттік университеттерді жекешелендіргеннен ешнәрсе өзгере қоймайды. Осы сияқты сынақтар талай жасалғанын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Кезіндегі мемлекеттік жоғары оқу орындар ашық немесе жабық акционерлік қоғамдарға айналдырылып, бәсекелестік ортаға жіберілген еді. Осыдан нені ұттық, неден ұтылдық?! Мемлекеттік университеттерді жекешелендірмес бұрын осы жағын терең талдап, тәуелсіз сарапшылардың, Үкімет басшысы С. Ахметов атап көрсеткендей, қоғам тарапынан қолдау табу жағын жан-жақты қарастырған дұрыс.
Білім және ғылым министрлігінің халықаралық тәжірибеге сүйеніп, жоғары оқу орындарына дербестік беру, университеттердің арасында бәсекелестікті қалыптастыру және сол арқылы білім беру мен білім бағдарламаларының сапасын арттыруға деген құлшынысы құптарлық жай. Бірақ әлі де болса сарапшы мамандардың қорытындыларына құлақ асып, қоғамдық пікірді зерделеп, көпшіліктің қолдауынан кейін ғана мақсат-міндеттерін жүзеге асырғаны жөн болар еді.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Бұл – өте қате дүние болмақ. Егер салыстырып қарайтын болсақ, қазіргі кезеңде Қазақстандағы білім беру сапасы тек мемлекеттік жоғары оқу орындарының арқасында ғана тұр. Егер жаппай жекешелендіреміз десе, онда еліміздегі білім беру ошақтары күйреді дей бер. Бұл – үлкен қауіп.
Менің түсінбегенім, министр мұны неге сүйеніп айтты мұны? Бәлкім, оның артында кооперативтік қаржылық топ тұрған болар. Бұл солардың мүддесі шығар. Оқу орындарын жекеге өткізе отырып, баюды армандаған. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, мемлекет ғылымнан қаржы аямау керек емес пе? Елді алға сүйрейтін мұнай мен газ емес, сапалы білім болмақ. Ұмытпасам, еліміздегі 136 ЖОО-ның 60 пайызы жекеменшік. Егер министр соларды дамытайық, кеңейтейік десе, әңгіме басқа. Мемлекеттік, Ұлттық университеттерге тиісуге болмайды. Тек оның зардабын шегеміз. Қысқасы, бұл білім саласына төнер үлкен қауіп деп есептеймін.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Жоғары білім беру ошақтарын жекешелендіру – меніңше дұрыс емес. Біз бұл кезеңнен бұдан біраз жыл өттік емес пе? Ол тәжірибе жемісін бермеген соң, саңырауқұлақша қаптап кеткен университеттерді қысқарттық, қостық, ақыры жер-жерде бірден-екіден ғана қалдырдық. Енді келіп қайтадан жекешелендіреміз деуіміз қисынсыз. Сонда бүгінде Ұлттық деп, Мемлекеттік деп әр салаға бөліп, мәртебесін анықтап алған жоғары оқу орындары кімнің қолына өтпек? Осы қажет пе? Жекеге өткен білім ошағында білім сапасы қалай болмақ? Ақылы етеміз деп ақша қуып кетпейміз бе? Осының бәрін таразылап, талдап барып қана тәжірибені іске асырған жөн. Бар дүниені талқандап алмайық.