Жер жәннаты атанған Жетісудің тамаша табиғаты туралы әңгіме бола қалғанда көпшілік қауымның «Көлсай көлін айтсаңшы, табиғаты қандай ғажап?!.» деп таңдана таңдай қағатыныақиқат.
Десек те, дәл осы Көлсайдан небәрі төрт-бес шақырым жерде «Қайыңды» деп аталатын жаратылысы айрықша, керемет көл бар екенін бүгінде тұрғындардың бірі білсе, біреулерінің білмейтіні анық. Бірде Көлсай көлінде демалаған бізге көлдің іргесіндегі Саты ауылының бір тұрғыны: – Сіздер Қайыңды көлінде болдыңыздар ма? Болмасаңыздар, барып қайтқандарыңыз жөн. Себебі, ол көлдің жаратылысы өзгеше және емдік қасиеті де ғаламат. Жандарыңыз жай тауып, жақсы демалып қайтасыздар, – деп қалған-ды. Содан әлгі бейтаныс адамның беймәлім көл туралы айтқан пікірі бізді Қайыңды көлін көруге асықтыды.
Дерек-дәйек: Қайыңды көлі аумағында жеміс -жидектің 20-дан астам түрі (шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш т.б.) өседі. Әзірге, мұндағы жемістердің «қызығын» тек жергілікті тұрғындар көруде. Сондай-ақ, мұнда сусын дайындауға таптырмайтын қалақай,қымыздық, шайқурай да бар. Бұған қоса, мұнда емдік қасиеті мол шетен, долана, итмұрын, тобылғы, қарақат көп өседі. Соңғы дерекке жүгінсек, мұнда дәрілік шөптер мен жеміс-жидектердің 47 түрі кездеседі. Олардың кейбіреуі бүгінгі күні ұлттық фармацияда қолданылуда. Сонымен қатар Қайыңды көлі аймағында біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 12 түрі – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Семенов айдаршөбі, жирен ақбас қурай, сабақсыз лейоспара, күмбел саршатыры, т.б. өсімдіктер бар. Бұл – баға жетпес, орасан зор байлық. Тек ретін тауып, халықтың қажетіне жарата білсек болғаны.
Жол бастаушымыз – Саты ауылының тумасы, осы өңірдің тау-тасын бір кісідей білетін Темірхан Үмбетжанов деген азамат. Темірханды танып-білгенімізге де небәрі бір-екі күн. Десек те, Темірхан да, оның келіншегі де жайдары мінезді, қонақжай адамдар екен. Себебі, біз Көлсайға келгелі бері осы Темірханның үйіне тоқтағанбыз. Бізді алғаш көргеннен жылы қарсы алып, тіпті қазақы дәстүрмен қой сойып, құдды құдаларындай күтіп алып, «асты-үстімізге» түсіп, бәйек болып жатқан да осы Темірханның отбасы. Содан біз бір көруді армандап жүрген қиялымыздағы Қайыңды көлі туралы естігенімізді айтқанда Темірхан: – Егер көлді көргілеріңіз келсе, мен ертең апарып келейін. Ол көл мына жерде, таяқ тастам жер деуге болады. Барып-қайту еш қиындық тудырмайды, – деп бізді Қайыңдыға апаратын болды. Ертесінде бізден әлдеқайда ерте оянған Темірхан таң азанда өзінің тау-тасқа деп сайлап алған, көненің көзіндей көретін «Уаз» көлігін жолға дайындап та қойыпты. Содан дереу «Қайыңды көл қайдасың?» деп әйгілі Көлсай көлінен шығысқа қарай жол тарттық. Біз мінген «Уаз» таулы-тасты, өркеш-өркеш жолдармен баяу «сырғып» келеді. Ал біз болсақ, табиғаттың қайталанбас ерекшеліктеріне сүйсініп қана қоймай, ауық-ауық терең ойға беріліп те келеміз. Кенет үнсіздікті көлікті тізгіндеген Темірханның: – Мен сіздерді Қайыңды көлінің орналасу жағдайымен аз-кем таныстыра отырайын, – деген дауысы бұзды. Сөйтіп, жол бастаушымыз әңгіме тізгінін ағытты. – Сонау бір замандарда бұл аймақта өте қатты жер сілкінісі орын алып, соның салдарынан аймақ адам танымастай өзгеріп шыға келіпті. Мысалы, қариялардың айтуынша, кеше өздеріңіз болған Көлсай көлі (сондағы үш көл де) Алла-тағаланың құдіретімен пайда болған екен. Жалпы Көлсай көлі – үшеу. Оның біріншісі – ең үлкен көл. Одан соң биікке өрмелеп шамамен 5-6 шақырым жер жүргенде екінші Көлсай, ал одан ары тағы да жеті шақырымдай жүрсеңіз, тағы бір көл бар. Жергілікті жұрт оны «биіктегі Көлсай» деп атайды. Әлгі көлге көтерілсеңіз, арғы жағы – қырғыз елі. Қазақ-қырғыз тонның ішкі бауындай араласқан сол бір шекара жоқ жылдарда жергілікті тұрғындар Көлсай көліндегі жаяу соқпақ арқылы бірімен бірі қатынасып, емін-еркін алыс-беріс жасап тұрған. Бір ерекшелігі, бұл жердің сырын білетін ат болмаса, жоғары көтерілу өте қиын. Көпшілік қауым жаяу көтеріледі. Өзіміз әйтеуір, жаз айында жылына бірнеше рет биіктегі Көлсайға шығамыз. Ар жағынан қырғыз ағайындар да жаяу-жалпылап келетін. Бұрын мына, Көлсайда балық өте көп болды. Әсіресе, қармаққа патша балық жиі ілінетін. Адамдар бей-берекет аулағаннан кейін бе, әйтеуір, белгісіз, кейіндері балық атаулы анда-санда болмаса, кездеспейтін болды. Ал қазір өздеріңіз көретін Қайыңды көлі теңіз деңгейінен шамамен екі мың метр биіктікке орналасқан. Көне көз қариялардың айтуынша, бұл көлдің пайда болғанына да орта есеппен бір ғасырға жедеғабыл уақыт өтіпті. Көлдің енінің ұзындығы кейбір жерінде 600 метрге жетеді. Ал тереңдігі шамамен 30 – 40 метр. Қайыңды көлінің бір ерекшелігі, көлдің ортасында және шеткері аймақтарында өзге өңірлерде кездесе бермейтін қылқан жапырақты айрықша ағаш өседі. Қазір өздеріңіз куәсі боласыздар, – деп аяқтады ол сөзін.
