Төл тарихымызға көз жүгіртсек, небір батыр-бағландар ат жалында, түйе қомында жүріп қара қазан, сары бала қамы үшін жан алысып, жан беріскені көпшілікке мәлім. Ел тұтастығын, жер бүтіндігін сақтау жолында ерлігімен көзге түскен осындай баһадүр-батырлардың бірпарасы – Сұраншы, Саурық батырлар.
Осы орайда Сұраншы мен Саурықтың ұлы ерлігіне мәңгілік қарыздар жұрты осыдан бірнеше жыл бұрын пәтуаласып, сәулетті ескерткіш орнатпақ ниетпен қоғамдық қор құрған. Сол қордың қоржыны молайған соңғы кезеңде қызу қолға алынған қыруар шаруалар жуырда мәресіне жетті. Алматы – Шымкент күре жолының Ұзынағаш ауылы тұсындағы биік қыратта екі батырдың сәулетті ескерткіші бой көтерді. Кітап шығарылды. Деректі бейнефильм түсірілді. Халықаралық айтыс өткізілді. Ашылу салтанаты барысында батырлықтың жалт етер бір жарқылы жайлы сахналық көрініс қойылып, Көкбастау ипподромында кілең жүйрік бақ сынаған бәйге өтті, ардақтар рухына бағышталып құран аяттары оқылды, мейман ағайын мәзірлі дастарқаннан дәм татты.
Жетісудың жұртшылығы тарихтан жақсы білсе керек-ті, ХІХ ғасырдағы аласапыран алмағайып кезеңде мына Майтөбе мен Суықтөбенің баурайындағы ел екіталай күн кешкен. Жерін қырғыздың Орман ханы жырымдамақ еді, елін Қоқанның құшбегілері қолтығына бассам деп дәмеленген. Қытай да тамсанып, тәбетін анық танытқан. Бірақ бәрінен ордалы орыстың мүддесі үстем шыққан. Ақыры бағындырған. Сондай сындарлы сәтте Жаратқан иеміз Мұхаммед пайғамбардың бұл жамиғатын мейірім, шапағатынан тысқары тастамапты. Қорғаны болсын деп Саурық пен Сұраншыдай батырды, қормалы болсын деп өлеңнің қызыл желі Сүйінбайды, орманы ортаймасын деп дана биі Сарыбайды сыйлапты жазмыш бағына. Солар болмаса, солардың соңынан жұдырықтай жұмыла ілескен бір тілектегі ынтымақты ағайынның ұлы мұраты болмаса, осы күнді көрер ме едік-ай!
Көрдік. Шүкір.
Ал ағайынның ұлы мұраты не еді? Кісіге кіріптарлықтан құтылу болатын. Азат ел болу, есесін жібермей, өз үйінде өз қазанын өзі көтеріп, өз отын өзі жағу бақытына жету болатын.
Жеттік. Шүкір.
28-қазан күні Жамбыл аудандық орталық кітапханада «Сұраншы-Саурық» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл кітапта батыр бабаларымыздың өмірі мен ерлігін тебірене тербеген қалам иелерінің еңбегі жинақталған болатын. Қазаққа танымал тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдардың, философ, жазушы, ақын, журналистер мен өлкетанушы азаматтардың ғасыр тереңінен терген зерттеу мақалалары мен Сүйінбай, Жамбыл сынды ұлы ақындардың жыр-дастандары топтастырылған бұл кітап көпшіліктің көзайымына айналды. Ол туралы тұсаукесер салтанатында ардагер журналист Күмісжан Байжан, баспагер Манарбек Ізбасаров, Сүйінбайдың шөбересі, қарт ұстаз Базарбек Атшабаров, Саурық батырдың шөбере келіні Ақан Сүлейменова, Өмірзақ жыршы Қарғабаевтың ұлы Өмірбай ақын сөз сөйлеп, ілтипатты лебіздерін білдірді. Кітапты құрастырып, баспаға ұсынған осы жолдардың авторы электронды нұсқасын әзірлеуге барынша жәрдемдескен аудан орталығындағы алты мектептің ұстаздарына, екі ай бойы сараптап, саралауға атсалысқан кітапханашы Баян Бектасоваға, көне жәдігерлер мәтінін қазіргі қаріпке түсіруге көмектескен Майбұлақ мешітінің наиб-имамы Сейілхан Сағдоллаұлына, суретші Ахат Манаповқа, тағы басқа тілектес ағайынның баршасына рахметін айтты. Үлкен салтанаттың сыйкәдесіне айналатын бағалы кітаптың оқырмандарға жол тартар сәті осылайша көпшіліктің көңілін шуаққа бөледі.
Айтыс десе, қай қазақтың делебесі қозбаған. 29-30 қазан күндері ұлы Жамбылдың ауылындағы құттыхана мәдениет үйінде ине шаншар орын табылмады.
