АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Балаларды бозартып, зейнеткерлерді зарықтырған

Елімізде қоғамдық көліктердегі келеңсіздіктер салдарынан орын алатын оқиғалар туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ қолма-қол есеп айырысу үшін қалай да әлеуетті жандарды көліктеріне мінгізуге таласатын қоғамдық көлік тізгінін ұстағандар заңнаманы белден басу, тәртіпсіздік секілді әдепсіздіктерін жалғастыруда. Бұл мәселе жөнінде халық шағымданудан шаршағалы қашан. Міне, сондықтан прокуратура, полиция органдары қызметкерлерімен бірлесе Талдықорған қаласындағы қоғамдық көліктердің жұмысын тексеру үшін арнайы рейд ұйымдастыруға ұйытқы болған едік.

Негізі, Талдықорған қалалық әкімдігі мемлекеттік мекемесімен Алматы облысының орталығында жолаушыларды және олардың жүктерін көлікпен тасымалдау жұмысын жүргізу үшін «TRANSTAL», «Ак Нар А», «Жигули», «Жан-Ел», «Сайман» және «Талдыкорган-Таксопарк» атты жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері келісімшарт жасасып, бү­гінгі күні сол жұмысты сапасыз болса да атқаруда. Құзырлы органдар өкілдерімен жүргізген рейд барысында келісімшарттың заңдық талабы және ҚР Үкіметінің 2 шілде 2011 жылғы №767 қаулысының талабы көліктерімен жолаушыларды тасымалдау жұмысын міндеттеп алған тарап жағынан өрескел бұзылғандығы анықталды. Айталық, аталған қаулының 2-бөлігі, 18-тармағында автобус кабинасында, яғни жүргізушінің жанында: жолаушыларды тасымалдаушы тұлғаның толық атауы, жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастырушының, тасымалдаушының байланыс телефондары, медициналық қызмет көрсету және көліктік бақылау, жол полиция­сы аумақтық органының телефондары, маршрут сызбасының көшірмесі, жолақысы туралы мәлімет ілініп тұ­руы керек. Алайда, рейд барысында тіз­беленген талаптың орындалмағаны көрінді. Бұл факт. «TRANSTAL» ЖШС меншігіндегі мемлекеттік нөмірі KZ 476 ADA №25 маршрутта, мемлекеттік нөмірі В 908 YAN №23 маршрутта, мемлекеттік нөмірі KZ 819 DЕА №5 маршрутта, мемлекеттік нөмірі В 426 ВYО, мемлекеттік нөмірі В 663 ЕНО «Газель» маркалы автокөліктерінде мемлекеттік нөмірі В 372 DB «Yaxing JS» автобусында ақпараттық кесте мүлде жоқ.

Мұның үстіне мемлекеттік нөмір­лері В 472 SDM, В 933 ORM, KZ 880 ADA/05 «Газель» көліктері жә­не тағы басқа автокөліктердің жүргізу­шілері ешқандай куәліксіз немесе куәліктерінің мерзімі өтіп кетсе де жолаушыларды тасымалдауда.

«Автомобиль көлiгi туралы» Заңы­ның 2-тармағында «Халықаралық тасымалдауларды қоспағанда, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жолаушылар мен багаждың аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста жеңiп алған және тасымалдаушылар мен тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар арасында жасалатын шарттар негiзiнде оларға қызмет көрсету құқығына куәлiк алған тасымалдаушылар жүзеге асырады. Шарт Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгi шартына сәйкес жасалуға тиiс. Тасымалдаудың аталған түрлерiн куәлiксiз жүзеге асыруға жол берiлмейдi» деп нақтыланған. Енді Талдықорған қалалық әкімдігі мен жолаушыларды тасымалдаушы жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктер арасында жасалып, заңдық күшіне енген келісімшарттың 2.1.8 тармақтарына келсек, онда жолаушыларды тасымалдау үшін мерзімі 10 жылдан аспаған автобустар мен шағын автобустар пайдаланылады деп көрсетілген. Бірақ бұл келісімшарт тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Мысалы, мемлекеттік нөмірлері В 933 ORM, В 472 SDM, В 426 ВYО «Газель» автокөліктерінің зауыттан шыққанына 11-14 жыл болғаны рейдтік тексеруде анықталды.

Қорыта айтқанда, аялдамаларда балаларды бозартып, зейнеткерлерді зарықтыратын осынау қоғамдық көліктер жүргізушілерінің жол жүру ережесін өрескел бұзып, жолақысын төлеуге әлеуетті-ау деп санайтын жандар қай жерде қолын соза қалса дереу тежеуішін басатынын көпшілік жақсы біледі. Тағы бір баса айтар жайт – рейдтік шара барысында өздерін тексеруші-кассир деп таныстырған азаматшалар «онсыз да қарызымыз көп еді, енді қайттік?» деп өзара ащы шындықты айтқанын да естідік. Одан түйген ой – ерлі-зайыптылар қандай да бір жолмен жалға «Газель» көлігін алған соң, барлық қарызға алған қаражат пен үстеме ақылы несиені жабуға жол таптық деп жанталасары хақ. Әйткенімен, белгіленген уақытта тірнектеп жиған теңгені «көкелері» тиы­нына дейін санап отырып уыстап сыпырып алатыны да сол жалгерлердің тағы бір мұңы. Бірақ оны ешқайсысы ашық айта алмайды. Өйткені, қанша қиналса да күнделікті нәпәқасын тауып, бала-шағасын асырап отырған жұмысынан кім айырылғысы келеді? Сондықтан бұл мәселенің де бір түйіні сол байшыкештердің «кәсіби қитұрқылығында» жатқанын аңғарған лазым.

Ел Конституциясының 83-бабын, «Прокуратура туралы» Заңның 25-бабын негізге ала отырып Тал­дықорған қалалық прокуроры Тал­дықорған қаласының әкіміне жоғарыда жа­зылған кемшіліктерді жойып, тиісті орынға хабарлама беру туралы ұсы­ным түсірді. Бұл заң талабы.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.