Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапармен Алматы қаласы түбіндегі кәсіпорындарға барып, ауылшаруашылық саласы субъектілерінің ахуалымен танысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев кеше ертемен «Алатау Құс» ЖШС құс фабрикасына барып, оның жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында өңірлік карта индустриализациясының шеңберінде Алматы облысындағы қолданыстағы жабдықтарды жаңғырту шаралары жүргізілген. Жаңғыртылған жобаның жалпы құны 2531 млн теңгені құрайды, соның ішінде «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ 2031,4 млн теңге көлемінде несие қаражат берген. Соның нәтижесінде құс өндірісінің көлемі жылына 16 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл құс фабрикасының өнімдері қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінде сатылады, сондай-ақ көрші Қырғызстанға импортқа шығарылады.
— Бүгінгі сапарымыздың негізгі мақсаты бұрын қаралған Алматы белдеуін азық-түлікпен қамтамасыз ету барысын қадағалау. Бұдан бұрын Астана және Алматы белдеулерін азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде бағдарлама қабылданған болатын. Кеше де үкіметте азық-түлік бағаларының өсі және не себептен деген сұрақтар төңірегінде мәселелер көтерілді. Бұл соның жалғасы деуге болады.Бүгін біз «ҚазАгро» ұлттық холдингімен бірлесіп жасаған осы бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын көріге келдік. Алматы облысы ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге бейім өңір болғандықтан алдымен осы құс фабрикасына келіп отырмыз. Құс фабрикасы толық күшімен жұмыс істеп жатыр, бірақ баға жағына келгенде сырттан жеткізілетін өнімдердің бағасымен салыстырғанда кішкене ұтылады. Өйткені құс жемінің бағасы қымбат, директордың айтып отырғанындай жемнің барлығы солтүстік өңірлерден әкелінеді. Сондықтан құс еті бағасының 70 пайызын осы қымбат жем құрайды. Мұны біз алдағы уақытта ойластырамыз. Ол «ҚазАгро» холдингімен бірлесіп жасалған «Агробизнес — 2020» бағдарламасы бойынша жемге субцидиямен қанша қаржы бөлінуіне байланысты. Қазір Кедендік одаққа кіріп отырмыз, ертең Белорусьтан, Ресейден, басқа шет елдерден тауық өнімдері көптеп келетін болса, егер біз отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетпесек, біздің кәсіпорындар ұтылып қалады. Сонымен қатар облыстың өзі де жем жасауды қолға алуы керек, оған жердің құнарлығы да, табиғаты да келіп тұр. Сондықтан «ҚазАгро» холдингінің беретін қаржысын, «Агробизнес — 2020» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып облыс аумағында жем өндіру көлемін ұлғайту қажет, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Алатау Құс» ЖШС құс фабрикасында.
Құс фабрикасынан шыққанан кейін Бақытжан Сағынтаев республикамыздың жол құрылысы саласындағы «Алматы көпір құрылымдар зауыты» ЖШС жүйе қарайтын кәсіпорынға ат басын тіреді. Мұнда Ресей нарығындағы өнімдерді экспорттау мәселелері талқылануда. Қазіргі кезде Ресей федерациясының жобалық институттарымен қазақстандық өнімдерді Ресей көпірлері мен жол өткелдері жобасының құрылыстарында қолдану жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан кейін бірінші вице-премьер Алматы кәсіпкерлеріне жан-жақты ақысыз кеңестер беретін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» қызметімен танысып, Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы филиалының мүшелерімен және осында жиналған кәсіпкерлермен кездесті. Бұл орталық «Бизнестің жол картасы — 2020», «Өнімділік — 2020», «Агробизнес — 2020» сияқты республикалық бағдарламалар бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді.
Түстен кейін Бақытжан Сағынтаев ішінде Алматы қалалық әкімдігінде «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ бағдарламаларын жүзеге асыру және Алматы маңы азық-түлік белдеуінде жасалатын инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері жөнінде өңірдің кәсіпкерлерімен кеңес өткізді. Бірінші вице-премьер «Агробизнес — 2020» бағдарламасына сәйкес еліміздің агроөндірістік кешенін дамытуға алдыңғы жылдардан да жоғары деңгейде бюджеттік қаржының едәуір бөлігі жұмсалып жатқанын, азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асырудың тиімділігі тікелей мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар, кәсіпкерлерге де тікелей байланысты екенін атап өтті. Бірінші вице-премьер-министр кәсіпорындарға барлық жағдайдың жасалып жатқанын айтып, кәсіпкерлерді бизнеске жұмыла кірісуге және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жақсы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға шақырды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН