Биыл 86-шы «Оскар» киноакадемиясының «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына Қазақстан атынанЕрмек Тұрсыновтың «Шал» драмасы ұсынылғаны белгілі. «Құлагер-2012» байқауында «Ең үздік көркем фильм» атағын жеңіп алған картинамыз қазір Киноакадемия жариялаған үлкен тізімге (лонг-лист) еніп тұр. Биылғы тізімге 76 елдің фильмдері ілінген.
Осы орайда «Шалдың» атақты сыйлықты алуға мүмкіндігіне қатысты сарапшылардың пікірін білген едік.
Нариман Абиев, «Меломан» компаниясының кинопрокат жөніндегі маманы:
— «Шалдың» шорт-листке ену мүмкіндігі жоғары деп ойламаймын. Өйткені фильм отандық киноның сенсациясы болғанымен, әлемдік кинематографтың фонында орта деңгейлі көрінеді. Десек те бүгінгі қазақстандық картиналардың ішінде «Шал» ғана «Оскар» бәйгесіне қатысуға лайықты деп есептеймін.
Жандос Құсайын, «Жақсы» порталының мүшесі:
— Менің ойымша, «Шалдың» шорт-листке енуіне мүмкіндігі 60 пайыз. «Шал» батыстықтардың, оның ішінде оскарлық ақбас академиктердің талғамына сай фильм. Себебі, Батыста, соңғы кездері нақтырақ айтсақ, Голливудта Құдай тақырыбын кино тілімен тікелей немесе жанама түрде түртіп отыру үрдісі байқалады.
Ал «Шал» — нағыз діни кино. Діни болғанда да, астыртын тәңіршілдікті, шаманизмді насихаттайтын фильм. Мұны кез-келген киноны түсінетін адам жазбай таниды. Қысқаша, «Шал» Ермек Тұсыновтың Құдай туралы түсінігін жинақталған, монтаждалған визуалды нұсқасы және ол батыстық таным-түсінікке томпақ емес. Керісінше, лоялды.
Ермек Кәрімжанұлы бұған дейін оскарлықтарға «Келінмен» бетін ашып алған режиссер. Еуропалықтар мен америкалықтардың бір ауруы болса, ол әсіреэкзотика сүйгіштігі дер едім. Әрине, экзотика жақсы, бірақ сіңірі шыққан кедейлік пен моральдық азғындаған кейіпкерлердің өмірінен экзотика көріп, тамсанудың астарында бір арамдық бар секілді көрінеді. Енді «Шалды» сіңірі шыққан кедей дей алмайсыз, алайда, «Келін» «қазақы тұрмыстағы» ластықты әдемілеп презентациялап берді. Әрине, «Шалды» моралдық азғындаған дей алмайсыз, бірақ «Келін» тым «төсекқұмар». Ендеше, Ерекеңнің екі жеп биге шығу мүмкіндігі еселене түседі. Егер «Шал» Оскардың шорт-листіне енбей қалатын болса, несі бар, онда Ермек Тұрсыновқа одан ары батыстық талғамның үдесінен шығу үшін тыраштануына (қалжың, еңбектенуіне) мотивация болары сөзсіз.
Ермек Шахмет, режиссер, сценарийші:
— Мүмкіндікті 50% деп бағалаймын. Шорт-листке іліну мүмкіндігі бар шығар. Ол әрине бірінші кезекте бәсекелес фильмдерге байланысты. «Шалдың» түсірілу деңгейі жақсы. Шорт-листке кіріп, «Оскар» ұтып алып жатса – қазақ киносы үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз.
Өркен Кенжебек, «Жақсы» порталының бас редакторы:
— «Шалдың» «Оскар» алуға «шансы» қалай? Ала алмайды-ау. Неге? Өзі қазіргі «Оскар» баяғыдай тұма өнерді ардақтап, тарихта тұғырын сайлап қалу үшін емес, саяси лоббидің ығына жығыла бастаған.
Менің айтпағым, америкалық киноакадемиктерге егер саяси астар іздесе, «Шалдан» көңілін бұрып кететін талай картина толып жатыр. Оның үстіне жалғыз адамның дүлей табиғатпен алысуы қашаннан әлемдік кинода жауыр болған сюжеттік тақырып.
Бірақ бір жағынан мынадай да мүмкіндіктер бар: биыл бірінші рет шет тілдегі ең үздік фильмді жаңа тәртіппен таңдайды. Осы аталым тағайындалған 1956 жылдан бері алғаш рет енді шорт-листке кірген 5 картинаны оншақты академик емес, барлық академик көреді. Бәрі жабылып дауыс береді. Сондықтан, мүмкіндік бар.
Бірақ ол үшін әлгі шорт-листке кіру керек емес пе? Ал менің пікірімше, әлгі 76 елдің фильмдерінің арасында «Шалдың» өзін шошытар 5 мықтысы табылар деген сенімдемін. Былтыр 71 фильм қатысқанда, мүмкіндігіміз аз еді. Биыл 76. Оның үстіне Томас Винтерберг, Паола Соррентино немесе Вонг Кар-Вай секілді жындылардың фильмдері тұр алға ұмтылып…
Сарапшылар айтқан пікірлер осындай. Айта кетелік, «Оскар-2014»-тің кіші тізімі (шорт-лист) 2014 жылғы 16 қаңтарда жария етіледі. Ал салтанатты марапаттау кеші 2014 жылғы 2 наурызда өтеді.
Осыған дейін Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі 2010 жылғы «Оскардың» кіші тізіміне ілінген еді. Бұл Қазақстан киносының «Оскар» сыйлығындағы әзірге ең биік көрсеткіші. Ал, «Шалдың» қаншалықты жоғары бағаланатынын уақыты келгенде білерміз.
http://kinostan.kz/article/view?id=41