«Сұраншы, Саурық аттанса…» атты халықаралық ақындар айтысына келген он төрт ақын әуелі Ұзынағаштағы Қарасай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жамбыл ақынның кесенесіне, қазақтың көрнекті сазгері Нұрғиса Тілендиевтің қабір-ескерткішіне барып құран оқытып, зиярат етті.
Бұдан кейін Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдында жан-жақтан келген жыр жампоздары жеке-жеке таныстырылды, Қазақстанның халық ақыны, ұлы Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов оларға ақ батасын арнады. Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев ақындарды құттықтап мазмұнды сөз сөйледі.
Бірінші күні сахнаға шыққан сөз шеберлері жеті жұп құрып айтысты. Мәселен, Алматы облысының ақыны Алғысбек Дәуен ұзынағаштық оқушы Айдана Қайсабекпен, Балғынбек Имашев (Алматы облысы) Айсәуле Бейсенханмен (Астана қаласы), Батыс Қазақстан облысынан келген жыр жүйрігі Бауыржан Қалиолла қырғызстандық Жеңішбек Жұмақадырмен, талдықорғандық дарынды айтыскер Жандарбек Бұлғақов астаналық Сара Тоқтамысовамен, қызылордалық Мұхтар Ниязов айтулы ақсұңқар ақын Айнұр Тұрсынбаевамен, Астана қаласынан келген Таңжарық Ержан өзбекстандық Бөрібай Оразымбетовпен, Алматы облысының ақыны Бақыт Жағыпаров Жамбыл облысының ақыны Күмісай Сәрсенбаевамен өзара сөз сайысына түсті.
Олардың арасынан суырылып шыққан сегіз айтыскер келесі күні тағы да сахна сәніне айналып, көпшілік көрерменді шырайлы өнерімен тәнті етті. Тапқыр шумақтар мен тартымды тіркестер түйдек-түйдегімен ағылды.
Айтыстың арасында жыршы Әбдіберік Әбдібеков Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанынан үзінді айтып бір серпілтті. Жамбыл аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тамылжыта, тамсанта ән шырқады.
Сонымен жыр додасының қорытындысында бас жүлде Сара Тоқтамысоваға (1миллион теңге), бірінші орын Мұхтар Ниязовқа (700 мың теңге), екінші орын Балғынбек Имашевқа (500 мың теңге), үшінші орын Жандарбек Бұлғақовқа (300 мың теңге) бұйырды. Бауыржан Қалиолла, Бақыт Жағыпаров, Күмісай Сәрсенбаева, Айсәуле Бейсенхан әрқайсысы 200 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтарын алды. «Таяқ ұстап келгенге тай мінгізген, Жамбыл елі мені бос қайтармайды» деп Мұхтар Ниязов жырлағандай, он төрт ақынның баршасына той қоржынына салынған арнайы сый-сияпаттарымен қатар жол шығындарына елеулі қаржы бөлінді.
Айтыстың бас жүлдесін Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев пен қазылар алқасының төрағасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы тапсырды. Сонымен бірге жүлде қорын молайтуға Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев пен Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Жандарбек Далабаев та өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Айтысты белгілі жыршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры Ақан Әбдуәлиев жүргізді. Қазылар алқасында ақындар өнеріне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, «Жамбыл» журналының бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутаев, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, республикаға танымал ардагер журналист Күмісжан Байжан саралай баға берді.
Қарашаның 1-і күні бүкіл Жамбыл ауданындағы, тек Жамбыл ауданы ғана емес, Жетісу жеріндегі барша тілектес ағайынымыз ерекше есте қалатын тарихи күннің куәгері болды. Күн арқан бойы көтерілгенде күре жолдың бойын шаттық-думанға толтырған ел мәре-сәре күй кешті. Қазақстанның төрт түкпірі түгел жиналғандай көрінді бізге. Мұндай кезде арда Алаштың Саурық пен Сұраншыдай айбынды батырларының бейнесі қандай мығым, қандай асқақ көрінеді, шіркін! Егер, мына ескерткіштегі қос батырдың мүсініне ғайыптан тайып тіл бітер болса, «Біз ақтық демімізді сендер үшін үзгенбіз. Сендердің болашақта іргелі ел болатындарыңа сенгенбіз. Сол сеніміміз ақталды. Ұлысты ұлтқа айналыпсыңдар, жарқындарым!» дер ме еді, кім біледі.