Дерек-дәйек: Көлдің айналасы аң-құстарға да толы. Мысалы, мұнда құстардың 197 түрі, оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі кездеседі. Еліміздің Қызыл кітабына енген сүт коректілердің – 6, құстардың – 13 түрі осында. Олардың арасында аң атаулыдан Тян-Шаньның қоңыр аюы мен әйгілі арқары, тау сусары, қар ілібісі, түркістан сілеусінін де, құстардан қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, құмай, үкі, жүнбалық байғыз, жапалақ, шымшықты да осы өңірден қиналмай кездестіресіз.
Жалпы Қайыңды көлінің керемет қасиеті туралы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Хамит Ахметов: – Қайыңдының кереметтігінің өзі сонда, мұнда келген әрбір адамның бүкіл нерв жүйелері айрықша дем алып, ерекше күйге енеді. Бұл – көлді қоршаған биік тауда өсетін көрікті де әсем Тянь-Шань шыршаларымен қоса, көлдің ортасына ерекше көрік беріп тұрған қылқан жапырақты ағаштардың үйлесімді нәтижесі болса керек. Бұған қоса, көл суының да алуан түрлі ауруларға шипасы, яғни емдік қасиеті бар. Көл суы күні бүгінге дейін толық зерттелген жоқ. Алайда, мұнда келген шетелдік және жергілікті демалушылар Қайыңды көлінің кереметтігін, оның суында өзіне ғана тән ерекше қасиет бар екендігін жиі айтады. Бұл мәселе біздің ғалымдарымыздың жан-жақты зерттеуін қажет етеді. Өкініштісі сол, 1910 жылдары орын алған қатты жер сілкінісі салдарынан пайда болған Қайыңды көлі дәл қазір Үкімет тарапынан ескерусіз қалып отыр. Соның салдарынан осыдан бірер жыл (2010 жылы) бұрын көлдің суы осындағы табиғи тоспадан асып төгіліп, қаншама су далаға ағып кетті. Алдағы уақытта мұндай апатқа жол бермеу үшін біз Қайыңды көліне шұғыл түрде тоспа жасап, тоспаның биіктігін көтеру қажеттігі туралы ұсынысты Үкіметке жолдауға дайындап қойдық. Өйткені, Қайыңды көліне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліп, оны сақтап қалудың амалын қарастырмасақ, күні ертең Жаратушымыз сыйға тартқан көрікті көлден айрылып қалуымыз әбден мүмкін, – деп бізге өз ойын жеткізді.
Дерек-дәйек: Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікке орналасқан. Ұзындығы – 600, көлденеңі – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, қайсыбір жерінде 40 метр. Көлдің жағалауы құлама құзды. Тіпті табиғат суретшінің өзі жасаған құдды теңіз айлағының қақпасына ұқсайтын қақпасы да бар.
Саты ауылының тұрғыны, көктем келсе болды бар шаруасын жиып қойып, гидтік қызметке көшетін Сейсек Баймырзаұлы есімді азамат бізге орын алған мына бір оқиғаны айтып, Хамит Ағабекұлының пікірін толықтыра түсті.
– Шындығында, Қайыңды көлінің тамаша табиғатын айтпағанның өзінде, көл суының өзіне ғана тән қасиеті бар. Мысалы, ұзақ жылдар бойы нәресте көтермей, бедеуліктің қасіретін тартып жүрген әйелдер осында келіп, арман-мұратын іштей қайталап, Қайыңдының суына жуынса болды, Жаратушы Иеміз Алланың көмегімен сәби сүйіп, қуанышқа бөленетіні ақиқат. Өз басым дәл сондай жағдаймен осында келіп, мәңгілік қуанышқа бөленген жас келіншектердің бірнешеуінің аузынан жақсы пікірді естідім. Демек, біз суы ем, ауасы дәрі Қайыңды көлін сақтай білуіміз қажет. Қазір осы жағы сәл жетіспей тұр, – деп Сейсек Баймырзұлы қынжыла ішкі толғанысын білдірді.
PS: – Жан-жағынан қоршап тұрған таулары,
Желмен бірге ән салады орманы.
Сол көлдердің жағасында дем алған,
Болмас еді ау, адамдардың арманы, – деп ақын жүрек жырлағандай еліміз тұрғындарының қыруар қаржы жұмсап, шетелге «жүгіргенінше», Алматыдан небәрі 300 шақырымдай жерге орналасқан Қайыңды көлінің жұпар ауасын жұтып, еркін рахаттанғанына не жетсін!
Молдахметұлы Жомарт
Айкын.