Ескерткіштің ашылу салтанатына орай, бабалар алдындағы ұрпақ парызын ойдағыдай жүзеге асыруға өлшеусіз үлес қосқан Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан кейін мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, осы ескерткіштің орнатылуына зор ықыласымен бастамашы болып, жан-жақты қамқорлық көрсеткен ел ағасы Серік Үмбетов жиналған қаумға тілегін жеткізді. – Үлкен қуаныш үстінде бас қосып тұрмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, «Тарихты тереңнен танып білуіміз керек. Өткеннің өнегесінен әрдайым сабақ алу – бүгінгі ұрпақтың парызы» деген қағидалы сөзін әрқашан еске салып отыруымыз керек. Тарихымызды танудың бір көрінісі осы батырлардың ерлігін дәріптегеніміз, – деп бір қайырып өтті де, Жетісудың әр жерінде бой көтерген батырлардың ескерткіштері рухты серпілтуге қызмет ететінін еске салды. – Осының бәрі тәуелсіздіктің, Президент жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасы, – деді қайраткер азамат. Биыл Төле би мен Абылай ханның айтулы жиындары өткенін, Сұраншы мен Саурықтың бұл ескерткішін ашу салтанаты да ел тарихын түгендеуге қосылған зор үлес екенін атап айтты. Айтулы шараны ұйымдастыруға барынша атсалысқан жұртшылыққа, ел азаматтарына, Жетісу өңірінің бүгінгі басшысы Аңсар Мұсахановқа ерекше ризашылығын білдірді.
Салтанатта Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов тарих тағылымын тереңнен қозғап сөз сөйледі. Оның мазмұнды пікірін ұйып тыңдаған жұртшылық Сұраншы мен Саурық батырлардың ерліктерінен жан-жақты хабардар болды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында үлкен істің орындалуына өз үлестерін қосқан қалың жұртшылыққа шексіз алғысын арнаған «Сұраншы – Саурық батырлар» қоғамдық қорының төрағасы, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Әскербек Абаевтың әсерлі сөзіне жиналғандар ықыластана қол соқты.
Жыр шашуы ретінде өткен айтыстың бас жүлдегері Сара Тоқтамысованың көпшілікке арнаған толғауы да дүйім жұртшылықтың көңілін серпілтті. Қос батырдың рухына арнап Алматы облысының бас имамы Әсет Кәдірақынұлы құран бағыштады.
***
Сол күні ұлы сәскеде Көкбастаудағы атшабар алаңында сәйгүлік бағы сыналар сәт туды. Ең алдымен алты шақырымға жіберілген тай жарыста 18 тайдың арасынан суырылып озған Ерсұлтан Серіковтің (Жамбыл ауданы) «Асыл алқа» атты қара тайы ешкімге дес бермеді. Құнан бәйгесінде 43 аттан бағы басым шыққан Айсұлтан Серіковтің (Жамбыл ауданы) «Асылтасы» бас жүлдені еншіледі.
Топ бәйгеде Астана қаласынан келген «Киікқара» атты тұлпар суырып озды. Ат иесі – Мутали, бапкері Григорий Матюх деген белгілі атбегі.
Жорға жарысында Қордайдан келген 11-нөмірлі «Көкжорға» көпшіліктің көзайымына айналды. Иесі – Бәтен Сүлейменов.
Аламан бәйгенің мәресіне алты жүйрік ілінді. Жүлде жетеу еді. Бағы жанған жануардың ныспысы – «Қарақұс», иесі – Ғабит Үмбетов, Жамбыл ауданынан.
Бәйгенің бәрін Сұраншы мен Саурықтың бүгінгі ұрпақтары – ел азаматтары мен ауылдас ағайын көтерген. Атап айтқанда, бас бәйгенің бәріне шетелдік қымбат бағалы алты автомашина тігілді. Екінші-жетінші келген жүйріктерге тиісінше 400, 300, 200, 150 және 100 мың теңгеден бірнеше жүлде, тоңазытқыштар мен түрлі-түсті теледидар берілді. Бәйге иелері жүлделерін алған соң, ұлы тойға келген құрметті қонақтар мен қалың жұртшылыққа ас берілді.
Ерлер есімін ұлықтаған қасиетті еліміз шынайы ұйымшылдығын тағы бір мәрте жарқыратып дәлелдеді. Елдігін танытты. Сөз соңында, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы шараның бәрін тиянақтап реттеген Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтей іскер азамат екенін еске салғанымыз жөн болады. Оның ұйымдастырушылық қасиетін айналасы түгел мойындады. Алдағы ісіне де батыр бабалар рухы демесін болса екен дейміз. Өр тұлғалы азаматтары бар Жамбыл ауданының жұлдызы жана берсін, дәстүрлі өнегесі ешқашан ортаймасын дейміз біз де.
Жамбыл ақын бір айтыста:
«Сұраншы, Саурық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген…» деп жырлайтыны бар еді. Елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабалар есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Рәтбек ТЕРЛІКБАЕВ
Жамбыл ауданы
Алматы облысы